Қазақстандағы негізгі өнеркәсіп салаларының дамуы туралы қазақша реферат. Қазақстанда өндірістің дамуында келелі өзгерістер 1940 жылдан бастап көріне бастады. Басты кезекте оған тиек болған «А» тобының дамуы болды, сонымен қатар өте биік дәрежеде өскен электр саласы (200-ден аса есе), металл өңдеу (150 есе), химия саласы (130 есе) қарқынды дамып, республикадағы өндірістің кешенді өсіп, іргетасының қалануына себеп болды [17].
Қарағандының көмір бассейні туралы 1933 жылғы Орталық Комитетке берілген есепте: Есептегі жыл бойында тресте барлығы 7 кен орнына біріктірілген 20 шахта жұмыс істеді. Олардың ішінде 13-і ғана тазаланған көмір берді, қалғандары күрделі жұмыстың нәтижесінде берді немесе мүлдем бере алған жоқ.Осы берілгенмәліметтер әлі де болса техникалық жабдықтаудың төмен екендігін көрсетті. Техникалық жағынан қайта жабдықтау, желдеткіштердің орнатылуы, шахта ішінде жүретін транспорттың кешенді құрылуы еңбек өнімділігін арттырып, 1941 жылы көмірдің өндірілуі жылына 7 млн. тоннаға жетті. Осы кезеңде Қарағанды көмір бассейіні елдің экономикасын көтеруде үлкен рөл атқарды. Қарағандының көмірін Оралға, Орта Повальжеге, Орынборға, Куйбышев облысына, Башқұртстанға шығарылды, Қарағандының кокстелген көмірін Магнитогорскінің комбинаты пайдаланды. 1937 жылы Қарағанды көмірінің 1 тоннасы 7 сом болды. [18] Бірінші бесжылдыққа дейін негізгі мұнай өндіру орталығы болған Доссор мен Мақат елді мекені болды, бірақ барлау жұмыстары жүргізіліп жатты. Доссорда өндірілген мұнай екі құбыр арқылы теңіз жағасында орналасқан Ракуша станциясына айдалды. Бұл жерде 9 миллион пұт мұнай құйылатын қойма бар. Одан әрі мұнай ұзындығы 15 шақырым мұнай құбыры арқылы тереңдетіп отырғызылған кемеге жеткізілді. Бұл процесс өте қымбатқа түсті, сондықтан Орал өзенінің сағасынан Гурьевке келетін жағдай жасап, темір жол салу туралы ұсыныстар жасала бастады [19]. Ембінің мұнайын өңдеу дәл қазіргі уақытта Волга бойындағы зауыт трестерінде: Ярославль қаласына жақын жердегі Константиновскіде, Новгородқа жақын жердегі Варинскіде өңделеді. Константиновскідегі зауытқа 1926-1927 жылдары жаңа, қуаттылығы 12 миллион пұт, Варинскіде қуаттылығы 8 миллион пұт керосинді батарея орнатылған. Осылайша Ембі мұнай зауыты 1928-1929 жылдың соңында жылына 20 миллион пұт мұнай өндіре алады. Ембі ауданның жағдайы туралы Ф.И.Голощекинге өнеркәсіп комитетінен мынадай мәлімет жіберілген: Орал, Ембі ауданданындағы 1928-1933 жылдардағы терең барлау бұрғылау жұмыстарының көлемі 1928-1929 жылмен салыстырғанда, бұрғыланатын жер көлемі ұлғайтылып, барлау белсенді жүргізілген [20]. Түсті металлургия саласын дамытуда алғашқы кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени артта қалуынан көп қиыншылықтарға кездесті. Оның бір мысалы ретінде Риддерді алуға болады: 1932 жылы Риддердің тау-кен шаруашылығы апат жағдайына жетті. Риддердің кен байыту фабрикасы 50% өнім шығаратын дәрежеде ғана жұмыс істеп тұрды. Фабриканың құрал-жабдықтарының 1 бөлігі әбден ескірді. Кен байыту процесі өте төмен сапаны көрсетті және металл бөліп алу көлемі де төмендеді[21]. Ащысайдағы полиметалл комбинаты іске қосылып жатқан жылдарда елдегі ең ірі Шымкент қорғасын зауытының құрылысы басталды. 1934ж қаңтар айында зауыт іске қосылды. Шымкент қорғасын зауытын аз уақыт ішінде іске қосып, өндірісті жоғары механикаландырылған жабдықтармен қамтамасыз етіп үлгерді. Мысалы, 16,5м2 жерді алып турған ені 1,5метр машиналарға дүние жүзінде бірде-бір қорғасын зауытында тең келетіні болмады. Өзі сияқты отандық өндірістердің ішінде Шымкент қорғасын зауыты алдыңғы орындарды иеленді.
1929-1930 жылдары елдегі ең ірі мыс орны – Қоңырат кені ашылып, іске қосылды және өте үлкен кен орны мен кеннің аса терең емес жерде орналасуы оны ашық түрде алуға мүмкіндік берді, сонымен бірге Балқаштағы мыс қорыту зауытын салудың негізі болды. Бұл кенді 1929-1930 жылдары геолог М.П.Русаков ашқан. Алғашында бұл кен орнының қоры 350000 тонна деп анықталған. Басқа кен орындарынан Қоңырат кен көзінің жұпынылығымен ерекшеленді [22].
1940 жылы аса маңызды бай ресурстарды игерудің көзі болған Жезқазған комбинаты іске қосылды. Риддер комбинатында металл өндіру қолға алынып, Зырянов комбинатын кеңейтті, 1938 жылы ұзақ жылдар бойғы құрылыс жұмысы мен қайта салулардан кейін Ертіс мыс қорыту зауыты іске қосылып, Березов кенішінің қуаттылығы кеңейді.
Қазақстан сирек кездесетін металл жағынан КСРО-да: хромнан І орын, никельден ІІ орын, марганецтен ІІІ орын, вольфрамнан IV орын, молибден, мышьяктан біршама қоры бар. Бұрынғы артта қалған аудандарда түсті металлургия өндірістерінің салынуы Қазақстандағы терең әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың іске асуына негіз болды және жаңа өндірістік, мәдени орталықтардың өсуіне, жұмысшы табының қалыптасуына, техникалық интелегенцияның пайда болуына себеп болды. Қазақстан өнеркәсібінің барлық негізгі өндірістік қоры 1932-1939 жарты жылдық аралығында 322 есе өсті. Алматыда, Семейде, Шымкентте тағы басқа қалаларда бірнеше кірпіш зауыты, алғашқы тігін, аяқ киім фабрикалары, тері, қант, жеміс, ет зауыттары мен комбинаттары, Балхаш пен Шымкентте мыс және қорғасын зауыттары салынды. Бірақ олар Қазақстанға индустриялы елдің кейпін беруі үшін металл балқытатын өнеркәсіптер ғана емес, ауыр өнеркәсіптік машиналар, неше түрлі приборлар және күрделі технологиялық жабдықтар жасайтын орындарда болуы керек еді. Мұндай өнеркәсіп орындары Қазақстанда Ұлы Отан соғысы жылдарында ғана батыстан шығысқа өнеркәсіпті көшірумен байланысты амалсыздан пайда бола бастады. Оның өзінде олар негізінен қару-жарақ жасайтын кәсіпорындар ретінде пайда болды.
Халық шаруашылығы комиссариатының химия өнеркәсібін дамыту жоспары бойынша: «Ақтөбеде комбинат салу, Қандыағаш станциясында фосфор руднигінен кен шығару, 1931 жылы Ақтөбеде жылына 200 тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы зауыты мен 40 тонна перецемитат өндіретін цех салу қолға алынды».
Қазақстанда құрылыс материалдарын жасайтын өндіріс құру Кеңес үкіметі кезінде жүзеге асты. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында құрылыс материалдары көбейтуді еш қажет деп есептемеді. Индустриаландырудың бас кезінде барлығы небәрі 3 кірпіш зауыты жұмыс істеді. Қазақстанда құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарын салуды ұйымдастыру 1931 жылдан басталды. Ірі кірпіш зауытының құрылысы Алматыда, Шымкентте, Петропавлскіде, Семейде және басқада қалаларда шикізатты дайындайтын механикалық пресс орнату мен кірпішті күйдіретін сақиналы пештерді салудан басталды. Содан кейін әк, гипс және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын өндірістер салынды. 1935 жылдың өзінде 50 кірпіш, 30 алебастр, 30 әк, 14 қамыс дайындайтын зауыт жұмыс істеді. 1939 жылы кірпіш шығару 1932 жылмен салыстырғанда 4 есе, ағаш өңдейтін өндірістердің қуаттылығы 2,7 есеге өсті [23].
Осылайша Қазақстан өнеркәсібінің отарлық дәуірде негізі қаланып, кейін жалғастырылған бір жақты дамуы тарихта ізін қалдырмай қойған жоқ. Елдің өндіріс ошақтарының барлығы тікелей Орталыққа бағынышты болды. Соғысқа дейінгі кезеңде Қазақстанда негізгі транспортқа енген үлкен тасымалдау жүйесі құрылды. Темір жолдардың, су жолдарының, автокөлік, әуе және тағы да басқа транспорт жолдарының өзара байланысы мен әрекеті өсіп келе жатқан халық шаруашылығы мен халықты тасымалдауды қамтамасыз етуге тиіс болды. Темір жол транспорты өндірістік құрылымның аса маңызды салаларының бірі болды және халық шаруашылығының дамуы онымен тікелей байланысты еді. Түрксібтің салынуы, Рубцовск-Защита-Риддер темір жолының үнемі пайдалануға берілуі, Гурьев-Қандыағаш желісі, жол төсеніштерінің жасалуы, әуе, су жолы өнеркәсіптің өркендеуіне жол ашты. Ал бұл өз кезегінде жұмысшы санының өсуіне себеп болды. Бірақ жергілікті ұлттан кадрлар дайындау мәселесі ұзақ уақыт бойы күн тәртібінен түскен жоқ.