Әр адамның күнделікті тіршілігіне ерекше өзгеріс енгізе қоймаған қоғамнан кетіп, жаңа ғасыр өз өмірімізде жаңа бір дәуірдің басталғанын мойындатуда. Көкжиегімізде көрініп тұрған нұрлы болашағымызға жету жолдарының жақсы нышандары бүгінгі қоғам тіршілігінің әртүрлі салаларынан көрініс табуда. Солардың бірі-әлеуметтік орны мен ақпараттар қызметінің салмағы жағынан ерекше болып табылатын білім беру жүйесі. Олай дейтініміз бұл саладағы әрекет қоғамның бір жеке мүшесінің тағдырына қатысты емес, еліміздің ертеңгі күнгі әлеуметтік күшіне, тұрмыс деңгейіне, өркениеттілігіне әсер ететін кешенділігімен сипатталады. Сондықтан білім беру саласында қоғамның әрбір мүшесінің назарынан тыс қалмайтын мәселелер төңірегінде түбегейлі өзгерістер жасалуда. Руханилық пен адамгершілікке негізделген, демократия мен гуманизм ұстанымдарына сәйкес, білімнің жаңа сапасын қамтамасыз ететін реформаларды жүзеге асыру қоғамның дамуын ілгерілететініне күмандануға болмайды.
Даму жолындағы қоғамда ең алдымен білім дамуға тиісті. Ал білімді дамытатын сол үрдістің субъектілерінің принципті түрдегі жаңа әрекеттері мен жаңа қарым-қатынас нормаларын меңгеруі болып табылады. Жаңа қоғамдағы білімге айырықша көңіл аударарлық мәселе білім емес, оны меңгеруге деген қабілеттілік, есте сақтау емес, психиканың негізгі механизмі-ойлау, шыдамдылық емес, оқу үрдісіне деген белсенділік, оқу нәтижелеріне жету арқылы өз орнын анықтау; жауапкершілік; жай оқу емес, жеке, қоғамдық, кәсіби өмірді нұрландыру үшін оқу.
Білім-тоқтаусыз, толассыз үрдіс. ХХІ ғасыр білімін адамның қызығушылықтарының дамуы, оның өзінің дамуы деп түсіну ләзім. Бұл-әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен қайта құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, тұлғалылығы қалыптасады.
Даму да, білім де ешбір адамға қолдан беріле салмайтындығы туралы көптеген ғұламалар айтып кеткен. Кімде-кім оған қол жеткізгісі келсе, әрекет етуі, ақыл-парасатын, қарым-қабілетін жұмсауы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, кез келген білім, ол-өз бетінше білім алу. Шығармашылық әлеуеттің дамуы жаңашылдықтың қажеттілігін сезіну арқылы, оған деген өзінің сенімдерін қалыптастыру арқылы көрінеді де, өз білімін көтеруге негіз болады [14,19б].
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамсында: «Орта білім беру міндеттерінің бірі-азаматтыққа, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу» деп көрсетіледі.
Ел Президентінің 2004 жылғы 19 наурыз айындағы Қазақстан халқына «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен, оның ішінде патриоттықпен айқындалатынын ерекше атап көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде білім беру мәселесінің жай-күйі жан-жақты талданып, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударып, Қазақстандық патриотизм мен интернационализм негізінде білім алушыларды тәрбиелеудің тиімді жүйесін енгізу қажеттілігі баса айтылды.
Дегенмен де білім жүйесінің аса күрделі және жауапты сала екендігін, оны реформалауда қателіктер жіберілсе, бірнеше ұрпақтың тағдырына, мемлекетіміз бен ұлтымыздың тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне зиянын тигізуі мүмкін екенін, сондықтан білімнің пәрменділігін және сапасын арттыру үшін бүкіл білім жүйесінде қысқа мерзім ішінде күрт өзгерістер жасаудың қауіпті де, қатерлі екенін әрқашан ескергеніміз жөн.
Қазіргі білім жүйесінің басты кемшілігі оның білім жиынтығын беруге бағытталғандығында ғана емес, сол білім мазмұнының шашыраңқы, қазіргі өркениеттің өзгермелі сипатына, ғылыми жаңалықтарға, тез жетілдіріп өндіріске еніп жатқан жаңа технологияларға сәйкес дер кезінде жаңарып, жетіліп, бейімделіп отыруға қабілетсіз, консервативті, орталықтандырылған, жабық және шектеулі түрде болуында деп есептеймін. Оның үстіне, соңғы он бес жылдың көлемінде мектептердің оқу-материалдық, кадрлық базасының моральдық та, материалдық та жағынан барынша ескіріп, құлдырап кетуі білім сапасына орасан зор зиянын тигізгені белгілі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында болашақ, келесі ғасырда, жаңа мыңжылдыққа өткен құндылықтар туралы айтты: «Біз өзіміздің болашағымызды және жастарымызды қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті.біз ненің іргесін тұрғызғымыз келетінін, таңдап алған мақсатымызға алып келетін өз дамуымыздың траекториясы, даңғылы қандай болуға тиіс екенін анық білуге және ұғынуға тиіспіз». Міне сондықтан еліміздің даму бағыты айқындалған уақытта білім берудің маңыздылығы мен оның мәнділігіне көңіл бөлініп, сапалы білімге қол жеткізуде нақты міндеттер қойылып, болашақтағы атқарылар іс-шаралар айшықталуы қажет. Білім беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымынан, мәдени құндылықтарынан, ұлттық дәстүр, рухани негізден бөле-жара қарауға болмайды.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің реформалануы, қоғамның демократиялық бағытта дами бастағанын көрсетеді. Осыған орай білімге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, оқытудың жаңа түрлері, жаңа бағыттары («Мирас», «Дарын», «Мұрагер» және т.б.) мектептер пайда болып, білім мазмұнының толығымен жаңаруына алып келді. Дәстүрлі бағыттағы мектептерден бөлініп шығып, өз алдына оқытудың формаларын ұйымдастырған жаңа типті мектептер бой көрсетті. Мұндай мектептерді заман талабына сай білім беріп жатқан инновациялық білім мекемелеріне жатқызуға болады. Ал жаңа типті инновациялық мектептердің негізгі мақсаты-жеке тұлғаны толық дамыту және білімдендіру болып табылады. «Инновация»-(лат.тілінен-nouis-жаңа) аударғанда жаңалау, жаңа, өзгеру-деген мағыналарды көрсетеді.
Инновация дегеніміз-жаңа мазмұнды ұйымдастыру, ал жаңалық енгізу дегеніміз-тек қана жаңалық енгізу, ұйымдастыру, яғни инновациялық үрдісті мазмұнды дамыту, жаңаны ұйымдастыру, қалыптастыруды анықтайды, ал «жаңаша» деп жаңаның мазмұны, оны енгізудің әдіс-тәсілі мен технологияларын қамтитын құбылысты айтады.
Көптеген ғалымдарымыздың еңбектерін қарап отырсақ, «Инновация» дегеніміз-білім беру үрдісін өзгертуге бағытталған педагогикалық жаңалық енгізу. Ал жаңалық енгізу, мәселелерді тиімді жолмен шешу үшін қажет»,-дейді және ол міндетті төмендегідей екі талапты көрсетеді. Инновацияның ғылыми мағынасы да әртүрлі деңгейде сипатталады, мәселен:
- инновацияны қиын мәселені шешуде туындайтын ерекше бір қажет идея ретінде қарастыру;
- инновацияны мектеп жұмысын жоғары сатыға көтеруге бағыттау.
Ғылым мен халыққа білім берудің дамуы елімізді техниклық прогреске жеткізері мәлім. Ал техникалық прогресс-қоғамдық және жеке бастың өмір сүру деңгейін көтеруші; Ол еңбек өнімділігінің жоғарылауына әкеледі. Сонымен, білім беру жүйесін қоғамдық өмірдің өзге салаларының да негізі деп білуіміз керек.
Бүгінгі таңда білім беру саласында әртүрлі сипаттағы және бағыттағы «инновациялар» енгізілуде. Азды-көпті мемлекеттік реформалар жүргізіліп, оқыту әдістері мен технологияларына жаңалықтар кіруде. Білім беру саласына енген жаңалықтарға мына өзгерістерді жатқызамыз:
- оқу-тәрбие мекемелерінің жаңашыл басқарылуын;
- білімнің қоғамдағы орны, және сол жүйені қаржыландыру деңгейін;
- тәрбие және білім жүйесі құрылымын;
- білім беру мазмұнын, яғни оқу жоспарларындағы және бағдарламаларындағы өзгерістерді;
- мектептің ішкі ұйымдастырушылық әрекеттерін айтуға.
Қорыта келгенде, мектептің мемлекет алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Өйткені жас баланың бойына адамгершілік негіздерін қалыптастырып, білім нәрінен сусындатар, өзінің дәстүрінен алшақтатпай, туған тілін, салт-дәстүрін қажетті деңгейде үйрету-басты міндет. Осындай мақсат, міндеттерді үнемі ұстанып отырған мектептің жетер жетістігі, бағындырар биігі зор болмақ.
Мектеп-ешуақытта қоғамның, мәдениеттің, ғылым мен білімнің жаңалықтарынан тыс қалып қоймай, үнемі оқушылардың бойына іскерлік пен дағдыларды қалыптастырып, дүниетанымдарының кең болуын қамтамасыз етіп отырғаны жөн. Ал қоғамның жаңалықтарынан алшақтау, дамыған мактептен білім алған оқушының теориялық және практикалық білімдері, ақпараттың дамып отырған уақытында жеткіліксіз болып қала бермек. Міне сондықтан мектептің білім мазмұнын қайтадан қарап, заман талабына сай өзгерту, бүгінгі таңдағы басты мәселеге айналып отыр. «Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады»-деп Елбасы айтқандай, шынында да білім беру бүгінгі таңда үлкен капиталға айналу үстінде. Білім беру капиталға айналған уақытта, оған деген көзқарас өзгеріп, капиталды жинақтау жолдарын қарастыруымыз қажет. Сол үшін де артта қалып бара жатқан мектептерге өкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың материалдық-техникалық базаларын нығайтып, жаңа бағыттағы білім мазмұнын ұйымдастыруды қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі уақытта қоғмдық, саяси-әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне байланысты барлық салада өзгерістердің пайда болуына әкеп соғуда.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен бүкіл өркениетті әлемдегі ақпараттық даму білім берудің дәстүрлі қалыптасқан жүйесін, әдістері мен технологиясын қайта қарауды талап етуде. Бұл процесс білімнің жаңа аймақтарына енудің қажеттілігі мен оны жеке тұлғаның толық көлемде меңгеруінің толық көлемде меңгеруінің қиыншылықтары арасындағы қарама-қайшылықтары ретінде белең алып отыр.
Білім берудің дәстүрлі технологиясын қолдану, алдымен студенттердің, мысалы, экономика және онымен іргелес ғылымдар саласы бойынша білімдерді экстенсивті жинақтауымен ғана байланысты болады. Бірақ өте кең көлемдегі оқу және ғылыми мәліметтерді меңгеру қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда болашақ мамандардың кәсіби және өмірлік қалыптасуы үшін жеткілікті шарт болып есептелмейді. Сондықтан ақпаратты сұрыптаудың жаңа тәсілдері мен жаңа ақпараттық технологияларды меңгеру дағдылары нарық жағдайында бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруғы міндетті талапқа айналып отыр. Бұл дағдыларды мектепте, колледжде, жоғары оқу орындарында қалыптастыру мәселесі қойылуда.
Оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын қолдану білімді меңгеру және бекіту процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Өйткені оқушының немесе студенттің өз жұмысының жалдамдығын, оқу мақсатына жету кезеңдерінің сатысын өзі таңдай алу мүмкіндігі, тұлғалық ерекшелігі мен даярлық деңгейіне сәйкес тиімді жаттығуы оқу процесін дараландыруға және ізгілендіруге жағдай жасайды.
Ақпараттық-есептеу технологиясын қолдану оқу еңбегінің зияткерлігін күшейтеді. Экономикалық процестерді макро және микро деңгейлерде берілген қасиеттері бойынша оқу бағарламасының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес модельдеу қиялдың, шығармашылықтың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызады, оқытудың мотивациясын күшейтеді.
Дегенмен студенттердің білімін интеграциялау процесінде оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын қолдану мәселесі жеткілікті зерттелмеген. Бұл проблема интеграция теориясы бойынша Г.Г.Авзалова, А.А.Бейсенбаева, А.Я.Данилюк, Н.А.Лошкарева, В.Н.Максимова, А.Мұхаметжанова, А.В.Усова т.б. зерттеу еңбектерінде қарастырған.
Интеграциялық процестердің тарихи-гнесологиялық негізі ғылым мен білім беру таным ерекшеліктеріне алғышарт ретінде алынып, оның мәні дүние мен адамның өзі жөніндегі білімдердің интеграциясы мен дифференциясының кезектесуі адамзаттың өмір сүру ортасын сақтаудың жаһандық проблемасының шешімін іздестіру болып табылады.
Қазіргі зерттеулерде білімді интеграциялау проблемасы негізінен дидактикалық жүйені құрылымдау принципі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар ақпарат әлемінде өз мүмкіндігін кәсіби тұрғыдан жүзеге асыруға қабілетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыру тәсілі ретінде де зертелуде. Білімді интеграциялау теориясын талдау интеграцияның жүйелік, модульдік, фрагментті-ұғымдық деңгейлерін бөліп қарастыруға мүмкіндік береді. Интеграцияның жүйелік деңгейіне жету дегеніміз дүниенің біртұтас ақпараттық бейнесін түсінуге бейім теориялық ойлауды дамыту болып есептеледі. Білім интеграциясының модульдік деңгейінде қандайда бір өлшем (уақыт, кеңістік, моралдық-адамгершілік, т.б.) бойынша жекелеген пәндік аймақтағы дағдыларды қорыту жүзеге асырылады.
Оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары және оларды қолданудың мүмкіндіктері В.С.Гершунский, В.М.Ленива, Е.И.Машбиц, Г.К.Нұрғалиева, Е.С.Полат, В.Г.Разумовский, т.б. ғалымдарының еңбектерінде зерттелген. Аталған еңбектер білім беру процесінде жаңа ақпараттық технологияны қолданудың психологиялық, педагогикалық мүмкіндіктерін ашып көрсетеді. Жаңа ақпараттық технологиялар білім мен мәліметтерді әртүрлі формада, әртүрлі күрделілілік деңгейде ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге, қолайлы жылдамдықпен бірнеше рет қайталап отыруға мүмкіндік береді. Білім беру процесінде табиғи және дәстүрлі лабораториялық жағдайда кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, мотивацияны жоғарылататын материалдарды жақсы меңгеруге көмектесе алады. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру процесінде қолдану білімнің жаңа сапалық деңгейіне қол жеткізеді, өйткені бұл потенциалдық мүмкіндік ақпараттық технологияның мәнінде жатыр.
Қорыта айтқанда, оқытудың жаңа ақпараттық технологияларды тұлғада жекелеген пәндік білімдерді қалыптастыруға бейім. Сондықтан болашақта бұл мүмкіндіктерді білім беру процесінде пайдаланудың маңызы зор.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы халыққа Жолдауында елдегі білім жүйесіне қатысты адам білімдарлығын ұлттың әлемдік әлеуметтік қатынас кеңістегіндегі бәсеке үрдісіне сай келудің маңызды шартты белгісі ретінде бірінші кезекке қойылатын міндет етіп көрсеткені белгілі. Осыған орай, онда республикамыздың білім беру саласына қатысты қазіргі заман және әлемдік стандарт талабына сай келетін әрі оған жауап бере алатындай ұлттық білім беру жүйесін (моделін) қалыптастыру мәселесін көтерген болатын.
Бұл мәселені үкіметіміз ХХІ ғасырдың басты міндеті болып табылатын адам өмірінің сапасын жақсартумен, ал оны ең алдымен елдегі білім беру сапасын жетілдірумен байланыстырады. Соңғысы жеке тұлғаның дамуындағы айқындаушы фактор ретінде мойындалады.
Елбасының 2005 жылғы 18 ақпандағы халыққа Жолдауында елдің әлеуметтік жаңару тұғырнамасын нақтылау үрдісі байқалады. Осы орайдағы көптеген міндеттер мен нақты шаралар реті атап көрсетілген. Соның бірі еліміздің білім беру саласына арналған. Әсіресе, жастарға жалпы және арнаулы орта әрі жоғары білім бере отырып, әлеуметтік-саяси қатынас субъектісін қалыптастыру, келешек тұлға болмысын сомдау ісі жүктеліп отыр. Сонымен бірге өркениетті ел әр кезде білімге, ғылымға үкімет артқан және оған қаржыны аямаған, ол адамзат тарихынан белгілі. Осы мәселеде мемлекет зиялы қауымға үкімет артады әрі сенім білдіреді.
Жастардың білім алуына жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру туралы ұсыныстар жасалуы, олардың рухани шығармашылығына мүмкіндіктер жасап, жол ашып, материалдық тұрғыдан ынталандыруға бағытталған шаралардың білгіленуі елдің ертеңгі тізгінін ұстар буынды қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға тартуға бағытталған ұсыныстары айтарлықтай маңызға ие болатын стратегиялық позиция. Осыған орай, қазіргі талапқа сай маман даярлау үрдісінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас қалыптасып, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Мұны зайырлы мемлекеттің өркениеттік мәдениетінің көрінісі, аға буынның кейінгі ұрпақ алдындағы парызының өтелуі деп тануға болады. жастардың ертеңгі күнге сенімділігін арттырудың, әлеуметтік белсенділігін жетілдірудің, ұлттық қоғамдық сананы өсірудің, елсүйгіштік қасиетті орнықтырудың, әлеуметтік жауапкершілікті шыңдаудың, жеке тұлғаны қалыптастырудың концептуалдық бастамалары деп түсінеміз. Міне, ондай мүмкіндіктер тек іргелі білім, терең тамырлы тәрбие арқылы болатыны белгілі.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының білім беру стратегиясындағы басты концепция-ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үлгісінің негізгі мақсаты-адамның ең негізгі құндылық ретінде мойындау және сол тұрғыда қалыптастыру, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, мәдени-рухани дамуына ерекше мән беріп, сол арқылы оның рухани жан дүниесінің жетілуіне, әлеуметтік-саяси көзқарастарының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, әлеуметтік мәдениетінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай туғызу. Яғни, келешек маман білікті әрі білімді, ең алдымен рухани тұрғыда кемелденген, ұлттық ділі мықты, әлеуметтік мәдениеті қалыптасқан, халық, ұлт алдындағы жауапкершілік сезімі жоғары дара тұлға болуы тиіс. Сондықтан бүгінгі білім алушыға тек маман ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оны,ең алдымен, өз елінің азаматы, адамгершілігі мол творчествалық тұлға, елдің жанашыры, келешектің иесі, халқының тірегі ретінде тану керек, соған мүмкіндік жасалуы тиіс.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Основы кредитной системы обучения в Казакстане» деп аталатын ұжымдық монографиясында елдің келешектегі білім беру саласындағы тұғырнамалар анықталып, ол кәсіби білім берудің тек жоғары сапасымен ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам іргетасы ретіндегі жаңа білім беру философиясымен де айқындалмақ делінген. Онда біршама негізгі міндеттер де анықталған:
- икемді, мобильді жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру;
- жоғары оқу орындарының адаптациялық потенциалын көтеру;
- оқу орындарындағы академиялық және ұйымдастыру құрылымын, ондағы инфрақұрылымдарды жетілдіру;
- әдістемелік жүйені және білім беру технологиясын реформалау;
- педагогикалық үрдісті жетілдіру, педагогикалық құрам сапасын жақсарту.
Бұл айтылғандардан туындайтын мәселе, шындығында, ұлттық идея негізіндегі кешенді білім беру философиясын қалыптастыру қажеттілігінің бар екендігі.
Сондай-ақ қазіргі кезде, кредиттік технологияны іске асыруда жоғары оқу орындарында тұрмыстық психология деңгейіндегі науқандылық-орындаушылық тенденция байқалады. Сондықтан кредиттік жаңа оқу жүйесін енгізудегі естен шығармайтын ұстанымдардың бірі-ұлтымыздың дәстүрлі жан-жақты этикалық білім беру жүйесінің басым болуын естен шығармау керек.
Демек, қоғамдағы барлық саланың көздейтін негізгі мақсаты Қазақстан азаматтарының әлеуметтік мүддесінен шығу, сайып келгенде оның бәрі адамға келіп тоғысады. Сол үшін бар мүмкіндікті үйлестіруді келешекке міндет етіп жүктейді. Олай болса, Елбасы Жолдауындағы бағдар ауқымы мемлекеттік, қоғамдық-әлеуметтік сананың өркениеттік деңгейге көтерілу үрдісінен, ауқымды ойлау мәдениетінен белгі береді. Бүгінгі бірегей әлеуметтік-саяси кеңістіктегі жағдайды өз халқымыздың мүддесі үшін пайдалану идеясы жатады. Сондықтан жан-жақты этикалық білім беру жүйесін қалыптастыру еліміздің жаңа қағидалы идеологиясын жасаудың тұғырнамасы болып табылады.
Елбасының 2004 жылғы Қазақстан халқына жолдауында жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары жемісін дамыту мәселесі кезек күттірмейтін міндет ретінде айқындалып, пәрменді шаралар қолдану Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдерге тапсырылған еді.
Осы орайда заман талабына сай қажетті кәсіптік мектептердің алатын орны ерекше. Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа жолдауында құрылыс саласының мамандарын даярлау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. бұл мәселені Елбасы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ-құрылтайында «тайға таңба басқандай» етіп айтып, бағыт-бағдар берді: жұмысшы кадрларды негізінен кәсіптік мектептердің әзірленуі қажет;
Күн санап гүлденіп келе жатқан бас қаламыздағы алып құрылыстарға және басқа да салаларға жұмысшы күші қажет болып отыр. Осыған орай қалалық Білім департаменті ұсынған «Астана қаласында 2004-2006 жылдарда бастауыш және орта кәсіптік білім беруді дамыту бағдарламасы» қалалық мәслихаттың қаулысымен бекітілді. Онда қаржылық мәселелермен қоса кәсіптік мектептер мен колледждердің материалдық, техникалардың базасын жақсарту, оларды оқу-әдістемелік құралдармен жабдықтау көзделіп отырғандығы айтылады. Мысалы, Астана қаласындағы №1 кәсіптік техникалық мектепте негізінен құрылысшылар дайындалады. Мектеп тарихы 1968-1969 оқу жылынан бастау алады. Осы жылдар ішінде №1 кәсіптік-техникалық мектепте 7800 ден астам билікті маман дайындалып шықты. Осыдан оншақты жыл бұрын төрт мамандық бойынша кадр дайындалса қазір оның саны тоғызға жеткен. Атап айтқанда, бұл мектеп келесі мамандарды дайындайды: ішкі әрлендіру мамандары, паркет салу, сыртқы әрлендіру мамандары, ұста, ағаш шебері мамандары, газ және электр құбырларын дәнекерленушілер, тас қалаушылар, арматура орнатушылар, коммуналды шаруашылық мамандары, түрлі өндіріс саласындағы хатшы-референттер.
Дәріс екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Кәсіптік мектептер жыл сайын 140-150 түлік мамандық алып шығады.
2003-2004 жылындағы кәсіптік мектептер (лицейлер) құрамындағы оқитын оқушылардың экономикалық өсуі жайлы 1-2 қосымша суреттерден көруге болады. Сонымен бірге, 2000-2005 оқу жылдарындағы мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы және колледждердегі студенттерді қабылдау және оқуды аяқтату туралы мәліметтерді 3-4 қосымша суреттерден көрулеріңізге болады.
Оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілер мен кәсіптік мектеп арасында жыл сайын келісім-шарт жасалып отырады. Ал, соңғы жылдары бұл кәсіптік техникалық мектепке ірі өндіріс орындары тапсырыс беріп, өздеріне қажетті жұмыс күшін әзірлетуді дәстүрге айналдыра бастады. Бұндай кәсіпорындар 120-дан астам, солардың қатарында: «Гражданстрой» ЖШС, «Астана-Техником», «Блок-1», «Стройдормаш», «Имсталькон», «Тұрмыс», «Астана-Жилстрой», «Концерн Цесна-Астық» және басқалары бар. Осындай кәсіпорындарға қажетті білікті мамандар даярлау үшін қажетті жағдайлар жасауда.
Бүгінгі күні оқушы білімін бағалаудың тәсілі ретінде тестілеу әдісі кең қолданыс табуда. Алайда тестілеу әдісі-оқушылар жетістігін бағалау технологиясының бірі ғана. Қазіргі уақытта оқыту нәтижесін бағалаудың басқа да әдіс-тәсілдері бар. Оқушылар білімін бағалаудың жаңадан қолданысқа енгізіліп жатқан баламалы тәсілдерінің бірі-портфолио. Портфолио-оқушының жеке жетістігін жинақтау және бағалау тәсілі. Американдық және еуропалық білім беруде протфолио «оқушы жұмысының жетістігі мен озықтығын көрсететін коллекция» ретінде анықталады. Портфолионы мектепте пайдалану идеясы өткен ғасырдың 80-жылдары АҚШ-та пайда болды. Бұл әдістеме оқушылардың қызығушылық аясын анықтауға, олардың өз бейініне сәйкес мектептердің жоғары сатысында сауатты түрде таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Портфолионың қолданыстағы бағалау жүйесінен басты айырмашылағы неде? Бағалаудың 5 балдық дәстүрлі жүйесі мен тестілеу негізіне, білімдегі кемшіліктерді анықтаса, портфолио оқушылардың үйірме, олимпиада, жарыс, шығармашылық конкурстар, сабақтардағы жетістіктерін көрсетеді. Портфолионың негізгі мақсаты: оқушылардың білім алу процесі бойынша есебін ұсыну, оның оқудағы жетістігін бақылау, маңызды білім нәтижесін көру, оқушы жетістігін сапалық және сандық жағынан бағалау.
Көптеген Ресейлік басылымдарда портфолио педагог-практиктерге маңызды міндеттерді шешуге көмектесетіні атап айтылған, мысалы:
-оқушының сабаққа деген жоғары деңгейін қолдау;
-белсенділігі мен дербестігін көтермелеу;
-оқуға деген іскерлігін қалыптастыру, алынған білімі мен дағдысын практикада қолдана білу.
Мазмұны бойынша портфолионы 3 моделге бөледі.
Құжаттар портфолиосы-сертификатталған жеке білім жетістіктерінің портфелі. Оған жататындар: диплом, грамота, оқушының мектепте және одан тыс белсенділігі мен табысын растайтын басқа да ресми құжаттар.
Жұмыс және жоба портфолиосы-оқушылардың әр түрлі шығармашылық және жобалық жұмыстарының жинағы, сондай-ақ, оның оқу және шығармашылық белсенділігінің негізгі түрі мен бағыттарының сипаттамасы: ғылыми конференция, конкурстарға қатысуы, факультатив өтуі, спорт және өнердегі жетістігі т.б.
Пікірлер портфолиосы-оған мұғалімдер, сыныптастар, сондай-ақ өзінің жұмысы мен оның нәтижесі туралы оқушылрдың жазбаша талдауы енгізіледі. Ол қорытынды, пікірлеме, пікір, резюме, ұсыныс хат пакеті түрінде болуы мүмкін.
Сонымен, оқуда портфолионы қолдануға арналған әдебиеттерді талдау барысы мектептегі білім беруді жаңарту үшін портфолионың үлкен мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Біздің республика мектептерінде портфолио технологияларын меңгеру-білім беру сапасын көтерудің маңызды бағыттарының бірі болуы мүмкін.
2005 жылдың бас кезінде ҚР Парламентінің Сенатында БҰҰ төралығының 2004 жылы адам даму туралы есебі тыңдалды. «Баршаға-білім қызметі: жаңа мыңжылдықтың басты мақсаты» құжатында елімізде осы бағыттағы істерге шолу жасалған. БҰҰ мамандары оны «қанағаттанарлық деп бағалады. Олардың пікірінше, осы жағдайда білім беру жүйесін халықаралық талаптарға сай жетілдіру арқылы өзгертуге болады. ҚР білім беруді 2015жылға дейін дамыту тұжырымдамасының да басты міндіті-білім беру қызметінің сапасын халықаралық деңгейге жеткізу болып отыр. ҚР білім беруді дамытудың 2005-2010 ж.ж. арналған Мемлекеттік бағдарламаларда Қазақстан таяу жылдарда «PISA халықаралық зерттеу бағдарламасы аясында нақты жетістіктерінің салыстырмалы талдауына қатысады» делінген.
PISA деген-бұл оқушылардың білім жетістігін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (Programme of International Student Assessment).
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама АҚШ, Нидерланды, Австралия, Жапония және басқа елдердің педагогикалық өлшемдер саласындағы жетекші ғылыми ұйымдармен бірлесіп атқарылады.
PISA құжатында атап көрсетілгендей, зерттеулердің мақсаты-жалпы міндетті білім алған оқушының қазіргі технологиялық, ақпараттық қоғамда толыққанды өмір сүруі үшін қажетті білім мен дағдысын, мектепте алған білімін өмірде қолдана білу, өз бетінше оқу қабілетін бағалау.
PISA зерттеуі 3 жылдық циклмен 3 бағыт бойынша жүргізіледі: «оқу сауаттылығы», «математикалық сауаттылық», «ғылыми-жаратылыс сауаттылығы».
Әр циклде аталған бағыттардың біреуіне басты назар аударылады. 2000жылы-«оқу сауаттылығы», 2003 жылы-«математикалық сауаттылық», 2006 жылы-«жаратылыс-ғылыми сауаттылығы».
Еліміздің оқу-білім саласында жүргізіліп отырған үлкен саясатының бірі-ол ел азаматтарының үш тілді меңгеруі. Бұл жалпы білім бертін орта мектептің алдына жеткеншектердің мектептен қазақ, орыс және шетел тілін меңгеріп шығуына қатысты зор міндеттер қойып отыр.
Қазақстанда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен халықаралық қатынастардың дамуы қатынас құралы ретінде ағылшын тілін білетін мамандарды көптеп дайындауды қажет етіп отыр. Сонымен қатар қазіргі жастар, жеткіншектер шет тілін үйренуге зор көңіл бөлуде. Көптеген балалар болашақта шет тілі маманы болуды, шет мемлекеттерге саяхат жасауды армандайды. Осыған орай, жалпы білім беретін орта мектептерге ағылшын тілін 2 және 5-сыныптан тереңдетіп оқытуға арналған арнайы бағдарламалар құрылды. Шетел тілін 2-3 түрлі деңгейде тереңдетіп оқыту үшін біртұтас тұрақты академиялық оқулықтардың орнына, дидактикалық талаптарға жауап бере алатындай өзгермелі, яғни көпдеңгейлі оқулықтардың болғаны абзал.
Осындай ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға арналған көп деңгейлі оқулықтардың бірі Ұлыбританиядағы «Макмиллан» баспасы дайындаған «Way Ahead» оқулығы (авторлары Мэри Боуэн және Принта Эллис). Бұл оқулық көп жылдан бері еліміздің орыс тілінде дәріс беретін мектептерде ғана қолданыста болады. 2001жылдан бастап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен қазақ мектептерінің осы оқулықпен жұмыс істеуіне рұқсат. Қазақстанның жалпыға міндетті білім стандарттарының талаптарына, ұлттық және аймақтық ерекшеліктерге сәйкес және ағылшын тілін қазақ тілі мен мәдениетінің негізінде оқытуға мүмкіндік беретіндей етіп өңделген. Мысалы, 5-6 сыныптарға арналған «Way Ahead» оқулығында Азия құрылығы жайында, Қазақстан және оның қалалары және тағы басқа оқу материалдары бар.