Қазақтың ұлттық ойындарын тәрбие жұмысына қолдану жүйесі туралы қазақша реферат
Мектептегі сабақаралық үзіліс оқушылардың сабақ үстінде алатын білімі мен тәрбиесін жалғастырудың ажырамас бір кезеңі, оқушылардың мектепте өткізетін уақытының белгілі бір бөлігі. Сыныптан тыс жұмыстарға осылай деп қарайтын болсақ, оның дәйекті, сапалы өтуін қамтамасыз ете отырып, оқушылардың алған білімдерінің көлемін кеңейтіп, денсаулықтарын үнемі жақсарта түсуге қамқорлық жасауға тиістіміз.
Біздің пікірімізше, үзіліс деген ұғымға оқушылардың сабақтан, тіпті мектептен тыс уақыттарының барлығы да кіреді. Егер мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, онда үзіліс туралы біздің түсінігіміз кеңейіп, ұлғая түседі. Олай болса, мектептегі оқу барысын дұрыс жолға қою үшін және оның аяғына дейін дәйекті болуын қамтамасыз ету үшін, сыныптан, мектептен тыс жұмыстарды оқушыларға жан-жақты тәрбие берудің бірыңғай қолайлы сәттеріне айналдыру мүмкіншілігін қарастыру кезек күттірмейтін нәрсе. Осынау оқу-тәрбие кезеңдерін бір-біріне ұштастыратын дәнекердің бірі — ұлттық ойындар.
Егер біз мәселеге зер салып, көңіл аударар болсақ, онда мектепте үзіліс кезінде жүргізілетін тәрбие жұмыстарының бүгінгі талаптарға сай емес екеніне көз жеткізер едік. Өйткені, қазіргі мектептерде сабақаралық үзілістер мен сыныптан, сабақтан тыс жұмыстарды ұйымдастыруда көптеген кемшіліктер орын алып келеді. Сабақаралық үзілістер нақтылы жоспармен жүргізілмейді. Сондықтан да, ол мектептегі бірыңгай тәрбие жұмыстарына саналы түрде үйлеспей, сол жұмыстардың ығымен кете барады. Былайша айтқанда,үзіліс кезінде оқушылар өзімен-өзі болып, педагогикалық ықпалға алынбайды. Бұл жерде біз кластағы сабақ пен сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары мақсаттарының бір екенін, ал олардың айырмашылығы тек ұйымдастыру -әдістемелік жағында ғана екеін ескеруге тиістіміз. Міне, осы бірлестік пен тұтастықтарға әбден бойы үйренген мұғалімдер ұжымы үзіліс кездеріндегі ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарға аз көңіл бөледі, сыныптан тыс жұмыстарға әр уақытта дәйекті бола бермейді. Сондықтан үзіліс кезіндегі сыныптан тыс жұмыстар көбіне өз бетімен жүргізілуде.
Ал, қазіргі уақыт мектептегі барлық ірілі-уақты мәселелерді жан-жақты қадағалап, тәрбие жұмысының барлық салаларын байытып, дамыта беруді талап етеді. Бұл жерде біз: «Тәрбие жұмысында ұсақ-түйек болмайды және болуы да мүмкін емес» дейтін принципті басшылыққа алуға тиістіміз.
Алайда, тәжірибеде көріп жүргеніміздей, сабақаралық үзілістер мен сыныптан, мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастыруда халық ойындарын тәрбие жұмысына пайдалануға онша мән бермейтін әріптестеріміз кездеседі. Шын мәніне келсек, тәрбиенің бұл тамаша құралдары оқушылардың ақыл-ойын жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтеді, олардың қимыл-қозғалыстарын дамытады, алған білімдерін күнбе-күнгі өмірмен ұштастырады, басқа да адамгершілік мінез-құлықтарды бойына сіңіруге мүмкіншіліктер береді. Сондықтан тәрбие жұмысында халық ойындарын ескерусіз қалдыруға болмайды. Сонымен бірге сабақаралық үзіліс кезінде, орта буын кластарда, жедел қимыл ойындарын пайдалануға біз қарсымыз. Өйткені, жедел қимыл ойындары оқушылардың нерв жүйелерін шамадан тыс қоздырып, келесі сабақта олар көп уақытқа дейін, қалыпты жағдайға келіп үлгере алмайды. Сөйтіп, оқушылардың сабақ үстіндегі жұмыс қабілеті кеміп, сабаққа деген құлқы төмендейді. Жедел қимыл ойындары әсіресе, жазу, оқу, есеп сабақтарының сапалы өтуіне көп кедергі жасайды. Біздің бұған көп жылғы зерттеу жұмыстарында көзіміз әбден жетті. Жедел қимыл ойындарын үлкен үзілістерде ойнап келген оқушылар келесі сабаққа дайын болуы үшін, сабақтың 10-15 минут уақыты /кейде одан да көп/ кететіндігі анықталды.
Бұдан шығатын қорытынды — халық ойындарын сабақаралық үзілістер мен мектептен тыс жұмыстарда пайдалану мұғалімдер ұжымының бақылау, басшылығында болуы тиіс. Бұл басшылық, бақылаусыз, педагогикалық ықпалсыз пайдаланылған ойындар оқушыларға қаншалықты әсерлі, қызықты болғанымен мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының көздеген жерінен шыға бермейді. Бала организмі қимыл-қозғалыссыз тұра алмайды. Ол тірі организмнің өсіп, дамуының негізгі шарты. Бала мектепке дейінгі жасында түрлі ойындармен ойнап үйренген. Сондықтан ол мектепте де ойнауға, қозғалуға, жүгіруге бейім тұрады. Бұны жалпыға белгілі шындық десек, балалардың бойындагы осы күш-жігерді, ұшқыр қиялды, өмірге талпынысты, білуге деген құмарлық пен құлшынысты пайдалана отырып, соны дұрыс басқарып, бағдарлай білсек, онда біз көп нәрсені ұтқан болар едік. Жеке мұғалімдер мен педагогикалық ұжымның жүргізген жұмысының нәтижесі де осы сабақаралық үзілістер мен сыныптан, сабақтан тыс жұмыстарда көрінетіні даусыз. Оқушылардың сабақ үстінде алған тәлім-тәрбиесі, оның саналы игерілуі де — сыныптан, сабақтан тыс уақытта — көпшілік орындарда өздерін-өздері қалай ұстауына, жүріс-тұрысына, басқалармен қарым-қатынасына, үлкендерді сыйлауына байланысты көрініс береді. Осы байланысты жалғастыра отырып, сабақаралық үзіліс және сыныптан, сабақтан тыс басқа да уақыттарын педагогикалық басшылық, бағдарға алу тәрбие жұмысының сапасын арттыра түсері анық. Бастауьш сынып мұғалімдері сынып жетекшілерімен келісе отырып, сабақаралық үзіліс кезінде ойнайтын халық ойындарын іріктеп алады да, оқушыларды алдымен ойынның мазмұнымен таныстырады, сонан кейін оны қалай ойнаудың жолын үйретеді. Халық ойындарын түрлі оқушылар жиындарында, үзіліс арасында, сыныптан, мектептен тыс жұмыстарда пайдалану үшін белсенді, қабілетті оқушылардың жетекшілік рөлін пайдаланған жөн. Мұғалімдер ұжымы осы оқушылар активтерінің көмегіне сүйене отырып, сабақ үстінде халық ойындарын одан әрі дамытады. Оған бақылау, басшылық жасайды.
Сабақаралық үзілістер кластағы сабақтың заңды жалғасы ретіндғ оқушылардың өмір тәжірибесін байытып, саналылыққа баулуы тиіс. Мұндағы басты бағыт — оқушылардың үзіліс кезінде тынығуын, ұйымдасқан түрде дем алуын қамтамасыз ету болып табылады. Ойын арқылы әрі тынығады, әрі өмір танымын кеңейтеді, бірлесуге, ұйымшылдыққа үйренеді. Төзімділік, шыдамдылық пен ұстамдылық өзін-өзі тежеу сияқты қасиеттердің қажеттігін алғаш сезіну осы ойындардан басталады.
Балалар ойынын басқару, оған бағдар беру өте қажет. Бұл қажеттілік жоғарыда айтылған жарымды мінез-құлық нормаларын мектеп табалдырығында жас жеткіншектердің бойына сіңісті ету үшін керек. Балалар өз бетімен ойнағанда олардың бір-бірімен тіл табыса алмауы, жарымсыз мінез-құлық байқатуы, тәртіп бұзушылыққа дейін баруы, көбінесе сабақаралық үзілісте байқалады. Ескертетін бір жай-бастауыш кластарда сабақаралық үзілістерде қимыл-әрекетке негізделген ойындар ойнатудың зияны жоқ. Өйткені, бұл кластағы оқушылар көбіне өздерін сабақ үстінде баяу, сылбыр ұстайды. Әсіресе, балалар бақшасында тәрбиеленбеген бірінші сынып оқушыларының баяу қимылдарын жеделдету мақсатымен «Үш орындық» ойынын ойнатуға болады. Бұл ойын оқу жылының әр кезеңінде ойнауға қолайлы. Ашық, жылы күндері мектеп ауласында, ауа райы салқын, желді, жаңбырлы күндері оны мектептің дәлізінде, кейде сынып бөлмесінде өткізуге болады. Ойын сынып бөлмесінде етсе, балалар оған топтасып қатынасады да, қалған оқушылар өз орындарында отырады. Ойнау тәртібі /ойын аулада өткенде/. Балалар айнала тұрады да, ортадан үш шағын шеңбер сызылады, ал мектептің дәлізінде өтсе, ортаға үш орындық қойылады. Осы шеңберді не орындықты 4 не 6 бала айнала жүгіреді. Ойын оқушылардың шапшаңдығын арттыруды көздейтін болса, онда шапшаң, алғыр балалармен бірге баяу қимылды балаларды араластырып шығару керек. Ойында оқушы өз қабілетін тез көрсетеді немесе бәсеке арқылы саналы әрекет жасайды. Ол жылдамдық, абайлағыштық, мөлшерлей білу — жеңіске жетудің кепілі екенін түсіне бастайды. Бұл оқушының қимыл әрекеттерін ғана жетілдіріп қоймай, оның ақыл-ой қабілеттерін де дамытады.
Ойын музыка немесе басқарушының берген белгісі арқылы басталады. Берілген белгі бойынша балалар бір-бір орындыққа ие болуы керек. Ойын әлденеше рет қайталанады. Ойын соңында жеңіліп қалғандарға өлең, тақпақ айтқызылады. Осы арқылы оқушылардың көркем шығармаға, көркемөнерге деген құштарлығы оятылады. Бұл ойынды бастауыш класпен қатар жоғары сынып оқушылары да ойнайды. Әсіресе, шабан қимылдайтын балалар үшін «Кім жылдам?» ойынын ойнату пайдалы. Ол үшін ортаға екі баладан шығарылады. Олар бір-біріне арқаларын беріп, екі жаққа қарап тік тұрады. Аяқтарының арасын иықтарымен бірдей етіп, алшақ ұстаулары керек. Онда ұзыннан ұзақ етіп белбеу тасталады. Ойын жүргізуші үшке дейін санайды. Басқарушы “үш” деген уақытта белбеуді еңкейіп кім бұрын алса, сол жеңген болып есептеледі. Бұл шапшаңдықты қажет ететін ойын. Сондай-ақ баланы өз мүмкіншілігін сезіне білуге, бір сәт болса да ойлануға, жеңіске жету үшін бар қабілетін пайдалануға жұмылдырады. Бастауыш сынып оқушыларына «Ұшты-ұшты» ойынын ойнатуға болады. Абайламаған адамға ойын өте қарапайым, ермек сияқты көрінуі мүмкін. Егер осы ойынның маңызы мен тәрбиелік жағына көңіл бөлсек, онда оқушылардың дене тәрбиесінен бастап, ақыл-ой жүйелері мен тілін дамытуға тигізер әсері мол екенін көреміз. Ойынның басты артықшылығы оқушыларды жедел ойлай білуге баулитындығы, заттар мен жан-жануарларды біліп қана қоймай, оларды бірінен-бірін ажыратуға, өздеріне тән қасиеттерін түсініп білуге баулиды. «Ұшты-ұшты» ойынын бастауыш сынып оқушылары мұғалімнің жетекшілік етуімен бастайды да, кейін кластағы белсенді, алғыр балалардың басқаруымен /өз бетімен/ де ойнайды. Бұл ойынға үлкен үзілістерде бүкіл мектеп оқушылары болып қатынасады, ұтылғандар өлең, тақпақ айтады. Айталық, бастаушы — қарға ұшты, бауырсақ ұшты, үйрек ұшты, бүйрек ұшты сияқтыларды бастырмалатып айтқанда ойлауды әдет етпеген, аңқау бала аңдамай, арба ұшты деген кезде қолын көтерсе, ұтылады. Ұтылған бала «жазасына» өлең не тақпақ айтуы тиіс. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін дамытады. Әдетте, ойында ұтылушылар біреу ғана болмайды, әлденешеу болуы мүмкін. Ондай жағдайда, оқушылар тақпақ пен ән тыңдау арқылы жақсы тынығып, келесі сабаққа көтеріңкі көңіл күймен оралады. Бұл келесі сабақтың сапалы өтуін мүмкіншілік жасайды.
Бастауыш сынып оқушылары үзіліс кездерінде жұмбақ шешу ойындарын да ойнайды. Алдымен класта оқып үйренген жұмбақтардан бастайды. Бірінші сынып оқушылары бұл ойынға тыңдаушы ретінде тартылады. 2-3 сынып оқушылары жұмбақ шешуге қатынасады. Өздері білетін жұмбақтарын айтады. Бастаушы жұмбақ айтады да, қатынасушылар оны жарыса шешіп отырады. Кім ұпайды көп жинаса, сол жеңіске жеткен болып есептеледі. Немесе, кім көп жұмбақ айтса, ол жеңеді. Жұмбақ ойыны, көбіне, мектепте болатын кештерде, түрлі жиындарда ойналады.
Үзіліс кездерінде жаңылтпаш ойындарын ойнау оқушылардың тілін дамытып, ойын жетілдіреді, ана тіліне деген түсінігін кеңейтеді. Бастауыш сынып оқушылары жаңылтпаш ойындарын ұнатып ойнайды. Ана тілі сабағында үйренген жаңылтпаштарын үзіліс кезінде қайталап айтып, жаттығуға мүмкіншілік табады. Жаңылтпашты дұрыс айталмаған «айыптары» үшін тақпақ не өлең айтады. Үзіліс кезіндегі жаңылтпаш ойыны мектепте болатын кештерге әзірлік болып табылады. Ол оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, өзін қоршаған өмірді танып білуге, сол ортамен жете танысуға мүмкіншілік береді. Мысалы, «Құдық қазып аршыдым, топырағын жаншыдым, аршыдым да балшығын, шаншыдым да талшығын, аршыдым да малшыдым, шығардым да бар шымын, жүрегімді шаншыдым». «Базда боз ат мінген атам. Бозда боздап жүрген атан». «Беріп тай, лақты, алдым тайлақты, беріп тайлақты, алдым тай, лақты»т.б. Бұлар әрі жылдам, әрі дұрыс айтылуы тиіс. Бұл оқушыларға қатты әсер етеді. Үзіліс кезінде 4- сынып оқушыларына казақтың ежелгі халық ойыны «Көрші» ойынын ойнауға әбден болады. Бұл ойынды сол қалпында алмай, өзгертуге да болады. «Көрші»- отырып ойнауға негізделген, ал отырып ойнау мектеп жағдайына келе бермейді. Сондықтан оны мектеп ауласында, спорт залында, тағы басқа орындарда көпшілік оқушылардың қатысуымен ұйымдастырған жөн. Басқарушы ортаға шығып, «Көршіңмен татусың ба?» деп сұрайды. Егер ол оқушы «көршіммен аразбын» десе, онда сұрақ қойып жүрген басқарушы оқушының орнына тұрады да, ана оқушы ойын жүргізуші болады. Ойын осылай созыла береді. Егер ойыншы «Көршіммен татумын» деп жанындағы баланы жібергісі келмесе, онда ол ойын жүргізушінің талабына сай ән салады не би билейді. Ойынның екінші бір түрі бойынша, егер оқушы көршісімен тату болмаса, онда ойын жүргізуші «Кімнің көршісін қалайсың?» деп сұрайды. Ол кімнің көршісін қалайтынын айтады. Ойын басқарушы оның тілегі бойынша көршісін сұраған оқушыға екінші оқушының тілегін айтады. Егер, ол оқушы жанындағы көршісін оған бергісі келмесе, онда өтеуіне тақпақ не өлең айтады, би билейді. Ойын осылай қыза түседі. Ойында үлкен мән-мағына, өзекті ой, белгілі мақсат бар. Ол адамдардың арасындагы қарым-қатынастың тазалығы, олардың өзара татулығы болса, мұғалім соны тәрбие жұмысына дұрыс пайдалана білуі керек. Сондай-ақ үзіліс кездерінде ойнау тәртіптерін қазіргі тәрбие мақсаттарына сай өзгерте отырып, байырғы халық ойындарының көпшілігін сабақаралық үзіліс кездерінде пайдалануға болады. «Орамал тастау», «Жылдырт-жылдырт», «Мұнайшы», «Балтам тап», «Үйімнің үстіндегі кім?». «Шеңберге кір»,»Дауыстан айыра біл», «Қыз есебін тауып көр», «Конфетті ал», «Балалар тоғыз құмалағы», тағы басқа ойындар мұғалім шеберлігіне орай, тәрбие құралына айналады. Осы тұста айта кетер жай — қазақтын халық ойындарының көпшілігі бірнеше вариантты болып келеді, олардың ойналу тәртібінде де өзгешеліктер көп. Мәселен, біз «Орамал тастау» ойынын қазіргі тәрбие мақсаттарына сай өзгерте отырып, үзіліс кезінде сыныптан тыс жұмыстарда, ұзартылған күн топтарындағы тәрбие жұмыстарында пайдаланып көрдік. Мұнда орамалдың орнына ақ қағаз пайдаланылады.
Ойын бастаушы ортаға шығып ескерту жасайды: «Сөзге сөз тауып айтпаса, сөздің атасы өледі» деген мақал бар. Халқымыз сөз өнерін ардақтай білген, біз де сөзді дұрыс сөйлеп, дұрыс қолдана білуді үйренейік» Ол енді ойын тәртібін түсіндіреді. Содан кейін қолындағы қағазға сөзжазады да келесі балаға береді. Ол лайықты сөз тіркесін қосып жазады да, келесі оқушыға ұсынады. Ойын жалғаса береді, қағаз-орамал ойнаушының бәрін аралап шығады. Ойынды белгілі бір тақырыпқа орай жүргізуге болады. Оны, әсіресе, антонимдер мен синонимдерге, қос сөздер мен қысқарған сөздерге жаттығу ретінде пайдалану орынды. Үзәләс кезінде мектеп ауласында не дәлізде өтетін болса, онда ойынды ауызша жүргізу қолайлы. Халық ойындарын өз дәрежесінде пайдаланып ұйымдастырса тәрбелік мәні зор.
Ұлттық ойындарды ертеңгіліктер мен кештерде қолдану
Көп жылғы тәжірибе көрсетіп отырғандай,оқушылар көп ретте класта алған білімдерін іс жүзіне асырып, өмірде колдана бермейді. Күн өткен сайын мұндай «өлі» қорлардың саны көбейе береді. Сондықтан да, мұғалімнің алдында оқушылардың алған білімдерін үнемі жаңғыртып, толықтырып отыруға үйрету, дағдыландыру міндетімен қатар — алған білімдерін тәжірибеде колдану, керекке жарату, өмірде пайдалана білуге үйрету сияқты аса маңызды өмір талаптары тұрады. Ал, ол білімдерді іске асыратын орын: ең алдымен өзі оқитын сынып оқушыларының ортасы, сонан кейін түрлі жиындар, ертеңгіліктер мен кештер. Кештер мен ертеңгіліктерге әзірлік жүргізу үшін, тәрбие сағаттарын пайдалануға болады. Тәрбие сағаттары да сыныптан тыс жұмыстардың қатарына жатады. Сыныптан тыс жұмыстардан мұның айырмашылығы сол, ол сынып жетекшісінің оқушылармен әр аптада өткізетін міндетті жұмыстарының бірі екендігінде.
Кештер: әдетте, пәндік кештер, сұрақ-жауап кештері, мейрамдарға арналған жалпы мектептік кештер мен ертеңгіліктер, тағы басқа болып бірнеше саладан тұрады. Оқу жылының әр тоқсанына арналған кештердің жоспарлары кейін пәндік әдістемелік секциялардың мәжілісінде талқыланып, бекітіледі. Түзетулер мен толықтырулар жасалады. Осыдан кейін барып, кешке толық әзірлік жүргізіледі. Кеш өткізуге әзірлік жұмысына, әсіресе, үйірме мүшелері белсене қатынасады. Үйірме мүшелері үйірме отырыстарында кештің жоспарымен танысады. Оған халық ойындарын да кіргізеді. Әдетте, сыныптан тыс жұмыстарды төменгі сынып оқушылары мен өткізу жоғары кластарға қарағанда әлдеқайда күрделі болып келеді. Өйткені, төменгі сынып оқушылары бұл жұмысқа әлі де болса, төселіп ысылмаған, дағдыланбаған. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларымен өткізілетін ертеңгіліктер мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені, мектепте өтетін жұмыстардың бәрі де өзінің білімдік, тәрбиелік мәнімен құнды. Сыныптан тыс жұмыстардың білімдік мәні мен оқушылардың көңілді дем алуына тигізер пайдасы бірдей болуы керек. Мұғалім оқушыларды осы жұмысқа тартудан бастап, өткізгенге дейін олардың жауапкершілік сезімдерін ұштау, ынталандыру, өз ісіне деген сүйіспеншіліктерін ояту секілді тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Біздің олай дейтініміз, оқу кезеңі оқушылар үшін міңдетті болса, сыныптан тыс жұмыстарға қатынасу оқушылардың өз еркіне байланысты. Сондықтан сыныптан тыс жұмыстар олардың талаптарын қанағаттандырған жағдайда ғана олар оған қатынасуға ынталы. Халық ойындарын ертеңгіліктер мен кештерге батыл енгізу қажеттігі де осыған орай туады. Халық ойындарын оқу-тәрбие барысында ретті, жүйелі әрі батыл пайдалану мұғалімнің , білімі мен білігіне тікелей байланысты. Ол оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таңертеңгіліктер мен кештерге қажетті деген материалдармен бірге халық ойындарын да таңдап алады. Ойындарға оқушылар белсене қатынасады. Бұл ойындардың үлкен білімдік, тәрбиелік маңызы бар. Біріншіден, ол оқушыларды сөйлеуге жаттықтырады. Екіншіден, тез санап ауызша есеп шығаруға төселтеді. Үшіншіден, үй жануарларымен танысып, олардың дене мүшелерін жете біледі, биология сабағынан алған білімдерін толықтырады. Төртіншіден, белсенділігін, ынтасын, білуге құмарлығын оятып, сұрақ қоя білу қабілетін жетілдіруге баулиды. Бесіншіден, кәсіптік бағдар беріп, шаруашылық саласын білуге деген ынталарын туғызады.
Ана тілі сабағына арналған ертеңгіліктер мен кештерде жұмбақ, жаңылтпаш ойындарын ойнатуға болады. Мұнда викториналық ойындар да араласып келеді. Жаңылтпаш ойынын кешті жүргізуші бастайды. Ойынға залда отырғандардың бәрі де қатынасады. Айтам деушілер қол көтереді. Ол жаңылтпашты қателеспей, әрі тез үш рет қайталауы шарт. Егер, жаңылса, онда жеңілген болып есептеледі. Дұрыс айтып шықса, күн ілгері белгіленген сыйлық беріледі. Ол ойын соңында орындалады.
Жаңылтпаштар оқушыларды тез және дұрыс сөйлеуге үйретеді. Ол оқушыларға ерекше әсер етеді де, ойынға бар ынталарымен қатынасады. Барлық оқушылар оны бірден дұрыс айта алмайды, сондықтан ол отырғандарға күлкілі, қызықты болып көрінеді де, кешке көрік береді. Оқушылар қысылып-қымтырылмай өздерін еркін ұстайды. Ал, ойын жүргізуші: «Ләтипа, Қатира, Жазира, Халима, Сәлималарды, мен: Ләтипа, Қатира, Жазира, Халима, Салималар демегенде кім оларды: Ләтипа, Қатира, Жазира, Халима, Сәлималар дейді». «Бір бүркітім бар еді, томағалайын деп томағалай алмадым, мен томағалай алмағанда, сен томағалай алмақшы ма едің». «Бұл — бал, сары май, қаймақ, Қай — бал, сары май, қаймақ? Атекеме қойған бал, сары май, қаймақ». «Шеше, кеше, неше есе кесе көп алдыңыз. Шеше, кеше неше есе кесе кем алдыңыз». «Ақынның батылдырағын айт, батырдың ақылдырағын айт, ұстаздың ұлағаттырағын айт, шәкірттің ұстамдырағын айт», тағы басқа айтылуы қиын жаңылтпашттарды айтады. Кешке қатынасушылар жаңылтпаштарды үш реттен шапшаң қайталауы тиіс.
Ана тілі сабағына арналған кештерде мақал-мәтелдер айтқызылады. Бұл халықтың байырғы ұлттық ойындары оқушыларға сөз өнерін үйретіп қана қоймайды, оларды Отанды сүйе білуге, достыққа, жолдастыққа, қырағылыққа, еңбек сүйгіштікке, бірлікке, интернационализмге, ғылым мен білімді сүюге баулиды. Ойын жүргізуші кешке қатынасушыларды екі командаға бөледі. Әр командадан сахнаға бір-бір өкілден шақырылады. Олар ойын жүргізушінің талап етуіне сай /берген тақырыбына байланысты/ өзі білген мақал-мәтелдерін айтады. Жүргізуші оны есептеп тұрады, және дұрыс не бұрыс айтқанын қадағалайды. Бірінші команданың өкілі айтып болған соң, сөз екінші команданың өкіліне беріледі. Ойын жүргізуші берген тақырып бойынша айтылмаған мақал-мәтел есепке алынбайды. Енді екінші жұп шақырылып, олар да осы тәртіппен айтысулары тиіс. Олар бірінің айтқанын бірі қайталамайды. Мақал-мәтел тақырыпқа бай болып келеді. Мысалы, Отан, оқу, білім, қырағылық, ар, намыс, достық, еңбек туралы, тағы басқа мақал-мәтелдер бойынша оқушылар қаншалықты көп білетіндігін көрсету үшін өз өнерлерін ортаға салады. Соңынан жеңімпаздар белгіленіп, оларға сыйлықтар беріледі. Немесе жеңілгендер жеңгендерге өз өнерлерін көрсетіп, тақпақ, ән орындайды. Тақырыптық кештерде қазақтың нақыл сөздері, жұмбақтары бойынша жарыс ойындарын ойнатуға болады. Бұлар оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, тілдерін жаттықтырады, логикалық ойлауға үйретеді. Жұмбақтар — халықтың өте сүйіп ойнайтын ойындарының бірі. Сондықтан жұмбақ ойынына оқушылар белсене қатынасады. Жұмбақ ойынын кештің негізгі бөлімінен соң ойнатуға болады. Жұмбақты ойын жүргізуші бастап айтады да, қатынасушылар шешеді. Бірнеше жұмбақ шешкен соң, ойын жүргізуші оқушылардың өздеріне жұмбақтар айтқызады, оның жұмбағын отырғандар шешуі тиіс. Жұмбақты кім шешсе, келесі жұмбақты енді сол айтатын болады. Жұмбақты тауып айтқаны үшін екі ұпай, шешкені үшін бір ұпай алады. Жұмбақты кімнің шешкенін бақылау үшін, есепші тағайындалады. Жұмбақты шешуге белсене қатынасқан оқушыларға сыйлық беріледі, мектеп атынан алғыс жарияланып, аса үздік шыққан оқушылар ерекше бағаланады. Оқушылар көп қатынасқан ертеңгіліктер мен кештерде тәртіп сақталуы үшін ойын жүргізуші ойынның тәртібімен қатынасушыларды алдын ала таныстырады. Ойынға қатынасушы жауап беру үшін, қол көтерулері керек. Мұндай жағдайда, қол көтерушінің саны бірнешеу болуы мүмкін. Жауапты бірінші болып қол көтерген оқушы береді. Егер ол дұрыс жауап бере алмаса, екінші болып қол көтерген оқушы жауап береді. Ойын осы тәртіппен жалғасады. Жұмбақ ойындарын басқадай етіп те өткізуге болады. Ондай жағдайда, оны «Қызғалдақ» деп атайды. Ол үшін жоғарыдағы гүлдер қағаздан жасалып оның әрбір жапырақшасының сыртына жұмбақтар, басқа да талаптар /тақпақ, өлең, айт, би биле/ жазылады. Бұларды кім дұрыс орындап шықса, ұпай алады. Ойын аяғында қортынды жасалып, жеңгендерге сыйлықтар беріледі. Ойын өте қызықты өтіп, оқушылардың білуге деген ынталары арта түседі. Ол балаларға қатты әсер етіп, олар келесі ертеңгіліктер мен кештерге зор әзірлікпен келеді. Біздің жүргізген тәжірибеміз көрсеткендей, ойын қолданған кештерге алғаш қатынасқан оқушылардың барлығы бірден белсенділік көрсете бермейді. Алғашында олар көрермедер, тыңдаушылар міндетін атқарады. Ал мұндай ертеңгіліктер мен кештерге үзбей қатынасып жүрген оқушылардың белсенділіктері артып, білуге деген құштарлықтары оянады. Сабаққа саналы қатынасып, оқу үлгерімі жақсарады.
Ұлттық ойындардың көбірек қолданылатын жерінің бірі — математика кештері. Мұнда халық ойындарымен бірге ойынның басқа түрлерін де қолдануға болады. Мұның барлығы кешке әзірлік үстінде іріктеліп алынып, кештің бағдарламасына өз ретімен орналастырылады. Мысалы: «Математика және өмір» деген кештің жоспарында негізгі материалдармен бірге «Қай қолымда?», «Шот тасын табу» сияқты тағы басқа халық ойындарын пайдалануға болады. «Шот тасын табу» ойынын мектеп бойынша өтетін тақырыптық кештерде пайдалануға болады. Ол үшін сахнаға бастауыш кластардың есеп сабағында пайдаланатын көрнекі құралы есеп-шот қойылады. Ойын жүргізуші оған қатынасушылардың біріне шоттың кез келген бір қатарынан бір тасты белгілеуді сұрайды. «Белгіленген тасыңнан жаңылып қалма» деп ескертеді. Ал ойын жүргізуші шотты қағып отырып оның белгілеген тасын дәл тауып береді. Ол үшін жүргізуші әр қатардан бір-бір тастан қаға отырып, «Белгілегеніміз бар ма?» деп сұрайды. Ол «Жоқ» деп жауап береді. Ойын жүргізуші жаңағы тәртіппен тастарды қаға береді. Сіздің белгілеген тасыңыз 4 қатардағы жетінші тас дейік. Сонда ол жоғарыдан төмен қарай алты тасты қағып шығады. Жетінші тасты қағып болғанда белгілеуші «Бар» дейді. Сөйтіп, белгіленген тасы жетінші қатарда болып шығады. Енді әр қатарды түгелдей кейін қаға отырып сұрағанда белгілеуші төртінші қатарға келгенде «Бар» дейді. Жетекші қағып болып ойланып отырады да, төртінші қатардағы жетінші тасты көрсетеді. Белгілеуші еріксіз «Сол» дейді. Ойын қайталанып ойналады. Оқушылар ойынның сырын білуге тырысады. Ойын оқушыларды өте қызықтырады. Олардың абстракциялық ойлау жүйелерін жетілдіреді. Ойынды меңгеріп, үйреніп алуға тырысады.
«Ойланғанды табам», «Қыз есебін тауып көр», «Қан көбелек», «Ойлап көріңізші», «Үш әділ», «Сөз мәнісін байқайық», «Ғалымбек қандай әдіс жасады?»,»Үш манат», «Мұғалім келді», «Су тасушы», «Әріп таңдау», тағы басқа ойындар оқушыларға білімдік жағынан да, көңілдерін сергіту жағынан да пайдалы болып, оқудағы белсенділіктерін арттырады.
Сондай-ақ ұлттық ойындардың негізінде шағын сахналық көріністерді ұйымдастыруға да болады. Оқушылар өздері көрсетуге тиісті сандарының, кейіпінд киінеді, соның қызметін атқарады. Ол оқушылардың көңілді дем алып әрі білімдерін ұштауға пайдалы. Кештерде халық ертегілерінің негізінде шағын көріністер әзірлеп, ойнатудың да пайдасы зор. Мысалы, халық ертегісінің негізінде жазылған «Тоғыз тоқылдақ, бір шіңкілдек» қойылымы оқушыларға ерекше әсер етеді. Халық ойынын пайдалана отырып, берген білімніц қай-қайсысы болмасын оқушыларға үлкен әсер етеді. Ойларында ұзақ сақталады. Өйткені, олар еліге отырып қызығады, қызыға отырып тыңдайды, сүйтіп білмекке құмарлықтары артады.
Ұлттық ойындар кештер мен ертеңгіліктердің мазмұнын кеңейтіп, байыта түседі. Сол арқылы кештің тиімділігі мен сапасы артады. Мұндай жағдайда кештер мен ертеңгіліктер оқушылардың сабақта алған білімдерін тәжірибеде қолданатын орынға айналады.