Қоғамдық бірлестік – ортақ мақсатқа жету үшін, мысалы саяси партиялар, кәсіби одақтар және өзге де азаматтардың бірлестіктері үшін еркін негізде құрылған азаматтар бірлестігі.
Қоғамдық бірлестіктер саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау, азаматтардың белсенділігі мен қызметін дамыту; кәсіби және қызығушылық мүдделерін қанағаттандыру; ғылыми, техникалық және әдеби шығармашылығын дамыту; адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау; қоршаған ортаны қорғау, қайырымдылық іс-шараларына қатысу; мәдени-ағартушылық, спорт-сауықтыру іс-шаралар жүргізу; тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау; патриоттық және гуманистік тәрбие беру; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту мақсатында құрылады.
Қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының он адамнан аз емес азаматтары тобының бастамасымен, құрылтайшылар съезін (конференция, жиналыс) шақыра отырып құрылуы мүмкін. Сол жиында Жарғысы қабылданып, басқарушы органдары қалыптасады.
Заңды тұлға ретінде қоғамдық бірлестік құру үшін:
1) он азамат-бастамашылардың құрылтай жиналысын өткізу;
2) жарғы бекіту керек.
Қоғамдық бірлестік жарғысы мыналарды қарастыруы қажет:
1) қоғамдық бірлестіктің атауы, мәні және мақсаты;
2) мүшелік, мүшелікке кіру және шығу талаптары мен тәртібі, қоғамдық бірлестік мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
3) қоғамдық бірлестіктің ұйымдық құрылымы, құрылымдық бөлімшелердің (филиалдар мен өкілдіктер) құқықтық жағдайы мен өз қызметін жүзеге асыратын аумақтары;
4) құзіретін қалыптастыру тәртібі және басқарушы органдардың өкілеттік мерзімдері, қоғамдық бірлестіктің тұрақты әрекет етуші басшылық органының орналасқан жері;
5) қоғамдық бірлестіктің ақшалай қаражаты және өзге де мүліктерін қалыптастыру көздері, қоғамдық бірлестіктің және оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктері) мүлікті басқарудағы құқықтары;
6) қоғамдық бірлестік жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
7) қоғамдық бірлестікті қайта ұйымдастыру және жою, жойылған жағдайда қоғамдық бірлестік мүлкінің тағдырын шешу тәртібі.
Жарғы қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы – съездің (конференция, жиналыстың) тікелей құзіретіне жатады.
Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін тіркеу жүргізетін органға ол қалыптасқаннан кейін екі ай мерзімінде өтініш беріледі. Өтінішке жарғы, жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференция, жиналыс) хаттамасы, қоғамдық бірлестікті құрушылар туралы мәліметтер және қоғамдық бірлестіктің орналасқан жерін растайтын құжаттар, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге алынатын жинақты төлеуі тиіс.
Мемлекеттік тіркеу үшін 20 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алынады (2011 жылдың 1 қаңтарына арналған АЕК – 1 512 теңге). Балалар және жастар қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері және олардың филиалдары мен өкілдіктері үшін төлемнің жеңілдетілген мөлшері екі еселік АЕК белгіленген.
Қоғамдық бірлестіктер үшін мемлекеттік тіркеу мерзімі – 10 жұмыс күні.
Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):
1) «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
2) «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Пайдалы сілтемелер:
1) Функции общественной (коллективной) защиты прав и интересов военнослужащих возлагаются на их общественные объединения (собрания и советы различных категорий военнослужащих) — (ст. 5 Закона Республики Казахстан от 20 января 1993 года № 1901-XII «О статусе и социальной защите военнослужащих и членов их семей»).www.kontekst.kz/ — заң мәтіндерін іздеуге арналған сайт;
2) www.e.gov.kz/ — «электрондық үкімет» порталы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «қоғамдық бірлестік құру», «қоғамдық бірлестікті қалай құруға болады» және т.б. кілт сөздерді теру керек.