Қазақстан тарихының тәрбиелiк мүмкiндiгiн жүзеге асырудың әдiстемелiк жолдары

Тарих пәнiнiң мектеп оқушыларына жан-жақты тәрбие беруде ерекше орын алатынына қарамастан, кейiнгi 15–20 жылдан берi пәннiң тәрбиелiк маңызы бiршама әлсiредi. Оның да себептерi бар. Оқыту үрдiсiне техникалық құралдардың көптеп енгiзiлуi, сабақта оқушылардың ойлау қызметiнiң дамуына айрықша көңiл бөлiнуiмен ( мұғалiмнiң шамасы келсе де, келмесе де) әуестенушiлiк, оның үстiне кейiнгi оншақты жылда оқыту үрдiсiндегi тәрбие мәселесiне бiрқатар өзгерiстердiң енгiзiлуi сияқты басқа да жаңалықтар ғылым негiздерiн оқытып үйрету барысындағы тәрбиенiң рөлiн бiраз кемiттi. Мұның қаншалықты залалы болғаны қазiр баршаға аян. Қоғамымыздағы қылмыстың, заңсыздықтың белең алып отырғаны мектепте тәрбиелеу сияқты маңызды мәселеге, әсiресе, тарих және басқа да қоғамдық-гуманитарлық пәндердiң тәрбиелеушiлiк мүмкiндiгiн толық пайдалануға көңiл бөлiнбедi деген сөз.

Тарих курстарының, демек, Қазақстан тарихының да сабақтарында оқытылатын тарихи материалдың бәрi дерлiк тәрбиелiк мақсатқа пайдалануға қолайлы. Өйткенi тарих адамзаттың басынан өткiзген тарихи-мәдени тәжiрибесiн, алдымен құндылықтарын оқытып үйретудi мақсат етедi.

Қазақстан тарихының барлық сабақтарының алдына белгiлi бiр тәрбиелiк мiндет қойылады десек, мұның өзi тарихшы мұғалiмге үлкен жауапкершiлiк жүктеледi деген сөз.

Қазақстан Республикасы азаматтарын тәрбиелеу мәселесi қазiргiдей мемлекеттiк деңгейде қолға алынып отырғанда, бұл iсте мектеп шешушi орын алатыны белгiлi. Бұған барлық пәндер үлес қосуға мiндеттi.

Мұндай маңызды мiндеттi ойдағыдай орындау, әрине, алдын ала дайындықты талап етедi. Ол үшiн мұғалiм өзi сабақ беретiн сыныбы анықталысымен, сонда оқытылатын тарих курстарының Мемлекеттiк бiлiм стандартымен, оқу бағдарламаларымен, оқулықтарымен, оқу-әдiстемелiк кешенiмен, басқа да құралдармен танысуы тиiс. Егер де сол сыныптағы тарих курсын оқыту туралы әдiстемелiк құрал болса, онда мiндеттi түрде курсты оқытудағы тәрбиелiк мiндеттердi жүзеге асырудың әдiстемелiк жолдары немесе жеке сабақтардың тәрбиелiк мiндеттерiн жүзеге асырудың әдiстемесi қарастырылады. Бұл құралдармен де жақсылап танысып алу қажет. Сабақтың тәрбиелiк мiндетiн толық жүзеге асыру үшiн мұғалiмге қосымша материалдар пайдалануға тура келедi. Келесi жұмыс– қандай тақырыптарды өткенде қандай қосымша материал қажеттiгiн анықтап, оларды күнтiзбелiк жоспар жасағанда арнайы бағанада қөрсетiп қою.

Ең негiзгi жұмыс жеке сабақ жоспарларын жасағанда және сабақты ұйымдастырып өткiзгенде жүзеге асады. Сабақтың тәрбиелiк мiндетiн анықтау өтiлетiн тақырыптың мазмұнына байланысты. Кейбiр сабақта тарихтың бiрнеше жағы: мәселен, қоғамдық-саяси, әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар, ал ұлт-азаттық қозғалыс болса азаттық, тәуелсiздiк жолындағы күрес, жеке қайраткерлердiң қызметi баяндалады. Мұғалiм сабақтың тәрбиелiк мiндетiн анықтағаннан кейiн, оқулықта берiлген материалды саралап, оның сол өткелi отырған сабақтың тәрбиелiк мiндетiн қаншалықты жүзеге асыруға жеткiлiктiгiн шамалайды. Егер оқу материалы жеткiлiксiз болса, онда қосымша материалды қарастырады, оны негiзгi оқу материалының қай кезеңiнде, қай әдiс, тәсiлдiң көмегiмен пайдаланатынын белгiлейдi. Қазақстан тарихыан қосымша материалдың жеткiлiктi екенiн мұғалiмдер жақсы бiледi.

Тарих сабағында оқушыларды тәрбиелеудiң арнайы немесе ерекше әдiсi жоқ. Негiзiнен, бұрыннан белгiлi оқыту әдiс-тәсiлдерi: әңгiме, баяндау, әңгiмелесу; картаны, түрлi көрнектi құралдарды, тарихи көркем әдебиеттi, тарихи құжаттарды, өлке материалын пайдалану; интерактивтi әдiстер, оқулықпен, мерзiмдi баспасөз материалымен жұмыс iстеу сияқтылар пайдаланылады. Оқушылардың өздiгiнше атқаратын жұмыстарын ұйымдастырып, өздерiне тәрбиелiк мәнi бар қорытындылар жасату да тиiмдi.

Осы және басқа да әдiс, тәсiлдердi тәрбиелiк мақсатқа пайдалануға қойылатын негiзгi талап – қолданған әдiсiмiз оқушылардың жүрегiне, сезiмiне, iшкi жан-дүниесiне әсер етуi, оларды толғандырып, тебiрентуi, олар өздерiн сол баяндалып тұрған оқиғаға қатысып жүргендей сезiнуi тиiс. Өтiлiп жатқан тарихи фактiнiң, құбылыстың мазмұн-сипатына қарай оқушылар көңiлденiп, шаттанып, оларда мақтаныш сезiмi байқалса немесе олардың қамығып, ренжiп, дұшпанға, шапқыншыға деген жек көру, тiптi, кек алу сезiмi пайда болса ғана мұғалiмнiң тәрбиелiк мақсатта қолданған әдiс-тәсiлдерi нәтиже бердi деуге болады. Өйткенi мұғалiмнiң майын тамыза айтқан әңгiмесi, тарихи романнан оқылған, баспасөзден пайдаланылған үзiндiлерi, мұғалiм әңгiмесi бойынша экранда өтiп жатқан кадрлар, сәулеттi ғимаратты суреттеп, сипаттаған көркем сөз, оқушылардың белгiлi тарихи құжатпен өздiгiнше жұмыс iстеп, өздерiнше баға берiп, қорытынды жасауы, ақын-жыраулар, ауыз әдебиетi шығармаларынан келтiрiлген үзiндiлер, қайраткерлердiң, ғалымдардың үнтаспа арқылы берiлген жiгерлi сөздерi, т.б. оқушыларға әсер етедi, оларда терең iз қалдырады, оның үстiне осындай әдiс-тәсiлдердiң көмегiмен түсiндiрiлген тарихи материал оқушылардың есiнде берiк сақталады.

Осы тарауда оның соңғы параграфында айтылғандай күнделiктi оқытылатын тарихи материалды алдын-ала, әрi қажеттi дайындықпен тәрбиелiк мақсатқа тиiмдi пайдалансақ, жұмысымыз нәтижелi болады. Мұғалiм шәкiртiмен тығыз ынтымақтастық қатынас орнатса, олардың жүрiс-тұрысын, мiнез-құлқын, бiлiмнiң өсуiн, т.б. ерекшелiктерiн үнемi назарда ұстаса, шәкiрттерiнiң тәрбиесiнде болып жатқан өзгерiстердi өзi де байқайды. Ұстаз бұдан тиiстi қорытынды жасай отырып, өзiнiң осы бағытта жүргiзiп жатқан жұмыстарын одан әрi жетiлдiре түседi.

Дәл қазiр мектепте тарихтан сабақ беретiн тарихшы мұғалiмдi қоғам қайраткерi десе артық емес. Өйткенi бiр мұғалiмнiң алдынан бiр оқу жылында 200–250 оқушы өтедi. Ал елiмiзде жиырма мыңға жуық тарихшы мұғалiм бар екенiн ескерсек, олардан қаншама мыңдаған жастар тәрбие алады. Бұл жастар – қоғамның болашақ құрылысшылары. Қоғамның тағдыры солардың қолында. Ендеше жас ұрпақты заман талабына сай тәрбиелi етiп дайындау – аса маңызды мiндет. Ұлы ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқандай тәрбиесiз бiлiм адамзат жинаған құндылыққа зиянын тигiзедi. Жоғарыда айтылған, маңызды мiндеттi орындауға тарихшы мұғалiм қомақты үлес қоса алады. Өйткенi ол бүкiл адамзат жинаған өркениеттi оқытып үйретедi.

Тотай ТҰРЛЫҒҰЛ,

педагогика ғылымының докторы,

профессор

«Қазақ тарихы» журналы № 1, 20