Оқулықта көркем әдебиет стилі және оған тән ерекшеліктер жөнінде түсінік берілген. Осы анықтамаларды пайдалана отырып, оқулықтағы жаттыруларды орындатқаннан кейін көркем әдебиет стиліне тілдің эстетикалық қызметінің, көп мағыналық, бейнелік сипаттар тән болатындығын ескерте отырып, оларды көркем-әдеби шығармалардан іздестіру мақсатында қосымша материалдармен жұмыс жасауға болады.
Көркем әдебиет стилінде мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің кеңінен қолданылатындығын мұғалім мысалдар арқылы нақтылай түсіндіреді.
Оқушыларға өздері оқыған көркем шығармалардан мақал-мәтелдер мен фразеологизмдері бар үзінділерді тауып, жазып келуді тапсырады.
Сонымен қатар, көркем әдебиет стилі тақырыбына байланысты берілген жаттығуларды орындатып болғаннан кейін қосымша тапсырмалар беруге болады. Сынып оқушыларына патриоттыққа арналған: «Ел іші — алтын бесік»; «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» т.б. осы сияқты мақал-мәтелдерді қатыстырып, мәтін құрауды тапсырған жөн. Мұғалім мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, әсіресе мәтелдің эпитет, теңеу қызметтерін атқаратындығын оқушыларға ескерте кетуге тиіс. Көркем шығарма тіліне тілдік талдау жасатып, төмендегі сөйлемдерден троптың түрлерін табуды тапсыру.
Қыр жолаушысы сияқтанған саптамасы бар.
Бұл қағазда Ғайша жүрегінің қайғысы мен өз өмірінің өкінішті арманын түгендеп, тізіп жазып еді. (М.Әуезов.)
Қалың қызыл алтынның бетінде азғана ақ қылаң күміс сызықтар бар.
(Ғ. Мүсірепов.)
Қазіргі бұлтсыз аспандай алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жыраққа меңзейді. (М. Әуезов.) Оқушылардың өздері оқыған шығармаларынан ауыспалы мағынада жұмсалған сөздердің, троптың түрлері қатыстырылған сөйлемдерді теріп жаздырып, олардың қолданылу мақсатын талқылату жұмыстарын жүргізу.
Көркем әдебиет стилінің көркем сөз — ойды, сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер екендігі және тілдің көркем шығармада ерекше
эстетикалық қызмет атқаратындығымен қоса, ол көпшілікке рухани тәрбие беретін тәрбиеші екендігін оқушыларға ұғындырған соң, келесі жаттығуды орындатады.
«Дидактикалық материалдан» өлеңді бойындағы эстетикалық нәрінен айырмай қарасөзге айналдырып жазуға берген тапсырмаларды орындату арқылы оқушылардың бейнелі тілмен жазу мәнерін қалыптастырады. Мұғалім оқушыларға көркем шығармалардан үзінділер оқыта отырып, көркем сөзбен жазылған әдеби шығарманың анықтамасын шығартады. Мұғалім бұл бағытта жұмыстың мынадай түрлерін ұсынуына болады.
Төмендегі мәтіндерді бір-бірімен салыстыра оқып отырып, олардың көркемдік қасиетін анықтауға тапсырма беріледі.
— Қарағым, біздің хал-жағдайымыздың шет-жағасын көріп-біліп отырсың ғой, — деп, тағдырдың барлық суығына, зардабына, азабына шыдаған, шыныққан, қайратты, сабырлы пішінмен күрсініп алды. — Біз жетім-жесір қалған бейшарамыз. Барлық дүниенің тауқыметін арқалап қалған жас балам — анау. Мен болсам — сарнаған тілімнен басқа түгім қалмаған, қайратым қайтқан, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрған қураған бір кемпірмін. Екі көзін алып, құдайым мүгедек қылып койған келінім — анау. Өзіне күтуші керек қылып отырған ол — бір сорлы. (М. Әуезов)
Бұрын шынар ағаштың өзі де басқа ағаштар сияқты қисық-қыңыр болатын. Гүлдері де көз тартпайтын. Жапырақтары жансыз, гүлдері бояусыз еді. Ол күнге ұмтылды, жапырақтарын жаңбырға тосты. Суықтан, желден ықтамады. Бойындағы көнбістік керенаулық, бейжайлық құрттарын күн күйдірді, жаңбыр жуды, жел ұшырып әкетті. Қазір Седратил Мұнтаһа бақшасында бұдан көркем бір ағаш жоқ. Гүлдері қандай! Қызыл жұлдыздай жарқырап, жайнап, меруерттей тізіліп биік шыңдардың ұшар басына дейін құлпырып тұрады. Хауа қыздың тыныштық тауып, демалар жері де осы шынардың түбі. Шынар ағашқа Хауа қыз шешесіне келгендей қуанып келеді.
Таңдана қарайды. Жас қыз осы шынар ағаштай болып өсер еді, әттең, мұның тамырлары да жоқ, жапырақтары да жоқ. Қалай жаралды, солай қала барды.
(Ғ. Мүсірепов).
Май жұлдызы, таң қысқа, ай жарық, дүние тып-тыныш, жел жоқ, ауа жақсы, жаңа қонған жұрт, көкорай шалғын, жапырақ гүлдерінің иісі аңқын, біздің жастарды көріп тұрған жалғыз Алла, екінші — аспандағы Ай мен Жұлдыз еді. Жан — жануар күндізден шаршаған секілді тынығып, жылқы жусап, қара мал күйсеп, анда-санда қой үріккенде ұйқысы сақ төбеттің маңқылдап үргені, кемпір-шалдың айтақтаған дауысы ғана естілуші еді. (М.Дулатое)
Көркем сөзбен жазылған әдеби шығармада өмір фактілері жан-жақты, терең қамтылатынын, өмірдегі адамнан бастап, бүкіл жанды, жансыздың бәрі түгел қатысатындығын, қоғамның барлық саласын қамтитындығын түсіндірген мұғалім енді өздері оқыған шығармаға назарын аударады. Шығармада көптеген кейіпкерлер болатындығы, олардың жағымды, жағымсыз образдарға бөлінетіндігі және олардың өмірге көзқарасы, тіл ерекшеліктері жайында оқушы түсінігін нақтылай түскені жөн. Екінші жағдайда, мұғалім бұлай нақтыламай-ақ, көркем шығарманы оқыта отырып, проблемалық-логикалық ойлау сұрақтарын беруіне болады, оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеп ізденуіне бағыт беру керек. Мұғалім оқушылардың физика, химия, география т.б. пән оқулықтарындағы мәтіндерді әдебиет пәні оқулығында берілген мәтіндермен салыстырып, олардың өзіндік ерекшеліктерін жазып келуді тапсыруына болады. Немесе өзіндік ерекшеліктерін санамалап, жетекші сұрақтар бере отырып әңгімелеуге жетелейді. Көркем шығармаларды бір-бірімен салыстыра оқытып, тілдік талдау жүргізу: троптың жай түрлері — эпитет пен теңеу, олардың шығармадағы идеялық-эстетикалық рөлі, сөз мағынасын ауыстырып қолдану арқылы жасалатын троптың басқа түрлерін табу мақсатында жалғастыруға болады. Сөйтіп, баланың бойында талдау біліктілігін жүйелі қалыптастыру керек, бірнеше жұмыс түрін, ең алдымен, оқулықтағы екі жаттығуды орындата отырып, көркем шығармадағы суреттеу құралдарының тілге сымбат, ажар, көрік беру жөнінде аса маңызды рөл атқаратындығына тоқталу қажет.
Көркем шығарманың сөйлем ерекшеліктеріне назар аударту. Көркем шығармадан инверсия, шендестіру, параллелизмдерді табу сияқты, көркем шығарма тіліндегі дыбыс қайталаулары мен олардың түрлерін (ассонанс және аллитерацияларды) табу да оқушылардың көркем шығармадағы тіл көркемдігін, сөйлем өзгешеліктерін тануларына көмектеседі.
Сонымен қатар «Дидактикалық материалдардағы» тапсырмаларды орындау (шығармадағы табиғат көріністерін, кейіпкерлер бейнесін суреттеу, кейіпкерлер тіліне баға беру жұмыстары) оқушылардың көркем әдебиет стилін меңгерулеріне толық мүмкіндік береді.