Әйтеуір бір халық туралы аз білесіз, тіпті ешнәрсе білмейсіз делік, соған қарамастан оның тек өзіне ғана тән музыкасына құлақ түріңізші -сізге сол бейтаныс жұрттың, өзіңізге бейхабар елдің рухани қайталанбас дүниесі бірте-бірте ашыла бастайды, сіз сол халықтың ақ көңіл, адал жүрегін, қуанышы мен шаттығын, жан дүниесінің кінәратсыз да елгезек темпераментін, сұлулықты, әсемділікті танып білудегі нәзік талғамын, поэтикалық бейнелі ойға ерекше бейімділігін, қоршаған ортаны, дүниені қабылдаудағы икемділік пен айқындылықты көріп, естіп қайран қаласыз, риза боласыз. Халықтың мыңдаған жылдық дәстүрінде, өнерінде музыкалық шығармашылықтың стилі мен сипаты айқын көрініс береді. Ән мен күйдің түп тамыры өмір сүру салтына ғана емес, әншінің, шебердің талғамы мен фантизиясына және шеберлігіне де байланысты болады. Рухани көріністің белгілері дегеніміз — уақыттың да нышандары. Әр уақыт пен кезеңнің өзіне тән фольклорлық бейнелері өмір сүріп, әрекет етеді. Халық музыкасының жанды бейнелерінде сол уақытқа тән «өлшемді кесіктер» көрініс береді, уақыт, дәстур жалғастығының алуан түрлі байланыстары көрініс табады. Үздіксіз «зара ықпал етудің жалғастылық фактілері өнерпаз ұрпақ санасының елегінен өтеді.
Көне дәстүрлердің сақтаушысы әрі қазіргі заманның жанды куәгері болып табылатын халықтың өзіне ғана тән муызкасында, әсіресс оның әндерінде қоғамдық-әлеуметтік, азаматтық, моральдық-этикалық көзқарастар көрініс береді. Музыкалық фольклордың әр түрлі формалары мен жанрларын тұрмыста сақтауда әр халықтың өз ерекшелігі, сұлулық туралы түсініктерінде қайталанбас халық дәстүрлері мен ұғымдар бар. Әр халықтың өзіне тән ұлттық ерекшеліктерінде ешнәрсемен салыстыруға келмейтін таңғажайып көріністер болады. Қазақ музыкасыңда да, әндерінде де өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері баршылық.
Қазақ халқының музыкалық-көркемдік дәстүрлеріндегі шығармашылық ойдың ауқымдылығы, тұрмыстағы елеусіз-ау дейтін құбылыстарды философиялық тұрғыдан жоғары деңгейде терең етіп, ой елегінен өткізе білушілік қайран қалдырады. Бұл халықта үйлесімділік, икемділік, сезімі керемет дамыған. Ауызша айтылатын поэтикалық шығармашылықтың аса бай мұрасының мазмұнында да ерекше мәнділік жатыр. Олар өздері әндей сызылып, күйдей күңгірлеп, музыка тілеп тұрады, жырлап әуезбен айтуды қажет етеді. Мұның өзі музыка зерттеушілерінің алдына маңызды міндет, үлкен мәселе қояды. Олар қазіргі музыкалық мәдениетіміздің бастауы болып табылатын қазақтың музыкалық шығармашылығының қайнар көзін іздестіруге байланысты ғылыми іздестірулер мен зертгеулерді барынша жандандыра түсуге тиіс.
Қазақстандағы музыка зерттеудің осы кезге дейінгі ең осал жері халық музыкасының көне қабаттарын іс жүзінде игеру мен қорытындылау, анығырақ айтқанда, терең игере алмау мен тиянақты қортынды жасай алмау болып келеді. Республикада музыкалық мұраларды жинауға, оларды музыкалық-этнографиялық, тарихи-теориялық, әлеуметтік, культурологиялық тұрғыдан зерттеуге қатысты практикалық жұмыстардың мол тәжірибелері жинақталған. Мұның өзі музыкалық фольклористикада өзіндік бағыттың негізін қалады, бірақ қазақтың әдет-ғұрып әндеріне байланысты теориялық концепциялар ғылыми тұрғыдан өзін жетікілікгі түрде көрсете алған жоқ.
Өздеріңізге ұсынылып отырған қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндерінің жинағы халықтың әдет-ғұрып музыкасын барынша жүйелі де терең комплексті зерттеу ісіндегі маңызды буындардың бірі болуға тиіс.
Қазақтың әдет-ғұрып фольклорының кейбір ерекшеліктеріне жалпы сипаттама бергенде және жинаққа енген материалдың жанрлық шегін айқындаған кезде оның тұрмыстағы табиғи орнының спецификалық (өзіне тән) белгілері мен нышандарының тұрақтылықтары; әдет-ғұрып дәстүрлерінің халық өміріндегі ролі мен маңызы есепке алынды.
Жинақтағы материалдарды қорытқанда және жүйеге келтіргенде басты бағдар — ғұлама — филолог-ғалымдардың, поэтикалық ауыз әдебиетін әсіресе халық өздерін терең зерттеген М.Әуезов, Л.Соболев, Н.Смирнова, Б.Уахатов, Н.Төреқұлов сияқты ғалымдардың еңбектеріндегі қозғалып отырған проблемаға байланысты теориялық тұжырымдары, соңдай-ақ А.Затаевичтің музыкалық-этнографиялық көзқарастарында, В.Беляевтың, А.Жұбановтың, Б.Ерзаковичтің іргелі еңбектерінде; М.Ахметованың, Т.Бекхожинаның, Х.Жүзбасовтың, С.Елеманованың, Б.Қарақүловтың, Г.Байтенованың және басқалардың зерттеулерінде, ғылыми мақалаларында көрініс тапқан қазақ музыкасы жөніндегі қортындылар болды.
Фольклордың көптеген жанрларының, солардың ішінде әндердің, біз қараған әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндерінің шыққан көзін айқындаған кезде өзіміздің қоғам зерттеуші ғалымдардың, филологтардың, музыка зерттеушілердің еңбектерін басшылыққа алдық .
Құрастырушылар өткен ғасыр мен XX ғасыр басында қазақ халқының ұлттық медениет тарихының мәселелеріне, көркем поэтикалық-ауызша дәстүрлеріне байланысты зерттеулер жүргізген Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин, С.Рыбаков, Р.Пфеннинг, М.Готовицкий сияқты адамдардың еңбектерінс ерекше назар аударды.
Ұлттық фольклордың өзіне тән ерекшеліктері көне замандағы әдет-ғұрып дәстүрлерінен-ақ көріне бастайтыны белгілі. Басқа халықтардың ертедегі фольклоры сияқты қазақ халық музыкасының көне қабаттары да айқын көрінетін фольклорлық жүйе шеңберінде сомдалған, «…Ол айқын көрініп тұратын көнелік: ұжымның өндірістік-практикалық сиқырлық және ырымдық қызметіне тікелсй қосыла-араласа жүретіндігімен, ұжымының дүние туралы комплексті кезқарасына күрделі байланысатын белгілерімен сипатталады. Бұған қоса көне фольклор ұжымының тұрмыстық және дүниеге көзқарастық жұйесінің органикалық элементі ретінде қалыптасады, сөйтіп осы жүйенің кейбір мәнді сәттерінің өзінше бір көрінісі, бейнелеуі болып табылады. Синкреттік сипаты бар әдет-ғұрып поэзиясында, музыкасында жанрлық, образдық, стильдік жүйенің қалыптасуы жүзеге асады, сонан кейін ол классикалық фольклордың қалыптасыуында айрықша әмбебап конструкциялаушы роль атқарады.
Қазақ әндерінің жанрлық құрылымы патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастар жағдайы мәжбүрленген мәдени-тарихи дәстүрлерге байланысты. Қазақтардың феодалдық қарым-қатынастары көптеген патриархалдық-рулық қалдықтармен астасып жатқан. Ал бұдан ертедегі әдет-ғұрыптардың, ырымдардың және сенімдердің жанды байланыстарын айқын көреміз. Патриархалдық тұрмыс-салт өзінің әдетке айналған заңдастырылған ережелерімен және ғұрыптарымен халық шығармашылығының бейнелі-айшықты ерекшеліктерінің қалыптасуына барынша ықпал еткен. Шындығында әдет-ғұрып, тұрмыс-салт фольклорын қазақ халқының рухани-өндірістік, малшы өмірінің күнделікті ауыр өмірінің барлық саласынан көруге болады.
Қандай оқиға немесе жағдай бола қалса да соған арнап екі-үш, төрт жолдық ұйқасы бар өлең шығарылған, оның міндетті түрде рефрені немесе созылыңқы әуезі, бекітілген қайырмасы болған. Олар әр түрлі мақсаттарға арналған және орындалып отырған. Н.Смирнованың айтуынша, әдет-ғұрып және дидактикалық жанрларының алуан түрлі болуы, олардың рулық-тайпалық шекте қолданылуы (мысалы, өлгендерді жоқтау бір ғана жан-ұясының ісі емес, рудың ісі болған), өсиет жырлардың, мақалдардың, жұмбақтардың патриархалдық болуы, мазмұндарының патриархалдық болуы формаларындағы көне элементтер нағыз рулық-тайпалық тұрмыс-салт пен санаға берілген құн.
Қазақ әндеріндегі жанрлар әлеуметтік-экономикалық жағдайға, тарихқа, -тұрмыс-салтқа, моральдық-этикалық ережелердің заңдарына, халықтың еңбек нормаларына байланысты туған.
Қазақтың әдет-ғұрып әндері өзінің құрылымы мен образдық құрылысына қарай тұрмыстық, өндірістік болып бөлінеді. Оларда халықтың қоғамдық-еңбек әрекеттері бейнеленген.
Қолданбалы сипаты бар көне әдет-ғұрып әндері жинақтың «кален-дарлық әндер» дейтін тарауында келтірілген. Еңбек жылындағы айтулы сәттерді атап өтетін «Наурыз әндері» жаңа жылды қарсы алатын күндері (мұсылман күн тізбегі бойынша 22 наурызда) орындалған. Әдет-ғұрыптар арқылы халық өзінің табиғатқа, айнала қоршаған дүниеге деген көзқарасын, қарым-қатынасын білдіріп отырған. Әнмен, ойынмен, бимен, көңілді мейрамдармен қат-қабат жүретін алуфн түрлі күн тізбелік әдеттер мен ғұрыптар және соларға байланысты сенімдер өте көне заманда, адам баласы аңшылықтан қарабайыр жер өңдеушілікке және мал өсірумен айналыса бастаған кезде яғни біздің дәуірімізге дейінгі V-IV мыңжылдықтарда, кейбір жерлерде одан да кейін ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда пайда болған.
Фольклорист-ғалымдар жыл маусымдарына байланысты әндср бастапқыда тек табиғатқа еліктеу, табиғатты сол байқаған құбылысты қайталауға мәжбүр ету үшін ғана еліктеу болған деп есептейді.
Табиғаттағы айтулы кезенді атап өтетін әндердің бірі — «Наурыз әндері» дедік. Бұл әндерде көктемгі мал төлдетуге құттықтаулар болған, жерден өніп шығатын өнімдердің мол болуына, өрістегі шөптің жайқала шығуына тілектестік білдірген. Жаңа жылдық әндердін ішінде біреуінде табысқа жетуге, бақытты болуға және т.б. дәстүрлі тілектер айтылады. Сонымен бірге оларда еңбек процесінің элементтері айқын көрінеді.
Жыл маусымын айқын көрсететін әндердің бірі «Жыл өлеңі» бола алады. Бұл әнде тышқан жылы туған адамның қу да тапқыр болатыны өсиет түрінде айтылған».
ЖЫЛ ӨЛЕҢІ
Туғандар, қысына тышқан жылдың қамсыз болма,
Азабын ол кемулі болсын ірге.
Туғандар тышқан жылғы қу келеді,
Талайды бойға сенген сүріндірген-ай.
Қазақтың әдет-ғұрып мәдениетінде жарапазан, жарамазан тәрізді өзгеше құттықтау әндерінің өздеріне назар аудартады, тындаушының ынта-ықыласын тудырары хақ. Бұл әндер көне заманнан бері Орта Азия халықтары арасында орындалып келген, сонан кейін жарапазан мұсылман мерекесі — Рамазан уақытында орындалатын болған. Бір топ жас жарапазан айтып үй-үйді аралаған, үй иелерін құттықтаған, олардан сыйлық алған. Әнді орындаушылар жарапазаншылар, жарамазаншылар деп аталған. «Жарапазан» әндерінде үй иелеріне аман-саулық, оты мол, жайылымы, мал-жанның көп болуы және т.б. тіленген.
АЙТАМЫН ЖАРАПАЗАН ЕЛІҢІЗГЕ
Айтамын жарапазан еліңізге
Байлаңдар бір орамал белімізге.
Байласаң бір орамал белімізге,
Барамыз мақтап, мақтап елімізге.
Қайырмасы:
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан,
Әсіре мазан, сайра мазан,
Оразаң қабыл болсын ұстаған жан.
Сонымен бірге Рамазан айында (мұсылмандар ораза тұтатын кезде) айтылатын жарапазан деп аталатын әдет-ғұрып әңдерінде бәрінен бұрын діни нанымдар бой көрсетіп қалады. Оларда ислам дінінің тақырыбы болғанымен халықтың көне дөуірдегі (VІІ-VІІІ ғ.ғ.) әдеттерінің, ғұрыптарының іздері айқын керінеді. Жарапазан әндерінде отбасына аман-саулық, мал-жанның көбеюі туралы көптеген жалпылама тілектермен қатар тұрақты рефрендер түріндегі пайғамбардың қырық серіктерінің біріне сиынуды, Құраннан келтірілетін «лә Илахи ил Алла» — «Алладан басқа төңір жоқ» деген сөздерді де үнемі кездестіруге болады.
Бұл тұрғыдан алғанда қазақ музыкасын зерттеген ірі ғұлама этнограф АВ.Затаевичтің жазғандары аса құнды, мысалы, бір жинақта келтірілген «Мұхамедия» әнін этнограф еркектің аты ғана деп түсіндіреді. Шын мәнінде бұл исланың негізін қалаушы Мұхамедтің аты. «Мұхамедия» әні қазақтың көшпелі тұрмысына бейімделіп, жаңа түрге, мазмұнға ие болған. Құран сөзіне жазылған түбірі арабтан шыққан ән әуені.
Малшылардың бәдік тәрізді, әдет-ғұрып әндерінде де алуан түрлі тақырыптар бар. Солардың бірі – бәдік деп аталатын әндер. Қазіргі кезде қазақ халқының тұрмыс-салтынан мұндай әндерді кездестіру қиын. Арбау-байлау әндерінің ішінде «Бәдік», «Күләпсан» сияқты әндер кездеседі. «Бәдік» малдан ауру-сырқатты қашыру үшін айтылатын болған. «Күләпсан» дейтін ән арбау-байлау әндерінің, емдеу әндерінің қатарына жатады. Бұл әндерді айту арқылы яғни арбау, үшкіру жолымен, қазіргіше айтсақ, магиялық-сиқырлық жолмен мал мен адам денесінен ауруды, сырқатты, кінәратты қууға болады, жазуға болады деп сенген халық. Қазақ халқы өлеңмен, әнмен, арбау, бәдік айту, жырлау жолымен табиғаттың дүлей күшін бағындыруға, сиқырлауға болады, құрғақшылық кезінде күн жаудыруға, апаттан құтылуға болады деп сенген.
Төменде мысал үшін келтіріліп отырған «Бәдік» атты өлеңде бейнелі түрде малдая пышаққа көшуі, жұрттан аулақ кетуі керектігі айтылған.
БӘДІК
Пышаққа көш, ағатай, пышаққа көш,
Қойдан қойға жүгірсін тұсаққа көш-ай.
Жайыңды одан көшер мен айтайын,
Отырған әріптесті құшақтай кеш-ай.
Бұрма, бәдік тағы да, бұрма, бәдік,
Босағада бұрылып тұрма, бәдік.
Бұрылып босағада тұрсаң, бәдік,
Көңіліне иесінің келер кәдік-ай.
Арбау-байлау әндеріне жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Күләпсан» дейтін ән мысал бола алады. «Күләпсан» — желшешек сияқты балаларда кездесетін сырқаттың аты. Мұндай әндер әдетте өздерінің атқаратын қызметтері жағынан емшілік, арбау-байлау әлеңдері сияқты дәрігерлік-төуіптік әндер қатарына жатады. Қазақтардың тұрмыс-салттарында жылан шағуға қарсы арбау, бақсы-шамандардың арбау-үшкіру-бақсы сарыны дейтін болған. Тұрмыста сүйекпен бал ашу (әдетте жауырынмен бал ашу) қолданылған. Сүйекпен бал ашушыларды қазақ халқы арасында «жауырыншылар» деп атаған. Зерттеушілердің атап көрсеткеніндей, арбау ән-өлеңдсрі халық медениетінің өте көне түрі болып табылады, ескі әдет-ғұрыптар қатарына жатады, бұл өзі алғашқы мағынасында да, тура мағынасында да фольклор болып табылады. Арбаулар әдеттс утилитарлы яғни пайда келуін көздейді, олар тұрмыс-салтпен байланысты, көп жағдайда белгілі бір практикалық мақсатқа жетудің құралы болып табылады. Арбау — әнінің ықпалды, әсер ететін күші оның сөздік формуласында яғни дүғалық сөзінде, қазақ халқының тұрмыс-салт мәдениетінде, соның ішінде бәдікте, сол сияқты «Күлөпсан» өлеңінде әдет-ғүрыптың сиқырлы-магиялық мән-мазмұны тұрақты түрде қайталанатын «кеш», «көш» сөзіне жинақталған. Халық, өлеңді айтушы осы сөзді қайталау арқылы ауруды басқа жерге көшіруге болатынына сенген сияқты, мұны «Күләпсан» ән-өлеңінен айқын көруге болады.
КҮЛӘПСАН
Күләпсан кешкелі отыр,
Арқаға кеш жаралган!
Қарағайдан жаңқаға көш!
Таппасаң жайлауыңды,
Және айтайын жүгірген
Қойдан қойға марқаға көш!
Көш, кош, көш!
Көптеген халықтардың арбау өлеңдеріңде сөздерінің функциялары жағынан типологиялық ұқсастық бар. Орыстың әдет-ғұрыпындағы түп-тамырлары іздестіре келіп ғалымдар, мысалы, «…арбаулар дегеніміз белгілі әдет-ғұрыпқа қосақталған немесе өз алдына жеке тілек болып табылады, соның өзінде орындалуға тиіс тілек» қазақтың «бәдік», «күләпсан» деп аталатын арбауы әндері мен басқа да әдет-ғұрып өлең-жырларында, мысалы, «Айдаһар жыландардың арбауы» дейтін өлеңде де халықтың, жеке адамның арбауы арқылы (сөзбен және сиқырмен) жануардың, малдың денесінен ауруды қууға болатындығы, адамды сырқаттан емдеп жазуға болатындығы жөніндегі сенімі айқын көрініп тұр.
Бұдан бұрын айтқанымыздай, табиғат құбылыстарын арбау әндері де образды символиканың жалғасы болып табылады. Осындай ән-өлендерді айту арқылы халық еңбегіне сәттілік туғызуға, мысалы, құрғақшылық жылдары жаңбыр жауғызуға тырысқан.
А.Затаевичтің жазбаларынан «Бозала таң» деп аталатын өте қызық әнді кездестіруге болады. Александр Викторивич Затаевичтің өз жазбаларында атап өткендей, осы өлеңді айту арқылы қазақтар кең далада ататын арайлы танды, шығатын күнді қарсы алған.
Қазақстанның филолог ғалымдары халықтың поэтикалык ауыз әдебиетінің ерекшеліктерін зерттей келіп, өн-өлендердің арасында — аңшылық өлеңдердің бар екенін көрсетеді. Бұл әндерде көне дөуірдегі адамдардың тұрмыс-салты мен еңбегі бейнеленген. Аңшылық өлендерінде осыған ұқсас өлеңдердегі сияқты адамдардың өздерін қоршаған табиғат күштеріне көзқарасы, көне дөуірдегі аңшылык тұрмыс-салттан бастау алатын сенімдер мен әдеттердің, ғұрып-дағдылардың іздері байқалады . Бұл әндердің кейбіреулері жануар мен құстардың қимыл-әрекетгтріне және дауыстарына еліктеуден шыққан, сөйтіп олардың сырт көріністерін бейнелеуге арналған. Көне түріктің «Кодекс куманикус» деп аталатын, 1303 жылы жазылған жазбаша ескерткіштерінде малды бейнелеп былай суреттеген:
Қошқар мүйізі қойырмақ
Қойырмақтан қойырмақ.
Теке мүйізі түйірмек,
Түйірмектен түйірмек.
Қазақтардың тұрмысында құспен аң аулау болған. Аңшы құстарды баптаушылар — құсбегілер деп атаған. Бұл да халықтың әншілік-жыршылық өнерінен, өз орнын тапқан. Аңшылық сәттерді бейнелейтін поэтикалық текстер орта ғасырда өмір сүрген түрік филологі Махмуд Қашқаридің шығармаларында, сондай-ақ VIII ғасырдагы орхон-енисей эпитафиясының Тоньюкук жазуында кездеседі. Көріп отырғанымыздай мұндай мысалдар аңшылық ән дәстүрінің өте ертеден келе жатқандығын дәлелдейді. Аңшылық өлең-жырларының қазақ халқына, ғана емес, сонымен бірге көптеген түрік халықтарының фольклорына да тән екенін айта кеткен жөн. Келе-келе көне әндер жаңа жанрлық түрге ауысқан сияқты, ал интонациялық құрылымның элементтері кейін қабаттаса жалғасқан жырлардың әуеніне табиғи түрде жымдасып кеткенге ұқсайды. Бұған қазақтардың әдетте құстар мен жануарлардың бейнелерін тұрмыс-салт жырларында, лирикалық әндерде кеңінен асқақтай, әлпештей, мақтап-мадақтай көрсетулері әбден дәлел бола алады.
Қазақтардың мал бағу мен өсіруге байланысты тұрмыс-тіршілігі малды қастерлеуге, құрметтеуге байланысты көптеген әдет-ғұрыптар, салт-дағдылар, ырымдар туғызған. Жануарлар бейнесі қазақтың ертедегі әншілік-жыршылық өнерлерінен де көрініс тапқан. Жануарлардың, әсіресе малдың бай да алуан түрлі дүниесі «Төрт түлік туралы өлеңдерде»жақсы бейнеленіп, жақсы көрініс тапқан. Өйткені төрт түлік — түйе, жылқы, сиыр, қой — қазақ халқының жесе — еті, ішсе сүті мен қымызы, кисе — киімі. Түп тамыры көне шамандық жануарларға табынуда жатқан әндердің осы түрі қазақ әдебиетінде зерттелген. Кейбір жағдайларда эпикалық түрде кеңге құлаш сермейтін төрт түлік мал жөніндегі өлеңде үй жануарларын аса тартымды бояулармен суреттеп көрсетеді. Мысалы «…сиырдың мүйізі айдай жарқырайды, тұяқтары болаттай сыртылдайды. Желге желбіреген аттың жалы жібектей, жүні мамықтай қалың. Түйенің өркеші көк тірейді. Бәрі аман, бәрі тоқ, бәрінің бойында өмірдің күші ойнап тұр».
Халық мәдениетінің құбылысы ретінде малды бұлай асқақтату тегіннен тегін емес. Баяғы бағзы заманнан қазақ үшін малшаруашылықтың, отбасының аман-саулығының нышаны болған. Уақыт өте келе «Төрт түлік туралы өлеңдер» кейін шыққан ән-жырларға ауысты, сөйтіп мал өсіретін халықтың малшылық поэзиясына өзінің колоритті бояуы қанық құрылымымен, бейнелілігімен спецификалық (өзіне ғана тән) элемент қосты. Аңшылық өлеңдеріндегідей «Төрт түлік туралы өлеңдердің» мазмұнына да адамға тән іс-әрекеттерді, мінез-құлықты табиғат құбылысына (бүл арада – малта) телу тән. Жануарлардың бейнелерінде адам сезімдері берілген. Бұл тектес әндерге импровизациялық, әуезділік негізінде өңдету — речитативтік түрде айтылатын, оларға мүмкін болатын буындық әндетулер қосылып отырады. Малшы малмен еңгімелеседі, аңдар бір-бірімен сөйлеседі. Мұндай қызықты жайларды жануарлар айтысынан да көруге болады. Сөз жоқ, өте ерте шыққан бұл өлендерде көшпелі малшылардың жыртқыш аңдармен жүргізілген күресін ашып көрсетіп отыр. Бұл өлең-жырларды филолог-ғалымдар өз тараптарынан арнайы зерттеп, олардың халықтық поэтикалық ауыз әдебиетіндегі шұрайлы да шырайлы тұстарын барынша аша түскен. Қазақстанның музыка зерттеу ғылымы саласында жаңадан жазып алулар, жаңадан жарияланулар нетижесінде біз атап сөз етіп отырған «төрт түлік туралы өлендер» аз да болса музыкалық фольклордың үлгісі ретінде жұртшылыққа таныстырылып келеді. Осының арқасында қазақ әңдерінің жанрлық түрі туралы ой-өрісіміз кеңейе түсті. Жануарлар мен құстардың символдық, музыкалық бейнелері өлеңдерде ғана емес, қазақтың аспаптық музыкасында да бар екенін аңғардық. Оның өзі (жануарлар мен құстар туралы аспаптық музыкалар) халық музыкасының өз алдына жеке, қайталанбас қабаты болып табылады, сонымен бірге мұндай өлеңдер көне эпикалық дәстүрлермен тығыз да қоян-қолтық жымдаса, астаса келіп, қазақ эпосына «жекелеген эпизодтар» болып та кіреді.
Қазақ халқының тұрмыс-салт жырларының ішіндегі қалың да шұрайлы қабаттардың тағы бірі — той және өлік шығару, жоқтау, көңіл айту, естірту өлеңдері. Бұл өлеңдер белгілі бір жүйемен топтасқан. Олардағы әрбір «ұя» әдет-ғұрып, дәстүр, дағды ережелері мен зандарының тұтас комплексін байланыстырушы буын ретінде бой көрсетіп тұрады. Той бастар, жар-жар, сыңсу, қоштасу-көрісу, сияқты той өлендері барынша икемді де әсерлі көріністерге ие. Қоштасу мен көрісу, сыңсу әніне ұқсас, тек бұл өлеңді калындықтың жақын туыстары ғана айтқан. Қыз ұзату тойы әндерінің бірнеше мақсаты болған. Біріншіден ол қыздың өз туыстарымен қоштасу кезіндегі зарын білдірсе, екіншіден сарын тойдағы импровизациялық ән қайым бейнесінде жырланған. Қайым туралы Ш.Уөлиханов қыз ұзату тойы әндерінің бір жанры деп жазған. Жоқтау, жылау сияқты өлеңдер жақын, туыс адамға қайтыс болғанда айтылған. Жоқтау-жылау өлеңдері жүрек толқытарлық сезімдер мен көңіл күйдің тұтас та терең дүниесі деуге болады. Жылау өлеңдерінің қатарына естірту, көңіл айту өлеңдері жатады. Мысалы:
Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Ол адасып кеткен жоқ,
Әркім барар жерге кетті.
Арғымақтың тұяғы,
Тасты басса кетілер,
Сазды басса жетілер.
Екі арыс аман болсын,
Жетпесті қума,
Келмеске жылама.
Жылау өлеңдерінің қатарына мағына-мазмұндары жағынан жақын, туыстас әдет-ғұрып өлеңдерінің зар, зар-мұң, қайғы-қасірет, куйініш әндері сияқты бір топ түрлерін де жатқызуға болады.
Қазақтың ән мәдениетінен жанрлар шегі мен сүлбесін (контурын) үнемі айқын ажырата беру мүмкін емес. Оның басқа музыкалық-поэтикалық дәстүрлерден (мысалы, орыстың музыкалық-поэтикалық дәстүрінен) айырмашылығы да осында. Бұл тұрғыдан алғанда зар, зар-мұң, куйініш, қайғы-қасірет әндері таза әдет-ғұрып әндерінің шегінен шығып, әлдеқайда кеңейіп кетеді. Сөз болып отырған бұл әндер өлген адамды жерлеу, қою ғұрыптары кезінде ғана емес, сонымен бірге ұзақ уақыт бойына, өлген адамның жылын, асын бергенге дейін орындалған. Қайғы-қасірет, мұң-зар әндерінің тақырыптары да алуан түрлі екенін айта кеткен жөн. Бүл арада олар көп жағдайда тұрмыс-салт әндеріне барынша жақындай түседі, тіпті олармен астасып жатады. Оларда туған жерінен, сүйген адамынан алыстап кетудің, малдың жұтап, өлімге ұшырауының, сүйікті ел, ғашық жаннан ажыраған қайғы-қасіреті, күйініші, мұң-зары ерекше айқын сезіледі, ерекше көрініс береді.
Қазақ халқының әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндерінде сан-салалы өсиет, насихат әндері мол орын алған. Оларда халықтың өмірі туралы орнықты пікірлері, мал бағумен, өсірумсн айналысатын көшпелі халықтың тұтас бір моральдық, адамгершілік кодексі бейнеленген. Мысалы, сондай әндер қатарына «Он үш жаман» дейтін өлеңді жатқызуға болар еді.
Тұрмыс-салт өлең-әндерінің ішінде қазақ халқының бесік жырлары, балалар ермегі дейтін ән-жырлар ерекше тартымды дер едік. Бұл әндер ерекше өмір қуанышына толып, қайталанбас образдарға толы, жарқын да ойнақы.
Қазақ халқының тұрмыс-салт әндерінің ішіндегі тақырыбы жағынан сан-салаларының тағы бірі — шытырман оқиғалы сюжеті бар, бояуы қанық бейнелі ән-ертегілер, сондай-ақ ойнақы, көңіл сергітетін, ойды ербітетін «Жұмбақ өлең», «Жіптер өлең» сияқты ойын-сауық ән-жырлары.
Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ән-жырлары көптеген әдет-ғұрыптармен, салт-дәстүрлермен шектеліп-тұжырымдалған, реттелген, сөйтіп ұлттық-образды әрі музыкалық ойлауда көрініс тапқан иерархиялық өзара қарым-қатынастардың тұтас бір дүниесін бейнелеп көрсетеді.
Күрделі де сан-салалы образды-поэтикалық мазмұнға бай, түрмыс-салтпен, еңбек процесімен, әдет-ғұрыппен байланысты қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрып әндері көне дөуірлердегі дүниеге келген, сөйтіп, сапасы жағынан жаңа бір фольклорлық құбылысқа ауысқан, сол себептен бұл ән-жырлар қазақтың ұлттық медениетінің бірегей көркем көріністерінің бірі болып табылады.
«Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері» атты оқу құралы мынадай жанрлық-тақырыптық бөлімдерден тұрады:
— Әдет-ғұрып әндері. Бүл бөлімде жыл мезгіл туралы калеңдарлық -әдет-ғұрып әндері — «Наурыз-жарапазан» жаңа жылдық құттықтау әндері, ораза кезінде айтылатын жарапазан-жарамазан әндері;
— Отбасылық әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері, олар: жоқтау, жылау, естірту әндері.
Жинақта әдет-ғұрыптан тыс орындалатын, көптеген жағдайларда тақырыптары жағынан қайғы-қасірет, күйініш, зар, мұң әндері де берілген. Әдет-ғұрып әндерінің қатарына жататын қыз ұзату, үйлену тойындағы әндер де кеңінен әрі сан-салалы келтірілген. Олар той бастар, жар-жар, аужар түрінде топтастырылған. Сондай-ақ сипаты жағынан жар-жарға, түрі жағынан үйлену тойындағы айтыс өлең-жырларына ұқсас қайым әндеріне де кең орын берілген; қыз сыңсуы, той үстіндегі айтыс өндері, сарын, көрісу, қоштасу яғни қалыңдықтың ұзатыларда ата-анасымен, туған туыстарымен қоштасу әндері де бар, бұл әндерді қалыңдықтың өзі ғана емес, туған, туыстары да орындайтын болған.
Қыз ұзату, үйлену тойларында айтылатын жар-жарға біраз тоқтала кетелік. Қыз-қалыңдық үйінен ұзатылып шығарда былай деп жырлайтын болған:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар.
Қайын атасы бар дейді көп жігіттер, жар-жар,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар.
«Жар-жарды» жеке-жеке айтқаннан кейін жастар оны көңілді де ойнақы әуезбен кезек-кезек — біресе жігіт, біресе қыз айтқан, ал «жар-жардың» қайырмасын бәрі бірігіп шырқаған. Ән айтысқа ұласқан. Жігіт әзіліне қыз да тапқырлықпен жауап қайырған. Жиналған қонақтарды одан әрі көңілдендіріп, күлдіре түсу мақсатымен ділмар жігіттердін, бірі әйелше киініп алған, немесе басына орамал байлап алатын болған. Ол әнші жігіт пен қызға күйеу жігіттің туған-туыстары туралы көңілге онша ауыр тимейтін өлең текстерін сыбырлап айтып тұрған. Кейде бұл айтыс күйеу жігіт пен қалындық арасындағы әзіл-оспақ диалогқа да айналып кететін болған. Қазақстанның әртүрлі аймақтарында «Жар-жардың» рефрені ретінде «жар-жар» ғана емес, сонымсн бірге «үкі-ау», «сылқым-ау» (әйелдер айтқанда) деген сөздср айтылған.
Қалыңдықтың ата-анасымен, туған-туысқандарымен, ел-жұртымен қоштасу әндері де көңіл аударарлық. Дәстүрлі қыз ұзату тойының ырым-жырымдарына сәйкес қыз-қалындық күйеуінің ауылына ұзатылып шығар алдында ән салып ата-анасымен қоштасқан, құрбы қыздарын ертіп ауылындағы ел-жұртын, бала кезінен өзі ойнап өскен жерлерді аралап қоштасатын болған. Бұл дәстүр басқа да шығыс халықтарына тән. Мысалы, көне түрік халықтарында үйлену тойын, соның ішіңде қыз ұзатуға байланысты алуан түрлі ырымдар болған. Мысалы, С.Ш.Гаджиева былай деп жазады: Тойды көбінесе күзде немесе көктемде өткізген. Үйлену тойын өткізетін күнді белгілемей тұрып ноғайлар әдетте, өздерінің астрологгарының пікірін тыңдап алған. Олар Сапар Жұлдыз атты планетаның орналасуына байланысты некелесуге болатын күнді айқындап берген. Қалыңдық үйінен ұзатылған кезде Сапар Жұлдыз туған жаққа қарап емес, оған қарама-қарсы жаққа қарай аттануга тиіс деп есептелінген. Қалыңдық күйеу жігіттің ауылына аттанғанда жұлдыз қалыңдық арбасының алдыңғы жағында болса, отбасары — бақытсыз болады деп жорыған. Мұндай жағдайда қыз ұзату тойы жұлдыз соңынан туғанға дейін кейінге қалдырылған.
Қазақтың «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» деп айтылатын эпостарында «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын соңыңнан» дейтін поэтикалық жолдар бар. Міне, бұл тілек-жолдар жоғарыда аталған ырымдардан туындаған болуы керек.
Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері дейтін бұл жинақта бесік жырларына, дәстүрлі ескі бесік жырына, балалармен ермек әндеріне, балалардың ән, ойын, ән-өлеңдеріне де елеулі де маңызды орын беріліп отыр.
Бұл оқу құралдағы ескертулерде қысқаша ғана түрде әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ән-жырларына барынша қысқаша тоқталып, жалпы ән мәдениетінің кейбір стильдік ерекшеліктері атап көрсетілді.