Адамды сүю (жэнь) — Конфуций философиясының маңызды категориясы. Ең әуелі әке мен ұлдың, билеуші мен шенеуніктердің, дос адамдардың, аға-інінің арасындағы қарым-қатынастарды бейнелейді, сонан соң ғана жалпы адамдар арасындағы сүйіспеншілікті білдіреді.
Алтын орта (чжун юн) — Конфуций философиясының басты ұғымдарының бірі. Бұл жетілген мораль үлгісі, адам еш нәрседе де шектен шығып кетпеуі керек дегенді білдіреді. Мысалы, тым қызба немесе тым жай болған дұрыс емес, орташа күйді сақтауға ұмтылу керек. Конфуций бұл ұғымды ағашты мысалға ала отырып түсіндіреді. Оның жоғарғы жағында орналасқан жапырақтарға жаңбыр мен күннің әсері тез жетеді, төмендегі жапырақтарға да аса ыңғайлы емес. Ең дұрысы, ортада орналасқан жапырақ болу. Алтын ортаға жету қиын, бірақ оған жеткен адам мәнді өмір сүреді.
Асыл адам, бекзат адам (цзюнь-цзы) — адамгершілігі жоғары, жан-жақты жетілген, «алтын ортаға» жеткен, ізеттілік, шыншылдық, сақтық секілді қасиеттерге ие және басқа адамдардың адамгершіліктік жетілуіне көмектесуші адам. Конфуциийдің пікірінше, мұндай қасиеттерге мемлекетті билеуші, басқарушы адам ие. «Асыл адамдар» көбейген сайын қоғам да жақсара түседі, мемлекетті басқару да жеңілдейді. «Асыл адамдардың» үлгісі зорлық арқылы бағындырудан әлдеқайда бағалы, себебі халықта үрей, қорқыныш емес, өз басшыларына деген сенім пайда болады. Бұл ұғымға қарсы ұғым — «төмен адам» ұғымы.
Дао — Дұрыс жол, космостық және адамгершіліктік заң, Қытай философиясының басты категориясы, ол басқа категориялардың бәрін қамтиды. Дао өзінен өзі дамитын универсумнің жоғарғы принципі, барлық бар нәрселердің алғашқы бастауы, дүниенің генетикалық бірлігі ретінде түсіндіріледі: бәрі одан туындайды және бәрі оған қайта оралады. Сонымен қатар, дао универсалдық заңдылық; Қөктің өзі дао заңдарына бағынады, яғни, адам Жер мен Көк заңдары арқылы дао жолымен жүреді, адамның өмірлік мақсат-міндеті даоны игеру, яғни, дұрыс өмір сүру.
Ди — ағаны сыйлау.
Инь және Ян — этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкелді, Инь — дүниенің раңиональдік, “әйелдік” бастауы, Ян — бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.
Ли — ритуал, салт, этикет.
Сяо — ата-ананы құрметтеу.
Тянься — (орысша «Поднебесная»), «Көкасты», Қытай елінің, мемлекетінің синонимі, қытайлықтар өздерін қазірге дейін осылай атайды. Көк немесе Аспан ұғымы Қытай философиясында жер бетіндегі барлық бар нәрсенің алғашқы негізі және алғашқы себебі, ең құдіретті күш. Адамдардың тағдыры мен өмірін де, мемлекет істері мен табиғат құбылыстарын да анықтаушы және реттеуші Көк, ал мемлекетті билеуші оның жердегі өкілі, сондықтан да әрбір адам Көкке табынуға міндетті.
Ци — этимологиялық мағынасы «пісіп жатқан күріштің буы» дегенді білдіреді, бірнеше мағынаға ие: белгісіз, сапасы жоқ алғашқы зат; дүниеден жоғары космостық субстанңиядан ұшып шығып жатқан нәрсе; алғашқы материалдық-элементтер-денелер, атомдар және т.б. Ци алғашында тұтасып кеткен субстанциялардан тұрды, кейінірек таза мен бұлдырға — Инь мен Янға бөлінді деген түсінік қалыптасқан.
Жалпы алғанда, Қытай философиясының негізгі философиялық категориялары тарихи даму барысында көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ, жалпы Қытай қоғамы мен Қытай философиясы секілді салыстырмалы түрде тұрақты, консервативті болды.