Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіне шолу

Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіне шолу туралы қазақша реферат

Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың басты принципі еркін сайлау және референдум арқылы жүзеге асырылатынын, ал, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екендігін белгілейді.

1998 жылғы 30 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә. Назарбавтың халыққа Жолдауындағы саяси реформалар және демократиялық қоғам бағдарламасында айтылғандай: «Кез келген демократияның ашық және әділ сайлау болуы, оның негізгі діңгегі. Дәл осы рөлді олар біздің демократияда қолдану керек. Бідің мақсатымыз айқын болуы керек: яғни алдынғы болатын сайлаулар ашық және әділ жүргізілуі керек. Демократия әрқашан даму процессінде болуы керек»[10, 3 б.].

Кеңестік жүйенің ыдырауына байланысты посткеңестік республикалар саяси жүйенің қайта құрылу үдерісінде мемлекеттік билікті еркін қалыптастыру мүмкіндіктеріне ие болды. Осыған сәйкес, біздің еліміз де тәуелсіздік алғаннан бері демократиялану үдерісінде жедел дамуда. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Декларацияда «халық егемендiктiң бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк билiктiң қайнар көзi, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негiзiнде тiкелей де, сондай-ақ өзi сайлайтын мемлекеттiк органдар арқылы да мемлекеттiк өкiмет билiгiн жүзеге асырады» [11]-деп айқын көрсетiлген. Сөйтіп, демократиялық қоғамның кепілі ретінде халық өкілді билікті қалыптастыруда ерекше орынға ие болды.

Яғни, әр азаматтың мемлекеттік билікті қалыптастыру арқылы елінің, өзінің және ұрпағының өміріне әсер ете алуына деген сенімнің қалыптасуы маңызды екені белгілі. Сөйтіп, тәуелсіз мемлекетіміз демократиялық даму стратегиясына сәйкес қарыштап, әртүрлі демократиялық модельдерді салыстыра отырып, тиімдісін таңдау негізінде жүзеге асыруға бағытталып отыр деуге негіз бар. Оған дәлел ретінде Президентіміздің «Қазақстанды батыс демократиясының дәстүрлері мен қағидаттарына және Оңтүстік Шығыс Азияның іргелі мемлекеттерінің тәжірибесіне, біздің көпұлтты және көпдінді халқымыздың дәстүрлеріне сәйкес одан әрі демократияландыру» [12]-деп анықтауынан-ақ түпкі мақсатымыз нақты көрініс тапқан. Ол жол –  халқымыздың өкілді билікті қалыптастырудағы басты рөлі.

Мемлекетіміздің даму жолына сәйкес сайлау жүйесі де уақыт талаптарына сәйкес дамып келеді. Ел басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент палаталарының 2007 жылғы 16 мамырдағы бірлескен отырысында мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңдерін:

«1991-1995 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде дезинтеграция үдерісі еңсерілді, Қазақстан мемлекеттігінің іргетасы қаланды.

1995-2000 жылдар аралығындағы екінші кезеңде қазіргі заманғы демократиялық институттар және жаңа саяси мәдениет қалыптасты.

2001-2007 жылдар аралығындағы үшінші кезеңде әлеуметтік-экономикалық серпін қамтамасыз етілді» деп көрсетті [13]. Осы атап өтілген кезеңдерде Қазақстан мемлекетінің сайлау жүйесі де эволюциялық даму жолымен ілгеріледі. Жүйелі трансформация жүріп жатқан біздің елде демократиялық талаптарға сәйкес әділ және таза сайлау мүмкіншіліктері жолға қойылуда.

Қазақстанда сайлауларды және референдумдарды өткізудің ережелері, рәсімдері мен негізгі ұстанымдары ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен, Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңымен, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының қаулыларымен белгіленеді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында Қазақстан азаматтары тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқылы делінген. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматттардың  сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасында сайлау азаматтардың өзінің сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделген. Бұл ретте Президентті, Парламен Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Республика Парламеті Сенатының депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі.

Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті болып табылады. Азаматтарды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжібүрлеуге, сондай-ақ оның ерік білдіруін шектеуге ешкімнің құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасында Президентті және Парламент депутаттарын сайлау кезінде мынадай сайлау жүйесі қолданылады:

— дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) елу пайыздан астамының дауысын алған;

— қайта дауыс беру кезінде бірден-бір кандидат дауысқа түскен жағдайда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар (таңдаушылар) санының елу пайыздан астамының дауысын алған кандидат болып сайланады;

— қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) дауыс санының көпшілігін алған.

Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде дауыс санаудың мынадай жүйесi қолданылады:

— дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайыздан астамының дауысын алған, ал қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн алған кандидат сайланған болып саналады;

— егер сайлауда бiр кандидат дауысқа түскен жағдайда оның кандидатурасы үшiн дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемiнде елу пайызы дауыс берсе, ол сайланған болып саналады.

Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде дауыс санаудың мынадай жүйесi қолданылады:

— басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшiлiгi жақтап дауыс берген кандидаттар сайланған болып саналады.

     Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы. Сайлау құқығы термині заң әдебиетінде субъективті және объективті мағынада қолданылады. Субъективті мағынада сайлау құқығы жеке азаматтың мемлекеттік орган немесе қызмет иесіндегі адамның сайлауға қатысуын білдіреді. Ал объективті мағынасын алсақ, ол Ата-заң құқығының маңызды институттарының бірі болып саналады. Бұл институт мемлекеттің өкілдік органдар мен қызмет иесі адамдарды сайлауға қатысуды, бұл сайлауды ұйымдастыруды және де сайлаушылар мен депутаттар арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардан құралады.

Сайлау құқығы екі түрлі субъективтік құқықтарға бөлінеді:

–біріншіден, сайлауға қатысу құқығы (дауыс құқығы, сайлау құқығы), яғни белсенді сайлау құқығы;

-екіншіден, мемлекет азаматтарының қандай да бір өкілдік органына мүше болып сайлану құқығы, яғни бәсең сайлау құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасы Президенті, ҚР Парламентінің, мәслихатының депутуты немесе жергілікті өзін-өзі басқару органыны мүше болып сайлану құқығы (ҚР сайлау туралы заң 1999 ж. 4-бап, 2- пункт)[14, 3 б.].

Қазақстан Республикасының конституциялық заңының 4-бап 1-пунктіде жазылған: «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауға дауыс беруге қатысу құқығы».

Француз ғалымы М. Дюверженің пікірі бойынша «жалпыға бірдей сайлау құқығы – бұл қабілеттіліктер мен мүлікке байланысты шарттарға шек қойылмаған сайлау жүйесі»[15, 89 б.]. Бірақ та бұл идеалистік түсінік мемлекеттердің көбісі қолдамайды. Өйткені кез келген мемлекетте сайлау бойынша қандай да бір шектеулер бар. Мысалы, Қазақстан Республикасы заңына сәйкес 18 жасқа толмаған, сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Демократияны құру жолындағы мемлекеттер азаматтардың сайлау құқығын шектейтін әр түрлі цензалар кеңінен қолданады. Бұл цензалардың көбісі тарихи, дәстүрлі түрінде қалыптасты.

Тұрғылықты жер цензасы бойынша АҚШ және Австралияда белсенді сайлау құқығын алу үшін бір ай бойы сайлау округінде тұру жеткілікті болса, Индияда – 180 күн, Канадада – бір жыл, Норвегияда – бес жыл, Тайландта – 20 жылдан кем емес тұру қажет.

Қазіргі кезде жыныс цензі өте сирек кездеседі (Кувейтте ғана әйелдерде дауыс беру құқығы жоқ), бірақ Еуропада кейбір оқиғалар кездеседі, әйел адам сайлау құқықтарын жүзеге асыра алмайды. Мысалы, 1991 жылы Швейцария Жоғары Соты Аппенцель – Иннерроден деген жартылай кантонды, яғни кантон деңгейінде әйелдерге сайлау құқығын беру туралы шешім қабылдады. Тек 2002 жылы ғана әйелдер жергілікті сайлауға  қатыса алды.

Біздің мемлекетіміздің заңында бәсең сайлау құқығының да шектеулері бар:

–       ҚР Ата-заңының 41-бап 2-пунктіге сәйкес Қазақстанда 15 жылдан кем емес тұратын және мемлекеттік тілді жетік білетін , 40 жастан аспайтын, Республика азаматы Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алады;

–       ҚР Ата-заңының 51-бап 2-пунктіге сәйкес кемінде 3 жыл республикалық мәні бар қалада немесе республиканың астанасында тұрған, тиісті облыстың аймағында әрдайым тұратын, жоғары білімі және ең кемінде 5 жыл қызмет істеу стажы бар, отыз жылға толған, бес жылдан кем емес азаматтықта болатын Қазақстан Республикасы азаматы Сенаттың депутаты бола алады[16, 12,17 бб.].

–       «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңы  4-бап 4-пунктіге сәйкес Қазақстан Республикасы Президенттігіне Қазақстан Республикасы Парламентінің, соның ішінде партиялық тізімдер бойынша, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат ретінде:

1)  Тіркелу алдындағы бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық тұрғысында құқық бұзғаны үшін тәртіптік жауапқа тартылған;

2)  тіркелу алдындағы бір жыл ішінде қасақана қылмыстық құқық бұзушылығы                үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

3) тіркелу уақытына қарай соттылығы өтелмеген немесе заңда белгіленген        тәртіп бойынша алып тасталмаған адамды тіркеуге болмайды[14, 3 б.].

Қазақстанда орнатылған бәсең сайлау құқығының жас бойынша шектеулер антидемократиялық шаралар емес. Мұндай шектеулер әлемнің көп елдерінде кеңінен қолданыс табуда. Сайланған кандидат мемлекеттік масштабында шешімдерді қабылдауға нақты әсерін тигізу қажет.

Тең сайлау құқығы сайлаушылар Республика Президенті, Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттары сайлауына, сондай-ақ Республиканың жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға тең негіздерде қатысады әрі олардың әрқайсысының бір сайлау бюллетеніне тиісінше бір дауысы болады дегенді білдіреді.

Төте сайлау құқығы бойынша Республика Президентін, Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін азаматтар тікелей сайлайды.

Жасырын дауыс беру принципі Республика Президентін, Парламентінің және мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда жасырын дауыс беріледі әрі сайлаушылардың еркін білдіруіне қандайда болсын бақылау жасау мүмкіндігіне жол берілмейді дегенді білдіреді. Сондықтан кейбір елдерде жасырын дауыс беруді қамтамасыз етудің әр түрлі әдістері болады. Мысалы, ең көп таралатын әдіс – бюллетень арқылы дауыс беру; сайлаушы арнайы бөлінген үй-жайда бюллетеньде белгілеп сайлау жәшігіне салады[14].

Көп елдерде жасырын дауыс беру принципін бірден танымамады. Францияда бұл принципті 1789 жылы орнатты, бірақ іс-жүзінде 1871 жылдан бастап қолдана бастады. Англияда жасырын дауыс беруге 1872 жылы Гладстон реформасынан кейін ғана көшті, ал сол уақытқа дейін ашық немесе ауызша дауыс беру сайлауы өткізілді.

Біздің елімізге келсек, қазақ хандарды, билерді және әскери басшыларын сайлау процедурасы көп зерттелмеді, бірақ орта ғасырларда жоғары қызметтік адамдарды сайлау кезінде арнайы белгіленген  жауынгерлер иыққа салатын дорбалармен бірге ауылдарды аралап шығып сол дорбаларға таңдаушылар өзінің таңдаған адамдарының белгілерін салды. Бұны біз бізге жеткен ақсақалдардың әңгімелерінен білеміз. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз да сайлау құқығының жалпы демократиялық принциптерін пайдаланғанын көруге болады

     Сайлау органдары. Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады.

Сайлау комиссияларға Республиканың Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары, округтiк сайлау комиссиялары, учаскелiк сайлау комиссиялары кіреді.Әрбір сайлау органының өз өкілеттілігі бар. Біз тек қана Республиканың Орталық сайлау комиссиясының өкілеттігіне тоқталатын боламыз.

Орталық сайлау комиссиясының қысқаша тарихына шолу жасайық. Қазақ ССР-і депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен 25 адамнан құрылған болатын.
1989 жылғы 18 қазанда Қазақ ССР-і депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясы аппаратының құрамы бекітілді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысына сәйкес Ортсайлауком аппараты 7 адамнан құралды.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 28 маусымда Қазақ ССР-і депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясы құрамына өзгерістер енгізді.
1993 жылғы 8 желтоқсан күні Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясын сайлау туралы» қаулысы қабылданды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Жоғарғы Кеңес сайлады.
Осы жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереже бекітілді.
1995 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы» Жарлығы қабылданды. Орталық сайлау комиссиясының отставкаға кету туралы өтінішін қарай келе, Орталық сайлау комиссиясының бүкіл құрамын қызметтен босату туралы шешім қабылданды.
1995 жылғы 25 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрамы бекітілді.
1996 жылғы 11 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Орталық сайлау комиссиясы туралы жаңа Ереже бекітілді.
2007 жылғы конституциялық реформаға дейін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Төрағасын, Төрағаның орынбасарын және мүшелерін Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша сайлау Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің айрықша құзіретіне жататын.
Қазіргі кезде қолданыстағы Конституцияға сәйкес Орталық сайлау комиссиясын қалыптастырудың келесі тәртібі қолданылады:
• Ортсайлаукомның Төрағасы мен екі мүшесін бес жыл мерзімге Қазақстан республикасының Президенті тағайындайды;
• Ортсайлаукомның екі мүшесін бес жыл мерзімге Парламент Сенаты тағайындайды;
• Ортсайлаукомның екі мүшесін бес жыл мерзімге Парламент Мәжілісі тағайындайды[17, 7 б.].

Орталық сайлау комиссиясы Республика сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiне басшылық етедi және тұрақты жұмыс iстейтiн орган болып табылады. Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңының 12-бапқа сәйкес Орталық сайлау комиссиясының өкілеттіктері:

1) Республиканың аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады; олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi; өзiнiң құзыретi шегiнде бүкiл Республика аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды;

2) Президент пен Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастырады; Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткiзуге басшылық етедi;

2-1) саяси партияларды Парламент Мәжiлiсi депутаттарының партиялық тiзiм бойынша сайланатын бөлiгiне қатыстыру мәселесiн қарайды;

3) Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарының сайлау жөнiндегi сайлау округтерiн құрып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

3-1) облыстар (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) әкiмдерiнiң ұсынуы бойынша аумақтық округтiк сайлау комиссияларын құрады;

4) сайлау науқанын өткiзуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлi сметасын жасап, Республика үкiметiне ұсынады;

5) Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау комиссияларына басшылықты жүзеге асырады; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және тоқтата тұрады; республикалық бюджеттiң сайлау науқанын өткiзуге арнап бөлiнген қаражатын олардың арасында бөледi; сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдайлар жасалуын бақылайды; аумақтық және округтiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен iс-әрекетiне түскен арыздар мен шағымдарды қарайды; саяси партиялардың өкiлдерiмен сайлауды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде семинарлар өткiзедi;

6) Президенттi сайлау жөнiнде дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысаны мен мәтiнiн, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiнде дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысанын, оларды жасау тәртiбiн, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiнiң, Президенттiкке кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинауға және Сенаттың депутаттығына кандидаттарды қолдайтын таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарының, өзге сайлау қҗжаттарының нысандарын, дауыс беруге арналған жәшiктер мен сайлау комиссиялары мөрлерiнiң үлгiлерiн, сайлау құжаттарын сақтау тәртiбiн белгiлейдi; Президенттi және Парламент мәжiлiсi депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау бюллетеньдерiн дайындауды қамтамасыз етедi;

7) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есебiн, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы;

8) Республика Президенттiгiне кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдары мен бастамашыл топтарын тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi, кандидаттарды тiркеу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;

9) Президенттi және Парламент депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау алдындағы науқанның барысы туралы сайлаушыларды хабарландырып отырады;

10) Республика бойынша тұтас алғанда Президенттi және Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарады, сайланған Президенттi және Парламенттiң депутаттарын тiркейдi, бұл туралы бұқаралық ақпарат қҗралдарында хабар жариялайды;

11) Президент сайлауы кезiнде қайта дауыс беру мен қайта сайлауды тағайындайды және өткiзiлуiн ұйымдастырады;

12) Парламент депутаттарының қайта сайлауын тағайындайды;

13) шығып қалғандардың орнына Парламент депутаттарының сайлауын тағайындайды;

14) мәслихаттардың кезектi және кезектен тыс сайлауын тағайындайды;

15) мәслихаттар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауды ұйымдастыру мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты және олардың қызметiне бақылауды жүзеге асырады;

16) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс халқының мөлшерiне сәйкес олардан Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттарға сайланатын депутаттардың санын анықтайды;

17) Республика заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады[14, 5 б.].

     Сайлау округтерi мен учаскелерi. Қазақстан Республикасында Парламент Мәжiлiсiнiң және мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде аумақтық сайлау округтерiнiң жүйесi құрылып, пайдаланады. Сайлау округтерi Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi және сайлаушылардың мөлшермен бiрдей саны болуы ескерiлiп құрылады. Бұл ретте облыс шегiндегi, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасындағы сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмасы жиырма бес проценттен аспауға тиiс.

Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады. Парламент Мәжiлiсiнiң және мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде  бiр мандаттық аумақтық сайлау округтерi құрылады. Ал Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.

Сайлау округтерiн тиiсiнше Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары құрады.

Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар ескеріле отырып құрылады:

1) Әрбiр сайлау учаскесiнде сайлаушылардың үш мыңнан аспауы керек;

2) Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы қажет;

3) сайлау округтерiнiң шекаралары мен сайлау учаскелерi шекараларының қиылысып кетуiне жол берiлмеуi ескерiле отырып құрылады[14].     

 

Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi.Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сайлаушылар тiзiмiн учаскелiк сайлау комиссиялары әрбiр сайлау учаскесi бойынша жасап, оған учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (18 жастағылар үшiн — қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi.

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңының 25-бап 1-пунктіге сәйкес:

1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:

1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;

2) тұрғылықты жерi бойынша тiзiмдердi жасаған кезде тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын азаматтар;

3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторы мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бірi;

4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;

5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген ірi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шетелдерде жеке шақыру бойынша қызметтiк, iскерлiк және туристiк сапарларда жүрген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссияларына өтiнiш айтқан ірi Республика азаматының жарамды шетелдiк паспорты болған жағдайда сайлаушылардың қосымша тiзiмiне енгiзiледi[14, 9 б.].

                             

      Дауыс беру тәртiбi. Қазақстан Республикасында кандидатты сайлау бюллетень арқылы іске асырылады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, сайлау бюллетенi – жасырын дауыс берудің бір әдісі. Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңының 37-бапқа сәйкес:

1. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргiзедi. Жеребе тартуды өткiзудiң тәртiбiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

2. Сайлау бюллетеньдерi қазақ тiлiнде және орыс тiлiнде не округтiң аумағында жинақы тұратын көпшiлiк халықтың тiлiнде басылады.

3. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлауға жетi күн қалғанға дейiн жеткiзiледi.

4. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде учаскелiк сайлау комиссияларына тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары сайлауға үш күн қалғанда сайлау бюллетеньдерiн жеткiзiп бередi.

5. Сайлау бюллетеньдерi орналасқан үй мөрлеп бекiтiлiп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылады[14, 13 б.].

Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау жөнiндегi дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Бірақ аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудiң уақытын өзгерту туралы аумақтық немесе округтiк комиссиялардың шешiмi дауыс беру күнiне кем дегенде жетi күн қалғанда қабылданып, сайлаушыларға хабарлануға тиiс.

Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, ал жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде бес күннен кешiктiрмей сайлаушыларды хабардар етуге тиiс.

Сайлаушылар арнайы бөлінген үй-жайларда дауыс береді.

Оларда жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жеткiлiктi мөлшерде жабдықталуға, сайлау бюллетеньдерiн беретiн орындар белгiленiп, дауыс беруге арналған жәшiктердiң қойылуы дауыс беретiн адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар немесе бөлмелер арқылы өтiп келетiндей болуға тиiс. Бұл ретте бақылаушылар мен комиссия мүшелерiнiң сайлау жәшiктерiне бақылау жасайды. Үй-жайларда тәртiптi қамтамасыз ету iшкi iстер органдарына жүктеледi.

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға  сайлаушылар тiзiмдерi  негiзiнде сайлаушының  жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi.

Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына және басқа себептерге байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда учаскелiк сайлау комиссиясы олардың өтiнiшi бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiне барып дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс. Сайлаушы дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн туғызу жөнiндегi ауызша өтiнiшiн оған учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi келген бойда жазбаша түрде бекiтуге тиiс. Дауыс берудi, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде өткiзген кезде осы Конституциялық заңда аталған өкiлдер мен байқаушылар қатысуға хақылы.

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңының 41-бап 7,8-пункттерге сәйкес:

7. Сайлаушылар тiзiмдерiн жалпы жұртқа таныстыру үшiн ұсыну мен сайлау күнi арасындағы кезеңде сайлаушы өзiнiң барған жерiн өзгерткен жағдайда учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтiнiшi бойынша және оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi арқылы сайлаушыға дауыс беру құқығы куәлiгiн бередi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiмiне тиiстi белгi қойылады. Учаскелiк сайлау комиссиясы сайлау күнi дауыс беру құқығы куәлiгiн көрсеткеннен кейiн сайлаушыны ол келген жердегi сайлау учаскесiндегi сайлаушылардың қосымша тiзiмiне енгiзедi.

8. Егер Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң және мәслихаттардың депутаттарын сайлаудан әрi кеткенде жетi күнге жетпей, не жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға дейiн кемiнде 3 күн қалғанда сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайға бару мүмкiндiгi болмайтын сайлаушыға белгiлi болған жағдайда, ол учаскелiк сайлау комиссиясынан дауыс беруге арналған бюллетеньдердi алдын ала алуға хақылы. Сайлаушы бюллетеньдердi алған кезде тiзiмге қол қояды. Сайлаушы бюллетеньдердi толтырғаннан кейiн оларды конвертке салады, бұл конверт желiмделiп, мөр басылады немесе оған сайлау комиссиясының мүшелерi қол қойып растайды, сөйтiп ол комиссияға берiледi. Мөр басылған конверт учаскелiк сайлау комиссиясында дауыс беретiн күнге дейiн сақталуға тиiс және дауыс беру күнi жалпы дауыс беру басталар алдында комиссияның төрағасы оның басқа мүшелерiнiң қатысуымен дауыс беруге арналған жәшiкке салуға тиiс. Бұл ретте конверттiң бүтiндiгi, мөрдiң немесе қойылған қолдың, сондай-ақ сайлаушылар тiзiмiндегi белгiге конверттер санының сәйкес келуi тексерiледi[14, 37 б.].

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңының 42-бапқа сәйкес:

1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда немесе бөлмелерде толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:

1) сайлау комиссиясының мүшесi;

2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;

3) кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;

4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;

5) тиiстi сайлау комиссиясы жанында тiркелген Республиканың қоғамдық бiрлестiктерiнен келген байқаушы, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның байқаушысы.

2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының не «Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беремiн» деген жолдың оң жағында орналасқан шаршының iшiне кез келген белгi соғады.

3. Сайлаушы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшелерiн сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының не «Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беремiн» деген жолдың оң жағында орналасқан шаршының iшiне кез келген белгi соғады.

4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

5. Әр учаскеде, пунктте дауыс берудi өткiзген кезде дауысқа түсетiн әрбiр кандидаттан бiр сенiм бiлдiрiлген адамның, жеке басының куәлiгi мен редакцияның тапсырмасы болса, әрбiр бұқаралық ақпарат құралынан бiр-бiр өкiл-журналистiң, сондай-ақ Республиканың тиiстi сайлау комиссиялары жанында тiркелген қоғамдық бiрлестiктерден бiр-бiр байқаушының және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуына болады. Өкiлдер мен байқаушылардың өкiлеттiктерi Орталық сайлау комиссиялары белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Бұл ретте өкiлдер мен байқаушылардың сайлау комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi[14, 38 б.].

 Дауыс беру қорытындыларын анықтау. Дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады. Дауыстарды санау әрбiр кандидат әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Оның алдында пайдаланылмаған бюллетеньдердiң бәрi саналып, оларды тиiстi сайлау комиссиясы есептен шығарады. Сайлау комиссиясы:

1) учаскедегi (дауыс беру пунктiндегi) сайлаушылардың  жалпы санын;

2) бюллетеньдер алған сайлаушылар санын;

3) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың  жалпы санын;

4) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берiлген дауыстардың саны;

5) жарамсыз деп танылған бюллетеньдер санын;

6) сайлаушылар барлық кандидаттарға, саяси партияларға қарсы дауыс берген бюллетеньдердiң санын анықтайды.

Мынадай бюллетеньдер:

1) белгiленбеген үлгiдегi;

2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;

3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;

4) сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап он күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды; мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, ал жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Хабарда сайлаушылар  енгiзiлген азаматтардың жалпы саны; дауыс беруге қатысқан сайлаушылар  саны; әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн жақтап берiлген дауыс саны; жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны; сайлаушылар барлық кандидаттарға, саяси партияларға қарсы дауыс берген бюллетеньдер саны; сайланған Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға немесе өзге қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығы, ұлты туралы мәлiметтер көрсетiледi.

Сайлау комиссиялары 7 күн мерзiм iшiнде  Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн тiркейдi.

Орталық сайлау комиссиясы қызметке кіріскен  Президентке, сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн Парламент, мәслихаттар депутаттарының әрқайсысына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне куәлік пен  белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады[14, 49 б.].