Көне түрік дәуірі туралы қазақша реферат
Көне түрік дәуірі — ежелгі ортағасыр кезеңі (VI-XII-ғ.) казірғі Қазақстан жерлерінде тілдік және саяси жағдайлардын өзгерулеріне тікелей байланысты болып келеді.Осы кезде осы жерлерде түркітілдес халықтар этникалық және саяси үстемдікке ие болады. Өзгерістер негізінен Орталық Азия даласының шығыс бөлігінде оқиғаларға байланысты болды. VI-ғасырдың орта шенінде аталған өңірде түрік деп аталатын тайпалар одағының мемлекеті — ұлы Түрік қағанаты бой көтерді.Көне түрік өркениетінің ұлы жетістіктерінің бірі — өз жазуын жасауы еді. VI-VII-ғасырларда Түрік қағанатының құрамына кірген Орта Азиялық және Қазақстанның тайпалары, сондай-ақ, Төменгі Еділ бойы, Дон өлкесінің, Солтүстік Кавказда Хазар мемлекетін құрған батыс түрік тайпаларының өз жазулары әлдеқашан пайдалануда болатын. Түріктер әріп-белгілерді шағын ағаш тақтайшаларға салатын. Елшілер арнайы ғрамоталармен қамтамасыз етілді. Мәселен, 598-жылы Константинопольдегі император Юстинге келген түрік елшісі қағанның «скиф жазуымен жазылған» сәлемін жеткізген.
VII-ғасырдың I-жартысында түріктер арасында соғды жазуының негізінде геометриялық сызбалардан тұратын 38 белгіден құралған жаңа жазу қалыптасады. Ол ағашқа немесе тасқа түсіруге өте қолайлы болды.Түрік қағанаты тарихының алғашқы кезеңінде, кеш дегенде VII ғасырдың бірінші жартысында, ертедегі түрік таңбаларына (рулық нышандарына) ұқсас бірнеше белгілермен толықтырылған соғды жазуы негізінде түріктердің арасында жаңа жазу пайда болды. Ол жазған кезде бір-бірімен қосылмайтын геометриялық пішіндегі таңбадан тұрған және соғды әріптерінен ерекшелігі — ағашқа немесе тасқа жазуға жақсы бейімделген еді. Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет XVIII ғасырдың 20-жылдарында I Петрде қызмет атқарған неміс ғалымы Д. Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И. Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды. 1889 жылы Н. М. Ядринцев Солтүстік Монғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлпытастарды тапты. Табылған мәтінді оқудың бірінші болып кілтін тапқан дат ғалымы В. Томсен және жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В. В. Радлов болды. Негізгі ескерткіштердің табылған жері бойынша жазу «орхон-ени- сей» жазуы деп атала бастады, ал басқа белгілері (тілі және жазылу сипаты) бойынша ол ертедегі түріктердің руналық жазуы деп аталып келеді.Руналық жазулардың барлық табылған ескерткіштері ішінде Солтүстік Монғолияның негізінен алғанда Орхон, Тола және Селенга өзендерінің аңғарларында шоғырланған ескерткіштері ең ірілері болып отыр. Олардың бәрі екінші Түрік қағанаты (689—744 жж.) және Монғолиядағы Ұйғыр кағанаты (745—840 жж.) дәуірінде орнатылған. Ең әйгілілері — Білге-қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің құрметіне 732—735 жылдары тұрғызылған ескерткіштер және екінші Түрік қағанатының алғашқы қағандарының кеңесшісі Төникөктің(716жыл) құрметіне Төнікөктің тірі кезінде-ақ орнатылған ескерткіш. Орта Азия мен Қазақстан аумағында руналық ескерткіштердің екі тобын — ферғаналық тобы мен жетісулық тобын бөліп қараған жөн. Бұларға үлкен-үлкен қойтастардағы, қабір басына қойылған тастардағы тоғыз жазу және Талас өзенінің анғарындағы Терексай қойнауындағы жартас бетіндегі жазулар, Жамбыл қаласының маңынан табылған керамикадағы жазулар, теңгелер мен тұрмыстық бұйымдардағы ұсақ жазулар мен жекелеген белгілер, ағаш таяқшадағы жазу (Талас өзені бойынан кен қазу жұмыстарында кездейсоқ табылған), сондай-ақ Шығыс Қазақстаннан табылған екі қола айнадағы руналық жазулар, Талғар қала жұртынан табылған қыш ұршық бастағы ұсақ жазулар жатады. Бұл ескерткіштердің бәрі Батыс түрік қағанаты мен Қарлұқ мемлекетінде (VII—IX ғғ.) жасалған; қола айналардағы жазулар қимақтарға тән. Ағаш таяқшадағы жазудың біршама жұмбақ сыры бар. Ондағы жазу түрі орхон- енисей жазуынан өзгеше, бірақ ол ертедегі Хазар мемлекетінің аумағында — Еділ, Дон бойында және Солтүстік Кавказда қазба жұмыстары кезінде табылған алтын ыдыстардағы «печенег жазуы» деп аталатын жазуларға (Надь-Сент-Миклош жазулары) ұқсас. Руна жазуының батыстық бұл нұсқасы, барлық әрекеттерге қарамастан, азды-көпті ірі мәтіндердің жоқтығынан әлі күнге дейін ажыратылмай келеді. Мүмкін, Таластан табылған таяқша хазарлар мен Батыс түрік қағанаты арасындағы ертедегі байланыстарды меңзейтін болар. Ертедегі түріктердің руна жазуы XI—XII ғасырлардан кейін қолданудан шығып қалған. Орталық және Орта Азияда оны әуелі ұйғыр курсиві, содан сон ислам дінін қабылдаған түрік тайпаларынын арасына тараған араб жазуы ығыстырып шығарды. Түріктердің руналық жазуымен қатар Қазақстаннын оңтүстігі мен Жетісуда соғды тілі таралды. Ол соғды және түрік тұрғындары арасында халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде де пайдаланылған. Сирия және ұйғыр жазулары қолданылды. Әрине, жазуды ең алдымен қоғамнын білімді өкілдері мен дінбасылар пайдаланған, алайда керамикадағы, айналардағы жазулардың көп табылуы халықтың қалың топтары арасында да сауаттылық таралғанын дәлелдейді. Монголия мен Енисейдің руналық мәтіндері маңызы зор тарихи құжаттар болып қана қоймай, сонымен бірге аса көрнекті әдеби шығармалар да болып табылады. Бұл тұрғыда аса көрнектілері — Білге-қаған мен Күлтегіннің құрметіне жазылған руналық ең үлкен екі мәтін. Мәтіннің соңында көрсетілгендей, олардың авторы басқа адам болғанымен, олар Білге-қағанның өз атынан жазылған. Бүкіл ортағасырлық түркі тілдес әдебиетте шешендік өнердің және батырдың е
рлігі жайындағы талай ғасырлардың өндеуімен өткен ауызша хикаялардың дәстүрлі түрлерін сақтаған саяси прозаның бұлардан асатын тамаша үлгілері жоқ. Екі жазудың да композициясы әбден ұқсас, тіпті жазулардың денінің мәтіндері де бірдей. Ескерткіштердің кіріспе жолдары бағзы бір замандарға арналған: «Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы пайда болған. Адам баласына менің ата- бабаларым үстемдік құрған!.. Дүниенің төрт бұрышы түгел оларға дұшпан болған. Әскер құрып, жорыққа аттанып, олар дүниенің төрт бұрышының халқын түгел бағындырған… Олар бұған дейін әміршісі болмаған көк түріктердің арасында тәртіп орнатып, басқарған. Олар кемеңгер кағандар, ер жүрек болса керек; олардың балалары да халықпен ынтымақты болған. Олардың мемлекетті соншалық ұзақ басқарып тұрғаны да сондықтан болу керек… Бұлардан кейін інілері қаған болды, одан соң ұлдары қаған болды. Інілері ағаларындай, ұлдары әкелеріндей болмағандықтан, жетесіз қағандар патшалық құрып, олардың қызметіндегілер де сондай жетесіз, қорқақ болып шықты. Бектер мен халық бір-біріне сенуден қалғандықтан, Қытайдан келген алдаушылардың алдап-арбауы мен арандатуына еріп, солардың қитұрқылықтарынан, олардың ағайын арасына от салып, халық пен бектерді жауластыруынан келіп түрік халқы бұған дейінгі елдігінің шырқын бұзды, билік жүргізіп тұрған қағанын өлімге душар етті». 731 жылы осы мәтін жазылғанда құрылған кезі (VI ғасырдың орта шені) аңыздағыша өте ертеде өткендей көрінген бірінші Түрік қағанатының құрылуы мен құлдырауы, дәуірлеуі мен күйреуі жайында Білге-қаған осылайша баяндайды. Егер ескерткіштің тұжырымды мәтінінен қоғамдық үлкен өзгерістердің сарыны сезілмесе, ал баяндаудың өлшемді ырғағынан түріктерге патшалық құрып отырған қағанның арғы ата-бабалары берген жаңа әлеуметтік құрылысты мадақтайтын саяси декларацияның көтеріңкі сарыны айқын бой көрсетіп тұрмаса, өткен окиғалар туралы естелікті екі ғасыр бойы сақталған дәстүрлі тарихи дегеннен гөрі эпикалық дәстүр деп атауға болар еді. Одан әрі сол ырғақта екінші Түрік кағанатының құрылуына байланысты оқиғалар баяндалып, Білге-қаған мен Күлтегіннің ерлігі айтылады.Түріктердің руна жазуы ұзақ пайдаланылуда болып, XI-XII ғасырларда қолданыстан шығады. Ғалымдардың пікірінше, түріктердің ислам дінін қабылдауына байланысты, руна жазуын араб жазуы ығыстырып шығарған.V-VI ғасырларда Қытай мемлекетінде өнер, әдебиет және ғылым дами бастады. Адамдардың табиғат жөніндегі танымы кеңейіп, халық емшілігі, аспан әлемі туралы көптеген ғылыми жаңалықтар ашылды. Жоғарыда айтқанымыздай, Ежелгі Қытайда кағаз жасау, кітап шығару, шөптердің құрамын біліп, дәрілер әзірлеу ерте дамыды. Халық емшілігі ғылымы дүние жүзіне әйгілі бола бастады.Будда дінінің таралуы жаңа дүниетаным тудырып, идеалистік көзқарас қалыптасты. Материалистік танымның негізін қалаған философ Фань Чжэнь еңбегінің маңызы зор болды. Қытай жиһангерлерінің еңбегі жаңа жерлерді білуге мүмкіндік ашты. Қытай географтары Үндістанға, Орта Азия елдеріне сапар шегіп, ондағы тұрғын халықтар өмірінен еңбектер жазды. 645 жылы Үнді жеріне барған Сюань Цзянь үнді халықтарының тарихы туралы кітап жазды.Ян Цзянь мен Ян Гуан император сарайында кітапхана жинақтады. Қытайда каллиграфиялық жазудың негізі қаланды. Қытай мәдениеті будда идеологиясының ықпалында дами бастады. Будда шіркеуінде және оның маңында Будданың бейнесін салу, пагода тұрғызу (бірнеше қабат биік мұнаралар) қолға алынды.VIII-X ғасырлар аралығында Қытайда білім беру, оқу ісі дами бастады. Көптеген мектептер ашылып, халықты жазу, окуға үйрету қолға алынды. Қытайда ақындар мен жазушылар көбейді. Ақындар Ли-Бо (701-762), Ду Фу (712-770), Бо Цзюй-и (772-846) еңбектері дүниежүзілік классикалық қорға қосылды. Қытай жазушысы Хань Юй (768-824) будда дінін сынап еңбек жазған. Адам тағдыры, әлеуметтік теңсіздік оның өлеңдері мен романдарының негізгі арқауы болды. Бұл кезеңде Қытайда будда және даосизм ілімдерін уағыздаушы конфуцийлік ағым кең етек алды.