Аталған жалғандылықтың келесі тәсілдері жиі кездеседі: бұрын көрген қолды есте сақтап, құжат бойынша жалған қол қою; қойылған шын қолға қарап отырып, оның суретін салу; қолды сиямен не қаламсаппен айналдыра жиектеп көшіру. Көшірме әдісі арқылы жалған қол қоюдың бірнеше тәсілі кездеседі: жарық өткізу арқылы, көшіргі немесе қара қағаз көмегімен; көшіру қасиеті бар бұйымдар көмегімен (дайын сөз аралықтарын қосу), фотопроекциялық тәсіл. Бұдан басқа, адамның қойған қолын ылғалды қара қағазбен де көшіруге болады.
Фотопроекциялық тәсілден басқа, аталған тәсілдерге сызықтардың иірімділігі және сопақ әріптердің бұрыштылығы тән. Сызба аппараты (пантограф) көмегімен жарықты көшіру тәсілі үшін қарындашпен жасалған алдын ала дайындық тән. Фотографиялық тәсілмен жалған қол қоюға зерттеудегі қолдың фотокөшірмеге толық сәйкес келуі тән. Фотографиялық тәсілмен әдетте көшірме қолхат (факсимиле) әзірленеді. Оның көмегімен қойылған қолдарға, темір клишелерге тән штрихтардың белгілері болады.
Аталған жалған қол қою түрлерінің көп белгілерін құжатты көлбей шашыраңқы жарықта лупа (үлкейткіш шыны), микроскоп көмегімен қарап, табуға болады. Қол қозғалысының бәсендігін, сызықтардың қосарлануы, бояудың жайылғанын, суретті түзету іздерінің белгілері, оның микроқұрылымын фотографиялық әдіспен бекітеді.
Барлық жағдайда қойылған қолға сараптама жүргізу барысында зерттеудегі қолды оны қойған тұлға қолы үлгілерімен салыстыру керек.
4 Жалған таңбалар, мөрлер, мөртабандар жасау фактілерін анықтау
Мөр мен мөртабандар-зергерлік жазу шеберханасында немесе полиграфиялық кәсіпорындарда белгілі бір үлгіге сәйкес жасалған клише. Оларды каучуктан не темірден жасайды. Тәжірибеде оларды жалған жасаудың бірнеше тәсілдері белгілі: мөрдің суретін құжаттың өзінде салу, қолдан жасалған клише көмегімен таңба жасау, тура таңбаны жалған құжатқа көшіру.
Мөр немесе мөртабанның бейнесін құжатқа салу жалғандаудың кең тараған тәсілі болып табылады. Оған келесі белгілер тән: шрифттің стандартқа сай келмеуі және мәтіннің біркелкі орналаспауы, әріптердің, сөздердің және сөйлем жолдарының симметрияға сәйкес орналаспауы, суреттердің (елтаңба, эмблема) және т.б. бұрмалануы; мәтінде грамматикалық қателердің болуы және оның мазмұнының мағынасыздығы; таңбаларды дайындау іздері қағаздың циркуьмен тесілуі, қарындаш штрихтарының қалдығы).
Ою, ерітіндімен өңдеу, қағазға суретін салу, қалың материалдардан (резеңкеден, линолеумнен, ағаштан және т.б.) қию баспаханалық әріптерден жинақталған, қолдан жасалынған клише көмегімен мөр немесе мөртабан таңбаларын басқанда, қарау немесе арнайы зерттеу жүргізу кезінде байқалатын ерекше белгілер қалады.
Оларға шрифттің стандартсыздығы, әріптер мен олардың қашықтығының әр түрлілігі, әріптер мен белгілердің айнадағыдай бейнеленуі, ағаштан жасалған клише іздерінде жылдық сақиналардың болуы, темір клишенің айналмалы сызықтарының болуы, таңба бояуының біркелкі жағылмауы, штрихтардың иірімділігі, үзілген сөз жолдарының болуы және т.б. жатады.
Аталған белгілер үлкейту құралдарының, масштабты тор, транспортир көмегімен құжатты қиғаш түсетін жарықта немесе ультракүлгін сәулесінде қарау кезінде көрінеді. Жалған клише көмегімен жасалған таңбаларды қарау және зерттеу барысында оларды тура мөртабанның таңбаларымен салыстыру керек.
Негізгі құжаттан баспасөз немесе мөртабан таңбаларын көшірме (жасанды) жалған құжаттқа көшіру (айнадағыдай бейнелеу), көбінесе қосарланған көшірме жолымен орындалуы мүмкін.
Қосарланған көшірме жасау жолымен алынған таңбаның жалғандығының белгілері: штрихтардың шамалы боялуы; олардағы бояу затының жайылуы; қағаздың жылтыр болмауы, таңба орналасқан жердің өзгешеленуі; мөр суретіне қатысы жоқ, бірақ сонымен бірге көшірілген штрихтардың болуы.
Егер бейнені күшейту үшін көшірілген таңбаны үстінен бояса, онда суреттің белгілері байқалады.
Аталған таңбаларды жалғандаудың басқа тәсілдеріне пайдаланудан шыққан түпнұсқа мөрден, мөртабаннан қиып алынған әріптер мен сандарды біріктіру жолымен мөр немесе мөртабан жасау жатады.
Қазіргі уақытта кең тараған шрифті өзгерткен мөр мен мөртабанды пайдалануды тура таңбаның шрифтерінің ерекшелігін, жеке белгілері мен сөз жолдарының бір-біріне қатысты орналасуын салыстырғанда ғана байқауға болады.
Кейде жалған құжат дайындау үшін басқа ұйымдардың тура мөрлері немесе мөртабандары пайдаланылады, бірақ олардың мазмұнын бүркемелейді. Ол үшін, мөрді қағаз бетіне тигізгенде, оны сәл айналдырады, сонда оның таңбасы бұлдыр болып шығады.
Егер мөр құжатқа ксерокс арқылы, компьютерді пайдаланып, сканер әдісімен көшірілсе, онда құжаттың жалғандығын оның теріс жағынан байқауға болады. Бұл жағдайларда мөр бояуының қағазға сіңуі байқалмайды. Сондай-ақ, осындай құжаттарда қол мөрдің үстіне қойылады.