Кордильер

Кордильер туралы қазақша реферат

Солтүстік Американың Алякадан Мексикаға дейінгі батыс жақ шет аймағын орасан зор Кордильер тау жүйесі алып жатыр. Кордильер тауы құрылымы мен орфографиясының жалпы ерекшеліктерін өзінің бүкіл өн бойында сақтап қалған. Кордильер тауын бірнеше физикалық-географиялық аймаққа бөлуге болады. Ол аймақтардың шекаралары климаттық белдеулердің шекараларымен белгіленеді.

Арктикалық және субартикалық Кордильердің ең қиыр солтүстіктегі аймағына Аляска және Канаданың солтүстік-батыс бөлігі жатады. Ал келесі аймағына Кордильер тауының Канаданың оңтүстік-батысы мен Америка Құрама Штаттарының солтүстік-батысындағы қоңыржай климатты еңдікті алып жатқан территориясындағы бөлігі енеді. Бұдан гөрі оңтүстікке жақынырақ аймағы Америка Құрама Штаттарының шеңберіндегі субтропик ендіктерде жатыр. Қиыр оңтүстіктегі тропик ендікте Солтүстік Мексика Кордильері бар.

 

а). Аляскадағы Кордильер.

Бұл аймақ Кордильердің ең солтүстік бүкіл бөлігін және Аляска штатының барлық территориясын, сонымен қатар Канадада орналасқан Юкон жайпақ тауының бөлігін қамтиды. Тек штаттың оңтүстік — шығыс жағалық жіңішке жолағы ғана табиғат ерекшеліктері бойынша Канадалық Кордильерге жатады.

Алясканың өзіндік табиғаты аймақтың солтүстікте орналасуымен және таулы жоталардың батыстан шығысқа қарай созылуымен айқындалады. Ең солтүстігінде Брукса жотасы орналасқан. Ішкі үстірттер мен жайпақтаулар белдемі шығысқа қарай биіктейтін Юкон жайпақтауымен сипатталады. Үшінші белдемді Аляска шығанағы жағалауын құрайтын Алеут аралдарынан Аляска жотасына дейін созылған таулы доғалар құрайды.  Бұл жүйе белдемін Кордильераның солтүстік тау алды Арктикалық жазығы жалғастырады.

Таулы тізбектердің батыстан шығысқа қарай созылуына және Алясканың орталық бөлігі мұхиттан жоталармен бөлінбеуіне қарамастан таулы бедер климаттық жағдайларға әсерін тигізеді. Бұған Тынық мұхитының солтүстік аймағы бөлігіндегі барикалық орталықтардың орналасу ерекшелігі басты себеп. Қыста басым жылы ауа массалары оңтүстік-шығыстан (Алеут минимумының шығыс перифериясы бойымен) Аляска жотасына перпендикуляр Аляскаға қарай бағытталады. Бұл уақытта Юкон жайпақ тауында мұзды мұхиттан, солтүстік — шығыстан келетін континентті ауа массасы басым болады. Осыған байланысты Алясканың үлкен бөлігінде аз қарлы аязды ауа райы орнайды, ал Аляска жотасының оңтүстігінде негізінен 00С температураға жақын, жаңбырлар жауып, тұмандар болады. Жазда ауа массасы мұхитан батыстан келеді (Солтүстік-Тынық мұхиттың антициклонның солтүстік перифериясы бойымен) және бүкіл Аляскаға әсер етеді. Нәтижесінде жағалауда температура 5-120С-тан аспайды, бірақ мұхиттан алыстаған сайын ауа құрғақтануына байланысты жыли түседі.

Ең қатаң табиғат жағдайлары Брукса жотасы, Макензи және солтүстік тау алдылар кіретін Арктикалық облысқа тән. Биіктігі 3000 м-ге дейінгі бірнеше параллель тізбектерден құралған тауларда өсімдіктер өте аз. Атмосфералық жауын-шашынның аздығы қазіргі мұзданудың таралуына кедергі жасайды. Жартастардың биігінде активті аязды денудацияның орын алуына байланысты, тек өзен аңғарларында ғана мүкті-қыналы және бұталы өсімдіктер кездеседі.

Солтүстікте Брукса жотасы биік емес үстіртпен жалғасқан. Ол да бұталы тундра өсімдігімен көмкерілген. Солтүстікке қарай беткі еңіс жайпақтана түседі, ал ылғалдану артады. Осында орналасқан ойпат жазда өтілмейтін батпаққа айналады. Тек қана өзеннің кейбір жерлерінде ғана шалғындар кездеседі. Шығу тегі лагуналық және термокарсттық көлдер көп.

Солтүстік мұзды мұхитының жағалық сулары жыл бойы мұзбен жамылған, тек тамызда ғана кейбір жерлері босайды. Жазда мұхит құрлықта ауаның жылуына кедергі келтіреді. Бұл ауданда ең жылы айдың орташа температурасы шамамен 50С, вегетациялық кезең бір айдан кем болады. Қысы құрғақ және аязды. Қыстың аяғына қарай қар жамылғысының қалыңдығы 7,5 — 10 см аспайды.

Брукса жотасынан оңтүстікке қарай климаты тым континентті Юкон жайпақ тауы орналасқан. Жайпақ тауға палеозой кристалды жыныстарынан құралған құжбан түзелген массивтердің ауысуымен және ойпатты аккумулятивті жазықтар тән. Кейбір массивтердің биіктігі 1800 м-ге дейін жетеді. Жайпақ тауды материктің солтүстік-батысындағы ірі өзен Юкон тілмдейді.

Қыста аяздар -630С-қа дейін барады. Әсіресе суық ауа сақталатын тұйық қазаншұңқырларда температура өте төмен. Күшті желдер тек таулардың етегінде ғана байқалады. Жазы жылы. Ұзақ полярлық күндері құрғақ арктикалық ауа массасы 200С-қа дейін жылиды. Бұл таудың 600-800 м биіктігінде жайылмалар мен террасаларда ақ немесе канадалық шыршалы ормандардың, ақ қайыңдар мен бальзамды теректердің өсуіне қолайлы жағдай жасайды. Дегенмен де үлкен аумақты бұталы-мүкті таулы тундралар алып жатыр. Батыс аймағындағы климат шығысқа қарағанда аз континентті. Жыл бойына 70 % салқын және тек 5 % ашық күндер болады.

Аляска түбегінен оңтүстік-батысқа қарай орналасқан Алеут аралдары 2,5 км-ге созылған түбектік және аралдық доға ретінде көрінеді. Алеут аралдары қырқаларының түгел 111-і шығу тегі жанартаулық болып саналады. Олардың көбісі судан 1000-2000 м. биіктікке стратовулкандар ретінде шығып тұрады. Ең биігі — Шишалдина жанартауы (3073 м). Мұнда қазіргі таңда барлығы 32 сөнбеген жанартау бар. Температурасы 0-100С аралығында жыл бойы сақталады. Жылдық жауын — шашын  мөлшері — 1800 мм, кей кездері жұмалап селдер болып тұрады. Шалғындар мен бұталы өсімдіктер кең таралған.

Алясканың оңтүстік-шығысында биік таулы ылғалды орман аймағы орналасқан. Таулы тізбектер аралығы ойпаттанған жерлермен екіге бөлінген.

Кордильердің басқа да аймақтары сияқты Аляска да пайдалы қазба кендеріне бай: мұнай, тас көмір, хром, мыс, қалайы.100-ден аса өнеркәсіптік алтын кен орындары бар.

 

б)  Канададағы Кордильер.

Негізінен Канада аймағында орналасқан Кордильер белдеуінің бөлігі болып саналатын таулы ел (Юкон жайпақ тауын қоспағанда). Оның құрамына сонымен қатар Аляска штатының оңтүстік-шығысын және Жартасты таулардың солтүстік бөлігін енгізеді. Канадалық Кордильердің морфоқұрылымдық белдеуі солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылады. Қатпарлық құрылымдар архей және протерозой жасындағы ежелгі жыныстардың көтерілуімен жүрген ұзақ геосинклинальді даму процесінде қалыптасты. Жоталардың құрылуында денудацияға ұшырамайтын және биік таулы бедерді сақтайтын тығыз кристалдық және метаморфты жыныстар басым. Ішкі жайпақ таулардың белдеуі Кордильераның басқа аймақтарындағы сияқты жалпақ емес. Ол үзілмелі.

Канадалық Кордильерге ауа массаларының батыс ағыны көп келеді. Қыс айларында циклондардың көбісі батыстан Кордильерге қарай жылжып оны кесіп өтеді, нәтижесінде селді жауын-шашындар әкеледі. Тіпті, шығысында орналасқан жоталардың өзіне 1000 мм/жылына мөлшерде түседі, ал батысында бұдан өте көп — континент үшін ең жоғарғы жауын-шашын 6000 мм түседі. Ылғалды климат қылқанды орман өсімдіктерінің таралуына қолайлы жағдай туғызады. Осы жерде ғана батыс беткейлерде мұхит маңы қылқанды ормандары жақсы дамыған.

Кордильердің шығыс бөлігін Жартасты таулар алып жатыр. Бұл таулы-тайгалы ормандармен көмкерілген тік беткейлі биік жота болып саналады. Жауын-шашынның көп болуы мұздану аймағының көп таралуына жағдай жасайды. Өсімдік жамылғысына континентті жазық тайгадан ылғалды мұхиттық қылқанды ормандарға дейінгі өтпелілік тән. 1000-1800 м-ге дейін ормандар, одан әрі гольца тундрасы (солтүстік бөлігінде), субальпілік және альпілік шалғындар (оңтүстігінде) таралған.

Ішкі жайпақ таулар мен үстірттер (Стикин, Нечако, Фрейзер) көрші аудандардан қатты ерекшеленеді. Территорияның үлкен бөлігі мезозой-төрттік пенеплен болып саналады. Бірнеше аймақтарға бөлінген және биіктігі 750-1800 м аралығында өзгеріп отырады. Көптеген жерлерде үстіртті биіктігі 2400 м-ге дейін жететін таулы массивтер кесіп өтеді. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 500-600 мм, алайда көптеген ауытқулар байқалады: таулардың батыс беткейлерінде 1000 мм-ден асса, оңтүстіктегі терең аңғарларда 200-300 мм ғана. Қыста аяздар -540С-қа жетуі мүмкін, ал жазда температура 350С-тан да асады. Осыған сәйкес, ішкі жайпақ таулар мен үстірттердің климаты — анық континентті тип екенін көруге болады.

530с.е. солтүстікке қарай буланушылықтың аздығына байланысты күлгін топырақтардағы тайга өсімдіктері басым. Оңтүстікке қарай дәнді өсімдіктердің көбеюі анық байқалады. Сонымен қатар орманның сұр топырағында орманды дала өсімдіктері кең таралған.

Канададағы Кордильерде табиғи байлықтар көп саналады. Жағалық жота мен Жартасты тауларда полиметалл кен орындары (мырыш, күміс, алтын және мыс) бар. Ванкувер аралында көмір, күміс, сынап, темір, гипс және т.б. пайдалы қазба кен орындары кездеседі. Кордильердің басқа аймақтарына қарағанда мұнда ағаш және су энергиясы қоры өте көп. Территорияның басым бөлігі жер өңдеу ісіне қолайсыз.

 

в) Оңтүстіктегі Кордильер.

Канада мен Америка Құрама Штаттары шекарасынан оңтүстікке қарай Кордильер ішкі үстірттер мен жайпақ таулардың даму есебінен 2,5 км-ге ендене түседі. Таулардың пішіні және жоталардың бағыттары өзгере түседі, климаты жылып, құрғақтана бастайды, жаңа топырақ типтері мен өсімдіктер түрлері байқалады. Бұл аймақтың оңтүстік шекарасы негізінен АҚШ мен Мексиканың мемлекеттік шекарасына сәйкес келеді.

АҚШ аумағындағы Кордильерге таулы тізбектердің үзілмелігі тән. Канададағы бүтін жүйе болған Жартасты таулар бұл аймақта бірнеше жалпылама жоталардан тұрады. Олардың көбісі Кордильер сияқты оңтүстік-шығыс бағытта тарлмаған, кейбір жоталар бұл бағытқа перпендикуляр орналасқан. Бедердің мұндай ерекшелігі платформалық типтегі құрылымдардың таралуымен түсіндіріледі; жоталарды бөліп тұрған плиталардың ірі фрагменттері үстірт тәрізді участке ретінде сақталған кезінде платформалық типтегі құрылмдардың бір бөлігі ғана қатпарлыққа түскен.

Батыс таулы облысқа өзіне тән ерекшеліктер бар. Невадалық құрылымдарға қазірге дейін интурзияның дамуы тән. Сол арқылы қалыптасқан Каскад тауы және Сьерра-Невада үлкен биіктігімен және үздіксіздігімен сипатталады. Олардан батысқа қарай іщкі еңкіш зона, одан әрі антиклинальді Жағалық жоталар орналасқан. Кордильер жүйесінің басқа аймақтарымен салыстырғанда Оңтүстік Кордильер бүкіл төрттік кезең барысында мұздану процесіне көп ұшырамаған. Тек Колмубия үстіртінің солтүстік бөліктері ғана тау алды мұздықтарымен көмкерілген. Территорияның үлкен бөлігінде климат қазіргі уақытқа қарағанда жылы болған және онымен қоса ылғалды да.

Аймақтың көп бөлігі субтропиктік белдеуде жатыр. Солтүстік-батыста, Тынық мұхиты жағалауында жауын-шашан мөлшері жылына 6000 мм-ге дейін жетеді. Оңтүстік-батыста, Лос-Анджелес ауданында жылдық мөлшер 300-400 мм-ге дейін төмендейді.

Ылғалдылықтың өзгеруіне байланысты ылғалды мұхит маңы ормандары 40-410 с.е. бойында жылы сүйгіш және құрғақшылыққа бейім секвоя және сары қарағай ормандарына ауысады. 370с.е. оңтүстікке қарай мәңгі жасыл аласа бойлы емендер мен акациялардан чапараль ксерофитті формациясы дамиды. 350с.е. оңтүстікке қарай ол шөлейттермен алмасады. Осы бағытта топырақ түрлері өзгереді: АҚШ-тың солтүстік-батысындағы таулы қоңыр топырақтан оңтүстіктегі сұр-қоңыр топыраққа дейін.

Сонымен қатар жғалаудан қашықтаған сайын да қатты өзгерістер байқалады. Жауын-шашын мөлшерінің максимальді көрсеткіштері Кордильердің үш орографиялық зонасына сәйкес келеді: Жағалық жоталар, Сьерра-Неваданың батыс беткейі және Жартасты таулар. Бұл тауларға вертикальді зоналылықтың күрделі құрылымы тән.

Тау аралық ойыстарда жауын-шашын шұғыл азаяды. Калифорния аңғарына жылына бар болғаны 300-400 мм-ден ғана келеді; мұнда субтропиктік далалар басым. Одан да жауын-шашынның аз мөлшері ішкі үстірттер мен жайпақ тауларға сәйкес келеді ( орташа 200-400 мм ), мұнда шөлейт және шөл ландшафттары басым.

Оңтүстік Кордильер пайдалы қазба кен орындарына бай. Мұнда Солтүстік Америкадағы ірі мыс кен орны (Бингем), полиметалл (Кёр-д-Ален), молибден (Клаймакс), уран және ванадий (Айдахо), сынап, асыл металлдар, фосфорит, мирабилит, калий және ас тұзы, тас көмір және мұнай орындары бар.

 

г)  Мексика таулы қыраты.

Бұл аймақ Калифорния түбегін, Солтүстік-Батыс Мексика үстіртін және Мексика тау жүйесін қамтиды. Мексика тау жүйесінің оңтүстік шет аймағы бойында биік жанар таулар тізбегі созылып жатыр.  Солтүстік Мексика  оңтүстікте  Бальсас өзенінің тектоникалық аңғарымен шектеледі, бұл өзен сонымен бірге Солтүстік Америка мен Орталық Американың географиялық шекарасы болып табылады. Бұл аймақтың бүкіл территориясына таулы және аридті ландшафтар жер бедерінің жанар тау құбылыстарынан пайда болған түрлерінің кең таралуы тән болады.

Калифорния түбегі таулы келеді, олар Америка Құрама Штаттарындағы Жағалау жоталарының жалғасы болып табылады. Бұл таулар 1000—3000 м-ге дейін биіктеп, Калифорния шығанағы   мен Тынық мұхитқа жете бере күрт үзіледі. Жағалау бойындағы кейбір жерлерде ғана дөңес жазықтар қездеседі. Ұзын да жіңішке Калифорния шығанағы ойысқан алқаптың жалғасы болып табылады, бұл алқап Жағалау жоталарын шығыс жағынан шектеп тұрады. Ал Калифорния шығанағының шығыс   жағалауының   бойы   жазық алап, ол бірте-бірте қатпарлы шегінді заттардан, сондай-ақ жанар тау құбылыстары әсерінен пайда болған жыныстардан тұратын Сонора төбелі үстіртіне айналады. Шығыста солтүстік Мексиканың негізгі бөлігін алып жатқан Мексика таулы қыраты бой көтереді, оны шығысында, батысында, оңтүстігінде биік жоталар коршап тұрады.

Кордильердің басқа аймақтарына қарағанда мұндағы ылғалдың ауысуы негізінен шығыстан және оңтүстік-шығыстан бағытталады. Сондықтан да орман ландшафттары оңтүстік-шығыс бөлігінде басым. Солтүстік-батысы құрғақшылығымен және шөл және шөлейт ландшафттардың басымдығымен ерекшеленеді.

Таулы қыраттың көп бөлігінде жылдық жауын-шашын 500 мм-ден аспайды. Климат жағдайларының тұрақтылығы (Кордильердің солтүстік аймақтарымен салыстырғанда) өзіндік флорасының қалыптасуына әсер етті, мұнда өсімдіктердің 8 мыңнан аса эндемик түрлері бар. Суккуленттер басым.

Мексика таулы қыраты минералды ресурстарға бай. Қалайы, мырыш және күміс (Сан-Франциско, Фреснильо) кен орындары халықаралық маңызға ие. Сонымен қатар мыс, марганец, темір де кездеседі. Мексика шығанағының жағалауында мұнай және газ өндіріледі [1].