Қазығұрт тауының табиғи жағдайы туралы қазақша реферат
Географиялық орны, жайы. Қазығұрт тауыБатыс Тянь-Шань таулы жүйесінің тізбегі, ол Оңтүстік Қазақстан облысы территориясында 690 — 700 солтүстік ендік пен 420 шығыс бойлық арасында, Қаржантау жотасынан солтүстік-батыста орналасқан (1-сурет). Солтүстік-шығыс-тан оңтүстік батысқа 45-50 км-ге созылып, ені 10 км-ді алып жатыр, орташа биіктігі теңіз деңгейінен 1300-1400 м. Ал, ең биік нүктесі тау жүйесінің шығыс бөлігінде орналасып, абсолюттік биіктігі 1768 м-ге көтерілген (Кеме-Қалған). Қазығұрт тауы солтүстік-шығыста Бадам өзені аңғарымен, шығыста Қаржантау жотасымен, оңтүстікте Келес өзені аңғарымен шектесіп, батыс пен солтүстік-батыста абсолюттік биіктігі 400-600 м-ге жететін оқшауланған тауалды жазығына ұласады (2-сурет).
Геологиясы. Қазығұрт тауы палеозойдың тығыз жыныстарымен және тас көмір дәуірінің теңіздік карбонаттық шөгінділерімен көмкерілген. Тауалды жазықтары бор, үштік және төрттік дәуірлердің қалың борпылдақ жыныстарынан тұрады (Геологическая карта Казахской ССР, 1965).
Жер бедері. Қазығұрт — тау жүйесінің оқшауланған типіне жатып, мезозойдың әктастарынан құралған, сондықтан онда жер бедерінің карсты пішіндері қалыптасқан (Герасимов, 1952). Жер бедері таулы типке жатады: беткейлері тік құламалы, құзды болса, аңғарлары теңіз деңгейінен 600-700 м биіктікте орналасып, енсіз, тар әрі терең болып келеді. Сонымен қатар, бұл таулы жүйеде палеозой жыныстарында терең тілімденген тік беткейлі жер бедерінің басымдығы байқалса, әктастар, тақтатастар мен кварциттер де көп тараған. Таудың оңтүстік – батыс беткейі қысқа, әрі тік болып келеді.
Ойыстанулар мен депрессияға ұшыраған тау шлейфтері («шлейф» — тау етегіндегі ұсақ шөгінділер белдеуі) мен өзендердің ысырынды конустары орналасқан тауалды жазықтары мен еңістолқынды мезо-рельефтен тұратын тау етектері шөгінділердің қабатталуына қарай әркелкі болып келеді, яғни жер бедерінде лессті, проллювиалдық – аллювиалдық, малтатасты және қиыршықтасты шөгінділер кездеседі. Аласа таулар, қырқалар мен қыраттар шөгінділердің байырғы тау жыныстарынан тұрады. Тау шыңының кейбір учаскелері тегістелген пішінде қалыптасқан.Тау етектерінде қиыршықтас, малтатас, құм, құмдауықтардың қабатталған шөгінділерінен тұратын проллювиалдық жазық созылса, оның кейбір аймақтарында сел ағындарымен келген дөңбектастар да кездеседі.
Солтүстікте Қазығұрт тауы еңіс беткейінен ылдилап, Келес өзенінің аңғарына жалғасады (Очерки по физической географии Казахстана, 1952; Чупахин, 1964, 1968; Богданова және т.б., 1968).
Су торлары. Аймақтың өзендер жүйесі еріген мұз бен қар суымен және тау жылғаларымен қоректене отырып, территория бойынша әркелкі таралған. Өзендердің көпшілігінде тау басындағы қарлардың еруінен көктемгі-жазғы су тасулары болып отырады. (Подоба, Толстихин, 1937; Пальгов, 1953). Ақбура сияқты өзендер бұлақ суларымен қоректенсе, кейбір жылғалардың арнасы жаздыгүні кеуіп кетеді. Барлық беттік сулар минерологиялық құрамына қарай гидрокарбонаттық тұщы суларға жатады (Лебедев, 1928; Щульц, 1949; Кармышева, 1973; Павлов, 1980). Қысқы және көктемгі жауын-шашын мөлшеріне байланысты болатын жазғы су тасуы әр жылдары әртүрлі болады, қыстың күні өзендердің деңгейі тұрақты, өйткені негізінен жер асты суымен коректенеді.
Климаты. Қазығұрт тауының климаттық жағдайлары Батыс Тянь-Шань тау жүйесі сияқты қоңыржай және субтропиктік климаттық белдеулердің шекарасында орналасуымен анықталады (Алисов, 1956), яғни жер бедері мен ауа массаларының ықпал етуімен қалыптасқан тау климаты шұғыл континентальды типке жатады (Иванов, 1959). Жаз бен қыста және күндіз бен түнде ауа температурасы үлкен амплитудаға тербеледі, шілдедегі ауаның орташа температурасы +26,30С, ал қаңтарда -4,30С. Абсолюттік максимум 350-380С-қа жоғарыласа, ал минимум -250-290С. Ауаның жылдық температурасы 9-100С арасында тербеледі. Алисов, (1947) Иванов, (1959) Борисов (1970) сияқты зерттеушілер Батыс Тянь-Шаньда жылудың маусымды таралуын анықтаған, соның ішінде Қазығұрт тауында поляр фронты батысазиялық Иран тармағының циклондық әрекетінен атмосфералық циркуляция үстемдік етеді. Ал евроазиялық суық ауа массалары әдетте теңіз деңгейінен 500-600 м биіктікте тарайды. Одан әрі 1800 м биіктікке дейін ауа температурасының қысқы өзгеруі (инверсия) байқалады. (Павлов, 1980). Қар жамылғысы қараша айынан бастап түсіп, орташа қалыңдығы 20 см-ден аспайды. Жоғарыда айтылған циклондық әрекет жауын-шашынның мөлшері мен маусымдық таралуын анықтайды. Ауданға жылына орта есеппен 500-600 мм жауын-шашын түседі. Биіктік жоғарылаған сайын түсетін ылғалдың мөлшері артып, оның максимум мөлшері наурыз-мамыр айларына сай келеді (Алисов, 1947, 1956; Борисов, 1970). Зерттеліп отырған аймақтағы климаттың тағы бір ерекшелігі – жазғы құрғақшылық ұзақ уақытқа созылып, 5 ай бойы жауын-шашынның өте аз түсетіндігін түсіндіреді (Балашова және т.б., 1960). Солтүстік және оңтүстік экспозициядағы беткейлерде ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, топырақтың ылғалдылығы және т.б. климаттық көрсеткіштердің алуан түрлілігі тән болып келеді. Яғни, оңтүстік-шығыспен салыстырғанда солтүстік-батыс экспозициясының беткейлері анағұрлым ылғалды болып келеді. Бұл ерекшелік мезо- және микрожер бедерлерінде байқалады (Степанов, 1975). Тұтастай алғанда Батыс Тянь-Шань таулары, соның ішінде Қазығұрт тауы климаттың әркелкілігімен сипатталады. Күн радиа-циясының артуы, ауа температурасының күрделілігі, жауын-шашынның әркелкі түсуі және атмосфералық циркуляциясының жергілікті құбылыстары өсімдік жамылғысының көптүрлі (пестрая мозайка) қалыптасуына жағдай туғызады.
Топырақ жамылғысы. Батыс Тянь-Шаньның топырағын алғашқы зерттеуді С.С.Неуструевтің топырақ-ботаникалық экспедициялары жүргізді. Ол төменгі тау белдеуінде топырақтың ерекше типін-сұр топырақты бөліп көрсетіп, сипаттады. Сөйтіп, Батыс Тянь-Шань топырағының вертикаль зоналылығының схемасын бірінші болып құрастырды (1910). Оңтүстік-батыс Тянь-Шаньға жататын Қазығұрт тауы топырақ жамылғысы жөнінен тұтасымен Тұран фасциясына жатады.
Аудан территориясында негізінде морфологиялық белгілерінен, физикалық қасиеттеріне және химиялық құрамына қарай сұр топырақтар дамыған, олардың құрамында суда тез ерігіш тұздардың көптігі зерттелген. Сол сияқты топырақ жамылғысы өсімдік қауымдастықтары сәйкес болатын көптеген топырақ ерекшеліктерінің кешендерінен тұрады.
Сұр топырақтарда гумус мөлшері көбірек (1-2%) болады. Шөл-мен салыстырғанда терең қабаттары ылғалы мол сілтілі болып келеді, бұдан топырақтағы карбонаттылықтың аз екенін түсінуге болады. Топырақ түзуші аналық жыныстар лессті сұр топырақтар мен шөгін-ділерден тұрады (Панков және т.б., 1942).
Қазығұрт тауының территориясында сұр топырақтардың үш түрі кездеседі: ашық, типтік және күңгірт (Дурасов және т.б., 1981).
Ашық сұр топырақта климаттық жағдайлары мен суда ерігіш тұздардың құрамына қарай шөлдік жазықтарға ұқсас болып келетін 300-500 (700) м биіктіктегі тау етегіндегі жазықтарда қалыптасқан. Олардың ішінде спицификалық эфемерлі өсімдіктердің (тұзданбағаны) сортаңданбаған түрлері де кездеседі.
Ал, типтік сұр топырақтар теңіз деңгейінен 500-800 м биіктіктегі таудың қырқалы бөлігінде тараған. Олардың ашық сұр топырақтардан ерекшелігі: гумус қабаты анағұрлым күңгірттеу болып келеді, тұзды және гипсті қабаттар тереңіректе орналасқан. 1000-1200 м биіктікте сілтіленген сұр топырақтар белдеуі жайғасқан. Ал, 1400 м биіктіктегі тау беткейлерінің ылғалды учаскелерінде құба топырақтар дамыған.
Күңгірт сұр топырақтар климаттық жағдайы мен өсімдіктер жамылғысы жөнінен тауларға ұқсас болып келетін гумидтік аймақта тараған (Дурасов және т.б., 1981).