Қазақстан Республикасы салық жүйесінің экономикалық мәні, дамуы мен қалыптасуы

Қазақстан Республикасы салық жүйесінің экономикалық мәні, дамуы мен қалыптасуы туралы қазақша реферат

Нарықтық экономика жағдайындағы Қазақстан Республикасында қоғамдағы қандай болмасын процестерге мемлекеттік әкімшілік жүргізу арқылы тікелей ықпал ету мүмкіндігінің тарыла бастағаны бүгін баршаға аян. Бұл орайда халықаралық өркениетті стандарттар мен нарық талаптарына сай келетін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге қол жеткізуге жол ашатын әлеуметтік-экономикалық жанама ықпал етудің елеулі құралы салық жүйесі.

Экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қолдау мақсатында мемлекет табыстардың теңсіздігін теңестіру міндетін атқарады. Қоғам көлемінде табыстарды бөлу және қайта бөлу нарықтық экономикасы дамыған елдерде мемлекеттің негізгі атқаратын қызметтерінің бірі болып табылады. Табыстарды бөлу барысындағы  мемлекеттің нарықтық процестерге араласуының тікелей әдістерінің алатын орны ерекше болғанымен, кемшіліктері де бар. Өйткені мемлекеттің әлеуметтік саясатының тікелей шараларын, олардың маңызды бағыт екеніне қарамастан, тек қана әлеуметтік жәрдемақылар беру арқылы жүзеге асыру мүмкін емес. Мұнда әлеуметтік инфрақұрылымды ұйымдастыру тәсілдері де маңызды шаралардың бірі болып табылады. Аталған бағыт Еуропа елдерінде жақсы дамыған және қазіргі кезде де ақшалай нысандағы әлеуметтік төлемдермен салыстырғанда оған төмен мән берілмейді. Сондықтан Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды да түйінді мәселе әлеуметтік саясатты салық салу арқылы дамытудың жанама шараларын жүзеге асыру болып табылады.

Салық жүйесінің әлеуметтік-экономикалық мәні мен мағынасы А.Смит, Д.Рикардо, Ж.С.Сисмонди, У.Петти, Ф.Кенэ, Дж.Кейнс, А.Лаффер, М.Фридман және өзге де көптеген ойшылдардың еңбектеріне арқау болды. Олар өз еңбектерінде сол кездегі өздері ұстанып отырған экономикалық концепцияларға сүйене отырып, салықтардың мәні мен мазмұнын, атқаратын қызметтерін ашып көрсеткен болатын.

Сонымен салық жүйесі – бұл бір-бірімен салық төлеуші мен мемлекеттің қызығушылығын сақтау мақсатымен байланыста болатын салықтардың жиынтығынан тұратын кешен.

Салық жүйесінің дамуының, құрылуының негізі, оның әдіснамалық негізі боп саналады:

—     заңдық және құқықтық база, оның мақсаты салық қатынастарын реттеу (салық кодексі, жарлықтар,шешімдер,бұйрықтар, т.б. арқылы);

—     салықтарды жинау әдістемесі;

—     салықтық бақылауды жүзеге асыру түрлері мен формалары (салық төлеушілер мониторингі, құжаттық тексерулер, рейдтер);

—     салық органдары.

Қазақстан Республикасы салық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы келесідей заңнамалық негіздерге сүйенеді:

  1. «ҚР салық жүйесі туралы» Заң (25.12.1991ж);
  2. «Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы» Заң (24.04.1995ж);
  3. «Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы» ҚР Салық Кодексі (12.06.2001ж);
  4. «Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы» ҚР Салық Кодексі (01.01.2009ж).

Сонымен салық жүйесі дегеніміз  – дәл қазіргі кезде, ел аумағында қызмет ететін, ставкалары, төлеушілері мен алынатын объектілері, шарттары мен төлеу уақыты, есептеу әдісі, сонымен қатар жинақтап алғанда салықтарды басқаруды құрайтын қажетті әкімшілік ережелері көрсетілген  салықтар және өзге бюджетке төленетін міндетті төлемдердің заңмен бекітілген тәртіп және соны жүзеге асыратын салық қызметі органдарынан тұратын күрделі жүйе.

Салықтар жүйесі – концептуалдық өзара байланысты және жедел даму үстіндегі, көпкомпонентті және көпқызметті салықтық құрылым. Ол әртүрлі салық түрлерінің белгілі бір жинағынан және бір салық заңының, бір салық кеңістігінің  аясында, біртұтас салық саясаты үшін қызмет ететін, бюджетке төленетін міндетті төлемдерден тұрады.

Экономикадағы реформалар, оның нарықтық экономикаға  көшуі, әрине, Қазақстанда өзінің салық жүйесін құруды талап етті.

Бірінші кезеңде Қазақстан Республикасының салық заңдарының негізі салынды, бұл кезең 1991-1995жж. аралығын  қамтыды.

Екінші кезеңсалық саясатын құрудың ең негізгісі болып табылады, оның ең басты мақсаты салық кодексін құру және қабылдау болды. Үшінші кезеңдегі реформаның негізгі бағыты мен құрылымы болып салық әкімшілігі органдарының жұмысын жақсарту және жұмылдыру болып табылады.

Бірінші кезеңнің салық реформаларының мәселелерінде салық жүйесінің құрылуындағы барлық қағидаларды анықтау қаралды. Бірінші кезең 1991 жылдың аяғында өзінің құрамында 14 заңы бар салықтық сұрақтар бойынша құжаттар жинағын қабылдаудан басталды. Негізін қалаған “ҚР-дағы салық жүйесі туралы” заң болды, бұл заң бойынша 16 жалпы мемлекеттік, 10 жергілікті міндеттемелер, 17 жергілікті салықтар мен алымдар қарастырылды. Сонымен қатар әртүрлі бюджеттен және қорларға аударымдар да болды (жол қоры, ҚР экономикасын қайта құру қоры, кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту қоры, қалалық жолаушы-көліктік қамтамасыз ету және дамыту үшін алынатын алымдар, т.б. қорлар).

Салық салу мәселесіне байланысты көптеген бір-біріне қарама-қайшы келетін заңдық және заңға тәуелді актілердің жұмысы қиындай бастады.

1992-1994 жж. салық саласына байланысты түрлі өзгертулер мен түзетулер қабылданды.

ҚР салық жүйесінің даму тарихында 1994 жылғы ең бірінші нәтижелі қайта құру маңызды болды. Өзгертулер екі үлкен салықты қамтыды:

1)  жеке тұлғаның табыс салығын;

2)  кәсіпорын пайдасының салығын.

ҚР Президентінің жарлығы қабылданды: “Жеке тұлғаның табысына салық салу ісі туралы” заңы және “Заңды тұлғаның түсімі мен пайдасына салық салу туралы” заңы. Осы қабылданған заң актілерінің нәтижесінде үлкен өзгертулер болып жатты.

ҚР-ғы салық реформаларының басты мақсаттары ретінде келесі кезеңдер пайда болды:

1)  Нарықтық қатынастарды ынталандыру, әсіресе:

—     кәсіпкерлікті қолдау;

—     мемлекеттік бюджет жүйесінің тек қажетті қажеттіліктерін қанағаттандыру;

—     жеке салық төлеушінің кәсіпкерлікке ынталандырылуы;

—     салық салу бойынша кең заң шығарушылық базалар тәртібі;

—     екі-үш еселік салық салудан пайданы қорғау механизмін құру.

2)  Салық салуда анықталған әділеттілікке жету:

—     халықтың ауқатты емес жіктеріне әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету, табыс алу көзіне қарамастан, салық салудың бірдей шкаласын құру;

—     мемлекеттің ұлттық және жергілікті мүдделерін есепке алу;

—     салық салу жүйесін құрудың әлемдік деңгейде пайдалануға ынталандыру.

Осы жағдайды ескере отырып, мынандай қорытынды жасауға болады: 1995 жылдың басында салық жүйесі өте күрделі, басқаруға қиын және тиімсіз, ал салық төлеушіге ауыртпалық соншама (жалпы алымдар көлемі 85-90%-ке дейін), тіпті ол қоғамдағы экономикалық құрылуға тежеу болды.

Тек қана Қазақстанда емес, ТМД елдері тарихында бірінші қолданған “Салық кодексінің” салық заңдары біздің елімізде ҚР Президентінің 3 жарлығы мен 43 заңдарынан тұрды. Осы үш заңдық актілердің 18-і салықтық қатынастар жүйесін, салық түрлерін және салық салу тәртібін, 11-і бюджеттен тыс қорлар және олардағы қатынастардың жұмыстарын, ал қалғандары салық жеңілдіктерінің қолдануын реттеп отырды.

Салық жүйесін құрудағы екінші кезең ҚР Президентінің 24.04.95 жылғы № 2235 жарлығын қабылдаудан басталды. Бұл жарлық “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” (06.07.95ж. қолданыла бастады) заңында өз күшіне енді.

Екінші кезеңде  әлемдік деңгейдегі бүкіләлемдік салық жүйесін құру жөнінде жұмыстар басталды. Негізінен, салық жүйесі мынадай қызметтерді атқаруы тиіс: фискалдық, реттеуші және ынталандыру. Дамушы экономикалық шарттары бойынша  мемлекеттің ең басты мақсаты болып мемлекеттік бюджеттің салық көлемінің көбеюіне байланысты толтырылып отырылуы табылады.

1995 жылы қабылданған салық заңы үдемелі болды. Бірақ салық саясатының алдына қойған мақсаттарын орындауын толық іске асырмады. 1995-1999 жж. бұл заңға көптеген өзгертулер енгізіліп отырды. Егер бірінші екі жылдықта ҚР Президентінің  “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” жарлығынан кейін ғана кейбір заңдық тұрақтылықты  сақтауға мүмкіндік болса және тек салық жылдарының басынан ғана өзгерістер енгізу басталса, ал 1997-1999жж. өте көп өзгертулер енгізілді, ал салық жүйесі бұрынғыдай тұрақсыз болып қала берді. Салық заңды бекіткен салық санын азайту туралы өзгерту қағаз күйінде ғана болды. Ал шын мәнінде, 1997 жылдан бастап бюджетке төленетін алымдар, салықтар және міндетті төлемдер саны өсіп отырды.

Ең басты назар “ҚР бюджет жүйесі туралы” заңына енген ҚР Президентінің 1998 жылы 1 сәуірдегі “Бюджетке төленетін салық және басқа да міндетті төлемдер туралы” Жарлығына аударылды. Бұл басты жаңа енгізілімдердің негізі салықтың жалпымемлекеттік және жергілікті салықтарға бөлінуі және бюджеттік заңдылық бойынша бекітілген төлемдер тізімі болып табылады.

Қазақстанның салық жүйесінің дамуының ең маңызды кезеңі – 1999 жыл. 1998 жылы құрылған Мемлекеттік табыстар министрлігі салық заңының және қазіргі кездегі  жұмыс істеп тұрған салық механизмін қайта құруды одан әрі жетілдіруге ілгері қадамдар жасады. Оларға мыналар жатады:

—     1999жылы тамызда ҚР Президентінің “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Жарлығы Парламентте қабылданып, заңға айналды;

—     1999 жылы 1 қыркүйекте ҚҚС-ты бөлу механизміне бірнеше өзгертулер енгізілді;

—     фермер қожалықтары үшін жалпыға бірдей жер салығы енгізілген.

2001 жылдың 1 шілдесінен бастап, 2001 жылдың 3 мамырындағы “ҚР заңына өзгертулер енгізу туралы “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” ” заңына сәйкес ҚҚС барлық салық төлеушілер үшін 16% болды.

Қазақстанның салық жүйесінің дамуы мен құрылуының саяси-құқықтық тарихын келесі кезеңдерге бөлуге болады:

І кезең – салық жүйесінің құрылуының басы

(1991-1995жж.)

ІІ кезең – салық жүйесінің дамуының тұжырымдамалық және методологиялық негіздерін орындау – болашақтағы даму бағдарын таңдау (1995-1999жж.)

ІІІ кезең – нарықтық экономиканың барлық талаптарына сай жаңа сапалық жүйесін құру әрекеті – белсенді салықтық реформалар кезеңі

(1999-2001жж)

IV кезеңде, 2002-2008 жылдар аралығында нарықтық экономика талаптарына жауап беретін, экономикалық тұрақтандыруға бағытталған тұжырымдамалық жаңа салық жүйесі қабылданды.

V-ші кезең 2009 жылдан басталды, бұл кезеңде жаңартылған, көптеген маңызды мәселелерді шешуге жол бастаған өзгерістер Салық кодексінде шешімін тапты:

—     экономиканың шикізат емес секторына түсетін жалпы салық жүктемесін азайту;

—     экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға ықпал ететін жағдай жасау;

—     салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және салықтық рәсімдерді оңайлату есебінен бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту.

2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) жаңа Қазақстан Республикасының Кодексі қолданысқа енгізілді, ол экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға, бизнесті «көлеңкеден» шығаруға ықпал етеді деген ойлар болған.

Өте маңызды өзгерістер қатарына салық жүйесін реформалау жатқызылады. Мұндағы ең басты жетістік ол жүйенің кеңейтілуі және бұл жүйеге көп төлемдер санының қосылуы. Қосылу себебі, біріншіден мемлекеттің өзінің қаржылық базасын нығайту мақсатында, екіншіден, осы мақсатта әлеуметтік-экономикалық процестерге әсер ету механизмін үлкейту, күшейту қажеттілігінде болды.

Салық жүйесі экономиканың негізі болып табылатын қаржы жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Салықтар мемлекеттің құрылуымен бірге пайда болады және мемелекеттің өмір сүріп дамуымен тікелей байланысты. Әрбір мемлекет үшін бюджеттің кіріс көзін құрайтын салықтардың атқаратын рөлі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Кез келген мемелекетке өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыру үшін белгілі бір мөлшерде қаржы көздері қажет. Мемлекет салықтарды экономиканы дамыту мен тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады. Ал ол салықтарды жинап алу салық жүйесінің маңызды элементі ретінде жетілдірілуі адамзаттың даму тарихында көптеген өзгерістерге ұшырап, қалыптасып отырды.

Мемлекеттің өркендеуі үшін және нарықтық экономикаға өту кезінде оның халқының жақсы тұрмысы үшін маңызды экономикалық категория  салықты тәжірибе жүзінде шеттеткен 75 жылдан кейін барлығын жаңадан бастау керек болды. Республика экономикасын терең және ұзаққа созылған дағдарыстан алып шығу үшін, өте аз уақыт берілді және осы уақыт аралығында қателіктер жіберіп, оны түзетіп жатуға, соның нәтижесінде ғана қоғам мен нарықтықтық қатынас талаптарына сай өте тиімді өркениетті салық жүйесін құруға әкелетін уақыт жетіспеді. Қазақстанда 3-4 жылдың ішінде білікті мамандар мен ақша қаражатының өте аз жағдайында, барлық саланы қамтитын салық реформасының негізін дайындап, құрып жүргізу, оны ұйымдастырушылардан негізгі назар мен қолдағы ақша қаражатын ең негізгі бағыттарға, соның бірі біздің жаңа заңға барабар салықтық әкімшілік механизмін  құру талап етілді.

Ең алғаш бұл ҚР Президентінің Жарлығымен Қаржы Министрі мемлекеттік табыстарды Басқару базасында 1990 жылдың 9 шілдесінде құрылған Мемлекеттік Бас Салық Инспекциясы (МБСИ) болатын. Оның қызметі біздің бұрынғы жалпы директивті-жоспарлы экономикамызға сай келетін, тек жоспарлы-бөлінген еді, мәжбүрлі бекітілген баға және оның құрамына енетін салық, өзге де бюджетке төленетін міндетті төлемдермен қатар, бірыңғай түрде төленетін.

Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Бас салық инспекциясы болып атала бастады, сонымен қатар ол Қаржы министрлігінің Салық комитеттеріне және осы Министрліктің Салық полициясы Департаменттеріне көбейді.

Сөйтіп, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік салық комитеті құрылды. Салық органы тікелей вертикалды түрде сәйкесінше салық органына бағынады және жергілікті орындаушы органдарға жатпайды. Уәкілетті органдар салық органдарын басқаруды жүзеге асырып отырды.

Мемлекеттің салық қызметін жетілдіру мақсатында Қазақсан Республикасының 1998 жылдың 12 қазанындағы № 4114 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдар жүйесін ары қарай реформалау туралы» жарлығына сәйкес Мемлекеттік Кіріс Министрлігі құрылған болатын. Оның қарамағына Салық комитеті мен Кедендік комитеттің және Салық полициясы департаментінің іс-әрекеті және мүлкін басқару туралы өкілеттік пен қызметтер берілген, сондай-ақ, Қаржы Министрлігінен «Кәсіпорындарды қайта құру мен тарату бойынша Агенттігі» акционерлік қоғамы, энергетика, индустрия, сауда Министрлігінен мүліктерін басқару бойынша өкілеттік және алкогольді өнімдер өндіруге  мемлекеттік басқару бойынша Комитетінің ісімен айналысу өкілеттігі тиген болатын. Осылайша уәкілетті салық органы болып Қазақстан Республикасының мемелекеттік Кіріс Министрлігі тағайындалды. Ол Қаржы министрлігінен тәуелсіз, өз алдына қызмет етті.

2001 жылдың тамыз айында ҚР 240-11 заңына сәйкес салық полициясы органдарының қызметі туралы мәселелеріне байланысты ҚР бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізілді, онда салық полициясының аты қаржы полициясы болып өзгертілді.

2002 жылдың 28 тамызындағы № 934 «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру» туралы Қазақстан Республикасын Жарлығы бойынша Мемлекеттік Кіріс Министрлігі оны Қаржы Министрлігіне қосу арқылы таратылды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігінің Салық комитеті құрылып, салық комитеті қайтадан Қаржы министрлігінің құзырына өтті.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, басшылықты жүзеге асырып отырған, заңмен қарастырылған өкілеттік шеңберінде, мемлекеттік бюджеттің орындалу барысын қадағалау мен орындалу саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асырып отырған, ҚР орталық атқарушы органы болып табылады. Оның құзырына басқару, мемлекеттік меншіктің орындалуын қадағалау және есептеу,  шамасы жоқ қарызгерді жою жөніндегі соттан тыс процедураны және банкрот деп тану процедурасын жүргізеді, қаржылық есептің аудиті мен бухгалтерлік есеп жүйесін ретке келтіреді.

Министрліктің мынадай ведомствалары бар:

—     Қазына комитеті;

—     Салық комитеті;

—     Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті;

—     Шамасыз қарызгерлермен жұмыс комитеті.

Қазіргі кездегі барлық мемлекеттерде салықтың төленуін қадағалау, арнайы мемлекеттік орган – салық қызметі органдарының құзырында. Олардың ұйымдастыру құрылымдарының бір-бірінен айырмашылығы көп. Көптеген елдерде салық органдары қаржы министрлігінің құрамына енгізілген және аймақтық-әкімшілік белгісі бойынша иерархиялық құрылысқа ие.

Салық органдары – салықтар мен төлемдер туралы заңның сақталуын қадағалайтын мемлекеттік басқару органдардың жүйесі. Салық органдары мынадай процестерді бақылап отырады:

  1. салықтардың дұрыс аударылуын;
  2. төленген салықтың толықтығын;
  3. салықтың өз уақытында төленуін.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті Қазақстан Республикасы «Салықтар және өзге де бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» Кодексіне сәйкес мемлекет алдындағы міндетті төлемдердің орындалуына салықтық қадағалауды қамтамасыз етуді құзырына алған Қаржы Министрлігінің ведомствасы болып табылады. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес, бюджетке төленетін міндетті төлемдер мен салықтардың түсуін, міндетті зейнетақы жарналарының өз уақытында және толық аударылуын қамтамасыз ету саласындағы үйлестіру мен басшылықты жүзеге асырады.

Комиттетің заңды тұлға болып табылатын аймақтық органдары бар, оған мыналар жатады: облыстар мен Алматы, Астана қалалары бойынша салық комитеттері, ауданаралық салық комитеттері, аудан, қала және қалалардағы аудан жөніндегі салық комитеттері, сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардағы салық комитеттері.

Қазақстан Республикасы Салық комитеті өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен басқа заңдарына, Салық Кодексіне, Қазақстан Республикасы Президенті пен Үкіметінің актілеріне, өзге де құқықтық және нормативтік актілерге, сонымен қатар 2002 жылдың 9 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген № 1102 Салық комитеті туралы Ережеге  сәйкес жүзеге асырады.

Салық комитеті мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық формасындағы заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілдегі атауы жазылған мөрлер мен штамптары, бекітілген үлгідегі бланктері және Қаржы Министрлігі қазынасының органдарында және банк шоттарында заңға сәйкес  бюджеттік шоттары бар. Комитет азаматтық-құқықтық қатынасқа өз атынан түседі.

Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының салық жүйесі салықтардың, салық сипатындағы төлемдердің, алымдардың мынандай түрлерін қамтиды:

Салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы «Бюджет жүйесі туралы» Заң мен тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттердің кірісіне түседі. Салық жүйесі өзінің құрамына мемлекеттік салық қызметі органдарының – Қаржы министрлігін, облыстардағы, аудандардағы, қалалардағы және қалалардағы аудандардың салық комитеттерін қамтиды. Салық қызметі органдары салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық түсуін, міндетті зейнетақы жарнамаларының толық және дер кезінде аударылуын қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындауына салықтық бақылауды жүзеге асырады.

Елімізде салық саясатында алғашқы қабылданған заң барысында салық салу бойынша әлемдік тәжірибе жете есепке алынған жоқ, өтпелі экономиканың ерекшеліктері есепке алынбады, сонымен бірге еліміздің тарихи, әлеуметтік ерекшеліктеріне көңіл бөлінбеді. Мысалы, 1991 жылы қабылданған «ҚР салық жүйесі туралы»  Заң (25.12.1991ж) шын мәнінде ресейлік салық заңнамасының көшірмесі болатын, ол өз кезегінде Германия тәжірибесіне сүйенген болатын. Осы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының территориясында салықтардың 3 тобы әрекет етті: жалпы мемлекеттік, жергілікті жалпы міндетті және жергілікті салықтар. Үш сатылы салық жүйесі, әдетте федеративті құрылыстағы (Ресей, АҚШ) мемлекеттеріне тән. Ал Қазақстан сияқты унитарлы мемлекетте салықтарды бұлай топтастыру негізсіз болды. 1995жылы қабылданған «Салықтар және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы» Заңда бұл кемшіліктер ескеріліп, оны жасауға шетелдік жетекші экономист, заңгер мамандар қатысты, атап өтсек Халықаралық салық бағдарламасы, АҚШ тың Стэнворд,Гарворд Университет өкілдері. Дегенменде, еліміздің экономикасының дамуының жаңа сатыға шығуы 2001жылы жаңа Салық Кодексін қабылдауды талап етті. Уақыт өтуіне қарай осы Кодекстің өзіне де көптеген өзгерістер, толықтырулар енгізілді.

1995 жылдың 1 шілдесінен қабылданған Салықтық кодекс салықтардың 11 түрін қарастырды, соның ішінде негізгі салықтардың бірі – корпоративтік табыс салығының заңи тұлғалар үшін 30% негізгі мөлшерлемесі және төлеушілердің жекелеген санаттары және табыстардың түрлері үшін сараланған мөлшерлемелері (10 нан 20 %- ға дейін) енгізілді.

2001 жылғы 12 маусымда «Салық және бюджетке төленетін басқа төлемдер туралы» заңның жаңа нұсқасы қабылданды, онда елдегі өзгеріп отырған экономикалық және әлеуметтік жағдайларға байланысты салық салудың қағидалары мен нормалары толықтырылып, өзгертілдіc

2009 жылдың 1-қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексі (Салықтық кодекс) қолданысқа енгізілді. Кодексте салықты және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу және есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі биліктік қатынастар, сонымен бірге мемлекет пен салық төлеушінің арасындағы салықтық міндеттемелерді атқаруға байланысты қатынастар реттелінген. Сонымен бірге Кодексте кен өндіруші сектордың қайтарымын арттыру есебінен экономиканың шикі-заттық емес секторларына салық ауыртпалығы төмендетілген, жеңілдіктер жүйесі оңтайландырылған, салықтық әкімшілік ету оңайлатылған, кодекс нормаларын қолдану экономиканы жаң-ғыртуға және саралауға, елдегі инвестициялық климатты жақсартуға, отандық, сондай-ақ шетелдік өндірушілер үшін де бизнес жүргізуді неғұрлым пайдалы етуге шақырады. [1]

Жаңа кодекс арқылы енгізілген ең басты өзгеріс – кезең-кезеңмен аталған салық түрін 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 30 пайыздан 20 пайызға; 2010 жылдың 1 қаңтарынан басап – 20-дан 17,5 пайызға; ал 2011 жылдың 1 қаңтарынан 15 пайыздық мөлшерлемеге көшіру ұсынылған. Басты өзгерістердің тағы біреуі – 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесін 13-тен 12 пайызға төмендету көзделді. Онымен қоса, ҚҚС-ын салудың еуропалық классикалық моделіне көшу арқылы негізгі са­лық заңдылықтары жаңартылады. Бұл халықаралық тасымал экспортына және ішкі айналымдағы салық салуға қатысты жүзеге асырылады.

Батыс Еуропада, АҚШ-та салық жүйесі жақсы дамығандықтан, олардың тәжірибесіне көбірек үңілді. Бұл жобаны дайындау кезінде Дүниежүзілік банктің, Еуропалық Одақтың, ЮСАИД-тің, Халықаралық инвестициялық салық орталығының сарапшы-мамандары шақырылып, қол ұшын берді. Олармен қоян-қолтық жұмыс істелді. Бұл жерде айта кетейін, Салық кодексінің жаңа жобасы қазіргі кезде әлемнің өркениетті елдері қолданып отырған Батыстағы салық жүйесінің барлық жақсы жақтарын қамтыды.2010 жылдың 17 шілдесінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

2011 жылдың 1 қаңтарында, 25 наурызда, 21 шілдеде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізілді [2].

Бұл заңдардан мемлекеттің ұтатыны – салық салудың тәртібін жеңілдету нәтижесінде кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Жеке меншік секторға пайдалы жағы – айналымдағы қаржылары салықтан босап, салық есепте­месі жеңілдетіледі. Сонымен қатар жеке меншік бизнес те анағұрлым жеңілдетілген салық жүйесімен өмір сүреді. Яғни салық органдарында сағаттап кезек күтпей, уақытының көп бөлігін өз шаруасына бөледі деген сөз.