Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы туралы қазақша реферат

1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында басталған экономикалық, әлеуметтік және саяси  салалардағы түбегейлі реформалар                түрлі әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қоғамдық бірлестіктердің құрылуын ынталандырды.

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып экономиканың мемлекеттік емес секторы қызметкерлерінің мүдделерін білдірген тәуелсіз кәсіподақтар пайда бола бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар белсенді түрде институцияланды. «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысы азаматтық сана-сезімнің анағұрлым жарқын көрінісі болды, ол өз алдына ядролық полигондарды жабу міндетін қойды.

Елдегі азаматтық қоғам мен оның институттарын белгілі бір дәрежеде дамытуға мемлекеттің осы процесс үшін тиісті саяси, құқықтық және өзге де жағдайлар жасау жөніндегі қызметі жәрдем етеді.

1991 жылғы 27 маусымда «Қазақ ССР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақ ССР-інің Заңы қабылданды.

Нәтижесінде елде «Қазақстанның халық конгресі», «Алаш» партиялары, Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП), Қазақстанның социалистік партиясы, Қазақстанның республикалық партиясы, «Лад» республикалық славян қозғалысы және «Азат» Қазақстанның азаматтық қозғалысы, «Мемориал» қоғамдық-ағарту қоғамының филиалы,  Алматы-Хельсин тобы,  «Бірлік» қозғалысы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы, «Поколение» зейнеткерлер қозғалысы және басқалары  пайда болды.

1990 жылдардың басында Әлеуметтік қорғау коалициясы құрылды, оның аясына қоғамдық өткір проблемаларды талқылау, оларды шоғырланған негізде шешудің тетіктерін іздестіру жолымен еңсеру жөнінде бірлескен жұмыс үшін 28 түрлі ұйымдар, партиялар, қозғалыстар бірікті.

1994 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік серіктестік жөнінде республикалық үшжақты комиссия құру туралы қаулыға қол қойды, бұл сындарлы үшжақты қатынастарды дамытуға және әлеуметтік серіктестік жүйесін құрудың бастауы болды.

Партиялар мен қозғалыстардың құрылуы мен жұмыс істеуі және, тиісінше,  елдің партиялық жүйесінің одан әрі дамуы үшін құқықтық өріс құруға  1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен 1996 жылы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарының қабылдануы ықпал етті. Бұдан басқа, Қазақстан халықтары Ассамблеясына біріккен ұлттық мәдени орталықтар белсенді дами бастады. Этносаралық келісім елде реформалар жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін іргетасқа айналды.

1990 жылдың аяғы азаматтық институттар қызметінің кәсібиленуімен ерекшеленді, мұның өзі олардың қоғамдық проблемалардың, қажеттіліктер мен мұқтаждықтардың түрлі ауқымын шешу жөніндегі жұмысының тиімділігін көтеруге мүмкіндік берді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының, (бұдан әрі — БАҚ) баспа кәсіпорындарының мемлекет иелігінен шығу, сондай ақ БАҚ-тың мемлекеттік қаржыландыру мен дотациялау жүйесінен мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырысқа көшу процесіне байланысты масс-медиа нарығында сапалық  өзгерістер болды.

1998 жылғы 7 қазанда ел Парламентінің Қазақстан Республикасының Конституциясына елдің сайлау жүйесіне  партиялық тізімдер бойынша сайлау енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуі партиялық құрылыс процестерін жеделдетті. Сөйтіп, 1998 жылғы желтоқсаннан бастап 1999 жылғы тамызды қоса алғанда, Қазақстанның азаматтық партиясы (ҚАП), Қазақстанның Республикалық халықтық партиясы (ҚРХП), «Азамат» демократиялық партиясы, Қазақстанның аграрлық партиясы (ҚАП), «Отан» республикалық саяси партиясы, Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы, «Руханият» партиясы, «Алаш» Қазақстанның ұлттық партиясы құрылды. Парламентте партиялық фракциялар пайда болды.

1999 жылы іс жүзінде барлық өңірлерде «ҮЕҰ ақпарат орталықтары» ашылды, олардың басты міндеті өңірлік үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау, оларға консультативтік көмек, ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсету болды.

2000 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың түрлі топтарының мүдделерін іске асырудағы рөлі күннен-күнге артып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін жағдайлар жасау жөнінде Үкіметке алғашқы тапсырмалар берілді.

2000 жылы мемлекеттік билік органдарымен (бұдан әрі – билік) өзара іс-қимыл тетіктерін жасау үшін ҮЕҰ күш-жігерін шоғырландыратын  Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының конфедерациясы құрылды.

2000 жылғы желтоқсанда  қабылданған «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы атқарушы билік органдарының өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірлестіктері арасындағы мүдделердің келісілуін қамтамасыз етуді мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерді.

2002 жылғы шілдеде қабылданған және күшіне енген «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы елдің партиялық жүйесіндегі одан арғы сапалық құрылымдық өзгерістерге алып келді.

2001 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2002 жылы – Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау тұжырымдамасы қабылданды.

2003 жылы ел Үкіметі үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың 2003 – 2005 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті, соған сәйкес облыстық  (қалалық) бағдарламалар әзірленді.

Сол жылдың өзінде ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  бірінші съезіөткізіліп, оған көптеген көрнекті дін қайраткерлері, әртүрлі конфессиялардың өкілдері қатысты, «Бейбітшілік пен келісімге» декларациясы қабылданып, Бейбітшілік пен тұрақтылық форумы құрылды.

2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен бірінші Азаматтық форум өткізілді. Ол үкіметтік емес сектордың  саяси танылуын белгіледі және азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының жүйелі тетіктері қалыптасуының бастауы болды. 2005 жылы екінші Азаматтық форум өткізілді, ол елдің қоғамдық өміріне  қатысуға бизнес-қауымдастықтардың тартылуына ықпал етті.

Орталық және жергілікті деңгейлерде «билік – қоғам» серіктестігінің ұзақ мерзімді тұрақты тетіктерін және түрлі үндесу алаңқайларын құру жөніндегі жұмыс белсенді жүргізіле бастады. Қорытындысында, 2005 жылғы сәуірде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, ол билік органдары мен ҮЕҰ-ның өзара қатынастарының принциптік жаңа жүйесінің құрылуына мүмкіндік берді.

2003 – 2005 жылдары бірін бірі алмастыра отырып, азаматтық қоғамды одан әрі демократияландыру және дамыту жөнінде ұсыныстар тұжырымдау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін кеңес пен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Демократия мен азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеді.

2006 жылғы наурызда Қазақстан Республикасында демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды, оның жұмысына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысады.

Сөйтіп, өткен жылдары елде азаматтық қоғам институттары – саяси партиялар, коммерциядық емес (үкіметтік емес) ұйымдар, кәсіподақтар, ұлттық-мәдени бірлестіктер, мемлекеттік емес БАҚ және тұтастай алғанда мемлекеттік емес секторды білдіретін басқа да институттар қалыптасып, қазіргі уақытта мейілінше тез дами бастады. Бүгінгі күні Қазақстанда 12 саяси партия, түрлі бағыттағы 5820 ҮЕҰ, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 ұлттық-мәдени бірлестік, 40-тан астам конфессиялар мен деноминацияларды білдіретін 3340 діни бірлестік, түрлі меншік нысанындағы 6646 БАҚ ресми тіркеліп, жұмыс істеуде. Осы және басқа да азаматтық қоғам институттары елді одан әрі демократияландырудың маңызды ресурсына айналды.

Сонымен бірге, қоғамда азаматтық қоғамның одан әрі өсуіне ғана емес, елді әлемдік жаһандану процесіне барған сайын тартып бара жатқан қыр көрсетулерге де байланысты бірқатар проблемалық мәселелер көрініс бере бастады. Олар тұтастай алғанда елдегі азаматтық қоғамды одан әрі үйлесімді дамытуды тежейді, оның әр бөлігі үшін сипаттамалық ерекшеліктері бар және өз шешімін  талап етеді.