Қорқыт атаның күйлері

Қорқыт- қылқобыз өнерінің негізін қалаушы 

Қорқыт есімі де, XIII ғасыр бойы халықтың мұңы мен зарын, қуанышы мен қайғысын, үміті мен арманын баяндап, үні мен сарынын  сақтап келген қобыз да, оның әуені  де  киелі. Сондықтан,  Қорқыт десек қобызды, қобыз десек Қорқытты көз алдымызға елестетеміз. Бұл екі есім мен ұғымды   бөліп алуға болмайды. Қорқытқа қатысты аңыздардың дені «Қорқыт ата кітабында» сақталған. Түркі халықтарына ортақ «Қорқыт ата кітабы» көне оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші. Кітап оғыздардың өмірін баяндайды. Оғыз, қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған.  Көшпелі өмір салттағы бабаларымыздың табынары Тәңірі, сыйынары аруақ, тілдесері табиғат болса, осылардың бәрімен байланысып, дәнекер болатын тұлға бақсы еді. Білектің күшімен енген мұсылмандылыққа ең ұзақ қарсыласқан сол даланың өмір салтына айналып кеткен Тәңірлік наным-сенім  еді. Оның бас тұлғасы бақсы мен  құдіретті қара қобызы болатын.

Түркі тілдес халықтарда  қобыз Қорқыт Ата  есімімен тікелей байланысты  екендігі көпшілікке мәлім. Қазақтың философиясы тарихында Қорқыт Ата –ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді.

Аңыз-әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің   желмаясына мініп, халыққа  мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ғалым- филолог Е. Тұрсыновтың пікірі бойынша, Қорқыт баба тұлғасы аңыздарда  қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады.

Белгілі болған ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Қорқыт сегіз қырлы бір сырлы, қасиетті тұлға,  бақсы, көріпкел, әулие, асқан күйші, емші, жырау, тайпа кеңесшісі, қиындықтарға қарсы тұра білген адам. Бақсылық кез- келген  адамға қона бермейтін  қасиет. Ол жоғарыдағы «иелер» немесе перілердің  таңдаған адамы болады деген ұғым бар.

Әлемдік діндерге дейін Евразияға тараған түркі халықтарының ортақ діні Тәңірлік дін болды. Ислам   діні  Қорқыттың бар болмысына жат еді. Ол көшпелілер қоғамының өмір салтына  айналған Тәңірлік дінінің аса көрнекті өкілі болатын.

Ш. Уәлихановтың сөзімен айтқанда: — «Қорқыт алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы». Яғни  Тәңірлік діннің ең басты идеологы. Сөз жоқ , қылыштың жүзі, найзаның ұшымен орныға бастаған ислам дінінің көшпелілер ортасындағы ең басты қарсыласы сол ортадағы  дәстүр Тәңірлік дүние таным, Тәңірлік наным-сенім еді. Ал, Тәңірлік дүние танымның көрнекті тұлғасы Қорқыт болатын.

         Әр заманда әлеуметтік құбылыстардың да басы-қасында тарихи тұлға болғаны рас. Түрік халықтарының өткен –кеткен тарихында  Қорқыттың мәні өзгеше орын алады. Халық аңызы бойынша өлімнен қашқан Қорқыт қайда барса да «Қорқыттың көрін» қазып жатқандарға жолығады. «Ол ең ақырында дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ, сынбас темір жоқ, өтпес өмір жоқ деп, мәңгілік өмірлі халықтың ән-күйінен іздейді»-деп пайымдайды академик А.Жұбанов.

Фольклор үлгілерінде адам өлсе де әуен, өнер өлмейді деген мағнабар. Ол музыка күшімен  қасиетті қобыз үнімен өлімге қарсы тұрғанабыздың тірлігі арқылы  көрініс табады. Абыздың өміріне қатысты деректерде, Қорқыт  әпсаналар  қазақ  жерінде  өте көп  кездеседі. Бір  ғана мысал, Ұлытау өңірінде «Тарғыл тана» деп аталатын тау  бар екен. Бұл  Қорқыт  әңгімелерде кездесетін, ол қуатын тарғыл танаға байланысты қойылған дейді. Абыздың «Тарғыл тана» атты күйі де бар.  Ал оның ойлап тапқан қобызы  өзінің шығу тегі жағынан анағұрлым ескі, көне, байырғы халықтық  аспап, тіпті  шығу тегі  де  ертеден басталса керек.

Ұлы   қобызшы атаңған  Қорқыт бабаның VШ-ІХ ғ.ғ.  тартқан күйлерін осы уақытқа дейін сақтап жеткізген  қазақ өнерпаздары  екенін ерекше  атап өткен жөн. Қорқыт-баба аспапты   бірсыпыра жетілдірген деп ойлаймыз. Оның тартқан қобызы да, күйлері де,  қазақ арасында ежелгі түрімен  қалыптасып біздің дәуірге жеткен.  Тағы да бір көңіл аударатын жағдай, Қорқыт-баба  алғаш қобыз жасаған, оның қыл ішегінен жаратылыстың үнін күй қылып сөйлеткен кемеңгер.   Ол қолына қасиетті аспабын алып Тәңірдің ерекше  жаратылысы  болып табылатын дін, өнер, философия, ауыз музыкалық дәстүрді жалғастырған, қобыздың қасиетті әуені мен ауыру мен дертті   емдейтін бақсылардың дем беруші піріне айналған.

Аңыз арқылы жеткен абыздың бойынан ежелгі мәдениетке және оның өкілдеріне  тән синкреттілік, айтқыштық пен орындаушылық жарасым тапқан. Оның бейнесі нұрлы ақыл мен терең сезімді қатар ұстайтын рухани арналармен тоғысады. Қорқыт есімі Түркі тілдес халықтардың көбінде неше түрлі аңыздарда айтылады. Қорқыт-күй атасы, жер үстіндегі ән-күй атаулының атасы.

«Жер бетіндегі ең тұңғыш қобызды шырғай ағашынан жасап,  күңірене күй шертеді, мұң-наласын атқарып  төгеді. Құдретті күй сарыны бүкіл жер-әлемді қаптап кетеді. Оны естіген барша жұрт басын ала алмай тыңдап, таңырқап қалады. Содан бері Қорқыттың күйі де, қобызы да жер бетін шарлап кезуде. Ал Қорқыт есімі қобыздың  ішіндегі, халықтың жүрегінде ұмытылмастай болып сақталған»- деп жазады М. Әуезов.

«Қорқыт» жырларының тегі туралы кейбір қорытындыларда филология ғылымының докторы, профессор Ә. Қоңыратбаев былай деп жазады:- «Қорқыттың  екінші аңызында оның қобызшылық  өнері жөнінде айтылады. Қорқыт тұнғыш рет қобыз ойлап шығарып, жалғыз түйесін сойып, терісін соған шанақ етіпті, ат бәйгесіне қобызды қосыпты. Қорқыт қобызының нар түйедей боздаған сиқырлы дауысын аңсап, қырық  қыз Сырға жаяу кетіп, бәрі де шөлдеп өліпті, озып келгені- Ақсақ қыз болған екен дейді. Сол 40 қыздың мазары Қарақұмда дейді.   Бірақ біз үшін,  Қорқыттың артында қалдырған жырлары мәндірек. Бұл тұста ол жай күйші,  бақсы болып қала алмайды.

ІХ-Х  ғасырда бір өзі оғыздардың 12 түрлі эпостық жырларын тудырған Ол көбіне заңдар ақын, үлкен импровизатор, жырау болып көрінеді. Сондықтан біз Қорқытты бүкіл түркі тайпалар эпосының атасы, соның алғашқы үлгісін жасаған үлкен айтушы, күйші деп білеміз»

Қорқыт барлық  ақын-жыраулардың, жыршылардың, күйшілердің, бақсылардың ұлы ұстазы ретінде  саналған. Ол –қара қобызды бүкіл  түркі жұртының аруақты аспабына айналдырған ұлы күйші, түркі музыка өнерінің негізін қалаушысы. Осы айтқан сөздерді В.М. Жирмунский өзінің «Сказание о Коркуте» деген деректерінде дәлелдейді: — « В «Книге Коркута» узан играет на кобызе.  На кобызе аккомпонируют своим песням и огузские богатыри, не являющиеся профессиональными народными певцами, например Салор-Казан, (ХІ) Дерсе –хан (І). С кобзой выступает и Бамси-Бейрек, переодетый певцом на свадебном пиру своей жены. Кобза деда Коркута пользуется особым уважением героев»

Қорқыт-қазақ үшін ең алдымен күй атасы, қобызда күй шалу дәстүрін  алғаш  орнықтырушы.  « Қазақ философиясы  тарихында Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист  ретінде де  көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Бірінші ол, оғыз қыпшақ  ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден — күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден — әйгілі жырау, оның жырлары оғыз – қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби –тарихи мұра».

Бұрынғы бақсылар өздеріне ұлы ұстаз ретінде пір тұтып, Қорқыт бабамыздың күйлерін аңырата тартып оның аруағына  сиынып отырған екен.  Ал, бақсыны Тәңірімен тілдестіретін аспабы — қобыз еді.  Ғасырлар бойы қылқобыздың қолдануы тек қана бақсылардың сакральді ортасында адамдарды емдейтін, тәуіптік функциясымен ғана шектелмеген, солармен қатар бұл аспапта музыканы эстетикалық тағылымы жағынан түсініп ойнайтын.

Қылқобыз  халықтық орындаушылар мен шаман — бақсылардың аясымен шектелген. Бұл орайда Ш. Уәлихановтың   айтқан сөзі дәлел болады: «Қорқыт  —  қазақтың тұңғыш бақсысы, шаманист, бақсы – моңғол сөзі, ол ойшыл, ақын, емші  болған. Қобыз өнері, бақсылар сарыны, содан қалған дейді»

Салт жырлары, ертегі эпос табиғатында шаманизм сарыны басым. Оғыздар қобыз культіне табынған деген болжам бар. Осы белгілер «Қорқыт» жырларында да кездеседі. Жалпы  Қорқыт өмір сүрген кез – ол бақсының жын – перімен тікелей араласатын сәті, қобызбен күй тартып, бақсылық шырғаланға түсетін кезі десе болады.   Халықтық  орындаушылар бұл аспапты пайдалана  отырып, оның негізінде өзінің жеке ойларын, толғаныстарын, басынан кешкен қайғы-мұңын, сезімдерін, қуанышы мен қасіретін  жеткізе  білді.

ҮШ – ІХ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыттың ата тегі оғыз тайпасының  баят руынан, ал   нағашы жұрты — қалың қыпшақ  елі. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі  Қара деген кісі болса керек. Оның өміріне қатысты аңыз — әңгімелер басым көпшілігінің  күймен  байланысты  болуының сыры осында. Халық  Қорқыттың басқа көп қасиеттерінің ішінен, оның қобыз жасап, күй шығарғанын, елдің мұңы мен арманын саз тілімен мәңгілікке  қалдырғанын  ерекше қадір тұтқан. Ол Сырдария суының бетіне кілем төсеп, күй тартқанда  дүниеден жан иесінің бәрі де құлағын тігіп, елжіреп  тыңдаған дейді аңыздарда. Қорқытқа қатысты аңыз — әңгімелер  кең зерттелген және де бұл аңыздар бәрімізге мәлім.

Қорқыттың дүниеге келуі қандай ерекше болса, оның өмірі  де сондай  ерекше.  Белгілі ғалым-зерттеуші  Ә. Марғұлан көне мұраның осынша  өмірі  ұзақтығын ғылыми түрде түсіндіріп  кеткен. Ол Қорқыт  мұрасын сақтаушыларды  бақсы-жыршылар,  қобызшы күйшілер, ойшыл жыраулар,  төкпе  ақындар және шежірешілер деп бес топқа бөліп қарайды. Арада сан ғасырлар өтсе де қазақ ұлттың авторлығына жатқызатын шығармалардың  ұмытылмай, күні  бүгінге дейін жалғасып жеткені  ерекше жағдай.

«Бұрын халық алдында  қобызбен жыр айтқанда жыршылар сөздің  кіріспесін  Қорқыт өлеңімен бастауы дәстүрге айналған»- дейді академик  Р. Бердібай. Кейінгі бақсы қобызшылардың  Қорқыт  сөздерін  қасиет  тұтып, өзгертпей қайталаған.  Ұлы жыраулар:  Кетбұға (ХІІ-ХІІІ), Сыпыра жырау (ХІУ), Асанқайғы (ХУ), Қазтуған (ХУ), Қойлыбай бақсы (ХІУ), Байжігіт (ХУІІ), Абылай хан (ХУІІ), Құрманғазы (ХІХ),Ықылас Дүкенұлы, т.б. Қорқыттың дәстүрін жалғастырушылар болып саналады.

Әрбір ұлттың әлемдік өркениет жолымен  даму барысынды ортақ принциптері болғанымен де, басқаға ұқсамайтын өз ұлтына ғана тән хас  сипаттары болады. Ұлттың бұл қасиеті, оның әлеуметтік тарихи шежіресімен қатар географиялық өмір сүрген аймағына, қалыптасқан тұрмыс — салт әдеттеріне де    байланысты. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына терең із қалдырған рулық, тайпалық дәуірдегі абыздың, қоғамдық дәрежесі анықтап зерделеп, зерттеуді  талап етеді. Себебі, «Абыз» тұлғасы синкреттік тұлға болғандықтан, оның рухани болмысы әуелде көп қабатты психологиялық өзгешеліктері бойына топтаған өзінше қасиеттерден құрылған. Яғни, Қ. Жұбанов айтқандай, «ескі кездегі шамандарды «абыз»,-деп, «ру басшылары», «ру ақсақалы» және оның айтуынша кейінгі бақсы балгерлер мен қобызшы, домбырашы, әншілердің барлығы абыздардан өрбіген.  Бұрынғы абыздар қобызын шалып-шалып алмай, жырау-жыршылар домбырасын бебеулете қағып алмай, көкейдегі көрікті сөзін сыртқа шығара бермеген. Ақын болсын, әнші болсын, жыршы болсын өз өнерін жұртшылыққа тыңдатар кезде қолтығының астынан, қобызының, қолының басынан  домбырасының табылып отыратыны қазақ арасында ертеден орныққандәстүр.

Содан болар, қазақтың өлең-жырларының толғау-термелерін өн бойында: «…қыл қобызым құбылтып», «шаң қобызым шалайын»,  «екі ішекті домбырам қолға алайын»- деп  бастау қалыпты әдет болған. Ерте заманда,  қобыз қазақтарда сиқырлы  аспап болып саналатынын  алдында айтылған.   Оның  бұл ұғымға  ие болып   қалыптасуы,  аққуға  табынушылықпен байланысты. Көшпенді қазақтар табиғаттағы ең таза дыбысты  аққудың үнімен салыстырып, қобыз аспабын соған ұқсастырып, сазды дыбыс шығаратын. Осы аңгімелерде ән мен күйдің  қуатын табиғаттың алып күшіне қарсы қойып, оған әуеннің әсерлі үнін жүмсайды. Қобызды  бәйгіге қосу, жауға қарсы қолдану сияқты аңыздар да баршылық. Жасыратыны жоқ, қобыз аспабында әлдебір жасырын сиқырлы сыр, күшті қуат болуы мүмкін деген пікірлер де жоқ емес.  Қобызды аңызға айналдырып, оны ерекше құдірет етіп тұрған, аспаптың дыбыс ерекшелігі, сиқырлы үні, өмірде өте сирек кездесетін  бояуының әсері болса керек.

Қобыз аспабының өзін ескінің көзі деп қарасақ, аңыздардың арасында ең ерекше орын алатыны Қорқыт атаның елге жайылып, күй атасы атануы. Бұл аңыздардан біз қобыз аспабы мен қобызда ойнау өнерінің қай заманда қалыптасып, аспаптың музыка  саласының қай дәуірден бері белгілі болып келгенін аңғарамыз. Қорқыт өмір сүрген дәуірде қобызда күй тарту, ол аспап үшін шығармалар шығару  дегеніміз,  бұл өнердің сол кездің өзінде өркендеп кең құлаш жайып, дәстүрге айналғаны ғой. Сол кездегі сарындарды, күйлерді орындау әдістеріне байқап қарасақ, бұл күйлер орындаушылардан белгілі шеберлікті қажет ететінін байқаймыз. Көркем күйлерді кемеліне келтіре ойнау, оны халық   сүйіп, тыңдайтын дәрежеге жеткізу үшін де  қобыздың мүмкіншілігі мол болуы керек.

Демек, қобыздың сол Қорқыт өмір сүрген дәуірдің өзінде-ақ, аспап болып қалыптасу деңгейінің жоғары болғаны ғой деп ойлаймыз. Әрине, қобызшының шеберлігінің ашылуы, оның орындау өнерінің аңызға айналуы-қобыздың ойнау әдісінің жетіліп, оның аспап болып қалыптасуына байланысты екені айқын. Қобыз жасау жолдары мен ол аспапта ән мен күй тарту өнері бір-бірімен байланысты болып келеді.

Ұлтымыздың ән мен күй, жыраулық өнерінің саздары  мен сарындары ақындық өнер өнегесімен сабақтасып, жалғасын тапқан. Қазақ өнерінің  ауыз әдебиетін жүйелі түрде жинап, көптеген зерттеулер, мақалалар жазған, шығармашылығында кеңінен қолданған —  қазақ елінің дүлдүл ақыны, жазушы, фольклорист, Ильяс Жансүгіров еді. Жетісу өңірінің  аты аңызға айналған қобызшысы-Молықбайдың күйлері мен аңызы И. Жансүгіровтың «Күй», «Күйші» атты поэмаларының негізгі өзегі.

Өнер жолына түскен өнерпаз, өзінің алғашқы қадамын – музыка аспабын қобызды көріп, оның дыбысын естіп, тыңдап барып әсерлену арқылы ғана қобызда ойнауға ниет білдіреді.

Қобыз сияқты  күрделі аспапты меңгеру, әсіресе, онда ән мен күй ойнап, қобызға арнап күй шығару мәселесі  ұзақ жылдары қажырлы еңбекті қажет ететін өнер. Ал  қобыз жасау  үшін үш жыл кетеді екен.

«Бірінші жылы  аршаның діңгектерін әбден  кептіреді, келесі жылы діңгектердің қабығын сыпырып, тағы бір жыл сақтайды. Үшінші жылы әлгі діңгектерді жеке —    жеке ұрып көреді. Сол жылы қобыздың шанағын ойып, шанаққа ыстық  күл салады. Күлдің ішінде сексеуілдің шоғы жатады екен. Аршаның майын, сөлін, желімін сорып алатын күл. Содан — соң әлгі қобыз жеп — жеңіл болып шығады. Күлмен қобыздың сыртын тұтас ысқылайды. Шанақтын бетін түйенің көнінен жасайды. Көн қағаздай боп үлбірегенше тағы  бір жұма уақыт кетеді және де оны сақарға батырып тағы төрт күн  ұстайды. Ендігі ысқыштың қылын кәрі биеден емес (ол үзілгіш келеді) мықты, әлді жылқыдан алады (ол берік, жұмыр болады). Қылды да тұзды суға малып, жеті күн күтеді.  Қыл ішектерін де қобыздың  құлағына орап, біраз тартып,  қатайу үшін, созыла бермеу үшін, тағы бір ай күтеді.  Сөйтіп, қобыз жасау үшін, қаншама уақыт керек екен.

Қорқыт күйлерінің жалпы  тақырыптық, сюжеттік, жанрлық  сипаттамалары.

Қазақ фольклоршыларының ішінде алғаш «әпсана» терминін  жанрлық атау ретінде танып қолдана бастаған белгілі ғалым Ә. Х. Марғұлан.  Бірақ, ол әпсананы фольклорлық жанр ретінде арнайы қарамаған. Бұл ретте тұңғыш рет әпсанаға дербес жанр ретінде ден қойып, жан-жақты сипаттап берген фольклоршы — С. Қасқабасов  Әпсана — хикаят деп кейде ертеде болған бір оқиғаны көркемдей баяндайтын, бірақ көбінесе ойдан шығарылған, я болмаса кітаби және діни сюжетті  әрлеп, әсірелеп, әңгімелейтін прозалық шығармаларды айтамыз. Осы сияқты әпсаналардың тарихи түрлеріне сай келетін аңыздарының бір парасы — Қорқыт  жайындағы аңыз — әңгімелер. Қорқыт күйлерінің басым көпшілігінің аңыз-әңгімесіне әпсаналық сипат тән болып келеді.

Қорқыт қалай өлімді пәнге айналуы — «Тарғыл тана» күйінде, немесе өлімді пендеге  айналғанын білген соң, ел — жұртының қамын ойлап, мұңға батуы, оны «Елім-ай, халқым-ай» күйлерінде байқаймыз, немесе одан әрі өлімнен құтылудың жолын іздеп,  шарық  батуы ол «Қорқыт», «Желмая» атты күйлерде белгісін тапты, ең соңында қапысын тауып ажалдың жетуі «Сарын» күйі сияқты күй аңыздарынан байқаймыз.

Ежелгі қазақтың   «қара қобызы»  біздің заманымызға өзімен бірге көптеген  ән  — күй туындыларын ала келді.    Бізге жеткен қобыз күйлері ұлттың  мәдениетімен, тарихи тағдырмен сабақтасып жатыр. Бірқатар қобыз күйлерінде жануарлардың ұлуы, құстардың қанат қағып ұшуы, аттың шабысы сияқты дыбыстарға еліктеу тән. Қобыз шығармаларының тағы бір тобы — эпикалық тақырыпқа арналған күйлер.

Сонымен қатар әр бақсының зікір салғанда, қолданатын сарындары музыка мәдениетінде ерекше орын алғаны  екені  белгілі. Ұмытыла бастаған өнерді дәріптеп,  оның бар қасиеттерін халыққа жеткізе білу, оның сыр-сипатын ашып көрсету болашақ ұрпақ үшін өнегелі іс болып табылады. Бүгінде   бізге     Қорқыттың 20-дан астам күйлерінің аты белгілі, бірақ нотаға түсіруілі бізге жеткені  11 күй. Арада сан ғасыр замандар өтсе де, атадан мұра болып қалған   Қорқыт, Ықылас  күйлері дәлелденіп, ұмытылмай   күні  бүгінге дейін жеткендігі қайран қалдырады. Көне мұраның мұншама ғұмыры ұзақ болуын ғылыми түрде түсіндірген белгілі зерттеуші-ғалым  Ә. Марғұлан.

Әрине, арада қаншама  ғасырлар өтсе де қылқобыз аспабының  біздің заманымызға өзгермей жетуі  тіпті  мүмкін емес. Бақсы-балгерлер аспаптың мистикалық жұмбақ, сырлы болуына септігін тигізіп, қылқобызға әр  түрлі  аспаптың  нарқобыз түрін қолданған,   ішектері жылқының  қылынан  қалың  тағылып, әр-түрлі әшекейлер, айна, үкі қанаттарын, теңгешелер таққан, сонда олардың әр қайсысы өзіндік дыбыс шығарып, бақсының қимылын айрықша көрсеткен. Ал, бұл мистикалық қөрініс емдеушінің қобыздың емшілік қасиетіне сенуіне бірден-бір әсер еткен.

Қазіргі замандағы  қылқобыз  бұрынғы бақсылардың мистикалық   қобызынан ерекше, бұрауы сәл жоғары болып келеді де, әшекейдің жоқтығымен айрықшаланады. Алдында айтып кеткендей қобыз күйлері тарихи, эпикалық күйлер мен  бақсы сарындары болып  бөлінеді.

Қорқыт күйлері алғашында бақсының зікір салғанда қолданылатын сарындары болса керек.  Мазмұны мен құрылымы күрделі, әртүрлі агогикалық иірімдерге толы келеді.  Өкінішке орай, Қорқыт пен Ықылас арасындағы мыңжылдықты қыдыра шолғанда қадау-қадау бақсы сарындарынан басқа ештеңе таппаймыз. Өйткені сол кездегі   көшпелі өмір салттағы  қазақтың  табынары сол кезде Тәңірі, сыйынары аруақ, тілдесері табиғат, ал  осыған дәнекер болатын тұлға бақсы еді. Бақсының сүйенері қобыз.  Қобыз күйлерінің мың жылдық үзілісінің негізгі себепшісі деп осынау идеологиялық текетіресті айтуға болады — деп жазады  Илья Жақанов.  Қорқыттың қай  күйін алсаңыз да, олардың  барлығы да толған мазмұнды,  аңыз.  Күй аңызын  бір бөлек жанр деп, оның аясындағы мифтік, әпсаналық сюжеттер мен  әуендерді өз алдына бөлек жыр ретінде қарастыруға  болмайды. Күй аңызы жанырының мифтік және аңыз  түрде айтылуы оның өмірлік формасы. Басқаша айтқанда, күйдің шығу себебі миф, аңыз түрінде айтылады да, мұның өзі күй аңызының жанрлық  төл сипатын айғақтайды.

Мысалы  Қорқыттың күйі «Қорқыт», «Тарғыл тана», «Әуіппай», «Башпай»- аңыздарға  қараңыз. «Қорқыт» күйіндегі аңызда, Қорқыт  тарғыл тананы  қуамын деп  байқаусызда  өлім  аузына келеді де, ол өкініп қалады. Енді өзіне ажалдың жақындағанын сезген күйші, одан құтылуды ойлап, мәңгілік өлмейтін жер іздейді. Ол Желмаясына мініп, дүниенің төрт бұрышын түгел шараласа да,  мәңгілік өмір сүрген жерді таба алмайды. Қайда барса да, алдынан Қорқыттың көрі кездесе берген соң, бұл дүниеде ажалдан қашып, өз жанын алып қала алмасына көзі жетіп, ол жер кіндігін іздейді. Сонда  жер кіндігі  Сыр бойы екен. Ең ақырында ол:

«Дүниеде ажалдың құрығы жетпейтін жер жоқ екен. Бәлкім, суға барып отырсам, маған ешкім  көр қаза алмас, ажал да батып келе алмас»,-деп, Желмаясының үстіне жауып жүрген, суға салса батпайтын, тозбайтын қасиетті кілемін Сыр суына төсеп, судың бетінде қобызын тартып отырып, осы күйді шығарған екен.  Мінеки, күйдің дүниеге келу тарихы ретінде айтылса болды, жанрлық   қасиетіне қарамастан  миф те,  әпсана да,  күй — аңыз ретінде  қабылданады.»

       «Қорқыт» күйі – аса қиын, асқақ күй емес, бірақ ол тыңдаушысын әуендік әсемділігімен, шынайлығымен баурайды. Ол өмір үшін, жақсы тұрмыс үшін күреске шақырады. Шынында да бұл күй  тым әсерлі .

Көлемі жағынан кішкене, әрі қысқа болғанымен, музыкалық мазмұны жағынан терең болып келеді. Күйінің әуені Желмаяның тұяғының дыбысын, желе жортып шапқандығын естілгендей әсер қалдырады.

Оны  қобыздың  шанағына керілген теріні сол қол саусақтарымен басып-ашу  арқылы  әдіс — тәсіл  колданса, қобыз үнінен  бір ерекше тербеліс дыбыс шығады, ал екінші нұсқада — Желмаянын шабысын тиек арқылы келтіруге болады.  Тиекті сол қолдың бас бармағымен сұқ саусақ арқылы басып ашып ойнаса, (педаль) сияқты дыбысты көбейтіп немесе азайтып алуға болады» — деп жазады М. Жарқынбеков.

Мысалы:

Қорқыт күйі 

Осы күйлерді  көркемдеп ойнау үшін тремоло, глиссандо, форшлаг, мордент, мелизм, триоль  тәсілдері де көп қолданылады.  

Басқа күйлерімен салыстырғанда, «Қорқыт» және «Қоңыр» күйлері көлемдірек күрделі формада.

 «Қоңыр» атты күйге жеке тоқталайық.

Бұл  жерде ысқыш қос ішекте қатар жүреді. «Ре» ішегіндегі  «соль» нотасын төртінші саусақтың ішкі ет жағымен ұстап тұру керек те, «соль» ішегінде негізгі  әуенді орындау керек.

«Қоңыр» күйде  қылқобызда орындалатын, өзіне ғана тән,   көптеген тәсілдер кездеседі. Бір — бірінен  желісі үзілмей сабақтасып жататын бірнеше  сарыннан тұрады.. Қорқыт күйлерінің көбісі басынан бастап соңына жеткенше екпіні бірнеше рет өзгеріп тұрады.  Күй шоқтығы биік, парасат пен адамгершілікке, өмір жайында толғанысқа толы  болып  келеді.

«Жалпы Қорқыт күйлерінің бір ерекшелігі — ол  әуендік байланысы мен  бір –бірімен сабақтастығында. Бір күйдегі нақыш –саз, екіншісінде ашық және жасырын түрде де қайталанады»- деп жазады белгілі қылқобызшы  М. Жарқынбеков[17;9].

Бұл  айтқан сөз берілген   қысқа  үлгілерінде көрініс тапқан. Мәселен:

«Ұшардың ұлуындағы» сарын (4-5т.) 

« Қорқыт»  күйінде (10-11 т.) 

«Тарғыл тана» (47т) 

«Елім-ай, халқым-ай» (3-4т.) 

Мына  көрсеткіштерде   қысқа сарындар, Қорқыттың  күйлерінде  кездесіп тұрады, бірақ фактуралық  сілемдері,   ырғақтары  өзгергенімен,  сарындағы  саздық байланыс үзілмейді. Жалпы оның  сарындары  бәрі бірдей емес, әр сарындарының өзіндік көркемділігі, ерекшелігі бар.

Алдында көрсетілген қысқаша күйлердің үзінділері туралы  музыкатанушы Г. Омарова «кочующие темы в кобызовой музыке» — деп түсініктеме береді. Оның пікірі  бойынша: «Принципом строения кобызовых квинтовых и квартовых кюев является обусловленная программой блочность конструкции. Этот принцип проявляется в том, что кюи, по существу, разложимы на отдельные законченные построения (блоки или эпизоды), которые различаются интанационно — тематически, метроритмически и артикуляционно» -деп түсіндіреді.

Қобызшылардың көбі Қорқыт  күйлерін «бақсының сарыны»- деп орындайды.  «Вероятно, выполняя когда-то функцию заклинательной мелодии баксы, он выражал на уровне магического мышления идею кружения, т. е. тенденция бесконечной повторности в мелодике, которое могло иметь по шаманским представлениям огромную силу воздействия»-деп тұжырымдайды  әрі қарай өнертанушы Г.Омарова.

Қорқыт күйлері біздің заманға мың өзгеріп келді деп ойлаймыз, оның өзгеруі де орындаушының   шеберлігіне байланысты болып келеді.

«Қорқыт дәстүрінің мұрагерлері атақты қобызшылар  Жаппас Қаламбаев  пен Дәулет  Мықтыбаевтың  репертуарынан алынған бұл  шығармалардан  орындаушылардың күй желісін байытып, өрнек-нақыш қосып, өңдегені байқалады.  Әсіресе,  Ж. Қаламбаев орындаған « Қоңыр» күйінен оның өзіндік қолтаңбасы анық аңғарылады» — деп жазады  қобызшы М. Жарқынбеков.  Абыздың  күйлерінің  дамуы бір-біріне ұқсас, ырғақ пен әуенінің қосарлана қайталануынан құрылған. Ырғақ әуені жағынан жоқтауға ұқсас күй сарыны жәй жылдамдықта сызылта орындалады. Олар көбінесе әуезді, сазды, философиялық мән — мағынасы терең шығармалар.

Музыкатанушы Г. Омарованың түсінігі бойынша: — «Қобыздың кварта бұрауындағы  күйлерінде ақпаратты — тематикалық комплекс көрініс тапқан, ол «жоқтау» дәстүрімен байланысты болып келеді. Осы күйлердің жоқтау әндерімен генетикалық байланыстары интонациялық, ырғақтық, фактуралық сілемдерде көрініс тапқан. Осы сарындарды тек қана жоқтау деп түсінбеу керек, ол одан да кең  — өмір мен өлім толғанысын білдіреді»

Д. Мықтыбаевтың орындауында  бізге жеткен Қорқыттың  «Қорқыт» аттас екі күйі  қобыз дәстүріндегі күйлердің үздік үлгісі болып табылады. Демек,  қылқобыз күйлері түркі халықтарындағы аспаптық күйлерінің ішіндегі ең күрделісі  болып саналатыны рас.  Ел арасында  Қорқыттың сарыны  ғана емес, олардың тарихи мазмұны да сақталып  жеткені алдында айтылған.   Қобызшының белгілі бір күйін орындау алдында,  күйдің шығу тарихын, аңызын, әпсанасын,  мазмұнын түсіндіруі, бұрыннан   келе жатқан салт — дәстүр.  Қорқыт күйлері біздің заманымызға өз атымен жетті  деп ойлаймыз. Бірақ, қобызда ойнайтын күйлердің  көбін  айнымай нотаға түсіруі  мүмкін емес, себебі күйлердің  кейбір  дыбыстары, иірімдері, дыбыс алуы, тіпті ырғақтары   нота  бетіне жазуға келмейді, немесе оны түсіруге  қиынға түседі.  Сол себебте, әр заманның орындаушылары күй желісін байытып, өзіне тән өзгерістер, өрнек — нақыштар қосып, өңдегені байқалады.

Ғасырлар бойы талай-талай қобызшылардың,  дарын иелерінің қолынан өткен   Қорқыт пен Ықыластың күйлері, біздің заманымызға ешбір өзгеріссіз жетті деуге  айталмаймыз. Бірақ, Қорқыт күйлерінің фактуралық  стилі жоғалып кетпеген, қайта олардың өңі ашылып, баи түскенін аңғарамыз.

«Қорқыт Ата» – энциклопедиялық жинағында  В. И. Жирмунский «Коркут — кюй» атты деректерінде былай деп жазды: — «По словам А. Жубанова,  «Қорқут — күй»  действительно производит большое впечатление. Он миниатюрен по  объему, но глубок по музыкальному содержанию. Это интересный образец кобызовых пьес, который в народе исполняется во множестве  вариантов». Жубанов подтверждает, что Коркут считался у казахов «отцом всех кобызистов». Вместе с тем баксы-знахари считают кобыз «свяшенным инструментом»

Акдемик В. М. Жирмунский  Қорқыт күйлері туралы осындай пікір білдіреді: — «С легендой о Коркуте связан  «Коркут кюй», создание которого приписывается самому Коркуту. Кюй – произведение казахской народной музыки, исполняемое на кобызе и иллюстрирующее связанную с ним народную легенду, которая, в форме краткого прозаического рассказа, предпосылается исполнению самой музыкальной  пьесы. «Коркут –кюй, прославляет Коркута как отца музыки песни и создателя кобыза»

Бұрынғы бақсы — балгерлер өзінің ем — дом беру әрекетінде, халықтан шыққан күйшілердің  күйлерінің  үзінділерінпайдаланып,оны қобыздың  төменгі  регистрлерінде орындап, неше түрлі әдіс – тәсілдерімен (флажолет  арқылы) қобыздың «мистикалық» дыбыстарын шығару арқылы, халықты қорқытып, гипноздап  табындырған. Өйткені,  қылқобыз  күйлерінде, ішегі қылдан болғандықтан,  флажолет, глиссандо жәнепартоменто тәсілдері   ерекше обертон  дыбыстар  шығарып,  ойнауға  өте ыңғайлы.  Негізі қобыз аспабы  кварта және  квинта бұрауында   бұралып орындалады.   Қорқыттың  көп күйлері кварта бұрауында (интервалында) жазылған. Ал квинта бұрауындағы күйлер — жыраулар, халық күйшілер мен әншілер  тартқан сарындарда  кездеседі.  Қобыз сазында жан жүйені шымырлатып, жүректі тербейтін ерекше үн кездеседі. Ойнау әдісінің қиындығына қарамастан, қобыз аспабы ертеде халық арасында  кеңінен тараған және    аспапшылардың ойнау мәдениеті жоғары дәрежеде болғаны  байқалады.

Біздің заманымызға жеткен көне мұраның мұншама ғұмыры ұзақ болуын, зерттеушілер  ғылыми түрде көптеген еңбектерінде  қарастырылған. Қазіргі қылқобыз,  бұрынғы бақсылардың «мистикалық»   қобызынан   ерекше.

Қорқыттың көп туындыларының, аңыз-әңгімелерін, мазмұнын, шығу тарихын, жұртшылыққа жеткізген үлкен өнер иесі,  Қорқыт бабаның бірден – бір мұрагері —  Нышан Шаменұлы.  Күйлердің көбі  сол кісінің айтуы  және орындауы  бойынша қобызшы Мұсабек Жарқынбеков арқылы  жазылып алынған.  Қорқыттың бірнеше күйлері  М. Жарқымбековтың «Ғасырлар үні» оқу құралында 1986 жылы және  де Қорқыт творчествосына арналған тұңғыш «Елім-ай» атты жинақта 1987жылы жарық  көрді.

Олар: «Қорқыт» (үш нұсқасы бар),  «Қоңыр», «Башпай»,  «Әуіппай»,  «Желмая»,  «Елім — ай, халқым — ай»,  «Сарын», (екі нұсқасы бар),  «Ұшардың ұлуы»,  «Тарғыл тана»,  «Байлаулы киіктің зары».

Күйлердің  музыкалық арқау жүйесі  қарапайым болып келеді.  Күйші өз туындыларында өмір жайлы толғанып, даналық ақыл — өсиет айтады. Қазіргі кезде Қорқыт туындыларыбайырғы музыка мәдениетінің теңдесі жоқ мұраларымыздың біріне айналып отыр. Бұған көне заманнан  бергі  ғасырларда да, дәуірлерде  де күйшілік өнердің узілмей жалғасқаны  айқын.

Дана қобызшының күйлері  яғни көне заманнан сақталған  халыққа танымал  «Сарын» атты күйі болып табылады. Әзірше осы күйдің  екінұсқасы   белгілі.

Біріншісі – жай орташа екпінде басталса, екінші — баяу түрде ойналады. Қылқобыздың ішектерінің үні, тембрлік бояу — рені, шамамен алғанда, адам дауысына теңдес сапа айшығымен сипатталады.

Бұрынғы  қобызшыларекі ғана позицияны қолданған. (1 — 4позиция), Сол себебтен, дыбыс ауқымы да шектеулі болатын. Ал, қазір ол екі есе кеңейіп, аспаптың хроматикалық дыбыс қатарын байыта түсті. Ежелгі кезеңде  аспапта дыбыс шығару үшін, саусақтарды  ішектің үстіне  қойып, еттің ұшымен ойнау әдісі қолданылған. Сол әдіс әлі өзгермей келеді. Негізі  қылқобызда  қос ішекті  дыбыс бірге ойналып, әуен бір ішекте жүріп отырса,  екіншісі – органдық  қосалқы дыбыс болып сүйемелденеді де, әуенді  шығаруда қосарланған кварта мен квинта дыбыстары алынады. Оның  әр бөлігінде ысқыру тәріздес флажолет ойнау тәсілі кеңінен тараған. Флажолет тәсілі қобыз ішегіне саусақтың жұмсақ жағымен  тигізуі арқылы жүзеге асады.  Бұл тәсіл  тек қылқобыз музыкасына тән. «Мұндай еркін, техникалық, шектеусіз флажолеттік дыбыс шығару әдісі негізгі тонмен бірге (3 — 4) обертон шығаруына әкеледі»- дейді Г. Омарова.

Тағы бір белгілі дерек – Қорқыт  қазақ арасында ғана емес, түбі бірге туысқан түркімендер, түркия түріктері арасында да ежелден болғандығы. Бұл халықтардың әрқайсысы да Қорқыт — ата турасындағы әңгімелерді өздерінің  төл ұлттық мұрасындай қабылдайды және мақтаныш етеді.

Жалпы Түркі тілдес халықтардың тембірлік — регистрлік бастау көзі тігінен (төменгі тон — сонорфоны — обертондар) және көлбеу (шулы, қырылды, ызылды) дыбыстардың шығуы түркілік дыбыс табиғатының ерекшеліктеріне байланысты болып табылады. Музыкалық кеңестіктің барлық регистрін қамтитын кеңестігі      (төменгі, орта, жоғарғы) оның биіктігі делінеді   «Тігінен бөлшектенген дыбыс натуральді — обертонды қатарға сәйкес келеді. Онда төменгі (гармониялық), жоғары (әуендік), ал кейде орта бөлік айқын  жектеледі. Бұлай бөлінудің өзі регистрдің қалыптасуы үшін негіз, бурдонның объективті физикалық —акустикалық алғы шарты. Дыбыстың негізгі моделі өзінің үш түрлі  күйде кездеседі: а) толық емес (қазақтың домбырасына, өзбек пен түркіменнің дутарына арналған пьесалар) және б) ықшамдалған спектрлі (шар мен тамбурдағы  композициялар). Дыбыстың осы үш түрлі күйі қылқобызда өзіне сәйкестік орнын тапқан.Осыдан қылқобыздың керемет сазды әуенімен қоса, флажолетті дыбыс, құстың сұңқылын, қасқырдың ұлуын, ысқырып (флажолет) тәсілімен  ойнағанда, сыбызғының дыбысын және де  әртүрлі шулы дыбыстарды   шығаруға  болады»- деп тұжырымдайды белгілі  музыкатанушы С. Өтегалиева.

Қылқобызда флажолет тәсілімен қолданғанда, скрипкашылар сияқты саусақты ішектің үстіне қойып, қатты баспай орындамайды, бір ерекшелігі , бұл аспапта  ысқышты тиекке қарай жылжытып, тақап ойнаса, флажолет тәсілі  неше түрлі обертон дыбыстарымен шығады. Бұл өте маңызды әдістеме. Өйткені қылқобыздың  төменгі регистрінде орныққан дыбыс обертондарға өте бай келеді. Тағы да бір ескеретін  жай, ол  қазақ халықтарының музыкасында Қорқыт, Ықылас  күйлерінде, қосарлы үндер ұлттық сипатты үндетеді. Сонын нәтижесінде  қосарлы дыбыстар тұрақты түрде үнді шығара отырып,  өзіне фон жасайды. Олар жетекші   музыкалық дыбыстың жарасымды түрде қалыптасып, өзінің синкретикалық негізін құрайды.