Құқық функциялары – бұл құқықтың қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөлін көрсететін құқықтық ықпадың негізгі бағыттары.
Құқық функцияларының түрлері: сыртқы (экономикалық, саяси, тәрбиелік) және ішкі (реттеуші және қорғаушы).
Құқықтың қайнар көздері – бұл мемлекеттен туындайтын немесе құқық нормаларын көрсететін және бекітетін, оларға заңды және жалпыға міндетті күш беретін мемлекет қабылдаған ресми құжаттық нысандар.
«Құқық функциялары» түсінігі аясындағы 1 ғасырға жуық уақыт аралығында жүргізіліп жатқан белсенді зерттеулер әлі де бұл тақырыпта қандай да бір ортақ көзқарас қалыптастыра алмады. Егер де барлық қалыптасқан көзқарастарды синтездейтін болса, онда нәтижесінде, «құқық функциясы» түсінігі не құқықтың әлеуметтік міндетін, не қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпалдың бағытын, не осы 2 тұжырымның жиынтығын білдіретінін көреміз.
Соңғы көзқарас құқықтың әлеуметтік міндетін де, қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпалдың бағытын да жеке алып қарастырғанда, олардың біреуі де құқық функциясы түсінігін қамти алмауына байланысты. Егер де құқық функциясы түсінігін құқықтың әлеуметтік міндеті ретінде қарастыратын болсақ, онда мұндай түсінік тым жалпылама сипатқа ие болады. Құқық функциясы түсінігін тек қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпалдың бағыты ретінде қабылдағанда осы ықпалдың бағыттаушы сәті ескерілмей қалады. Сол себепті құқықтық ықпалдың бағыттарын құқықтың әлеуметтік міндетімен теңестіру немесе керісінше, оларды бір-біріне қарсы қою орынсыз екендігіне ерекше көңіл аудару қажет.
«Құқық функциясы» түсінігі құқықтың міндетін де және содан пайда болатын құқықтың қоғамдық қатынастарға ықпалы бағыттарын да бір мезгілде қамтуы керек. Сондықтан да құқықтың қандай да бір функциясының құрамын алып қарағанда, құқықтың міндеті мен оның ықпалының бағыттары арасындағы байланысты әрқашан көкейде ұстаған жөн.
Тегінде, құқық функциясы – бұл құқықтың әлеуметтік міндетін іске асыру. Ал құқықтың әлеуметтік міндеті мен құқықтық ықпал дегеніміз не?
Құқықтың әлеуметтік міндеті қоғамдық даму қажеттіліктерінен туады және солардан құралады. Қоғамның әлеуметтік мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында белгілі бір қатынастарды бекітуге, реттеуге және қорғауға бағытталған заңдар жарыққа шығады. Сонымен бірге құқықтың қандай да бір міндеті белгілі бір қоғамдық қатынастардың дамуын бекіту, қорғау немесе бағдарлау, яғни оның әлеуметтік рөлінің мұқтаждығы (қажеттілігі) өткір болған сайын, соншалықты ол айқын кызмет етеді.
Қоғамдық қатынастардың тәртіптілігі, олардың жүйелілігі және динамизмі қоғамның дамуы мен қызмет етуінің қажетті шарттары болып табылады. Сондықтан құқықтың әлеуметтік міндеті қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру, реттеу, оларға тиісті орнықтылық беру және азаматтардың құқықтарын іске асыру мен жалпы азаматтық қоғамның қалыпты тіршілік етуіне қажетті жағдайлар жасаудан тұрады.
Құқықтық ықпал – бұл қоғамдық қатынастарға құқық ықпалының жолдары, тәсілдері мен түрлерін сипаттайтын санат. Бұл қоғамдық өмірдегі, мемлекет, оның органдары, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың әрекеттеріндегі құқықтық қағидаларды, ұстанымдарды, тыйымдарды, алғышарттар мен нормаларды іске асыру.
Ықпалдың бағыты – құқық функциясының аса бір елеулі құраушысы, ол қоғамдық дамудың қажеттіліктеріне өзіндік бір жауап, сонымен қатар осы қажеттіліктерді жинақтайтын және оларды позитивті құқыққа айналдыратын заң шығару саясатының нәтижесі болып табылады. «Құқық функциясы» түсінігін талқылағанда, «құқықтық ықпал» мен «құқықтық реттеу» сияқты санаттардың қатынасына да назар аударған жөн [2;448 бет].
Құқықтық ықпалдың түрлі формаларының болуы құқықтың заңи ықпалы (құқықтық реттеу) мен заңи емес (ақпараттық және бағдарлаушы) ықпалы арасындағы айырмашылықты айқынырақ көруге мүмкіндік береді. «Құқық функциясы» түсінігі жоғарыда аталған екі ықпалды да қамтиды.
«Құқық функциясы» түсінігін одан әрі айқын анықтау мақсатында оның мағыналас, мәндес келетін «құқықтың рөлі», «құқықтың міндеті» және «құқықтың қызмет етуі» сияқты заң санаттарымен арасындағы айрмашылықты белгілеген абзал.
«Құқықтың рөлі» термині қоғам өмірінде, жалпы мемлекетте немесе олардың белгілі бір даму сатысындағы құқықтың маңызын білдіреді.
Қоғамның қандай да бір даму сатысында немесе қандай да бір мәселелерді шешуде құқықтың рөлі қандай болғаны (немесе болатыны) жөніндегі сұраққа жауап берген кезде құқықтың әлеуметтік міндетін сипаттайтын құқықтың атқаратын қызметтерін анықтауға тура келеді. «Құқықтың рөлі» түсінігі «құқық функциясы» түсінігіне қарағанда жалпылама, кең түсінік. Қарастырылатын санаттардың айрмашылығын осыдан көреміз.
«Құқықтың міндеті» термині – бұл құқық шешуге тиісті, оның алдында тұратын экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселе.
Құқықтың міндеті бұл өзі қол жеткізуге тиісті немесе соған барынша жәрдем беретін тұрақты немесе уақытша, қысқа мерзімді немесе соңғы мақсатқа меңзейді.
Құқықтың алдында тұрған міндеттердің біреуі де қызметтердің іске асырылуынсыз шешілмейді, қызметтер әрқашанда міндеттердің шешілуіне бағытталады. Сондықтан белгілі бір міндеттер лайықты қызметтерді талап етеді деуге болады. Алайда, олардың ара қатынасы соншалықты біржақты емес. Себебі, міндет, негізінде, құқықтың түпнегізі болып табылмайды. Ол қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік мұқтаждықтарынан туындайды, мемлекет пен құқықтың жалпыәлеуметтік даму заңдылықтарымен, қоғамның, мемлекеттің (сәкесінше, құқықтың да) жеке даму сатыларындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың ерекшеліктерімен, тарихи ахуалмен, саяси күштердің ара қатынасымен, ұлттық факторлармен және т.б. анықталады.
Құқық функциясының оның міндеттеріне тәуелділігі мынада айқындалады: біріншіден, міндеттер әдетте, функцияның болуын тікелей шарттайды, екіншіден, олардың құрамын анықтайды, үшіншіден, ең елеулі түрде олардың іске асуының формалары мен әдістеріне ықпал етеді, құқықтық әсер етудің нақты бағыттарын алдын ала анықтайды.
«Құқықтың жұмыс істеуі» термині әлеуметтік жүйедегі құқықтың әрекетін айқындайды. Құқықтың функционалды сипаттамасын беру дегеніміз – оның әрекеттерін (қоғамдық қатынастарға әсер ету жолдары мен формаларын) ашу және сипаттау.
Егер «құқық функциясы» — құқықтағы қазіргі мен болашақты (мақсаттар мен міндеттерді) айқындайтын жиынтық түсінік болса, «құқықтың жұмыс істеуі», егер алдын ала басқаша келісілмесе, қазіргі уақыттағы құқықтың іс-әрекетін белгілейді.
Осылайша, «құқық функциясы» және «құқықтың жұмыс істеуі» өте жақын, кейде бірдей, бірақ бір-бірімен сәйкес келмейтін түсініктер болып келеді. Құқықтың жұмыс істеуі – функцияның мәселесімен тікелей байланысты сұрақ, өйткені, функциялар жүйесінің сипаттамасы – бұл құқықтың жұмыс істеуінің сипаттамасы. Бірақ дәлме-дәл, нақты мағынада «құқықтың жұмыс істеуі» құқықтың мемлекет механизмі, сана, саясат және басқа да әлеуметтік реттеуіштермен қатар әлеуметтік жүйе элементі ретіндегі іс-әрекетін білдіреді. Басқаша айтқанда, құқықтың жұмыс істеуі – бұл әлеуметтік жүйедегі құқықтың әрекеті, оның өз міндеттерін атқаруы, қоғамдық қатынастарда оларды жүзеге асыруы.
Құқық функциясы – құқықтың әлеуметтік міндетіне негізделген қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпал етудің бағыттары. Ғылымда «функция» термині түрлі мағыналарда қолданылады. Мысалы, математикада функция тәуелді айнымалы шама, яғни аргумент деп аталатын басқа шаманың өзгеру көлеміне байланысты өзгеретін шама болып саналады. Биологияда – бұл орган және организмнің (қол, қалқанша без және т.б. функциясы) ерекше қызметі. Басқа ғылымдарда функция – бұл қандай да бір жүйе әрекетінің бағыты (мысалы, кибернетика). Осылайша, «функция» терминінің мағынасы көп. Ол кез келген динамикалық құрылымдарды сипаттауға қолайлы, бұл осы термин қолданылатын математика, биология, әлеуметтану, құқықтану ғылымдарының танымдық міндеттері спецификасымен негізделеді. Алайда, көп жағдайларда функция жүйенің (құрылымның, біртұтастың) сыртқы ортаның белгілі бір тараптарына іріктеуші, бағытталған ықпалымен байланысты. «Құқық функциялары» түсінігі аясындағы 1 ғасырға жуық уақыт аралығында жүргізіліп жатқан белсенді зерттеулер әлі де бұл тақырыпта қандай да бір ортақ көзқарас қалыптастыра алмады. Егер де барлық қалыптасқан көзқарастарды синтездейтін болса, онда нәтижесінде, «құқық функциясы» түсінігі не құқықтың әлеуметтік міндетін, не қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпалдың бағытын, не осы 2 тұжырымның жиынтығын білдіретінін көреміз.
Құқық функцияларын 2 топқа бөледі.
Жеке алғанда, жалпыәлеуметтік функцияларға:
а) экономикалық функция – мысалы, азаматтық-құқықтық келісімшарттар материалдық игіліктердің орнын ауыстыру үрдісін қамтамасыз етеді;
ә) саяси функция – құқық саяси жүйе субъектілерінің қызметін реттейді;
б) коммуникативті функция – құқықтың көмегімен басқару объектілерінің арасындағы байланыс қамтамасыз етіледі [22;125 бет ];
в) экологиялық функция.
Арнайы-заңи функциялар:
а) регулятивті – түрлі жағдайларда адамдардың өзін-өзі ұстау ережелерін анықтау арқылы қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпал жасау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету[21;25 бет].
ә) қорғаушы – арнайы қорғаушы нормаларды қолдану жолымен іске асатын аса елеулі қоғамдық қатынастарды қорғауға бағытталған функция;
б)бағалаушы – құқықтың кімде-кімнің әрекеттерінің заңды немесе заңсыздығын анықтау барысында өлшем ретінде қызмет етуі;
в)тәрбиелік функция – құқық белгілі бір идеологияны айқындайды, адамдардың мінез-құлқына әсер етеді[3; 620бет].
Құқықтың функционалды ықпалына түсетін қоғамдық қатынастардың ортасына және құрылуына қарай құқықты былайша ажыратады:
- келісілген бастамаларда құқықтың нормалары, салалары мен институттарын біріктіретін құқықтың барлық ішкі мемлекеттік жүйесіне жататын жалпықұқықтық функциялар;
- бұқаралық немесе жеке құқық, материалдық немесе іс жүргізу құықығы сияқты салалық жанұяларда әрекет ететін салааралық функциялар;
- жеке алғанда, конституциялық (азамат пен адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту функциясы), қылмыстық (қылмыстық деп танылатын іс-әрекеттерді анықтау және оларды жасағаны үшін жаза белгілеу функциясы) құқықпен байланысты салалық функциялар;
- қылмыстық құқықтағы тыйым салынатын нормалар, еңбек құқығындағы мадақтау нормалары, әкімшілік құқықтағы міндеттеуші нормалар және т.б. нормалар әрекетімен байланысты ерекше бағыты бар құқықтың жеке нормаларының функциялары.
Қарастырылған құқықтың барлық функциялары құқықтық реттеу мен құқықтық ықпалдың көпсатылы үрдісін білдіре отырып, қоғам өмірінде нормативті бастауларды қамтамасыз етеді.
Қоғам күрделі және аса күрделі біртұтас ретінде қоғамдық қатынастардың белгілі бір орталарына жіктеледі. Ұсақтау талдаудан абстракциялана отырып, басты үш сала немесе жүйені ажыратуға болады: экономикалық, саяси, және тәрбиелік. Құқықтың бұл функциялары әлеуметтік деп аталады.
Ең жалпы түрде құқықтың әлеуметтік функцияларын қоғамдық өмірдің тиісті орталарына кері құқықтық ықпалдың бағыты ретінде анықтауға болады. Осылайша, экономикалық функция экономикалық салаға, саяси функция саяси салаға, тәрбиелік функция рухани салаға құқықтық ықпалды білдіреді.