Қажетті қорғану туралы қазақша реферат
Қылмыстық заңға сәйкес барлық адамдардың кәсіби немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет жағдайына қарамастан тең дәрежеде қажетті қорғануға құқығы бар. Бұл құқық адамға қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан құтылу басқа адамдардың немесе мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіну мүмкіндігіне қарамастан тиесілі болып табылады.(32-бап, 2-бөлік). Қажетті қорғану жағдайында қол сұғушы адамға зиян келтіру, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйін, меншігін, жер учаскісін және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғау кезінде,егер бұл орайда қажетті қоғану шегінен асып кетушілікке жол берілмеген болса, ол қылмыс болып танылмайды делінген (32-бап, 1-бөлігі).
Бұл жерде мемлекеттік, қоғамдық мүдделерге қорғанушының өзіне, басқа адамның заңды құқықтарына, құқықтық тәртіпке тікелей қауіп төндіріп тұрған істі тоқтату мақсатымен соны төндірушіге зиян келтірушілік, қылмыстық құрамда көрсетілген белгілерге дәл ұқсағанымен қылмыс болып саналмайды делініп отыр.
Қажетті қорғану — әрбір адамның заңды және заңмен көтермеленетін әрекеті болып табылады. Әлеуметтік мәні бойынша қажетті қорғанудың қоғамға қауіптілігі жоқ. Қажетті қорғану адамның ең қасиетті, табиғи құқықтары, өмірін, денсаулығын, бостандығын, меншігін т.б. басқа да игіліктерін қорғаудың тәсілі болып табылады. Қажетті қорғану қылмыстылықты тыюды, зорлықпен істелетін қылмыстарға және меншікке, басқа да қылмыстарға қарсы күресудің пәрменді құралы болып табылады.
Сондай-ақ қажетті қорғануды қолданудың аса маңызды сақтандырушылық мәні зор. Өйткені, қиянат келтірушінің өзі зиян келтіру жолымен тойтарыс берілетінін сезінуі оны көп жағдайларда қылмыс істеуден тартындырады.
Міне, осыған байланысты қажетті қорғану Коститутцияда көрсетілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі, қоғамға пайдалы әрекет деп саналады.
Мұндай жағдайда қиянат жасаушының өмірі, денсаулығы, меншігі оның қылмыс істеуіне байланысты қылмыстық заңның қорғануынан тысқары қалады. Қажетті қорғану жағдайында оған зиян келтіру қылмыстық құқылық әрекетпен заң қорғайтын объектіге қол сұғушылық болып табылмайды. Қажетті қорғану қиянат жасауды тыюдың, оған тойтарыс берудің белсенді нысаны болып табылады. Бұл шабуыл жасаушыға қарсы істелген тікелей әрекет болып саналады. Сол себепті де мемлекет заңда белгілеген тәртіппен кейбір тәртіп сақшыларына мұндай реттерде қару қолдану құқығына жол береді.
Қылмыстық заңға сәйкес адам басқа қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан құтылу немесе мемлекет органдарынан көмек сұрауға мүмкіндігі болғанына қарамастан қажетті қорғануды қолдануға құқылы.
Көмек сұрау мүмкіндігіне қауіпті қиянаттан қашып кету, жасырынып қалу, жұлқынып шығу, қиянат жасаушыға басқадай бөгеттер жасау, айғайлап көмекке шақыру, телефонмен құқық қорғау органдарына, туысқандарына, көршілеріне, таныстарына хабарлау сияқты әрекеттер жатады. Заң бойынша барлық азаматтар — кәсіби немесе өзге де даярлығын, қызмет жағдайына қарамастан қажетті қорғануды жүзеге асыруға бірдей негізде құқылы. Заңда лауазым адамдары немесе басқадай құқық қорғау органдары үшін қажетті қорғанудың ерекше талаптары белгіленбеген. Көптеген азаматтар үшін қажетті қорғануды қолдану олардың жеке құқығы болып табылады.
Қажетті қорғануды пайдаланудан бұлтарған немесе бас тартқан адамдар тек қана моральдық жағынан айыпталады. Керісінше заңға, уставқа, басқадай нормативті актілерге сәйкес қажетті қорғануды жүзеге асырмаса оның әрекеті қылмыстық немесе тәртіптік жауаптылыққа жатады. Мысалы, милиция қызметкері Қазақстан Республикасының Жоғары Соты Пленумының «Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы арқылы» 1994 жылғы 23 желтоқсандағы № 7 қаулысын Қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес қажетті қорғану құқығы азаматтардың өмірін, денсаулығын, арын, беделін, сондай-ақ мүлкін қоғамдық қауіптерден қорғаудағы коститутциялық құқығын жүзеге асырудың ең бір кепілі екендігіне соттардың назарын аудару керек.
Азаматтар заңға сәйкес шабуылдан қашып қорғанудан немесе басқа амалдар қолданудан тыс, заңға сәйкес қоғамға қуіпті шабуылға қарсы залал жасау жолымен белсенді шараларды қолдануға қақысы бар. Мұндай кезде олар қоғамға қауіпті шабуылдан қорғану жағдайында келтірілген залалы үшін жауап бермейді деп атап көрсетілген. Қажетті қорғануды жүзеге асырудың негізгі шарттары бар.
Қиянатқа байланысты қажетті қорғануды қолданудың заңға сыйымдылық шарттары: оныңбіріншісі қиянат қоғамға қауіпті болуы керек, яғни қиянат арқылы заң қорғайтын мүдделерге тікелей зиян келтіретін немесе зиян келтіру қауіпін тудыратын жағдайда қажетті қорғануды қолдануға болады.
Қоғамға қауіпті қол сұғушылық жоқ болса, қажетті қорғану да жоқ. Қол сұғушылықтың түрлері Қылмыстық кодекстің 32- бабында қорғанушылықты немесе басқа адамның жеке басына тікелей төнген қауіпті қиянаттан болған әрекеттер деп көрсетілген. Бұл әрекет шабуыл арқылы жүзеге асырылады. Шабуыл – бұл ашықтан — ашық кенеттен пайда болған зорлық әрекет. Өмірге қауіпті зорлық өлімге әкеліп соғуы, ал өмірге қауіпті емес зорлық денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Қажетті қорғану қауіпті тудыру ошағына арналғандықтан, оны кім немесе не төндіргені қарамайды. Қорғаныс заңсыз істеудің нәтижесінде заң қорғайтын мүддеге қауіп төндіретін лауазымдық жағдайын пайдаланушыға да, жасы қылмыстық жауаптылыққа толмағандар мен есі дұрыс еместерге, қорғаудың шегінен асып кетушілік әрекеттеріне және жалған қорғануға қарсы қолданылуы мүмкін. Заңда бұларды бір сөзбен айтқанда, қауіпті қиянатты төндіруші деп айтады. Қауіпті төндірушілерге заң бойынша жоғарыда айтылған іс-әрекетті істегендердің бәрі жатады.
Қажетті корғануды заңды әрекетке қолдануға болмайды, сол сияқты қажетті қорғануды қандай да бір әрекетінде қылмыстың формальдық жағынан белгілері бар, маңызы шамалы әрекет немесе әрекетсіздікке қолдануға болмайды. Мұндай әрекеттерге өте арзан заттарды ұрлау, жасөспірімдердің бау-бақшадан жеміс-жидек ұрлауы сияқты әрекеттері жатады. Адам мұндай іс-әрекеттері арқылы зиян келтірсе, онда олар жалпы негізде жауаптылыққа татылады.
Қажетті қорғану әкімшілік теріс қылыққа да қарсы қолданылуы мүмкін. Мысалы, ұсақ бұзақылыққа қарсы. Қажетті қорғануды қолдануда негіз болатын қоғамға зиянды қасақана әрекеттің өмірге, денсаулыққа, бостандыққа, меншікке, басқа да құқықтарына, қоғам немесе мемлекет заңды мүдделеріне, қоғамдық тәртіпке дереу зиян келтірілуі мүмкін болғанда ғана қолдануға болады. Мысалы, кісі өлтіруге, әйелді зорлауға, ұрлыққа, тонауға оқталу. Егер қиянаттың қоғамдық қатынастарға дереу, тез зиян келтіруге қабілеті болмаса, онда ондай әрекеттерге қарсы қажетті қорғануды қолдануға болмайды. Мұндай жағдайда төнген залалды тойтару басқа жолмен жүзеге асырылады.
Қажетті қорғануды қарсы әрекетке ғана қолдануға болады. Құқылық міндетін орындамаған әрекетсіздікке қажетті қорғануды қолдануға негіз жоқ. Мұндай құқылық міндетті орындаушылық орын алған жағдайда оған зиян келтірмей-ақ, оны зорлап орындатушылық орын алады. Заңда көрсетілген қылмысты қиянатпен қол сұғу қасақана болуы қажет, абайсыздықпен қол сұғу басқа жолмен тоқтатылады.
Қажетті қорғануды қолданудың екінші шарты – қорғану қол сұғушылық нақты бар болғанда ғана қолданылады. Қол сұғушылықтың объективтік категория ретінде басталуы және аяқталуы болады. Нақтылы төніп тұрған қол сұғушылық деп заң қорғайтын объектіге зиян келтіруге кірісуді бастағалы жатқан немесе кіріскен әрекетті айтамыз. Яғни, қол сұғушылықтың кірісуі деп қоғамға қауіпті әрекеттің басталған уақытын айтамыз. Қасақана қылмыстар үшін қол сұғушылықтың бастамасы болып, қылмыс істеуге оқталғандық әрекеті айтады. Ал қол сұғушылықтың аяқталуы болып, іс-әрекеттің нақты біткен, шын мәнінде оның доғарылған уақыты саналады. Қол сұғушылық алға қойған мақсатқа жетуге немесе одан ерікті түрде бас тартуға байланысты доғарылуы мүмкін. Егер қол сұғушылық бітіп кетсе, оған қажетті қорғануды қолдануға болмайды. Өйткені қажетті қорғанудың мақсаты – болатын, орын алатын зиянды тойтаруға, оны болғызбауға бағытталған. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты өзінің 1994 жылғы 23 желтоқсандағы «Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы» қаулысында қажетті қорғану құқығы тек қоғамға қауіпті қол сұғушылық сәтінде ғана емес, шабуыл жасау қаупі анық төнген кезде қолданылатынын көрсеткен. Яғни, қажетті қорғануды нақтылы қауіп төніп тұрған қол сұғушылыққа ғана қолданады. Нақтылы төніп тұрған қаупі біткен қылмысқа оны қолдануға болмайды. Осыған орай, кейде қажетті қорғануды қолданушы қылмыстың біткен немесе бітпегенін ажырыта алмаудан қолдану жағдайлары да кездесуі мүмкін. Жоғарыда аталған Жоғарғы Сот Пленумы қаулысының 21-тармағына сәйкес мұндай реттерде «Шабуыл аяқталғаннан кейін, бірақ істің мән-жайларына сәйкес қорғанушы үшін оның бітіп қалу сәтінің түсініксіз жағдайына сәйкес қылмыстың біткен немесе бітпегенін ажырата алмай біткен қылмысты бітпеген қылмыс деп ұғып, қажетті қорғануды қолданса, ол әрекетті қажетті қорғануға жатқызуы керек» делінген. Егер қорғанушы қауіптің біткенін біле тұра қажетті қорғануды қолданса, ондай әрекет қорғану шегініен шығып кеткен деп есептеледі. Қауіпті емес әрекетті оның қауіпті екендігін білуге мүмкіндігі болмай шынымен қауіпті іс деп санап, қажетті қорғану қолданса, ол үшін қажетті қорғануды қолданушы жауапкершілікке жатпайды.
Егер қорғанушы іс-әрекеттің қауіпті емес екендігін байқауға мүмкіндігі болып тұрып, қорғануды қасақана емес күйде жүзеге асырса, бұл жағдайда ол абайсыздық түрінде істелген әрекет үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Қажетті қорғанудың үшінші бір шарты – қоғамға қауіпті қол сұғу айқын, шын мәнінде, яғни қоғамдық қатынастарға анық зиян келтіретін болуы керек. Адамның санасында ғана елестетілетін қиянаттың зиян келтірумен ешқандай байланысы жоқ. Елестетілетін қиянаттан қорғануды жалған қорғану дейміз.