Көмей туралы қазақша реферат
Көмей , көмекей (larynx) – адам мен құрлық омыртқалы жануарларының шеміршек, ет және сіңірден тұратын тыныс алу жолының бастапқы бөлімі. Құйрықсыз қосмекенділердің, кейбір бауырымен жорғалаушылардың, көптеген сүтқоректілердің және адам К-інің ішкі бетінде бір-бірімен бұрыштасып орналасқан қатпарланған – дыбыс сіңірі болады. Ол фиброзды эластик. тіннен тұрады және кілегейлі қабықпен қапталған. Көптеген сүтқоректілерде (мыс., кит тәрізділерде) дыбыс сіңірі болмайды, ал кейбір маймылдарда ол шала дамыған. Дыбыс сіңірінің бір-біріне тиіп, аралары тарылып және тербелуінен дыбыс пайда болады. Дыбыстың биіктігі ауа тербелісінің жиілігіне және дыбыс сіңірінің керілуіне байланысты. Адамның және өкпесімен тыныс алатын жануарлардың К-інде, әдетте, дыбыс сіңірінің тербелуінен дыбыс түзетін – дыбыс шығару аппараты болады. К. қуысының алдыңғы жағы тыныс алу саңылауы арқылы жұтқыншаққа, артқы бөлімі кеңірдек қуысына жалғасады. К. жұтқыншақтан дамыған, ал оның шеміршегі – түрі өзгерген желбезек доғалары. Құйрықты қосмекенділердің көбінде, барлық құйрықсыз қосмекенділердің К-інде ожау және оймақ тәрізді шеміршек болады. Бауырымен жорғалаушылар мен құстардың К-інің құрылысы ұқсас. Сүтқоректілердің К-інде жоғарыда айтылған шеміршектерден басқа қалқан тәрізді және бөбешік, т.б. ұсақ қосымша шеміршектер болады. Сүтқоректілердің көбінде болатын дыбыс сіңірлері ожау тәрізді және оймақ тәрізді шеміршектер арасында керіліп тұрады. К-дің құрылысы қоректену және тыныс алу ерекшелігіне байланысты. Мыс., кит тәрізділер мен жаңа туған қалталы сүтқоректілердегі ожау және оймақ тәрізді шеміршектер түтікше ұзарып, К. қуысына еніп тұрады. К-дің мұндай құрылысы арқасында қалталылар бір мезгілде сүт еме алады әрі тыныс ала алады, ал кит тәрізділер қорегін жұтқанда оның К-іне су құйылмайды. Адамның К-інен дыбыс органына және кеңірдекке ауа өтеді, сондай-ақ, бұларға қатты не сұйық зат түсіп кетуден қорғайды; қ. Дауыс.