Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастығы

Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастығы туралы қазақша реферат

Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен байланысы жылдан жылға нығая түсуде. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2006 жылы АҚШ-қа ресми сапары қазақстандық-американдық ара-қатынастың дамуына және нығая түсуіне септік еткен маңызды шара болды. Сапар барысында екі ел арасында болған сындарлы сұхбаттар кезінде қауіпсіздік, терроризммен күрес, энергетикалық саладағы байланыстың дамуы және Казақстан Республикасындағы жоғарғы технологиялық, инновациялық өндірістерді дамыту процесіне американдық компаниялардың ат салысуы талқыланды. Қазақстан мен АҚШ арасында кең ауқымды және терең әрекеттесумен сипатталатын стратегиялық әріптестік орнатылған. Мемлекеттер арасында шартты-құқықты берік негіз құрылды. 2006 ж. 26-29 қыркүйек аралығында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Вашингтонға сапары барысында елдеріміздің жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын расталды. Екі мемлекет басшылары энергетика, әскери ынтымақтастық, сауда, инвестиция және демократизация салалары бойынша стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта АҚШ-тың Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына және елімізді Джексон-Вэник өзгерістерінің әсерінен шығаруына қолдауы көрсетілген. 2010 ж. 11-14 сәуірде ҚР Президенті Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысу аясында АҚШ-қа ресми сапар шекті. Елбасы Президент Б.Обамамен, Энергетика министрі С.Чумен, сондай-ақ еврей ұйымдары мен АҚШ-тың ең ірі корпорацияларының басшыларымен кездесулер өткізді. Екі ел басшыларының кездесуінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ғаламдық қауіпсіздік, оның ішінде, ядролық қаруды таратпау, Ауғанстанды тұрақтандыру, сауда-экономикалық ынтымақтастық және Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы мәселелері талқыланды. Сапар нәтижесі ретінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге және «Қазақстан Темір Жолы» Ұ.К. мен «General Electric» арасында ТМД елдеріне арналған маневрлік тепловоздар жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. 2008 ж. 14 қарашасында АҚШ Президенті лауазымына сайланысымен Б.Обама тек қана бірнеше елдер басшыларына, оның ішінде Елбасына, телефон соқты. Әңгіме кезінде мемлекеттердің басшылары екі жақты стратегиялық ынтымақтастықтың жағдайы мен болашақ көкжиектерін талқылады. Б.Обама Қазақстанға жақын арада сапармен келуге ниетті екендігін білдірді. 2009 ж. 2-6 ақпанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Саудабаев АҚШ-та жұмыс сапарымен болды. Американдық тараптың шақыруымен Мемлекеттік хатшы дұғалы ұлттық таңертеңгілік асқа қатысты.

2009 ж. 7 сәуірде ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев Стамбұл қаласында өткен Өркениеттер Альянсының II форумы шеңберінде АҚШ Президенті Б.Обамамен кездесті. Қ-Ж.Тоқаев американдық басшыны ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан аумағында бейбіт бағдарламаларында пайдалану үшін Халықаралық атомдық энергетика агенттігінің бақылауындағы ядролық отын банкін орналастыруға дайындығы жөніндегі мәлімдемесі туралы хабардар етті. Сонымен қатар, кездесу барысында Б.Обамаға ҚР Президенті Н.Назарбаевтың елімізге ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды.

Американдық Президент Қазақстан басшысының тұлғасына шынайы құрметпен қарайтындығын, онымен іскери байланыстарын жоғары бағалайтындығын және телефон арқылы әңгімен барысында қол жеткізген өзара уағдаластықтары жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеуге дайын екендігін ерекше атап көрсетті. «Қазақстанмен қарым-қатынастар стратегиялық сипатта» екенін тілге тиек еткен Б.Обама Орталық Азия аймағына турне жоспарлап отырғанын және сол сапарда алдымен «АҚШ-тың досы мен сенімді әріптесі» саналатын Қазақстанға келетіндігін жеткізді. 2009 ж. 3-5 мамыр аралығында ҚР Сыртқы істер министрі М.Тәжиннің АҚШ-қа іс-сапары өтті. Ол АҚШ Мемлекет Хатшысы Х.Клинтонмен, АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөнінде кеңесшісі Дж.Джонспен және АҚШ Энергетика министрі С.Чумен кездесулер өткізді. 2009 ж. 9-10 маусым аралығында Астана қаласына АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары У.Бернс бастаған американдық делегацияның сапары өткізілді. У.Бернс ҚР Президенті Н.Назарбаевпен, Премьер-Министрі К.Мәсімовпен және Сыртқы істер министрі М.Тәжинмен кездесулер өткізді.