Күйлердің шығу тарихы туралы аңыз — әңгімелер
Қорқыт “Башпай”
Аңыз бойынша, “Башпай” Қорқыттың өмірінің соңында шығарған ақырғы күйі екен. Қорқыт кілемін төсеп дарияның бетінде отырғанда қарындасы Ақтамақ ағасына тамақ әкеліп беріп тұрған екен. Күндіз – түні күй тартып, өліммен алысып әбден шаршаған күйші бірде қарындасының әкелген тамағын ішкеннен кейін бойы маужырап, көзі ілініп кетеді. Тамақ салынған дорбамен қайрақ жылан болып ілесіп келген ажал қобыздың үні шықпай тұрған кезде күйшіні шағып алады. Жыланның уы бойына жайылып, әлсіреп бара жатқан Қорқыттан Әзірейіл: “Қандай тілегің бар?” – деп сұрайды. Сонда Қорқыт: “Менің өмірде екі күнәм бар. Біріншісі — өлімнен қырық бір жыл бойы қашқаным. Кілем жайып Сырдың бетінде отырғанда бірде алай – түлей дауыл тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен болатын, екінші күнәм – сол. Сол себепті мені көмгенде осы екі башпайымды ашық қалдырыңдар”, деп қобызын қолына алып, ең соңғы Башпай күйін тартқан екен.
Қорқыт “Ұшардың ұлуы”
Бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болады. Ол құс салып, ит жүгірткен саятшы екен. Қашқан аңды құтқармайтын “Ұшар” деген тазысы, желмен жарысқан жүйрік аты бар екен. Күндердің күнінде жігіт кенеттен қайтыс болады. Сол кездегі елдің әдет – ғұрыпы бойынша, өлікті жерлегеннен кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді екен. Жаңа орынға көшіп келгеннен кейін кемпір баласынан қалған көз – тазыны іздесе, ол ұшты – күйлі жоқ боп шығады. “Ескі жұртта қалған болар!” – деп, ана бұрынғы қоныстарына қайтып келсе, айтқандай-ақ, Ұшар иесін қиып кете алмай, мола басында сай – сүйекті сарқырата аспанға қарап ұлып отыр екен. Мұны көрген ана:
Жалғызымнан айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым,
Ұшар, Ұшар, кә, кә…-
деп аңырайды. Иен далада жалғызының артында қалған ана мен иесінен айрылған тазы – қос мұңлық қосылып күңіренеді. Қорқыттың осы оқиғаға байланысты шығарған күйі “Ұшардың ұлуы” деп аталады.
Ықылас “Жез киік”
Ықыластың орындаушылық және күйшілік шеберлігі шыңдалған шағында шығарған күйінің бірі – “Жез киік”. Жез киік – даланың ерке, сұлу аңы. Ол туралы халық аузында неше алуан аңыз да, ертегі де көп. Жез киік алтындай жалтылдап, күнге шағылысқан көркінің арқасында мергеннің көзін тайдырып, үнемі оқтан аман қалады екен. Кейін мергендер оны киелі жануар санап, атпайтын болған. Міне, осы сұлу аңға Ықылас “Жез киік” атты күй арнаған.
Ықылас “Қазан”
Ықылас дарынының кемелденген шағында дүниеге келген шығармасының бірі – “Қазан” күйі. Бұл күйді қобызшы қобызшы көбіне “Қазан сүргісі” немесе “Қазан жорығы” деп тартқан екен.
Татарлардың Қазан қаласын жау шапқыншылықпен басып алады. Сонда қазақтың Шора деген батыры қол жинап, Қазанды азат етпекші болады. Ауыл ақсақалдары, қадірменді қариялар батырға: “Батыреке, алған бетіңізден қайтыңыз, ол жақта күн райы өте қолайсыз көрінеді. Орал тауларын қар басып қалыпты, күнде үскірік боран болады екен. Босқа суыққа ұрынасыздар”, — деп тоқтау айтады. Шора батыр:
“Нәріктің ұлы Шорамын,
Мен Қазанға барамын.
Қар жаумасын, қан жаусын,
Қазан барып аламын”, —
деп қариялардың сөзіне құлақ аспай, жолға шығып кетеді. Бірақ, батырдың жолы болмайды. Олар Орал тауларындағы қатты боранда суыққа үсіп, қаза табады.
Міне, “Қазан” күйінің “Қазан сүргісі” немесе “Қазан жорығы” деп тартылуының себебі осы.
Ықылас “Шыңырау”
Ықылас бір күні жолаушылап келе жатып, астындағы атын шалдырып алмақшы болып, жалғыз ағаштың тұбіне келіп аялдайды. Сол кезде ол ағаштың айналасында шыдамсыздана ұшып жүрген бір құсты, бұтадағы ұяда анасына шыр қағып, тағат таппай тұрған балапандарды көреді. Сөйтсе, ұяға қарай бір жылан жылжып барады екен. Ықылас жалма – жан орнынан атып тұрып, жыланды өлтіреді де, суға ағызып жібереді. Құс ұясына келіп қонып, балапандар тынышталады. Ықылыс: ”Озбырдың аты – озбыр, әлсізді жұтып қойғысы келеді. Осыны қобыздың үнімен айтып кетейін. Озбырлардың қара ниет қылықтары халықтың есінде болсын”, — деген ойға келіп, осы күйді шығарады.
Күйдегі ре ішегінің ми дыбысынан соль дыбысына дейінгі аралық глиссандо және флажолетамен орындалады. Мұндағы флажолеталармен әсерленген жерлер құстың шыдамсызданғанын, балапандардың шырылдағанын көзге елестетеді.
Ықылас “Айрауықтың ащы күйі”
Бұл әуелде Тайлақ деген батырдың сыбызғыда тартқан күйі екен. Күйдің шығу тарихы былайша сыр шертеді. Тайлақ батырлығымен қатар шебер сыбызғышы болған адам екен. Батырдың қартайған шағында жау бір үйір жылқысын айдап әкетеді. Тайлақтың Секер және Барақ атты егіз ұлы малды қайтармақ болып жаудың артынан қуады. Шайқаста Барақ жау қолынан каза табады. Ал, Секер жауды жеңіп, малды қайырады. Секердің қаза болған Барақты ат алдына өңгеріп алып келе жатқанын көрген сексендегі қарт батыр сыбызғысын алыпғ қайғылы сарын тартады.
Базархан Қосбасаровтың кітабы “Қобыз өнері”
Ықылас
(1843 — 1916)
1993 жыл, қазан айы, Сарысу жерінде қазақ өнерінің жарық жұлдызы қобыз пірі – ұлы композитор Ықылас Дүкенұлының 150 жылдық тойын үкімет қаулысымен бүкіл ел болып тойлады. Сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелді, Сарысу ауданының әкімі Әбдіманап Көпбергенов, қазақ өнері, әдебиеті және мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов Ықылас атындағы музейдің директоры Ізбасар Балтағұлов Ықыластың тарихтағы алатын орны, өнері, қобызы, оның ұлы ұстаздары мен ізбасарлары, шығарған күйлерінің құдіреті туралы тереңнен ой қозғап, сөз сөйледі. Алматы қаласындағы аспаптар мұражайы Ықылас атымен аталатын болды. Аудан орталығындағы музыка мектебіне, “Шығанақ” кеңшарына Ықылас есімі берілді.
Осының бәрі – біріншіден, халқымыздың ірі тұлғасы алдында бас иіп, ұлы бабаға жасалған ұрпақ парызы десек, екіншіден, егемен ел болып өшкеніміз тұтанып жатқандағы халқымыздың еңсесі көтеріліп, болашаққа деген үміттің артқандағы еліміздің қуанышы еді.
Ықылас 1843 жылы жеті атасынан қобызшылар әулеті атанған Дүкен қобызшының от басында дүниеге келеді. Ықыластың әкесі Дүкен оның әкелері де және балалары Түсіпбек, Ақынбай қазаққа белгілі қобызшы болған адамдар. Жасы 15 – ге келген Ықылас қобызды толық меңгереді. Әкесінен үйренген халық күйлерін, Қорқыттың күйлерін нақышына келтіріп орындайды. Ұшқан құс, жүгірген аң, аққан су, соққан жел осының бәрі Ықыластың сезімін оятып енді қобызға арнап күйлер шығара бастайды.
Ықылас өнерін әрі қарай дамытқан шәкірттерінен Түсіпбек, Әбікей, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев Ықылас өнерін біздің заманымызға өзгертпей жеткізіп қобызды өзінен кейінгі ұрпаққа үйретіп кетті.
ДәулетМықтыбаев
(1905 — 1976)
Дәулет Мықтыбаев 1905 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында ән – күйді сүйіп тыңдайтын Әупік бидің отбасында дүниеге келеді. Әупік сол өңірдің ауқатты, білімді, ел арасында беделі бар, сыйлы адамы болған.
1930 – шы жылдары мәдени ошақтар құрыла бастағанда Дәулет Мықтыбаев әнші Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов сынды қазақ өнерінің жұлдыздарымен бірге Қарағанды радио комитетіне әртістік қызметке орналасады. Осыдан бастап Дәулет кәсіби сахнада өнер көрсете бастайды. . 1934 жылы Алматыда өткен бүкілқазақстандық өнерпаздар слетіне домбырашылар Л. Мұхитов, Қ. Жантілеуов, қобызшы Ж. Қаламбаевтармен бірге Д. Мықтыбаев та қатысып, жүлдегер атанады. Ол осыдан бастап қазақ мемлекеттік филармониясына жеке қобызшы – орындаушы болып жұмысқа орналасып, Қазақстанның түпкір – түпкіріндегі елді мекендерді аралап, көптеген концерттер береді.
1968 жылдары Дәулет Мықтыбаев ғалым, профессор Болат Сарыбаевпен бірігіп қобыз өнерін сүйетін жастарға дәріс береді.ОЛ консерваторияда Қорқыт, Ықылас күйлерінің ойналу тәсілі мен ерекшеліктерін жас музыканттарға үйретіп, бойындағы бар өнерін жастарға мирас етті.