Құқық субъектілерінің құқыққабілеттігі және әрекетқабілеттігі туралы қазақша реферат
Құқыққабілеттік – бұл тұлғаның құқықтар мен міндеттерді иелену қабілеті.
Әрекетқабілеттік – бұл тұлғаның өз әрекеттері арқылы осы құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру қабілеті. Әрекетқабілеттіктің келесі түрлері болады: толық – 18 жастан басталады; жартылай – 14 пен 18 жас аралығында болады.
Әрекетқабілеттік шектелуі мүмкін. Конституцияда бекітілгендей, азаматтардың құқықтары мен міндеттері заңмен ғана және конституциялық құрылымды, адамгершілікті, басқа тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, денсаулығын қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарын-да қажет болған шамада ғана шектелуі мүмкін.
Құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттік бір-бірінен ажыратылмайды және көп жағдайда бір мезетте пайда болады. Азаматтық құқықтан басқа көптеген салаларда осындай жағдай орын алған. Азаматтық құқықтағы құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттіктің ажыратылуын былай түсіндіруге болады:
а) мүліктік қатынастар олардың жасына, еркінің жағдайына қарамастан барлық азаматтар үшін қажет;
ә) мүліктік құқықтық қатынастар саласында құқыққабілеттігі бар, алайда әрекетке қабілетсіз тұлғаның орнына оның заңды өкілі қатыса алады.
Құқықсубъектілік – бұл тұлғаны құқық субъектісі ретінде сипаттайтын құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттік.
Құқықтық қабілеттілік пен әрекеттілікке заң актілерінде қарастырылған тәртіп пен жағдайларда ғана болмаса, ешкімге шектеу қойылмайды. Адамдардың әрекеттілігіне бірнеше шектеулер қойылады:
— кәмелеттік жасқа толмаған адамдардың, үйленуге (жанұя құруға), қылмыстық жауапкершілікке тартылуына, жұмысқа орналасуына, әскер қатарына шақырылуына шектеулер бар.
Оларды бұзуға тыйым салынған (шектеудің түрлері):
— адамдардың денсаулығының нашар болуы;
— туысқандық-қандас болу;
— егерде азамат сотталған болса;
— діни нормаларға шектеу.
Шет елдің азаматтары толық құқықты, тек олар сайлауға қатысуға, сайлануға, әскер қатарына шақырылуға құқығы жоқ.
Заңды тұлғалар: мемлекет, мемлекеттік аппарат-мекемелер, лауазымды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер, одақтар, ұйымдар, ұжымдар заңды түрде құрылып, бекітілсе, тіркелсе толық түрде құқықтық қабілеті мен әрекеттілігі бар деп саналады, оның шеңбері олардың ережелері мен Уставында толық көрсетілуге тиіс. Соған сәйкес олар жұмыс жасайды. «Оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болатын, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады».
Құқықтық қатынастың объектісі — қоғамдағы көп түрлі, көп салалы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдениеттік, азаматтық, қылмыстық әкімшілік, еңбектік, т.б. қарым-қатынастар. Материалдық дүние-заттар, рухани-шығармашылықтың өнімдері, жеке мүліктік емес игіліктер, құқық субъектілердің іс-әрекеті және құқық қатынастарының нәтижелері — құқық қатынастарының объектілері.
Құқықтық қатынастардың объектілері – бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бағытталған және осыған байланысты олар заңды байланысқа түсетін категория. Аталған категорияны түсінуде екі бағытты бөліп қарастырады:
— олардың біріншісіне сәйкес, құқықтық қатынастың объектісі болып тек субъектілердің әрекеттері табылады;
— екінші көзқарасты көптеген ғалымдар жақтайды, оған сәйкес, объектілердің түрлері өте көп, олар:
1) материалдық игіліктер (заттар, құндылықтар, мүлік және т.б.);
2) материалдық емес игіліктер (өмір, денсаулық, қадір-қасиет, абырой және т.б.);
3) рухани шығармашылық өнімдері (әдебиет, өнер, музыка, ғылым туындылары және т.б.);
4) құқықтық қатынастар қатысушыларының әрекеттерінің нәтижелері (мысалы, тасымалдау шартының, мердігерлік шартының нәтижесінде туындайтын құқықтық қатынастар);
5) бағалы қағаздар мен құжаттар (ақша, акциялар, диплом және т.б.).
Malimetter.kz Планета рефератов!!!