Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация ерекшеліктері мен проблемалары

Қазақша диссертация

 КІРІСПЕ 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларына саясаттанулық талдау жасалды, қазақстандық қоғамның жаңаруы барысындағы оның орны анықталды, саяси коммуникацияны тиімді қолдануға нақты ұсыныстар берілді.  

Зерттеу тақырыбыныңөзектілігі.Қазіргі таңда отандық саясаттану ғылымында саяси институттар, саяси процестер мен саяси технологияларды зерттеуге көбірек мән берілуде. Дегенмен әлі де болса саяси ғылымда кешенді түрде зерттеуді қажет ететін тақырыптар баршылық. Соның бірі – еліміздегі саяси коммуникация мәселесі. Сол себептен, саяси коммуникацияны кең тұрғыда зерттеудің қажеттілігі Қазақстандағы саяси жүйенің нақты тұрақтылығымен және оның демократиялық қайта құрулар кезіндегі маңыздылығымен байланысты сипатталады. Бүгінде қазақстандық қоғамның барлық салаларында жүзеге асырылып жатқан саяси модернизацияның нәтижесі, ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің өзгеруіне, кеңестік саяси жүйенің ыдырауына орай, қалыпты байланыстардың үзілуіне және көбінесе вертикальды қатынастардың қалыптасуына алып келді. Сонымен қатар қоғамдағы саяси процестер мен институттардың өзгеруіне байланысты саяси-коммуникациялық сферада қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құруларға сәйкес жаңа қатынастар дами бастайды.

Тоталитарлық жүйе кезінде билік халықтың алдында есеп бермейтін, қоғам биліктің қызметінің насихатталу жағынан ғана хабардар болып, оған ықпал ету жағынан мүмкіндігі шектеулі болатын. Ал, қазіргі кездегі Қазақстандағы демократиялық жағдайдағы жаңа саяси жүйенің қалыптасуы мен даму мәселелері еліміздегі қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастарды зерттеудің пісіп-жетілгендігін көрсетеді. Саяси жүйедегі біржақты байланыс біртіндеп екіжақты қарым-қатынасқа орын береді, яғни, мемлекеттік билік органдары мен халықтың ашық жұмыс істеу жағдайында, олардың өзара әрекетін тудырады. Бұл қатынастардың болашағы көбінесе Қазақстандағы саяси және әлеуметтік жүйенің тұрақтылығына байланысты. Посткеңестік кезеңнің тәжірибесі көрсеткендей, объективтіліктің, тиімділіктің, екіжақты саяси коммуникациялық байланыстардың жоқтығы келешекте түрлі әлеуметтік шиеленіске, күрделі жанжалдарға, күтпеген оқиғаларға, саяси институттардың заңдылығының құлдырауына, дағдарысты жағдайлардың пайда болуына алып келеді.

Қазақстандық қоғамды модернизациялау барысында саяси коммуникацияның алатын орны мен рөлін, оның ресейлік және шетелдік тәжірибелерін игере отырып, елімізде қалыптасып келе жатқан өзіндік даму ерекшеліктері мен проблемаларын анықтау қажет. Сол себептен, саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арадағы байланысты жүзеге асыруының ашықтығын, көпқырлылығын анықтау мен нығайтудың түрлі тәсілдері мен әдістерін зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі саналады. Қазақстан Республикасындағы саяси жүйенің түбірлі өзгерістерге ұшырауымен бірге, саяси коммуникацияның да тиімді құралдары күн санап даму үстінде. Бұл еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа бір белестерге көтеріліп келе жатқандығын көрсететін саяси процесс. Саяси ақпараттардың таралу жолдары мен байланыс құралдарының санының ұлғаюы, қазақстандық қоғамның әртүрлі топтарының мүдделерін көрсететін саяси процесс акторлары санының өсуіне алып келетін саяси позициялардың қажеттілігін күшейтеді және саяси коммуникация рөлін мұқият зерттеуді талап етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз», – [1] деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан еліміздегі саяси коммуникацияның қалыптасуы мен даму жолдарын кеңінен зерттеп, оның тәжірибеде іске асырылу принциптері мен тәсілдеріне талдау жасау тақырыптың өзектілігін аша түседі. Осымен байланысты ізденушінің ғылыми-зерттеу жұмысы билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасындағы маңызды мәселелерді ашып көрсетуге арналған.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бастап демократияны нығайту мақсатында саяси салада түрлі реформаларды жүзеге асырып келе жатқан посткеңестік мемлекеттердің бірі. Соған орай, еліміздегі билік пен қоғам арасындағы өзара түсіністік мәселесі кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мемлекеттік ақпараттық саясаттың бір бөлігін құрайды. Көптеген дамыған елдерде саяси субъектілердің бір-бірімен және қоғаммен ақпарат алмасуының, яғни, өзара байланысты реттеу қызметін көрсететін мемлекеттік саясаттың бір жүйеге келтірілген нақты ақпараттық жүйесі құрылып, арнайы іс бағдарламалары қабылданған. Қазіргі таңда мемлекетімізде билік пен қоғамның өзара қатынасы мәселесі әлсіз дамыған деуге болады, билік қоғам тарапынан болатын талаптарды көбіне ескере бермейді. Біздегі қоғам мен билік арасындағы өзара байланыс тек сайлау науқандары кезінде нақтылы байқалады, ал қалған уақыттарда айқын түрде назардан тыс қалатыны белгілі. Осыған байланысты, еліміздегі билік пен қоғамның өзара түсіністік қарым-қатынасын орнатудағы саяси коммуникация мәселесін талдау және оны жүзеге асыру міндеті өте өзекті мәселеге айналады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары елімізде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар саяси жүйеге елеулі түрде ықпал ете отырып, қоғамға көптеген өзгерістер мен қиындықтар әкелген еді. Қоғамның нарықтық қатынастарға бейімделу процесі күрделеніп, ол мемлекет тарапынан болатын қолдауды қажетсінді. Дәл осы сәтте, Қазақстан өз алдына дербестікті ұстана отырып, халықтың әл-ауқатын, экономикалық, саяси жағдайын ескере келе, жаңа саяси жүйені қалыптастыруға бет бұрған еді. Алайда, кеңестік кезеңдегі қатаң идеологияға бағынышты болып келген қоғам, биліктің нақты бір шешім қабылдайтынына күдікпен қараған болатын. Бұл еліміздегі реформалардың одан әрі жүргізілуіне кері әсерін тигізді.

Сондықтан Қазақстандағы саяси жүйені дамыту мен оны нығайту мақсатында аса маңызды шараларды қабылдау қажет екендігі анықталды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, саяси жүйедегі жаңа сайлау жүйесін қалыптастыру қоғам мен билік арасындағы қордаланған мәселелерді тиімді де нәтижелі шешуге болатындығына бағыт берді. Ал, оның саяси мәні саяси мәселелердің өзіндік ерекшелікте болуынан, билік пен қоғамның өзара бейімделуіне қажеттіліктің туындауынан, азаматтық қоғам қалыптастырудағы алғышарттардың негізделуінен, жеке тұлғаның рөлінің артуынан, ортақ мүдде үшін әлеуметтік-саяси институттар қызметінің бірлесіп әрекет етуінен айқындалды. Осы мақсатта еліміздегі саяси коммуникацияны іске асырудың бірден-бір қажеттілігі туындады. Бұл ретте билік пен қоғамды өзара байланыстыратын оның байланыс құралдары Қазақстанда әлі жеткілікті қалыптаспауына орай, кері байланыс мәселесі айтарлықтай деңгейде дамымай отыр. Соның нәтижесінде, қоғам тарапынан қойылған талаптар жеткіліксіз орындалуда деген пікір қалыптасады. Демек, Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларын ғылыми тұрғыдан жете зерттеудің қажеттілігі маңызды түрде арта түсуде.

Осылайша, Қазақстандағы саяси жүйенің институттарының ең басты мақсаты мен міндеттері – билік құрылысы мен азаматтардың өзара қатынасын сипаттаудағы саяси модернизацияның нақтылы өзгерістері болып саналады. Саяси коммуникация – Қазақстандағы саяси жүйенің түбегейлі жаңаруының негізгі нәтижесі. Қазақстан Республикасындағы объективті демократиялық принциптердің қалыптасуы, билік пен қоғам қатынасы жүйесінде тиімді өзара келісімді құрады, сондай-ақ коммуникативті кеңістікте кеңейтілген және тереңдетілген ақпараттық-коммуникациялық процестерге мүмкіндік туғызудың нәтижелері болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы саяси жүйедегі жаңару процестерінің маңыздылығы мен тиімділігінен қоғамдағы саяси коммуникация ықпалының ерекше екендігі анықталады. Сол себепті, саяси коммуникация азаматтық қоғамды қалыптастырудағы демократияның негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып, саяси субъектілердің өзара және қоғаммен ақпарат алмасуындағы екіжақты келісімі мен сеніміне негізделген еліміздегі саяси жүйенің тұрақтылығын нақтылайтын маңызды фактор екендігімен ерекшеленеді. Сонымен Қазақстан Республикасының саяси жүйесі өркениетті елдердің үлгілеріне сай келетін түбірлі жаңаруды басынан өткеріп жатқан кезеңде, саяси коммуникация проблемасы терең ғылыми зерттеулерге негіз болар тың мәселелердің бірі болып табылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі.Саяси коммуникация мәселесі саяси ғылымның құрамдас бір бөлігі. Оны алғаш рет теориялық тұрғыдан зерттеу шетел ғалымдарының еңбектерінде орын алған болатын. Батыс саяси ғылымында қоғам мен билік арасындағы байланысты ғылыми тұрғыдан талдап, саяси коммуникацияны зерттеудің негізі ХХ ғ. 40-80 жылдарында жарық көрген Г.Альтшулл, Р.Кац, Ж.М.Коттрэ, Ч.Кули, П.Лазарсфельд, Г.Лассуэлл, М.Маклюэн, Ю.Хабермас сияқты шетелдік зерттеушілердің ғылыми еңбектерінде зерделенген.

Ресейлік зерттеушілер Ю.П.Буданцев пен В.П.Конецкая өз еңбектерінде коммуникацияның әлеуметтік-саяси сипаттарын анықтай келе, саяси маңызды ақпараттың жасалу жолдары мен олардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырылу байланысын талдап көрсеткен. Олар саяси коммуникацияда негізінен қоғам мүддесінің ескерілуін қарастырып зерттеген.

Л.Р.Посикераның зерттеуінде саяси коммуникацияның тікелей жүзеге асырылу процесі сайлау науқаны барысындағы түрлі саяси технологияларды қолдану нәтижесінде жүзеге асырылатындығы нақтылы дәйектермен дәлелденіп берілген. Сонымен бірге зерттеуші саяси субъектілердің билік үшін жүргізген күрестегі саяси технологиялардың позитивті және негативті жақтарына сараптамалық  талдаулар жүргізген.

Саяси жүйенің дамуын талқылауда және ондағы ақпараттық-коммуникациялық процестердің рөлі мен орнын анықтауға, саяси коммуникацияны іске асырудың тәсілдеріне қатысты тұжырымдар Г.Алмонд, Н.Винер, К.Дойч, Д.Истон, Т.Парсонс сынды шетелдік ғалымдармен қатар, ресейлік М.Г.Анохин, П.К.Гончаров, М.Н.Грачев және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде кеңінен қарастырылады.

А.И.Соловьев өз еңбегінде саяси коммуникацияның қалыптасу жолдары мен түрлерін кеңінен зерттеп, оның саяси жүйедегі алатын орнын анықтайды. Саяси коммуникация мен бұқаралық коммуникацияның ара-жігін нақтылап көрсетіп, олардың ақпарат алмасудағы қызметтеріне талдау жасай отырып, нақтылы тәжірибеде қолданудың түрлеріне нұсқаулар берген.

Қазіргі кездегі коммуникативтік технологияларды саяси жүйеде кеңінен қолдану мәселесі қарастырылатын А.Н.Балашова, С.Блэк, Ф.Н.Ильясов еңбектерінің теориялық және тәжірибелік маңызы ерекше.

Г.Г.Почепцов зерттеуінде саяси коммуникацияда қолданылатын саяси технологиялардың манипулятивтік тәсілдеріне ерекше назар аударады. Ол саяси коммуникацияға ықпал ететін саяси жарнама, үгіт-насихат, паблик рилейшнз қызметтеріне талдау жасап, оларды әлемдік және ресейлік тәжірибеде іске асырудың мүмкіндіктерін көрсетеді.

Диссертациялық зерттеу тақырыбының Қазақстанда қарастырылу деңгейіне келсек, негізінен отандық саяси ғылымда саяси коммуникация мәселесі кешенді түрде қарастырылмаған. Бұл ретте А.С.Абулқасова, Р.Б.Әбсаттаров, С.С.Әділбеков, А.Болатбаева, Е.Қ.Ертісбаев, Б.Ө.Исабаев, Ж.О.Кенжалин, Ш.А.Құрманбаева, Д.Т.Медеуова, Г.Ө.Насимова сияқты қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінде аталған мәселенің жекелеген салалары бойынша, яғни, оның теориялық-методологиялық негіздерін қалауға, саяси коммуникацияның, бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау қызметтерінің мәнін ашып көрсетуге қомақты үлес қосып отырғандығын атап өткен жөн.

Еліміздегі паблик рилейшнз және саяси жарнама мәселелерінің рөлін БАҚ-пен сабақтастыра зерттеуде Л.Ф.Әділова [2], Ғ.Ж.Ибраева [3], А.Ж.Ибраев [4], М.Ө.Насимов [5] және т.б. ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары ерекше орын алады.

Қазақстандағы саяси коммуникацияның бұқаралық коммуникация құралдары арқылы іске асырылуының әртүрлі қырларын қарастырған Р.А.Нұртазина [6], Г.С.Сұлтанбаеваның [7] еңбектері бұл саладағы маңызды зерттеулердің қатарына жатады.

Қазақстандық қоғамның демократиялануы мен саяси жаңаруы туралы қарастырылатын М.С.Әшімбаев, Л.Ә.Байділдинов, К.Н.Бұрханов, К.М.Жаулин, Ә.М.Жүнісов, Ж.Х.Жүнісова, Л.М.Иватова, Р.Қ.Қадыржанов, М.Т.Лаумулин, Қ.Ж.Нұғманова, А.А.Нұрмағамбетов, Г.Р.Нұрымбетова, Ә.Н.Нысанбаев,  Н.В.Романова, И.Н.Тасмағамбетовтің және басқа да зерттеушілердің ғылыми-зерттеу еңбектері құнды саналады.

Саяси коммуникация және онымен байланысты мәселелер бойынша ғылыми еңбектердің көптігіне қарамастан, отандық саяси ғылымда Қазақстандағы демократияландыру процесін нығайтуда ерекше рөл атқаратын саяси коммуникацияны кешенді түрде қарастыратын арнайы зерттеулер жоқ. Осыған орай Қазақстандағы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен қарым-қатынасын саяси жүйенің модернизациясы жағдайында қарастырудың қажеттілігі туындайды.

Диссертациялық зерттеудің нысанына қазіргі Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация мәселесін кешенді зерттеу жатады.

Зерттеу пәні саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы қалыптасуы мен даму мәселесі болып табылады.

Диссертациялық зерттеудің мақсаты – саяси коммуникацияны Қазақстандағы саяси жүйені модернизациялаушы маңызды факторлардың бірі ретінде жан-жақты зерттеу.

Зерттеу мақсатынан туындайтын негізгі міндеттер

1. Саяси коммуникацияның ғылыми түрде зерттелуін ресей және батыс  зерттеушілерінің еңбектерінің негізінде салыстырмалы түрде талдау;

2. Қазақстандағы саяси коммуникацияның қалыптасу және даму ерекшеліктері мен келешегіне сипаттама беру;

3. Саяси коммуникация және саяси коммуникациялық кеңістік  құрылымын қарастыра отырып, олардың қоғамның саяси жүйесіндегі орны  мен рөлін көрсету;

4. Саяси коммуникацияның Қазақстандағы саяси жүйені  модернизациялаудағы ықпалына саяси сараптамалық талдау жасау;

5. Қазақстандағы қоғам мен байланыс (PR) қызметтерін жүзеге асырудың тәсілдері мен тиімділігін нақтылау;

6. Қазақстандағы саяси коммуникациядағы БАҚ-тың қызметін зерттеу;

7. Қазақстандағы саяси коммуникацияны жетілдіру мен тиімділігін арттырудың негізгі факторларын анықтау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы тақырыптың қазіргі заман талабына сай өзектілігімен, зерттелмеген тың мәселелерді талдап зерттеуімен, зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне байланысты жүзеге асуымен анықталады. Диссертациялық жұмыс саяси коммуникация процесін іске асырудағы саяси субъектілердің, азаматтық қоғам институттарының қоғамдық-саяси қызметінің маңызын ашып көрсеткен отандық саяси ғылымдағы алғашқы еңбек болуымен айқындалады. Сонымен зерттеу еңбегінде төмендегідей нақты ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:

— «саяси коммуникация» ұғымы, оның саяси ғылымдағы зерттелу деңгейіндегі бағыттар мен көзқарастар талданып, жүйеленді және авторлық түсініктеме беріледі;

— Қазақстандағы саяси коммуникацияның саяси жүйедегі рөлі анықталып, оның қалыптасу кезеңдері мен даму ерекшеліктері, қызметтері мен түрлері талданады;

— саяси коммуникацияның типологиясын талдай отырып, автор тарапынан типологиялаудың жаңа бағыттары негізделеді;

— еліміздегі қоғаммен байланыс ұйымдарының қызметін жүзеге асырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі көрсетіледі;

— мемлекетіміздегі қоғам мен билік арасындағы өзара байланыста туындайтын саяси мүдделердің қарама-қайшылығы, негізгі кедергілер мен оларды шешудің мүмкіндіктері айқындалады;

— саяси коммуникация еліміздегі саяси жаңарудың нақты бір белгісі ретінде анықталынып, оның әдістері кеңінен қолданылады;

— отандық саяси ғылымда тұңғыш рет Қазақстандағы саяси коммуникацияның дамуына ақпараттық саясаттың тигізетін ықпалы талдап зерттелінеді;

— Қазақстандағы саяси коммуникацияны одан әрі жетілдіріп, дамытудың айқын бағыттарына ұсыныстар беріледі.

Зерттеудің теориялықәдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеу барысында автор жалпы танымдық ғылыми принциптерге, пәнаралық, тарихи-нақтылы тәсілдерге, саяси құндылықтар жүйесіндегі билік пен қоғам мүдделерінің артықшылықтары туралы іргелі дүниетанымдық зерттеулерге, олардың өзара байланыстағы қатынастарының дамуына тиесілі, биліктің шешімдер қабылдауындағы қоғам мүдделерін ескеруге арналған еңбектерге сүйенеді. Диссертациялық зерттеу негізіне саяси коммуникацияның модельдеу, типологиялық ерекшеліктері мен оны жүзеге асырудың байланыс құралдарын, саяси жүйенің құрылымдық-функционалдық негізін, оның жеке элементтерінің модернизация жағдайындағы жұмыс істеуін арнайы зерттеген алдыңғы қатарлы ресей және шетелдік ғалымдардың тұжырымдарын қарастыру жатады.

Зерттеудің әдістәсілдерін саяси ғылымдағы белгілі жүйелілік,  құрылымдық-функционалдық, саяси-салыстырмалы талдаулар, тарихилық, әлеуметтік, ғылыми объективтілік, болжамдық, статистикалық, логикалық талдау тәсілдері құрайды.

Диссертациялық жұмыстың деректемелік негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары», Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы», Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы», Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңдары мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары мен саяси коммуникация мәселесіне қатысты жүргізілген әртүрлі әлеуметтік зерттеулер, соның ішінде автордың 1377 респонденттер арасындағы жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің қорытындылары, сонымен қатар, әртүрлі мерзімді басылымдардағы ғылыми-саяси мақалалар мен зерттеу тақырыбы бойынша арнайы әдебиеттер, Интернет сайт мәліметтері пайдаланылып, оларға талдау жасалынды.

Диссертациялық жұмыстың тәжірибелік маңызы. Зерттеу нәтижесінде алынған теориялық қорытындылар отандық саясаттану ғылымында «саяси коммуникация» проблемасын әрі қарай өрбітіп, қарастыру үшін септігін тигізеді. Диссертация тұжырымдары саяси-коммуникациялық процестердің табиғаты, қызметі, құрылысы туралы ғылыми білім сферасындағы зерттеудің әдістерін толықтырады. Саяси және әлеуметтік жүйелер шеңберінде өтіп жатқан саяси модернизациялану кезеңінің дамуына, мәселенің теориялық және тәжірибелік жағын одан әрі кеңейтуге негіз бола алады. Зерттеу нәтижелерін қоғаммен байланыс қызметінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, билік органдарының мемлекеттік қызметі процесінде қолдануға болады.

Зерттеудің негізгі ой-тұжырымдары мен қорытындылары жоғары оқу орындарында «Теориялық саясаттану» пәні, «Сайлау жүйесі», «Саяси технологиялар» тәрізді арнайы курстардың негізінде арнайы семинарлар әзірлеу үшін пайдалануға болады. Сонымен бірге коммуникация мәселелері бойынша студенттерге арналған көмекші құрал, оқулық және оқу құралдарын жазуға көмектеседі.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар

1. Саяси коммуникация ақпараттың дамыған ғасырында саяси субъектілердің қоғамды басқарудағы, яғни, өз мақсаттарын жүзеге асырудағы билік үшін күресте қолданылатын тиімді құралдарының бірі болып отыр. Қазіргі таңдағы саяси коммуникация Қазақстандағы саяси жүйедегі өзгерісті бейнелеп, ақпараттық технологияларға негізделген, билік пен қоғамның өзара қатынастарының дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар саяси коммуникация билік үшін күресте қоғамның қолдауын қажет етеді, ал қоғам өз мүддесінің ескеріліп, оның билік құрылымында жүзеге асуына ықпал жасауға себепші болады, яғни, бұл өзара келісімді қамтамасыз ететін негізгі басымдық екендігімен ерекшеленеді. Саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы ақпараттық технологиялар жаңа заман талабына сай жаңартуды қажет етеді, бұл ақпарат алмасудағы өзара тиімділік мәселесін шешуге септігін тигізеді. Қазақстандағы саяси коммуникацияның қалыптасуы мен даму кезеңі тікелей сайлау кезеңдерімен нақтыланатындықтан, оның тәсілдері саяси қызметті жүзеге асырудағы бірден-бір үздіксіз процесс саналады.

2. Қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты мынадай тұрғыда қарастыруға болады: біріншіден, сайлау науқаны кезіндегі өзара байланыс, бұл кезеңде саяси коммуникацияның құралдарын тиімді пайдалану, екіншіден, қоғамның қажеттіліктерін өтеу мақсатында қолданылатын тұрақты байланыс саяси коммуникацияның жаңа тәсілдерін жетілдіру қажет екендігін көрсетеді. Қазақстандағы PR (паблик рилейшнз) қадамдарын жетілдірудің қажеттілігі сайлау науқандары қарсаңында нақтылы байқалады. Осыған орай елімізде PR мамандарына деген сұраныстың қажеттілігі туындайды. Паблик рилейшнз шаралары билік пен қоғамды жақындастыруда, яғни, өзара түсіністік таныту арқылы еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі сенім құралы. Біздің елімізде PR агенттіктерінің қызметі әлі жеткілікті дамымаған және заңдылық базасы да толық қалыптаспаған. PR агенттіктерінің қызметі мемлекетіміздің саяси тұрғыдан тұрақты дамуындағы биліктің азаматтық қоғам ұйымдарымен ұдайы қарым-қатынас орнатудың тиімді мүмкіндіктерін ұсынады. Еліміздегі PR-дің (паблик рилейшнз) атқаратын қызметі тікелей саяси модернизацияның жемісі болып табылады.

3. Қазақстанда саяси коммуникацияның негізгі құралы ретіндегі БАҚ-тың қызметі ерекше орын алады. Өйткені саяси салада саяси субъектілердің атқаратын қызметі туралы ақпарат қоғамда тікелей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары саяси жүйедегі саяси билік қызметіне қатысты қоғамдық пікірді қалыптастырады. Саяси субъектілерінің билік үшін күресінде, сайлау науқандарында өзара бәсекеге түсуінде сайлаушылардың дауысын иеленуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі басым. Жариялы құрылым саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі таңдағы тұтынушыларының саны артуда және оларды таратудағы бұқаралық коммуникация құралдары да кеңінен даму үстінде. Алайда, бұл бұқаралық ақпарат құралдары үнемі сенімді, объективті мәліметтер таратады дегенді білдірмейді. Ақпараттар тарату аясына қарай, әсіресе, сайлауалды науқандарында бұқаралық ақпарат құралдарының манипуляциялық тәсілдеріне кеңінен орын беріледі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының билік пен қоғамның өзара байланысын қамтуда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміздегі саяси коммуникацияны жүзеге асырудың тиімді құралдарының бірі – отандық БАҚ өзіндік ықпалға ие болып отыр.

4. Демократиялық жүйедегі мемлекеттердің бір ерекшелігі – олардың өз елінің азаматтарымен тең дәрежелі диалогқа түсетіндігінде. Қазақстан Республикасы демократиялық принциптерді қалыптастыру үстіндегі посткеңестік мемлекеттердің бірі. Назар аударарлығы, қоғам мен билік арасындағы байланыс дұрыс жолға қойылмаған жағдайда азаматтардың билікке деген сенім білдірмеуі немесе саяси шеттетілуі анықталады. Соның салдарынан саясатқа деген азаматтардың селқостық танытуы орын алады да, билік қоғам тарапынан болатын саяси қолдауды жоғалтады, ол азаматтардың саяси процеске қатысуда белсенділік танытпауында етек алады. Елімізде билік пен қоғам арасындағы байланыс жеткілікті дәрежеде емес. Мұндай жағдайды болдырмау үшін, елімізде саяси PR (паблик рилейшнз) шаралары тұрақты қызмет атқаруы және саяси субъектілердің халықпен байланысын реттеудің мүмкіндіктерін қарастыруы тиіс. PR (паблик рилейшнз) агенттіктер билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасында келісім мен сенімді қалыптастыратындығымен ерекшеленеді.

5. Қазақстанда саяси коммуникацияның қалыптасуы өзіндік өзгешеліктеріне байланысты түрлі кезеңдерден өтті. Қоғамдық құрылымда саяси коммуникацияның қалыптасуы мен дамуы тікелей саяси басқару нысанына байланысты. Яғни, мемлекетіміздегі жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданып жатқан нормативтік заңды құжаттар, шығарылған шешімдер, қаулы, қарарлар саяси коммуникацияның жүзеге асырылуының нақтылы нәтижесі. Бүгінгі таңда саяси коммуникацияның нығаюына мемлекетіміздегі жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы да өз ықпалын тигізеді.

6. Қазақстандағы саяси коммуникацияны жетілдіру мен тиімділігін арттыруда, оның құралдарын тікелей әрі орынды қолданудың жолын қарастыру қажет. Сайлау науқанында қолданылатын «лас технологиялар» саяси коммуникацияның ерекшелігін немесе тиімділігін емес, керісінше құқықтық базасының жеткілікті қарастырылмағандығын көрсетеді. Осы орайда, интернет – елімізде билік пен қоғам арасында дәл қазіргі кезеңдегі жедел ақпарат алмасудың көзі болып отыр. Дегенмен, бұл желі де ақпараттандыру жағынан еліміздің барлық тұрғындарын қанағаттандырмайтыны белгілі. Қазақстандағы саяси модернизация билік пен қоғам арасындағы өзара байланыста жариялылықтың, келісімнің, сенімнің болуын талап етеді. Саяси билікті жүзеге асыруда саяси субъектілермен қатар, қоғамның да мүддесі ескерілгені азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ізгіліктердің бірі.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Саясаттану және әлеуметтану кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның негізгі қағидалары мен қорытындылары 11 ғылыми мақалалар мен тезистерде жарияланды. Жоғары Аттестациялық Комитеттің талабына сәйкес, диссертациялық зерттеу жұмысы 4 халықаралық, соның ішінде біреуі шетелде «Қазақ диаспорасы: кешегісі, бүгіні, ертеңі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Баян Өлгий қ. Моңғол ұлысы., 2009 ж.), «Әуезов шығармашылығы және мәдениеттер диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей қ., 2007 ж.), «Түркілердің тарихи-мәдени мұрасы Еуразиялық және Орталық Азия контекстінде» атты Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ., 2008 ж.), «Қазақстан жаһандану жағдайында саяси-әлеуметтік және экономикалық даму кезеңінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Тараз қ., 2008 ж.) және 2 республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда: «Инновациялық технологияларды қолдану негізінде педагог кадрларын даярлау сапасын жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент қ., 2007 ж.), «Мемлекеттік тіл: бүгіні, болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей қ., 2007 ж.) жарияланған.

Сонымен бірге  диссертациялық зерттеудің  негізгі мазмұны мен теориялық қағидалары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Хабаршысында (Философия сериясы. Саясаттану сериясы. Мәдениеттану сериясы), Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысында («Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы), және «Ізденіс» (Гуманитарлық ғылымдар сериясы), «Ақиқат» атты республикалық қоғамдық-саяси журналдарда жарық көрді.

Сол сияқты диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен ұстанымдары Қазақтың Спорт және туризм академиясының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында «Саясаттану» пәнінен студенттерге дәріс оқығанда кеңінен пайдаланылды.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Ғылыми еңбектің мақсаты мен міндеттеріне және қисынына сай диссертация кіріспеден, үш бөлім мен соған сәйкес алты тақырыпшадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

Зерттеу бағытын таңдау саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін талдай отырып, оның проблемалары мен қазіргі қоғамдағы рөлін таңдаумен байланысты.

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттелу деңгейі қарастырылып, мақсаты мен міндеттері, пәні мен нысаны, ғылыми жаңалығы, теориялық-әдістемелік, деректік негіздері, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары негізделеді, тәжірибелік құндылық деңгейі сипатталады, сонымен бірге зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен мақұлдануы және құрылымы айқындалады.

 «Саяси коммуникацияны зерттеудің теориялық проблемалары» атты бірінші бөлімде зерттеліп отырған мәселенің теориялық негіздері қарастырылады. Саяси коммуникация мәселесінің шетелдік, ресейлік және отандық ғылымдарда зерттелу деңгейі талданып, саяси коммуникация түсінігіне ғылыми түрде түсініктеме беріліп, айқындалады.

Бірінші бөлімнің «Саяси коммуникация ұғымы, мәні мен теориялық проблемалары» атты біріншітақырыпшасында коммуникацияны зерттеудің теориялық негізіне талдау жасалынады. Негізінен коммуникация түсінігінің анықтамаларына орай көптеген пікірлер қалыптасқандығы белгілі. Соған орай еңбекте коммуникацияның қоғам өміріне белсене араласуы, оның қызметі жайлы ғалымдардың маңызды тұжырымдары қарастырылады. Айта кетерлік маңызды жайт, коммуникацияның негізгі ұстанымы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға сай, ақпараттық технологиялар арқылы өзара байланыс орнату болып саналады.

Саяси коммуникацияны ғылыми зерттеудің бағыты ретінде алғаш батыс ғалымдары өз еңбектерінде жан-жақты қарастырған. Диссертациялық жұмыста коммуникация түсінігін кеңінен ашу үшін американдық зерттеушілер Г.Лассуэлл, Л.Пай, Т.Шибутани және т.б. француз саясаттанушылары Ж.М.Коттрэ, Р.Ж.Шварценберг, канадалық зерттеуші М.Маклюэн, неміс ғалымы Н.Винер, голландиялық зерттеушілер Й.Бордвик пен Б.Ван Каам, американдық әлеуметтанушылар Б.Берельсон, Г.Годэ, П.Лазарсфельд пікірлеріне тоқтала отырып, талдау жасадық. Негізінен «коммуникация» ұғымы ғылыми зерттеулерде ХХ ғ. пайда  болған термин. Қазіргі «ақпарат ғасыры» саналатын ХХІ ғасырда коммуникация барлық саяси-әлеуметтік процесте басты элемент болып есептеледі.

Жалпы саяси ғылым саласында «саяси коммуникация» ұғымы туралы әртүрлі тұжырымдар қалыптасқан. Мәселен, Р.Ж.Шварценберг: «Саяси коммуникация дегеніміз – басқарушы мен бағынышты арасындағы олардың өзара келісімге келу мақсатындағы ақпарат алмасу» [8] деп көрсетсе, ал «Саяси» энциклопедияда: «Саяси коммуникация – (communicatio лат. тілінен аударғанда – хабарлама, жеткізу, әңгімелесу, сөйлесу деген мағына береді) саяси қызметті жүзеге асыратын, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделері есебін ескере отырып, олардың саяси әлеуметтендірілуін қамтамасыз ететін саяси ақпараттарды алмасу және жеткізу процесі» [9] деген пайымдама ұсынылады. Демек, саяси коммуникацияны саяси жүйедегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени процестермен тығыз байланыста дамитын жаңа ақпараттық технологиялар арқылы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арадағы хабар тарату, алмасу деген мағынаны білдіреді деп қорытындылауға болады. Сондай-ақ, коммуникация мәселесін саясаттану, философия, әлеуметтану, психология және педагогика тәрізді бірқатар гуманитарлық ғылым салалары зерттеу нысаны етіп алып, өздерінің ұстанатын бағытына сәйкес жан-жақты қарастыратыны белгілі жайт. Бұл ретте әрбір қоғам мүшелерінің билікпен өзара байланыс орната отырып, ақпарат алмасуға түсуін, олардың саяси іс-шараларға белсене қатысуын қажет ететін бүгінгі таңда коммуникация мәселесін саяси ғылым саласында зерделеу зор маңызға ие. Автор саяси коммуникацияның Қазақстандағы қалыптасуы мен дамуын әр жылдардағы жаңа саяси технологиялардың қалыптасуына байланысты мынадай кезеңдерге бөліп көрсетеді:

Бірінші кезең – 1991-1998 жылдар аралығы. Бұл уақытта Қазақстан Республикасы өзінің дербес Конституциясын қабылдап, жаңа саяси жүйеге өтіп, өзіндік дамудың жаңа жолын қалыптастырды. Саяси жүйеде шетелдік түрлі технологиялар тәжірибелерін қолдану арқылы тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет саяси коммуникацияның қалыптасуына алғышарт жасалды. Бұл жайт, әсіресе, осы аралықтағы сайлау науқандарында нақты байқалған болатын.

Екінші кезең – 1998-2007 жылдар аралығын қамтиды. Конституциямызға енгізілген өзгерістер арқылы саяси жүйені нығайта отырып, жұртшылықты ақпараттандырудың әртүрлі стратегиялары мен бағдарламалары жасалды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы» Заңдарының жекелеген баптарын жаңарту арқылы, еліміздегі саяси коммуникацияның тиімді қызмет етуіне жол ашылды. Сайлаудың жаңа жүйесі қалыптасып, оны жүзеге асырудың әртүрлі тәсілдері енгізілді. Ұялы байланыс, телефакс, интернет т.б. сияқты жаңа байланыс түрлері кеңінен таралып, еліміздегі саяси коммуникацияның дамуына ықпал етті.

Үшінші кезең – 2007 жылдан бастап бүгінгі күніге дейінгі аралықты қамтиды. Президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан Республикасы әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, жаңа саяси жүйені қалыптастыруда қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтудың жаңа сипаттарына өтуге көшті. Елімізде «электрондық үкімет», ақпарат таратудағы «сандық формат» сияқты жаңа тәсілдерге өтудің бастамалары жүргізілуде.

Біздің ойымызша, саяси өмірде саяси коммуникация қоғамға ықпал етудің маңызды және сенімді құралдарының бірі болып есептеледі. Саяси коммуникация нақты саяси жүйе шеңберінде саяси субъектілермен қатар, тұтастай қоғаммен саяси ақпарат алмасу процесін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда коммуникативті кеңістікте саясаткерлер бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен өздері үшін жағымды қоғамдық пікірді қалыптастыруға тырысады. Сондықтан саяси коммуникация процесінің басты қатысушылары билік органдары, БАҚ және қоғам болса, ал оның басты негізі – өзара сенімді қалыптастыру арқылы хабарламалар құрау, символдарды жасау мен тарату және мағыналарын түсіндіру болып табылады. Саяси коммуникацияның негізгі құралдары және оның нақтылы белгілері мен саяси пікір алмасудың кейбір тұстары  Б.А.Ахатованың [10] зерттеулерінде тұжырымдалады.

Диссертациялық жұмыста Қазақстанда саяси коммуникация мәселесінің жалпы мемлекеттік саясаттың ерекше бағыты ретінде ақпараттық саясаттың қажеттілігін арттырудағы рөлі атап көрсетіледі. Мұның мәні – қоғам мүдделерінің билікте ескерілетіндігін көрсетіп, билік пен қоғам арасындағы өзара диалогтық, тепе-теңдік қатынастарына ықпал ету болып табылады.

Автордың пікірінше, дәл қазіргі сәтте саяси коммуникацияның мәні – саяси жүйедегі саяси билікті сақтап қалуға немесе билік үшін күрес жүргізуге әрекет еткен саяси субъектілер мен қоғам арасындағы өзара ақпараттар алмасу әрекеттерінен айқындалады. Аталған ақпараттық алмасу ашық әрі жариялылық принциптерін қатар сақтауы тиіс. Сонда ғана билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс ретке келтіріліп, олардың бір-бірімен ақпарат алмасу процесі тиімді түрде жүзеге асырылады.

Бірінші бөлімнің «Саяси коммуникацияның типологиясы және оның әлеуметтік-саяси жүйедегі қызметі» атты екінші тақырыпшасында саяси коммуникацияның түрлі теорияларына салыстырмалы түрде талдау жасалынады. Қазіргі кездегі ақпараттық технологиялардың даму қарқыны саяси коммуникациялардың жаңа түрлерінің қалыптасуына мүмкіндік туғызуда. Бұдан саяси коммуникацияның қажеттілігі анық байқалды. Диссертацияда саяси коммуникацияның түрлерін қолдану арқылы нақты жетістіктерге қол жеткізуге болатындығы анықталады. Саяси коммуникацияның мәні мен анықтамасы, әлеуметтік-саяси жүйедегі алатын орны, ақпараттық саясаттағы саяси коммуникацияның негізгі принциптері қарастырылады.

Саяси коммуникацияның жіктелуі туралы әртүрлі анықтамалар берілгендіктен, автор ол пікірлерді талдай келе, саяси коммуникация типологиясының ақпаратты тарату және алу көздерінің бірыңғай емес екендігін ашып көрсетеді. Себебі, қазіргі әлем ақпараттың жылдам таралу технологиясының әлемі. Сондықтан ізденуші өзінің зерттеу жұмысында  саяси коммуникацияны типологиялаудың мынадай жолдарын ұсынады: біріншіден, кіші топтар арасында – ақпаратты бір адамнан екінші адамға және одан (оның жанұясы, жұмыс істейтін ұжымы сияқты) кішігірім адамдар топтарына жеткізу арқылы таралатын түрі. Екіншіден, ол үлкен топтар арасында таралатын саяси коммуникациялар қатарына – саяси ақпаратты таратуда үлкен аудиториядағы дәрістер, жиналыстар, кеңестер және т.б. сияқты коммуникатор мен аудитория арасындағы байланыстан тұрады. Үшіншіден, көру-есту құралдары арқылы таралатын көпшілік арасындағы коммуникация – негізінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл көпшілікке таралады деуге болады. Мәселен, интернет, радио, теледидар, баспасөз, ұялы байланыс, телефон, телефакс және т.б.

Саяси коммуникацияның теорияларын зерттеуде (Н.Винер, Г.Лассуэлл және К.Сайнне, т.б.) оның әлеуметтік-саяси жүйедегі қызметі туралы тұжырымдап көрсеткен шетелдік (Г.Алмонд, К.Дойч, Д.Истон және т.б.) зерттеушілер, сонымен бірге саяси коммуникацияның кейбір аспектілері отандық (А.С.Абулқасова, Р.Б.Әбсаттаров, С.С.Әділбеков, Ж.О.Кенжалин, Р.Қ.Қадыржанов, Ш.А.Құрманбаева, Г.Р. Нұрымбетова, Ә.Н.Нысанбаев және т.б.) ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылып, жұмыстың мазмұнын ашуға көп үлесін тигізді.

Саяси коммуникацияның саяси басқаруда атқаратын қызметі орасан зор. Айта кетерлік мәселе, саяси коммуникация әсіресе, оппозицияда ерекше орын алады. Яғни, саяси билікті өзгертуге тырысатын оппозиция қашанда саяси коммуникация тәсілдерін ұтымды пайдалануға тырысады. Мұнда ақпараттардың «кіріс», «шығыс» механизмдері арқылы әлеуметтік-саяси жүйедегі орны анықталады. Демек, «кері байланыс» жүйесі қызметінің негізінде саяси коммуникацияның нақтылы жолға қойылу мәселесі көзделеді.

Диссертациялық жұмыста саяси коммуникацияның Қазақстандағы саяси жүйедегі алатын орнына баса назар аударылады. Зерттеу жұмысының бұл бөлігінде саяси коммуникацияның мемлекетіміздегі саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғаммен, ақпараттық саясатпен, саяси процестер мен институттардың басқа да механизмдерімен тығыз байланыстары қарастырылады. Олардың өзара байланыстарының негізі болып табылатын ортақ нысан – пікір алуандығын ескере отырып, биліктің қоғам мүддесін қанағаттандыруы баяндалады.

Демек, Қазақстандағы демократиялық принциптерді нығайту мен азаматтық қоғамды қалыптастырудың жолдарын іздестіру жағдайында саяси коммуникацияның саяси процестер мен институттар жүйесіндегі алатын орны зор. Зерттеуші Т.Дөрбетханұлы: «Ақпараттандыру  саласындағы  халыққа  жақын  образды  (бейнені) жасау, партиялық  және  партия  жетекшілерінің  жағымды (позитивті)  позициясын  қалыптастыру  коммуникациялық  құралдар  нәтижесінің  жемісі» деп ұйғарым жасап, саяси билікке жетуде партиялардың басым рөл атқаратындығын анықтаған [11]. Сонымен, еліміздің саяси билік үшін күресінде саяси партиялардың саяси коммуникация құралдарын тиімді қолданылуының өзектілігі айқындалады.

Біздің ойымызша, қоғам өз тарапынан болған талап-тілектердің билікте шешім табуын немесе мүдделерінің ескерілуін қалайды. Осылайша, саяси субъектілер қоғам мүддесін ескере келе, өзара байланыс негізінде ақпарат алмасу арқылы, басқаруда саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге кепілдік беретін нақтылы саяси шешімдер қабылдауы тиіс. Сонда ғана ортақ мақсатты көздейтін тиімді саясатты іске асыруға мүмкіндік туады.

«Қазақстандағы ақпараттық-коммуникациялық процестердің ерекшеліктері» атты екінші бөлімде саяси коммуникацияны қолдану тәсілдерінің шетел тәжірибесінде қолданылуына салыстырмалы түрде талдау жасай отырып, Қазақстандағы өзіндік қалыптасу жолдарына тоқталдық. Аталған бөлімде саяси коммуникациядағы қоғаммен байланыс (паблик рилейшнз) және БАҚ-тағы қызметтері қарастырылады. Саяси коммуникация құралдарының мемлекеттің ақпараттық саясатындағы рөлі мен орны көрсетіледі.

Екінші бөлімнің «Қазақстандағы қоғаммен байланысты орнату (паблик рилейшнз) саяси коммуникациялық кеңістікті  қалыптастырудың ерекшелігі» атты бірінші тақырыпшасы сайлау науқандарында және күнделікті саяси қызметте қолданылатын қоғаммен байланыс (PR) орнату мәселелерін зерттеуге арналған. Қоғаммен байланыс қызметі бұл біздің саяси жаңару жүйеміздегі демократиялық қадамдардың бірі. Соған орай қоғаммен байланыстың (PR) саяси жарнамамен, саяси үгіт-насихатпен ара-жігі ажыратылып көрсетілді.

Қоғаммен байланыс (PR) орнату қызметінің біздің еліміздегі қалыптасуының алғашқы қадамдары өткен ғасырлардан бастау алады. Қазақ жерінде XVI-XVIII ғасырларда Хандық биліктің жүргізілгені тарихи деректерден мәлім. Өз зерттеуімізге қатысты мәселе болып табылатын хандық биліктегі ханның кеңесшісі қызметінің рөлін ерекше атап өтуге болады. Бұл қызметті қоғамның дамуының әр кезеңінде Қазақ хандарының кеңесшілері болған Қорқыт, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырау сынды тұлғалардың өз тарихи миссияларын орындағандығынан байқаймыз. Жыраулар хан сарайындағы саяси жағдаймен халықты хабардар етіп, ал халықтың тұрмыс жағдайымен хандарға ақпарат жеткізуші қызметті атқарғандығы тарихтан белгілі. Сондай-ақ, жыраулардың өздерінің жалынды жырларымен ханның өзіндік имиджін қалыптастырғандығы да белгілі жайт.

Бұдан кейін ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бастамасымен жарыққа шыққан басылымдар, сол кездегі халық пен билік арасындағы негізгі ақпарат көзіне айналған еді. Алайда, ол уақыттағы кеңестік үкіметтің солақай саясаты олардың еңбектерінің кең таралып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды ашық жеткізуіне қарсы іс-шаралар қолданды. Аталған кезеңде ұлттық басылымдардың қатарына жататын «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» газеттері мен «Айқап» журналы өздерінің коммуникациялық қызметтерін атқарған болатын.

Тоталитарлық басқару кезеңінде паблик рилейшнз қарым-қатынас ретінде партиялық цензураның қатаң бақылауында болды. Олар осы кезде ауызша нұсқаулар түріндегі жабық және жартылай жабық жиналыстар мен талқылаулар («тек КОКП мүшелері үшін» түрінде) сияқты паблик рилейшнздің жасырын түрлерін қолданған болатын. Ал, КСРО ыдырағаннан кейін, әр мемлекет өзінше жаңа саяси жүйені қалыптастырды. Біздің еліміздегі PR (паблик рилейшнз) Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық және батыстық үлгілердің негізінде қалыптаса бастады. Сол бағыт бойынша PR-дің Қазақстандағы қадамдары әлі де негізделу үстінде. Жалпы қоғамдық байланыстардың бай тарихына қарамастан, PR-дің орны мен рөлі әлі жеткілікті зерттелмеген, сондықтан оларды бүгінгі заман талабына сай саяси ғылымда зерттеу қажеттілік болып табылады.

Зерттеу жұмысында саяси коммуникацияның саяси мақсаттарға жету мүддесінде белгілі саяси партиялардың немесе лидерлердің бұқаралық санаға ақпараттық-психологиялық ықпал ету шаралары мен жүйесі екендігі нақтылы көрсетілген. Автордың пікірінше, саяси PR, саяси насихат және саяси жарнама саяси коммуникация жүйесінің негізгі құрамдас бөліктері болып табылады. Өз кезегінде саяси коммуникация жүйесі қоғамда қабылданған идеологияға, саяси режимге байланысты болып келеді. Еліміздегі саяси PR, нақтылы саяси қызметке (мәселен, саяси партияларға) деген сенімді қалыптастырады, яғни, келешекте бұқаралық сананы өңдеу үшін негізді қалайды. Ал, саяси насихат, осы қалыптасқан сенімнің негізінде бұқаралық санаға нақты саяси нұсқаулар мен стереотиптерді енгізеді және саяси мінез-құлықтың нақты түрін қалыптастырады. Қазақстандағы саяси жарнама, саяси үгіт-насихат, саяси PR қызметтерінің дұрыс жолға қойылуы, халықтың сайлау науқандарында еркін таңдаулары арқылы оң шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді. Аталған саяси коммуникация құралдарының сайлау науқандарынан тыс, яки, тұрақты түрде қызмет атқаруы, саяси билік субъектілеріне деген қоғамның сенімін арттырады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда PR-ді одан әрі дамытудың жолдары қарастырылуда. PR еліміз үшін жаңа құбылыс болып саналады, сондықтан Қазақстанда бұл сферадағы заң шығару мәселесі қалыптасудың алғашқы сатысында деуге болады. PR-технологияларының әмбебаптылығы және оларды көптеген қоғамдық және мемлекеттік институттардың әртүрлі сферасында тиімді қолданудың жүзеге асырылуы заң шығарушыларға нақтылы қиындық туғызады. Себебі PR-технологияларын қолданудың бүкіл саласын қамтитын нақтылы заң шығарушылық актіні қабылдау мүмкін емес. Осыған орай, көбінесе, PR-тәжірибесін реттеу жанама түрінде жүргізіледі, яғни, заңдық құжаттардың аралас салалары арқылы өз қызметін жүзеге асырады. Ол үшін мынадай: Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Саяси партиялар туралы», «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», «Сайлау туралы» және т.б. заңдары қолданылады.

Қазіргі кезде РR-дың 500-ге жуық анықтамасы бар екендігі анықталған. С.Блэк өз еңбегінде «Паблик рилейшнздің мақсаты – шындыққа, білімге және толық ақпараттандыруға негізделген өзара түсіністікке және жалпы мүдделерге қол жеткізуді айқындау үшін екіжақты келісім орнату» [12] деп көрсеткен. РR-ды осы тұрғыдан бағалар болсақ, оның қоғаммен байланыстағы негізгі мәселесі өзара сенім мен келісім екендігі анықталады.

Автордың көрсетуінше, РR қызметінің тәжірибесінде қоғамдық жағымды пікірді жасауға мүмкіндік туғызатын демеушілік және меценаттық мәселесі де маңызды орын алады. Акцияның бағыттылығы, жүйелілігі, кең ауқымдылығы, әлеуметтік маңыздылығы ұйымдардың имиджін қалыптастырады және ашықтық атмосферасы мен әлеуметтік тиімділікке қол жеткізеді. Негізінен, қоғамның барлық саласында жүргізілетін акциялар өз бейнесін нақтылы баспасөзден табады. Мәселен, бұған еліміздегі сайлау науқаны қарсаңында «Нұр Отан» партиясының ақындар айтысына демеушілік жасауы, Мәжіліске депутаттыққа түскен кандидаттардың өз қаржысына мектеп, аурухана, т.б. қоғамдық мекемелерді салып беруі сияқты шаралары жатады. Мұндай іс-шаралар саяси субъектілерге деген жағымды қоғамдық пікірді қалыптастырады.

Зерттеуші С.Ж.Рысбаева РR-дің қазіргі коммуникативтік технологияларды жете зерттеумен айналысатындығын, яғни, қарым-қатынас, пікір алмасу мен өзара түсіністік үшін арнайы механизм екендігін анықтай келе, өтпелі кезеңдегі саяси технологиялардың ерекшелігін, соның ішінде, паблик рилейшнздің деструктивті технологияларын атап көрсетеді [13]. Яғни, бұл ретте қоғаммен байланыс орнату құралдарын шындыққа негізделген деп тұжырым жасап, біржақты қарастыруға болмайды деген ұйғарым жасауға болады.

Ізденуші өз жұмысында паблик рилейшнз (РR) – тікелей билік пен қоғам арасындағы қатынаста өзара түсіністік танытып, екі жақты сенімді қалыптастыратындықтан, қазіргі саяси жүйедегі бірден-бір тиімді технология болып табылады деп қорытынды жасайды. Сондықтан ол көршілес елдердегі паблик рилейшнзді жүзеге асыру механизмдерін басшылыққа ала отырып, Қазақстандағы РR-ді (паблик рилейшнз) бір жүйеге келтірудің заңдылық базасын қалыптастыру мәселелерін шешу қажет деп тұжырымдайды.

Екінші бөлімнің «Қазақстандағы саяси коммуникация құрылымындағы БАҚ-тың ерекше орны» атты екінші тақырыпшасында БАҚ-тың саяси коммуникация құралы екендігін көрсететін нақтылы ерекшеліктері анықталады. Оның қазіргі қоғамдағы атқаратын қызметінің негізгі белгілері сипатталады. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеу аясының құқықтық базасына талдаулар жасалынады.

Бүгінгі таңда отандық БАҚ саяси коммуникацияның бірден-бір негізгі құралының бірі болып саналады. Демек, саяси ақпараттың жылдам таралып, жеткізілуі бұқаралық ақпарат құралдарына деген саяси сұранымды арттыратындығы белгілі. Өйткені БАҚ еліміздегі ашық та, жариялы құрылым ретінде, қоғамдық пікірді қалыптастыратын ерекше механизм болып есептеледі. Е.Б.Саиров өз зерттеуінде: телевизиялық саяси жарнама ерекше дағдылармен көбінесе көптеген қаражатты талап ететіндігін көрсетеді. Сонымен қатар бірде-бір ірі сайлау кампаниялары оның көмегінсіз жүре алмайды және сайлау бірлестіктерінің көпшілігі мұнда тек бір себеппен, яғни, саяси бәсекеге түскен үміткерлер қандай да бір шығын жасайды дей келе: «Егер сен мұны жасамасаң, онда сенің бәсекелесің мұны міндетті түрде жасайды» деп, саяси коммуникацияда отандық БАҚ-тың ішіндегі телевизияның маңызды рөл атқаратындығын анықтайды [14].

Біздің пікірімізше, БАҚ өзінің мынадай ерекшеліктерімен саяси коммуникацияның негізгі құралына айналып отыр: ол жариялы құрылым болып табылатындықтан, оны қоғамда тұтынушыларының саны басым. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын тарататын жаңа байланыс құралдарының дамуы, оның қоғамдағы рөлін нығайтатыны анық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алынған мәліметтер негізінде қоғамның мінез-құлқы өзгеретіні де белгілі. Осы жағдайды ақпарат жіберушінің тиімді пайдалануы әбден мүмкін. Сонымен аталған бағыттар арқылы БАҚ-тың саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы негізгі құрал екендігі анықталады.

Ал, Қазақстан Республикасының 1995 ж. Конституциясының 20-бабының 1-2 тармақтарында былай делінген: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» [15]. Яғни, ақпарат еркіндігіне заң жүзінде жол берілетіндігі мәлімделеді. Сол бағыт бойынша Қазақстан заман талабына сай ақпараттық қызмет нарығын кеңейтуге бағыт алуда. Сондықтан қазіргі Қазақстан қоғамының дамуын оның барлық саласымен тығыз байланыстағы ақпараттық-коммуникациялық жүйенің тиімді қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес.

Соңғы уақытта елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды саласы болып табылатын теледидардың рөлінің өсу тенденциясы етек алуда. Бұл туралы нақты ақпарат қоғамдық пікірді сұрау кезінде белгілі болды. Осылайша, қазақстандықтардың 81%-ы соңғы жаңалықтарды теледидардан көріп білетіндігін және радиодан тыңдайтындығын айтса, тек 19%-ы баспасөз хабарламасынан оқып-білетіндігін жеткізген. Аталған тенденцияны автордың Алматы, Семей қалалары тұрғындарының арасында жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің мәліметтері растайды. Байқап отырғанымыздай, теледидар мен радио ақпараттың негізгі көзі ретінде жетекші орынға ие болуда.

Өз жұмысында автор ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында теледидар және радио қызметімен шектелу мүмкін емес дейді. Қазіргі кезде еліміздің медиа нарығындағы ерекше орындардың бірін интернет желісі иеленіп отырғандығы көпшілікке мәлім. Интернет-медиа саяси коммуникацияның үстінен бақылау орнатуды жоюға мүмкіндік туғызады. Интернет – қазіргі жаһандану кезеңіндегі ақпаратты тарату мен жеткізу жағынан басқа бұқаралық ақпарат құралдарын артқа тастап, жылдам қарқынмен даму үстінде. Саяси коммуникацияның бұл тиімді құралдары, әсіресе, еліміздегі сайлау науқандары кезінде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, жұмыста интернеттің қажеттілігі тек сайлау науқандарында ғана емес, басқарудың күнделікті саяси өмірінде де маңызды рөл атқаратындығы көрсетілген. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан оқушыларымен және студенттерімен өткізген интерактивті режимдегі Интернет-конференциясы нақтылы мысал болып табылады.

Біздіңше, БАҚ саяси коммуникацияның маңызды құралдарының бірі бола отырып, саяси ақпараттарды таратуда объективті позиция бағытын ұстанатын болса, қоғамның сеніміне ие болып, билік пен қоғамға ықпал етуші қызметін де атқара алады. Сондықтан отандық БАҚ пікір алуандығын ескере отырып, еліктеушілік бағыттан гөрі, тиімді саяси сұранымды қанағаттандыратын объективті, сенімді ақпараттарды беру принципін басты ұстанымға айналдыруы тиіс.

Үшінші бөлімде «Саяси коммуникация проблемасының Қазақстандағы саяси жүйеде дамуы мен модернизациялық ролі» туралы зерттеулер жүргізіледі. Мұнда қазақстандық қоғамды модернизациялауда қолданылатын саяси коммуникация құралдары анықталады. Сонымен бірге еліміздегі саяси коммуникацияны жетілдіру жолдары ұсынылады.

Үшінші бөлімнің бірінші «Қазақстандағы қоғам және билік арақатынасындағы саяси коммуникацияның даму тенденциялары» тақырыпшасында «билік-қоғам» жүйесіндегі өзара байланыстағы ақпарат алмасу мүмкіндіктерінің негізгі деңгейлері қарастырылады. Қоғам мен биліктің өзара қатынасы бұл демократиялық жүйенің негізгі жемісі. Себебі өткен тоталитарлық кезеңде біз мемлекеттік биліктің бағыты дұрыс, ал қоғам тек берілген нұсқауды орындауға міндетті деп санап келдік. Алайда, күйреген жүйенің орнына келген жаңа саяси жүйе Қазақстан Республикасын тамыры терең бастамаларға алып келді. Біздің санамызға «жат» деп келген саяси терминдер ғылыми айналымға енгізіліп, сөздік қорымызды молайтты.

Автордың пайымдауынша, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси қатынастар жүйесінің дамуының қазіргі жағдайын жетік талдағанда, қоғам мен мемлекеттің демократиялық жаңаруының жоғарыда аталған екі жолының элементтерін бір өзінде үйлестірген елдің жаңаруы үшінші нұсқа бойынша жүргендігін ескерген жөн. Қазақстанда өтпелі кезеңде өтіп жатқан саяси процестердің негізгі мазмұны – республиканың ерекшелігіне орайластырылған демократиялық дамудың өзіндік үлгісін іздестіру болды.

Сонымен, елімізде электрондық үкімет жобасын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынғанына бірнеше жыл болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасында «электрондық үкімет» қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Демек, бұл саяси жүйеде жаңа ақпараттық жүйелердің орын алуы саяси коммуникацияның, яғни, мемлекеттік ақпараттық саясаттағы алатын рөлін көрсетеді.

Президенттік басқару өз жемісін беріп, елімізде көптеген сәтті реформалардың жүргізілуіне себепші бола білді. Ал, ендігі жерде президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан өзіндік дамудың тағы бір жаңа жүйесін қалыптастыру жолында. Бұл біздің еліміздегі саяси коммуникацияның рөлін одан әрі жоғарылататынына күмән тудырмайды. Себебі кез келген демократиялық мемлекеттің басты ұстанған бағыты – ашықтық, пікір алуандылығы, сенімді еркін таңдау жасау сияқты т.б. шаралардан тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы да халық пен билік байланысын алдыңғы орынға шығаруы тиіс. Аталған екіжақты байланыс нәтижесінде сенімді саяси коммуникация құралдары жүзеге асырылады. Автор, қоғам мен билік арасындағы өзара қатынаста мынадай қиындықтар кездесетіндігін атап көрсетеді: біріншіден, Қазақстан азаматтары саяси өмірге қатысу арқылы билік органдарына жеткілікті түрде ықпал ететіндігіне сенімсіздікпен қарайды; екіншіден, сайлауға түскен саяси партиялардың халықтың әл-ауқатын жақсартады деген бағдарламаларына күмәнданушылықтың орын алуы; үшіншіден, сайлау науқаны туралы ақпарат тарататын БАҚ өкілдерінің қызметтерінің объективтілігіне деген сенімсіздіктің болуы; төртіншіден, сайлауға қатысушы үміткерлердің халықтың талаптарына жеткіліксіз көңіл бөлуі (алдыңғы сайлауларда сайланған депутаттардың қызметін бағалау арқылы); бесіншіден, сайлаудың қарсаңы жақсы өткенімен, соңы неге апарады? деген үрейдің басымдығы (сайлау соңынан жол жүру құнының, тұрғын үйдің коммуналдық қызмет ақысының, нанның, азық-түліктің, т.б. қымбаттауы); алтыншыдан, сыбайлас жемқорлықтың қоғамда кең тарауы, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетеді; жетіншіден, саяси билік субъектілері мен қоғамның өзара қарым-қатынасын ұйымдастыратын байланыс құралдарының жеткіліксіздігі (әсіресе, облыс, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылды мекендерде).

Ізденуші, аталған қиындықтарды шешудің өзіндік жолдарын диссертациялық жұмыста нақтылап көрсеткен. Өркениетті елдерде қоғам мен билік арасындағы өзара қарым-қатынаста екі жақ тарапынан да үлкен белсенділік орын алады. Яғни, билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс жақсы жолға қойылған. Сонымен, қазақстандық азаматтар сайлауда өз мүдделері есепке алынып жатса, саяси қарсылық көрсету факторын аз да болса төмендетуге ниет танытары анық. Дегенмен, біздегі саяси қарсылық көрсету әлемдегі кейбір елдердегі қарулы қақтығысқа қарағанда хат, өтініштер, т.б. жолдау арқылы ғана бейбіт түрде көрініс беретіні белгілі.

Үшінші бөлімнің «Қазақстандағы саяси коммуникацияны жетілдіру мен тиімділігін арттырудың факторлары» атты екіншітақырыпшасы  еліміздегі саяси жүйенің тұрақтылығын сақтап, демократиялық принциптерді нығайтуға бағытталған нақтылы шараларды көрсете келе, саяси коммуникацияны жетілдірудегі кездесетін кемшіліктер мен әлеуметтік-психологиялық, техникалық, т.б. кедергілер және оларды шешудің тәсілдерін зерттеуге арналған. Саяси коммуникацияның жұмыс істеп жатқан саяси жүйе үшін қаншалықты тиімді екендігін анықтап, оны дамытудың жолдары көрсетіледі. Қазіргі уақытта Қазақстандағы саяси коммуникацияны нығайту бойынша ұсыныстар беріледі.

Автордың пайымдауынша, саяси коммуникацияның тиімділігін жетілдіруде оның құралдары маңызды орын алады. Соның ішінде саяси жарнаманың атқаратын рөлі ерекше. Мәселен, мемлекетіміздегі саяси жарнаманың жеткілікті түрде кең тараған түрі, жаңа бағытта іске асырылатын саяси биліктің бағдарламаларынан қысқаша мәліметтер беретін – листовкалар тарату болып қалады. Мұндай саяси жарнама үлгілері АҚШ-тың, Ресейдің сайлаушыларының алдында заңдылық ретінде қабылданып, түрлі-түсті, сапасы жақсы қағаздарға басылған әртүрлі ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл дәстүр Қазақстандағы сайлауалды кампанияларында да қалыптасқан. Мәселен, 2007 жылдың 18 тамызында өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен жергілікті мәслихатына сайлау алдында таратылған түрлі листовкалар осыған дәлел. Мұнда Мәжіліс пен мәслихат депутаттығынан үміткер-кандидаттар өз листовкаларын сапалы қағаздарға фотосуреттерімен бірге басқызып, пошта жәшіктеріне ғана емес, пәтерлердің есігіне, көшелердегі тақташаларға іліп, арнайы сайлау кампанияларының көмекшілерімен қала, облыс, аудан және ауыл көшелерінде таратып жүрді. Бұл ретте мәселе листовкалардың таратылуында ғана емес, сонымен бірге ол саяси субъектілердің саяси мақсаттарының халық арасында кеңінен белгілі болып, қоғамдық қолдауға ие болуға ұмтылуында екендігі анық жайт. Ал, «Ақ жол» демократиялық саяси партиясы таратқан листовкаларда «Сен өз арманыңа лайықсың», «Шынайы істер партиясы» деген ұрандармен қатар, 5 жылдың ішінде аталған партияның әр жылдардағы Президентке, Парламентке, Үкіметке жасаған ұсыныстары мен оны мақұлдаған Парламент мөрі қойылған листовкалар таратылды. Бұл қазақстандықтардың партияның болашағы мен бағдарламаларына деген сенімін арттыра түсіргенін байқатады. Мұндай листовкаларды басқа саяси партиялар да ұтымды қолдана білді. Демек, бұл елімізде саяси коммуникация құралдарының осындай шаралар арқылы тиімді жүргізіле бастағандығының белгілері болып саналады.

Автордың зерттеу жұмысында, Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның тиімділігі мен нәтижелілігіне қол жеткізуде дифференциялау әдісін, яғни, мәселені жіктеп, талдап қарастыру әдісін пайдалану аса маңызды шарт екендігі баса айтады; оның мәнісі еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік даму ерекшеліктерін, саяси жүйенің өзгерісі кезеңін, қоғамның қажеттіліктері мен мүдделерін есепке алу болып есептеледі.

Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары Парламент, қоғам, саяси субъектілердің қызметтері жайлы ақпарат таратудың басты көзі болып есептеледі. «Мұны Қазақстан Парламенті, оның депутаттары өз қызметінде ерекше сезінеді және олардың қызметіне объективті түрде мүдделі. Бұл мәселенің үлкен қоғамдық мәні, ауқымы және әлденеше қыры бар. Біріншіден, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынсыз еліміздегі қоғамдық-саяси жүйенің қалыпты қызмет жасауы мүмкін емес. Екіншіден, олар қоғамның демократия, парламентаризм жолымен дамуының аса маңызды құралы болып табылады. Үшіншіден, қоғамның демократия мен азаматтық қоғам, құқықтық және әлеуметтік мемлекет үрдісінде дамуы, сөз жоқ, бұқаралық ақпарат құралдарына да кең құқықтық өріс ашып, бүкіл тіршілігін заңмен реттеуге мүмкіндік алды», — дейді зерттеуші Н.Қалиев [16]. Осылайша, ізденуші еліміздегі саяси коммуникацияның тиімділігін жетілдіруде азаматтық қоғам институттарының рөлі басым болу керектігін атап көрсетеді. Аталған мәселелерді саясатта іске асыру саяси субъектілердің тікелей міндеті екендігіне түсініктеме береді.

Зерттеу жұмысында автор, Қазақстанда саяси-коммуникация құралдарының тиімділігін жоғарылатудың төмендегі негізгі факторларын бөліп қарастырады:

— Жалпы қоғамға жеткізілетін ақпарат мейлінше объективті, шындыққа жанасымды болғаны дұрыс. Сонда ғана алынған ақпарат мәліметтеріне сенім қалыптасады.

— Қоғаммен байланыс жасау үшін оның талап-тілектерін ескеріп, оларға дер кезінде жауап қатуға, яғни, кері байланысқа түсудің жолын қарастыру қажет.

— Саяси коммуникацияның басты мақсаты – саяси субъектілермен қатар, билік пен қоғамның өзара тиімді және сенімді ақпарат алмасу көзі екендігін есте ұстаған абзал. Сол себепті бұқаралық коммуникация құралдары арқылы таралған ақпарат мәліметтеріне қоғамның қолдауын туғызу үшін, мәліметтер мен қоғамның мүддесі бір-біріне жақын болуы тиіс.

— Саяси коммуникацияның көлденең таралу жолын дамытқан жөн. Бұл демократиялық принциптерді нығайту жолына түскен біздің еліміз үшін дәл қазіргі уақытта аса қажет бағыт.

Біздің қоғамымызда, халықтың талаптарын, ұсыныстарын билікке жеткізіп, дұрыс шешімдер қабылдай білуге бағытталған нақты мүмкіншіліктер баршылық, бірақ соны биліктегі халық өкілдері дұрыс қолданғаны абзал.

ҚОРЫТЫНДЫ 

Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларын зерттеуге арналған диссертациялық жұмыста алынған ғылыми нәтижелерге байланысты келесі қорытындыларды ұсынамыз.

Саяси коммуникацияны зерттеуге байланысты әдебиеттер мен ғылыми зерттеулердің көптігіне қарамастан, оның жекелеген салаларына қазақстандық саяси ғылымда  зерттеу жүргізу соңғы жылдарда ғана қолға алынып келе жатыр. Саяси коммуникацияның әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану – саяси субъектілер, билік пен қоғам арасындағы өзара байланыста алшақтықты жойып, еліміздегі азаматтық қоғамды қалыптастыруға, демократияны нығайтуға бағытталған нық қадамдардың бірі. Қазақстандағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларын зерттеу, жаңа саяси жүйеге аяқ басқан мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды қадам болып саналады. Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық кеңістігіндегі болып жатқан жағдайларға талдау жасау тақырыптың маңыздылығын көрсетеді.

Дәлелденгендей, өркениетті, дамыған қоғамға қадам басуға бағыт алған демократиялық принциптерді нығайту жолындағы мемлекетіміздің ақпараттық саясаты жаңа мән-мағына ие болып, даму үстінде. Мұның нақты белгісі ретінде – Қазақстандағы саяси субъектілермен бірге, билік пен халық арасындағы ақпарат алмасудағы өзара байланыстың қалыптасуын негіздейтін саяси құндылықтардың дамуы, саяси жүйеде ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданылып келе жатқандығы.

Анықталғандай, еліміздегі саяси коммуникация мәселелері жалпы қоғамдық-саяси жүйедегі қызметімен бірге, қоғамның талап-тілектерін ескеруге тырысатын, халық пен саяси субъектілердің мүдделерін жақындастыруға бағыттайтын мемлекеттік саясаттың негізгі ажырамас бөлігі. Алайда, саяси субъектілер, билік пен қоғам арасындағы өзара байланыстағы ақпарат алмасу тең дәрежелі диалог түрінде жеткілікті дамымағандығын ескеру қажет.

Айқындалғандай, Қазақстан Республикасында демократиялық қайта құруларды жемісті түрде іске асыру үшін, қазіргі саяси коммуникация сферасындағы мемлекеттің ақпараттық саясат зор мағынаға ие болады. Тәуелсіз Қазақстанды саяси реформалаудың тәжірибесі жаңа демократиялық, тұрақты және тиімді саяси жүйе құру үшін қоғамдағы саяси өлшемдердің нәтижесі мен сипатына, деңгейіне байланысты ұзақ және күрделі процесс екендігін көрсетті. Бұл қоғамды модернизациялаудың жемісі болмақ.

Анықталғандай, Қазақстанда саяси мүдделердің келісімге келуі, қоғамдағы идеялардың бірігуі, қатынастардың үйлесімділігі, билік құрылымының мүдделерімен, бір жағынан қоғамның әртүрлі таптарының, топтарының және екінші жағынан, олардың дамуы мақсатында кері байланыс пен басқару құрылысымен қоғамдағы PR-ды саяси басқарудың жүйесіне қоспай, саяси билікті жүзеге асыру мүмкін емес. Қазақстандағы PR жүйесін дамытудың нақтылы жолдары қарастырылады. Олардың қоғам мен билік үшін тиімді жақтары анықталып, баяндалады. Саяси коммуникация құралдары саналатын: PR, саяси жарнама, паблисити, үгіт пен насихат, БАҚ т.б. Қазақстандағы тиімділіктерін арттыру мәселелері ұсынылады.

Айқындалғандай, Қазақстанда саяси коммуникация мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбеген. Себебі, шетел және ресейлік оқу бағдарламаларына саяси коммуникация арнайы пән ретінде енгізіліп, мамандар даярлауды қолға алып жатса, Қазақстан бұл жағынан әлі артта қалып жатыр. Арнайы мамандардың жоқтығынан, біздегі саяси субъектілер шетелдік саяси технологтар мен мамандардың тәжірибесіне жүгінуге мәжбүр болып отыр.

Дәлелденгендей, Қазақстан Республикасы демократиялық дамудың өзіндік үлгісін қалыптастыра отырып, саяси коммуникацияның тиімді түрде іске асырылуына бет бұруда. Мұны еліміздегі ақпараттық-коммуникациялық процестерге байланысты қабылданып жатқан құқықтық базалар нақты дәлелдейді.

Болжам жасау бағытына тоқталсақ, алдағы уақытта саяси коммуникация елімізде тиімді жұмыс істеуге қол жеткізуі мүмкін. Саяси жарнама, саяси үгіт-насихат, қоғаммен байланыс (паблик рилейшнз), паблисити, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты байланыс арналары арқылы саяси субъектілермен, билік пен қоғам арасындағы өзара байланыстағы ақпарат алмасу есебінен саяси коммуникация биліктің ашықтығын, жариялылығын нақты көрсететін болады.

Зерттеу жұмысы бойынша талдау жүргізе отырып, автор Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияны тәжірибеге енгізуге байланысты мынадай ұсыныстар білдіреді:

Біріншіден, биліктің жергілікті органдарына қоғам өмірінің әртүрлі саласында өзінің саясатын кеңейту, өзінің қызметіне ақпараттық қолдаудың белсенділігін арттыру, халықпен байланысты нығайтуды (депутаттардың азаматтармен жеке кездесулері, пікір-таластар, акциялар, т.б.) ұсынамыз, бұл биліктің аймақтағы заңдылығы мен беделін жоғарылатады, сонымен қатар азаматтардың саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Заң аясында азаматтардың құқықтарын сақтау мен қорғау басты мәселе болуы тиіс, сондай-ақ, қабылданған шешімдерге азаматтардың шынайы ықпал етуін негіздеу, мысалы референдумды өткізу процедурасын жеңілдету, қоғамдық кеңес құру және т.б. қарастыру қажет деп ойлаймыз. Бұл заң үстемдік ететін толыққанды азаматтық қоғам институтының қалыптасуына жағдай жасайды. Азаматтық қоғам институттарына мемлекетпен тең дәрежеде өзара әрекеттесетін нақтылы азаматтық қоғамды қалыптастыруға мүмкіндік туғызу үшін, өзінің қызметіне әртүрлі акциялар, кездесулер, шаралар және т.б. өткізу арқылы халықты белсенді түрде тарту шаралары ұсынылады. Сонымен қоса саясат субъектілерінің халыққа өзінің саяси қызметінің бағдарламалары мен жоспары жайлы түсіндіруі керек және қоғамдық пікір жолын ұстана отырып, адам құқығын құндылық идеологиясы ретінде қарастырып, биліктің қоғамдық қызметіне сыни қорытындыларды дамытуға мүмкіндік туғызуы тиіс. Қоғамдық құрылым халықтың саяси білім деңгейін және азаматтардың саяси өмірге қатысуларын белсенді түрде жоғарылатуды қолға алған жөн. Аталған мәселелер төңірегінде баспасөзде кеңінен талданып, зерттеушілер отандық саяси ғылымда ғылыми зерттеулер жүргізуде. Енді осы мәселені тікелей іске асыруда билік тарапынан әділетті жобалардың жүзеге асырылуы басты қажеттілік болып табылады.

Екіншіден, жүргізілген аймақтық әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары көрсеткендей, Қазақстанда азаматтық қоғамның әлі толық дамымағандығы байқалады, демек, халық осыған ұқсас қатынасты саяси партияларға, оның элементтеріне де көрсетеді. Еліміздегі саяси партиялар, ең алдымен халықтың қолдауы үшін күресуі керек және де бұл шаралар тек сайлау алдында ғана емес, тұрақты түрде жұмыс жасаудың қажеттілігін білдіреді. Мұнда саяси субъектілердің азаматтардың мүдделерімен сәйкестігі айқындалады. Мемлекет үшін сайлаудың маңыздылығын, жекелеген әр адам үшін қажеттілігін көрсете отырып, одан арғы сайлауларға қатысқысы келмейтін азаматтардың пайызын азайтуға ұмтылыс жасау керек. Саяси партиялар аталған міндеттерді қоғамдағы белсенді қызметтері арқылы, жекелей акциялар өткізу негізінде, өздерінің қызметі барысында үгіт-насихат шаралары мен үндеулерді жүзеге асыру арқылы іске асыра алады. Халықтың қолдауына ие болу мақсатында саяси партияларға жер-жерлерде өздерінің өкілдіктерінің санын ұлғайту қажет, халықпен жиі жүздесу шараларын өткізу арқылы халықтың сенімін ақтауды жүргізгені дұрыс деп санаймыз.

Үшіншіден, саяси субъектілер өзінің қызметтерін жүзеге асыру үшін аймақтық БАҚ-ты белсенді түрде тартуы тиіс. Отандық БАҚ саяси оқиғаларды сенімді және шынайы түрде жеткізуге тырысуы керек. БАҚ жұмысындағы нақ осы сенімділік пен объективтілікке байланысты халық, азаматтық қоғам институттарына, мемлекеттік билік органдарына сеніммен қарайтын болады. Мемлекеттік және жергілікті билік азаматтардың саясатқа және азаматтық қоғамның дамуына тиімді қосылуына жағдай жасайтын, PR (қоғаммен байланыс) шараларын пайдалану арқылы жергілікті билік қызметіне деген қызығушылығын арттыру шараларын қолдануы қажет.

Төртіншіден, саяси коммуникация процесі диалогтық сипатқа емес, көбінесе, біржақты болып келетіндіктен, билікке халықпен кері байланыс және өзара әрекеттесу есебінен жұмыс жасау керек. Саяси билік институттарына, партиялар мен қозғалыстарға басты ұсыныс ретінде, БАҚ-ты қолданудың тиімділігін арттыруды атап өтер едік, өйткені, саясаткердің жетістігі қалай болғанда да, ең алдымен халықтың көзқарасымен, яғни, қоғамдық пікірмен анықталады. Азаматтық қоғамды құруға қажетті жағдайларды жасауда, мысалы адамның бостандығы мен ар-ожданы, азаматтар құқығы сияқты, т.б қоғамдық пікірді қалыптастыратын гуманитарлық технологияларды қолданған жөн. Аталған гуманитарлық технологиялар алыпсатарлық мақсатқа қолданылмауы тиіс және оларды қолдану тек сайлауалды кампаниялары кезімен ғана шектелмегені орынды. Еліміздегі PR-агенттіктері мен олардың қызмет ету аясын кеңейту қажет және де PR саласын реттеуге мүмкіндік беретін арнайы құқықтық базаның қалыптасуы орынды болар еді деп түйіндейміз. Еліміз бойынша интернетті тұтынудың құнын азайту, халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескерген жөн. Демек, мемлекеттік билік органдары еліміздегі саяси коммуникацияны іске асыруда белсенділік танытуы тиіс. Көрсетілген кемшіліктерді жоюға жан-жақты қолдау қажет.

Бесіншіден, бүгінгі таңдағы саяси коммуникацияның маңыздылығын ескере келе, басқа елдер тәжірибесімен алмаса отырып, коммуникациялық технологияларды ғылыми тұрғыдан жетілдіру үшін Орта Азиялық аймақты қамтитын «Саяси коммуникация» ғылыми журналын шығаруды ұсынамыз. Бұл саяси коммуникацияның ғылыми аппаратының дамуына өз үлесін қосатынымен анықталады. Сонымен бірге, «Саясаттану», «Мемлекеттік басқару» мамандықтары бойынша саяси коммуникацияны білім берудің бағдарламасына енгізіп, арнайы пән ретінде оқытуды қолға алған жөн. Мұның қажеттілігі, қазіргі кездегі басқару саласында, әсіресе, саяси қызмет барысында саяси сауатты кадрлардың қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Аталған мәселелерді қолға алуда саяси коммуникацияны бір жағынан теориямен, екінші жағынан тәжірибемен ұштастыру арқылы іске асырылғаны орынды болады деп қорытындылаймыз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 

1 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты: Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы  //Егемен Қазақстан. — 2008. — 7 ақпан.

2 Адилова Л.Ф. Институт паблик рилейшнз в сфере политики переходного общество // Евразийское сообщество: общество, политика, культура. – 1998. — №1. — С. 4-11.

3 Ибраева Г.Ж. Парламент и СМИ: взаимодействие или конфликт? //Законодательство и практика. — 2002. -№10. — С.13.

4 Ибраев А.Ж. Основные направления политики реализации связей с общественностью (на примере НДП «Нур Отан»): автореф. …канд.полит.наук: 23.00.02. — Алматы, 2008. — 24 с.

5 Насимов М.Ө. Қазақстан Республикасындағы саяси жарнаманың дамуы //Қаз.ҰУ Хабаршысы. Философия. Саясаттану. Мәдениеттану сериясы. — 2006. -№2 (26). — 189-194 бб.

6 Нуртазина Р.А. Образовательная политика Республики Казахстан в условиях глобализации. – Алматы: Ғылым, 2004. — 320 с.

7 Сұлтанбаева Г.С. Саяси коммуникация: негіздері мен тәжірибесі. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. — 162 б.

8  Шварценберг Р.Ж. Политическая социология.- М.: 1992. — Часть I.- 180 с.

9  Политическая энциклопедия: В 2-х томах.- М: Мысль, 2000. -Т.1. — 533 с.

10 Ахатова Б.А. Политический дискурс и языковое сознание. – Алматы: Экономика, 2006. — 302 с.

11 Дөрбетханұлы Т. Партиялық саяси имиджді қалыптастырудағы  коммуникациялық байланыстың ролі //Саясат. – 2003. — №2. — 62-64 бб.

12 Блэк С. Паблик рилейшнз: Что это такое? — М.: 1990. — 239 с.

13 Рысбаева С.Ж. Паблик рилейшнз (PR): к проблеме деструктивных технологий в переходном обществе //Евразийское сообщество. – 2002. -№1. — С. 37-43.

14 Саиров Е.Б. Избирательные технологии: теория и практика. — Алматы: Үш Қиян, 2004. — 176 с.

15 Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы: Жеті Жарғы, 2005. — 192 б.

16 Қалиев H. Қазақстан Парламентаризмі: саяси талдау. — Алматы: «Қазақстан» баспа үйі», 2003. — 272 б.

ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН ЖҰМЫСТАР ТІЗІМІ 

1 Саяси коммуникация ұғымының қолданылуы және оның саяси жүйедегі орны //«Әуезов шығармашылығы және мәдениеттер диалогы»  халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. Том-2. – Семей: М.О.Әуезов атындағы Семей университеті, 2007. — 75-78 бб.

2 Қоғаммен байланыс орнату (паблик рилэйшнз) //Республикалық «Инновациялық технологияларды қолдану негізінде педагог кадрларын даярлау сапасын жетілдіру» ғылыми-тәжірибелік конференция еңбектері. – Шымкент: Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті, 2007. — 319-324 бб.

3 Саяси коммуникация құрылымындағы БАҚ-тың қызметі // «Мемлекеттік тіл: бүгіні, болашағы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жинағы. – Семей: Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, 2007. -323-329 бб.

4 Саяси коммуникацияның саясиәлеуметтік жүйедегі орны // «Түркілердің тарихи-мәдени мұрасы Еуразиялық және Орталық Азия контексінде» Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. 1 бөлім. — Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2008. -86-89 бб.

5 Еліміздегі саяси коммуникацияның даму тенденциялары  //«Қазақстан жаһандану жағдайында саяси-әлеуметтік және экономикалық даму кезеңінде» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. Том-1. — Тараз: Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті, 2008. — 193-196 бб.

6 Паблик рилейшнздің (қоғаммен байланыс) қалыптасуы мен даму тарихы // Хабаршы. «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы. — А.: Абай ат. ҚазҰПУ. — 2008. — №3 (23). — 9-13-бб.

7 Саяси коммуникация теориясының ғылыми зерттелу мәселелері //ҚазҰУ Хабаршысы. Философия. Саясаттану. Мәдениеттану сериясы. — 2008. — №2. — 193-196 бб.

8 Отандық БАҚ – еліміздегі саяси коммуникацияның негізгі құралдарының бірі //Ізденіс. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. -2008. — №3 (1). — 72-76 бб.

9 Қазақстандағы паблик рилейшнздің қалыптасу жолдары //Ақиқат. — 2008. — №12. — 71-75 бб.

10 БАҚ және диаспора //«Қазақ диаспорасы: кешегісі, бүгіні, ертеңі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Баян Өлгий қаласы, Моңғол ұлысы: Қ.Биқұмар атындағы Түркітану ғылыми-зерттеу орталығы, 2009. — 211-215 бб.

11 Қазақстанда саяси коммуникацияның тиімділігін арттырудың фактор-лары // Хабаршы. «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы. — А.: Абай ат. ҚазҰПУ. — 2009. — №2 (26). — 47-52 бб.

Резюме

Иманбаева Алтынгул Ахметовна

Политическая коммуникация в Республике Казахстан:

особенности и проблемы 

Диссертация на соискание ученой степени кандидата политических наук по специальности 23.00.02 – политические институты, этнополитическая конфликтология, национальные и политические процессы и технологии

Актуальность исследуемой темы. В соответствии с современными требованиями, отечественные политические институты проводят исследования политических процессов, политических технологий и ситуаций. Таким образом, вносят ощутимый вклад в развитие отечественной политологии. Вместе с тем, в политической науке существует ряд тем, требующих комплексного исследования. Одной из них является проблема политической коммуникации. Поэтому, необходимость комплексного исследования политической коммуникации тесно связана со стабильностью политической системы в Казахстане и ее важностью в период демократических преобразований.

Объектом исследования является комплексный анализ политической коммуникации в Республике Казахстан в современный период.

Предмет исследования: проблема формирования и развития политической коммуникации в Республике Казахстан.

Цель диссертационной работы – всестороннее исследование политической коммуникации как важнейшего фактора модернизации политической системы в Казахстане.

Основные задачи, исходящие из цели исследования:

  1. 1.  Провести сопоставительный анализ научного исследования политической коммуникации на основе трудов российских и западных исследователей;
  2. 2.  Дать характеристику формирования, развития и перспектив политической коммуникации в Казахстане;
  3. 3.  Определить роль и место политической коммуникации и структуры пространства политической коммуникации в общественной политической системе;
  4. 4.  Провести политический анализ влияния политической коммуникации на модернизацию политической системы в Казахстане;
  5. 5.  Уточнить способы и эффективности работы служб связей с общественностью (PR) в Казахстане;
  6. 6.  Исследовать роль СМИ в политической коммуникации Казахстана;
  7. 7.  Определить основные факторы совершенствования и повышения эффективности политической коммуникации в Казахстане.

Научная новизна исследования определяется актуальностью темы в соответствии с современными требованиями, детальным изучением ранее неисследованных проблем, а также осуществлением целей и задач проводимой научной работы. Более того, данное исследование является первым трудом в отечественной политической науке, который выявил политические субъекты в осуществлении процесса политической коммуникации, общественно-политическую роль гражданских институтов общества. Таким образом, в данной исследовательской работе достигнуты следующие конкретные научные результаты:

— дано авторское определение понятию «политическая коммуникация», разобраны и систематизированы его направления и взгляды на основе исследований в политической науке;

— проанализирована роль политической коммуникации в политической системе Казахстана, а также рассмотрены этапы ее формирования, особенности развития, определены деятельность и виды;

— анализируя типологию политической коммуникации, автор исследует новые направления типологии;

— показана роль СМИ в осуществлении деятельности организации по связям с общественностью;

— определены возможности решения противоречий политических интересов и основных препятствий, возникающих в отношениях общества и власти;

— политическая коммуникация определяется как признак политического обновления в нашей стране, ее способы широко применяются;

— впервые в отечественной политической науке проведено исследование влияния информационной политики на развитие политической коммуникации в Казахстане;

— даны предложении по дальнейшему совершенствованию и развитию политической коммуникации в Казахстане.

Теоретическо-методологические основы исследования. В основе диссертационной работы лежат теоретические исследования ведущих российских и зарубежных ученых, проводивших специальное исследование моделирования политической коммуникации, типологических особенностей и средств ее осуществления, структурно-функциональной основы политической системы, а также деятельности отдельных элементов в ходе модернизации.

Практическая значимость диссертационной работы. Результаты данного исследования можно применять в работе служб связей с общественностью, а также в СМИ и органах власти в процессе осуществления государственной службы.

Основные идеи и выводы данной работы можно применять в качестве материала для проведения семинаров и специальных курсов в ВУЗах по предметам «Теоретическая политология», «Система выборов», «Политические технологии», а также может стать основой для написания учебников и пособий для студентов по вопросам политической коммуникации.

Summary

Imanbaeva Altyngul Ahmetovna

Political communication in Republic Kazakhstan:

features and issues 

Dissertation for scientific degree of the Candidate of political sciences on  specialty 23.00.02 – political institutes, ethno-political conflict studies, national and political processes and technologies

 

Actuality of the investigated theme. According to the modern requirements, domestic political institutes conduct researches on political processes, political technologies and situations. Thus they significantly contribute  to the development of  domestic political science. At the same time,  political science includes a number of themes which require complex research. One of them is the issue of political communication. Therefore the necessity of complex research of political communication is closely connected with stability of political system in Kazakhstan and its importance during democratic transformations.

Object of research includes a complex research of political communication in the Republic of Kazakhstan at present period.

Subject of research includes the issue of formation and development of political communication in the Republic of Kazakhstan.

Aim of Dissertation research isacomprehensive investigation of political communication as the major factor of modernization of political system in Kazakhstan.

Main objectives coming out of the research aim:

1.Comparative analysis of scientific research of political communication on the basis of works of  Russian and Western researchers;

2.Characterize formation, development and perspective of political communication in Kazakhstan;

3.Identify the role and  place of political communication and structure of space of political communication in social political system;

4.Political analysis of influence of political communication on modernization of political system in Kazakhstan;

5.Specify the ways and efficiency of performance of public relations services (PR) in Kazakhstan;

6. Investigate the role of mass-media in political communications of Kazakhstan;

7.Identify the major factors of improvement and increase of efficiency of political communication in Kazakhstan.

Scientific novelty of the research is identified by the actuality of the theme according to modern requirements, detailed study of the issues which haven’t been investigated earlier and also implementation of the aims and objectives of the undertaken research work. Moreover this research is the first work in domestic political science which has revealed political subjects in implementation of the process of political communication, social and political role of civil institutes in the society. So, this research work has achieved the following concrete research results:

— author’s definition is made of the concept «political communication», its directions and views within the research level in  political science have been analyzed and systemized;

— the role of political communication in political system of Kazakhstan has been  analyzed and also stages of its formation, special features of development have been  considered, activity and types have been identified;

— explaining the typology of political communication, the author investigates new directions of typology;

— the role of mass-media in implementing activity of organization on public relations has been shown;

— possibilities of solving contradictions of political interests and  basic obstacles arising in relations between  society and authorities have been identified;

— political communication is identified as political transformation in our country, its ways are widely applied;

— for the first time in domestic political science the research work on the influence of information policy on development of political communication in Kazakhstan has been conducted;

— instructions and proposals on further improvement and development of political communication in Kazakhstan are given.

Theoretical-methodical bases of the research. The Dissertational work is based on the  consideration of the concepts of leading Russian and foreign scientists who have  conducted special research on modeling of political communication, typological features and means of communication for its implementation,  structural-functional basis of political system as well as the activity of separate elements during modernization.

Practical importance of Dissertational work. Results of this research can be applied in the work of public relations  services and also in mass-media and official bodies in the process of public service.

Main ideas and conclusions of this  work can be applied as a material for conducting seminars and special courses at the Universities on such subjects as Theoretical political science, «Election system», «Political technologies»  and also can serve as a basis for writing  textbooks and training manuals for students on political communication.