Қазақстан Республикасы салық жүйесіндегі қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелер және оны шешу жолдары

Қазақстан Республикасы салық жүйесіндегі қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелер және оны шешу жолдары туралы қазақша реферат

«Қазақстан – 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы үкімет алдында қазақстандықтардың өмір сүру сапасының өсуіне және бәсекеге қабілетті мемлекет құруға бағытталған бірқатар маңызды стратегиялық міндеттерді қойды, оның ішінде салық жүйесіндегі мәселелер шешудегі бағыттар да аталып өтті.

Қазіргі кезеңде Салық жүйесінде мынадай проблемаларды шешу қажет:

—     салық төлеушілерді есепке алуды жүзеге асыру және жеке шоттарын жүргізу кезіндегі мәселелер;

—     салық есептілігін электрондық түрде берген және жеке шоттарға қашықтықтан қатынауды ұйымдастыру кезіндегі мәселелер;

—     ҚҚС бойынша электрондық камералдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мәселелер;

—     «Салық аудитін электронды бақылау» (САЭБ) біріктірілген салықтық ақпараттық жүйенің (БСАЖ) мамандандырылған құраушының көмегімен салық тексерулерін жүргізу және тексеру рәсімдерін құжаттандыру кезіндегі мәселелер;

—     Жұмыс істемейтін салық төлеушілердің банктік шоттарында ақшалай қорлардың қозғалысы туралы ақпаратты алу жөнінде екінші деңгейдегі банктермен жұмыс істеу кезінде автоматтандырылған өзара іс-әрекеттің болмауы болып табылады;

—     Салықтық әкімшілік жүргізудің ақпараттық жүйелерін қолданудың тиімділілігіне теріс әсер ететін ақпараттық технологияларды ағымдағы пайдалану кезіндегі мәселелер;

—     Салық жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі;

—     Салық органдарының салықтар мен төлемдер бойынша берешекті бюджетке өндіріп алу жөніндегі мәселелер;

—     жалған кәсіпкерлік қызметін анықтап, тексеру кездеріндегі туындайтын мәселелер;

—     Трансферттік бағаны қалыптастыру туралы заңнаманы сақтау жөніндегі бақылау жұмысының тиімділігін көтеру [18].

Салық органдарының төлемдер бойынша берешекті бюджетке өндіріп алу жөніндегі жұмысы Үкімет тарапынан салықтар мен дереу шешуді талап ететін салықтық әкімшілік ету саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады.Қаржы Министрлігінің Есеп комитетінің бағалауынша, салық органдарының бюджетке берешекті өндіріп алу жөніндегі қолданып отырған шаралары тиімсіз.

2010 жылдың бас кезінде салық берешегі 100,3 млрд. теңгеге жетіп, 2009 жылдың бас кезімен салыстырғанда 19,4 млрд. теңгеге немесе 24%-ға өскен. Аталған кезең ішіндегі берешектің жалпы сомасы айыппұлдар мен өсімпұлдарды қоса есептегенде, 1,8 есе ұлғайып, 192,3 млрд. теңге болды. Бұл ретте берешегі бар салық төлеушілердің саны 38%-ға өсіп, 2010 жылдың бас кезіне 228 мыңнан асып кетті.

2007-2009 жылдары салық органдарының салық төлеушілерді банкрот деп тану туралы жалпы сомасы 133,6 млрд. теңгеге берген 7 мыңнан астам талап арызы нәтижесінде шамалы ғана салық берешегі, атап айтқанда, 291 млн. теңге өтелген. Мұны конкурстық массаны бөлу кезінде бюджеттің бар болғаны төртінші болып кезекте тұрғандығымен түсіндіруге болады. Осы ретте салық төлеушілердің жеке шоттарынан 95,3 млрд. теңге көлеміндегі берешек есептен шығарылған.

Есепті жылы салық органдарының тексеру нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылық деңгейі төмендеген. Салық төлеушілердің шағымдарын қарастырудың қорытындысы бойынша салықтар мен өсімпұлдардың азайтылған сомасы 153,3 млрд. теңгені немесе қосымша есептелген сомалардың 33,5%-ын (2007 жылы – 0,5%, 2008 жылы – 11%) құрады. Соның нәтижесінде салық органдарының заңға қайшы актілері бойынша сот шешімдерін орындауға бағытталған Үкімет резервінің қаражаты 342,4 млн. теңгеге ұлғайып, осы мақсаттарға қарастырылған қаржының 76,2 %-ын құрады.

Трансферттік бағаны қалыптастыру туралы заңнаманы сақтау жөніндегі бақылау жұмысының тиімділігі төмен деңгейде екені байқалады. Есепті кезеңде бар болғаны 9 салық төлеуші тексерілсе, соның ішінде құқық қорғау органдарының бастамасымен 6 салық төлеуші тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша есептелген 21,1 млрд.теңге бюджетке өндіріп алынбаған.

Салық есептілігін 6 айдан аса бермеген ҚҚС төлеушілер есептен уақтылы шығарылмағандықтан, олардың контрагенттерінің есебінен алынып тасталмаған ҚҚС сомасы 401,7 млн. теңгені құрады.

Механикалық көлік құралдары мен оларға тіркемелердің мемлекеттік техникалық байқаудан өткенін растайтын куәлік үшін 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік баж салығын алуды көздейтін Салық кодексінің нормасы іс жүзінде 2009 жылғы ақпаннан бастап қана іске асырыла бастаған. Соның нәтижесінде бюджет 108,9 млн. теңгеге зиян шеккен.

Салық органдары заңды тұлғалардың арасында 4 мың айлық есеп­тік көрсеткіштен асатын қолма-қол ақшалай операцияларды жүргі­зу жөніндегі материалдарды қаржы полициясы органдарына беруді қамта­масыз етпей отыр. Мұндай фактілер Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында анықталды, олардың жалпы сомасы – 2,4 млрд. теңге.

Қолданыстағы заңнамада салық төлеуден жалтаруға қарсы алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік беретін тиімді нормалардың болмауы, сондай-ақ салық заңнамасын бұзу фактілерін анықтау бойын­ша жүйелі рәсімдерді салық органдарының жеделдетіп қолданбауы салықтық әкімшілік жүргізуде кездесетін проблемалар болып табылады. Қалыптасқан жағдайда, теріс пиғылды салық төлеушілер салық төлеуден жалтарудың түрлі схемаларын қолданып келеді[19].

Салық комитеті экспорт-импорт операциялары бойынша мәліметтерді салыстырып тексеретін автоматтандырылған процесті енгізудің мерзімін созып жібергендіктен, өздерінің салық есептерінде 638,8 млн. теңгенің операцияларын көрсетпеген Алматы қаласының 44 салық төлеушісі мәліметтерді өңдеу басталғанға дейін салықтық әкімшілік ету шараларынан жалтарып кетуге мүмкіндік алды. Осының салдарынан, бюджет 191,6 млн. теңгеге зиян шекті.

Салық кодексінде жалған кәсіпкерлік қызметін барынша төмендетуге бағытталған нормалардың болғанына қарамастан, бюджеттің шеккен шығыны азаймай келеді. 2009 жылы 180 шаруашылық жүргізуші субъект жалған кәсіпорын деп танылды, олармен жасалған мәмілелер бойынша шығыстарды шығындарға жатқызудың нәтижесінде контрагенттер төмендеткен салықтардың сомасы 101,2 млрд. теңгені құрады. Бұрын жалған кәсіпорын деп танылған 378 кәсіпорын 81 млрд. теңгеге зиян келтірген. Салық органдары келтірілген шығынның бір бөлігін ғана қалпына келтірген: 2009 жылы – 21,3 млрд. теңге, 2008 жылы – 11,7 млрд. теңге.

Таратылған кәсіпорындарға салық тексерулері жүргізілген кезде мекенжайларында болмай шыққан салық төлеушілермен жасалған операциялар бойынша шығыстарға үстеме тексеру жүргізілместен, тексерулердің аяқталып отырғаны анықталды. Есеп комитетінің бағалауынша, республикалық бюджетке төленбеген салықтардың жалпы сомасы 1,4 млрд. теңге болды.

Қаржы министрлігі тарапынан бақылау тиісті дәрежеде жүргізілмегендіктен, 2009 жылы табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға келтірген зияны үшін төлеген 3,3 млрд. теңгесі республикалық бюджетке аударылудың орнына қоршаған ортаға эмиссия төлемі ретінде Атырау және Маңғыстау облыстарының бюджеттеріне аударылған.

Есеп комитеті Қаржы министрлігінің Салық комитетімен бірлесіп жүргізген бақылауы барысында жер учаскелерін сату және жылжы­майтын мүлікті бағалау жөніндегі мәмілелерге әкімшілік жүргізу сала­сын­да бірқатар проблемаларды анықтады. Сөйтіп, алымдар мен төлем­дерді төлеу бойынша бюджеттің шеккен шығыны 3,1 млрд. теңге болды.

2009 жылдың қаңтарынан бастап салық органдарына есептемелерді ұсынудың  жаңа ақпараттық жүйелері – салықтық есептемелерді өңдеу жүйесі (СЕӨЖ) және  салық  төлеуші  кабинеті  енгізілген  болатын. СЕӨЖ — есептемелерді ұсынудағы қағазбастылықты электронды жүйемен алмастыруды  көздесе, салық төлеуші  кабинеті  салық төлеушіге барлық есептемелерді  арнайы  электронды   кілтті  қолдана  отырып,  үйден, офистен  шықпай-ақ ұсынуға мүмкіндік береді.

Салық төлеушілер мен көптеген экономистер, қаржыгерлер жаңа жүйелерді енгізуде асығыстық жасалған дейді. Мәселен, салық төлеушілердің 20 пайызға жуығы аталмыш жүйенің толық жетілдірілмеуі салдарынан салықтық есептемелерді дер уақытында өткізбеген болып есептеліп, айыппұлдар төлеуге тура келген.

Біріншіден, жүйені енгізбес бұрын оны сынақтан өткізіп алу керек еді. Екіншіден, орталық жүйеде ақау болмас үшін ақпараттық жүйені әзірлеушіні таңдау рәсіміне өте қырағылықпен қарау қажет.

Бүгінгі күннің ең негізгі талабы «Көлеңкелі экономика мен сыбайластық жемқорлықпен» күрес жүргізу барысындағы қоғамдық даму заңдылықтарын орындау. Ол үшін әрқашанда бақылау жүйесіндегі тексеру, талдау әдістерін кеңінен қолдана біліп оны тек құқықтық негізде жүргізе білу қажеттілігі туындап отыр. Осындай көлеңкелі экономиканың келеңсіз әрекеттерінен еліміздегі күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге аса зәру болып отырған тұрғындардың бөлігі көп зардаптар шегуде. Екінші жағынан, салық салынатын базаның кемуінен, экспорттаушы емес экономиканың басқа салаларында қызмет атқарып отырған кәсіпорындарға жүктелетін салық ауыртпалығы арта түсуде.

Санақ комитеті 2010 жылы мемлекеттік қаражатты шығындау кезінде жалпы сомасы 221,4 миллиард теңгені құрайтын қаржылық заң бұзушылықтарды анықтаған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес көрсеткішінен 1,6 есеге көп. Жымысқы әрекеттердің көбейгені Қаржылық бақылау комитетінің есептерінен де көрінеді. 2010 жылы олар 230 миллиард теңгенің заңсыз жұмсалғанын әшкереледі. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда тіпті 57 пайызға көп. Былай қарасаңыз, өткен жылдар ішінде біздің экономикамыз айтарлықтай өсті. Бірақ мұнымен бірге көлеңкелі экономиканың да өсіп келе жатқанын да түсіну керек. Алайда статистикалық мәліметтерге сәйкес, оның экономикадағы үлесі соңғы жылдары бірқалыпты, шамамен 20 пайыз деңгейінде болып отыр. Көлеңкелі экономика өссе, түспей қалған төлемдер де өсуі керек. Алайда Қаржы министрлігінің хабарлауынша, жалған кәсіпорындарды санамағанда, түспей қалған төлемдер бар-жоғы 4,2 пайызға өсіп, биылғы жылдың басында тек 59 миллиард теңгені ғана құрапты [20].

Бұл жерде не байқалады? Салық комитеті салықтық басқару ісінің жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын, табыстар жоспарының жылда артығымен орындалып жатқанын айтады. Бірақ басты факт — экономика өссе де, мемлекеттік табыстары экономикадан озық өсім көрсетпейді.
Мұның екі-ақ себебі болуы мүмкін: не көлеңкелі экономика өспей отыр (бұған сену қиын), не салық басқармасы оның табыстарын қадағаламай отыр.
Көлеңкелі экономиканы қаржымен демдеп отыратын түрлі каналдар бар.

Біріншіден, бұл — мемлекеттік бюджеттің шығындары. Екіншіден, қаражат көлемі өсіп келе жатқан шикізаттық сектор. Шикізаттық сектордағы жалақылар еңбек өнімділігінен жылдамырақ қарқынмен өседі.
Өкінішке қарай, қазір мемлекеттің көлеңкелі экономикаға қарсы күресті тиісті деңгейде жүргізбей отырғанын айтуға мәжбүрміз. «Көлеңкедегілерге» қарсы шабуыл жасауда ең маңызды күш — тиімді салықтық басқару болуы керек. Қазір Қаржы министрлігі берешектердің көбеюін жалған кәсіпорындардың әрекетіне тосқауыл қоюға белсенді түрде кіріскен фискалды және құқық қорғау органдарының жұмысымен байланыстырады. Алайда жалған кәсіпорындармен байланысты бұл берешектерді өндіріп алу мүлдем үмітсіз. Олардың төлеушісі де жоқ, төлеуші болса да, оның қаражаты да,еш мүлкіде жоқ. Елбасы сол кезде «ақпараттық жүйелердің саралау бөлімін күшейту» керек екенін тікелей айтқан болатын. Ал қазір Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерін енгізу қалай жүргізілуде? «Эксперт» журналында жарияланған бірқатар мақалаларда Қаржы министрлігінің басшылығы «Электрондық қаржы министрлігін» құру жоспары жайында әңгімелейді. Бұл реформа есеп-бухгалтерлік басқаруды оңтайландыру мен қолданыстағы қазіргі процедураларды жеңілдетуге бағытталған, салық қызметкерлерінің жұмысын ықшамдап, салық төлеушімен тікелей бетпе-бет кездесуді азайту үшін жасалуда. Автоматтандыру үшін автоматтандыру жұмысы жасалуда. Бірақ сапалы өсім де болуы керек қой. Босаған еңбек ресурстары Салық комитетінің саралау жұмысын күшейтуге бағытталуы тиіс.

Алайда Қаржы министрлігінің мақалаларында саралау жұмыстарын күшейту жайында жеңіл-желпі ғана жазылған. Шыны керек, салық қызметкерлерінің басты құралы — тәуекелдерді басқаратын интеллектуалдық жүйе. Берешектерді өндіру үшін жұмысты тікелей күшейту бизнеске салқынын тигізуі мүмкін. Қазір Салық комитетінің тәуекелдерді басқаратын интеллектуалдық жүйесі мүлдем мінсіз емес болып отыр. 2010 жылғы салық тексерулерінің нәтижесінде 495,6 миллиард теңгенің салығы мен төлемдері қосымша аударылды. 2010 жылы енгізілген тәуекелдерді басқаратын интеллектуалдық жүйе қоса аударылған сомаларды өндірудің тиімділігін арттыруға айтарлықтай әсер ете алмады. Мәселен, анықталған заң бұзушылықтар бойынша бюджетке 28,7 миллиард теңге немесе 5,8 пайызы өндірілді, бұл алдыңғы үш жылда өндірілген қарыздардан көп емес: 2009 жылы — 5,7%, 2008 жылы — 5,4%, 2007 жылы — 5,8%.

Салықтық бақылау бойынша, салық төлеуден жалтарған салық төлеушілердің кесірінен келген бюджет шығыны 2010 жылы 246,1 миллиард теңгені құрады.

Қаржы министрлігі көптен бері электрондық шот-фактураларын енгізу қажеттігі жайында айтып келеді. Осылайша олар тәуекелдерді басқару жүйесінің көмегімен жалған кәсіпорындардың әрекеттеріне тосқауыл қоймақ. Әрине, егер олардың жалған кәсіпорындары ешқандай қаражатпен, мүлікпен қамтамасыз етілмеген жағдайда. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қаржы министрі осы мәселені айтып, ұзақ мерзімді болашақта бұл бағытта жұмыстар жасалатынын айтты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тағы бір өзекті ой жеткізді, өкінішке қарай, оған ешкім тиісті мән бермеді.

Бұл түрлі мемлекеттік органдардың деректерін салыстырып, экономикалық сараптама негізінде салықтардағы сәйкессіздіктерді анықтау. Әлемде кеңінен қолданылатын бұл шешім Қаржы министрлік саласында әлі де қолданылмады.

Салық органдары неше түрлі қаптаған есептерімен «бизнесті» үрейде ұстап отыр, өз жұмысының басым бөлігін бизнесті тексерумен өткізіп, көп жағдайда бизнестің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі болуда. Бұл жерде тағы да жұмысқа келгенде ең алдымен бухгалтерлік-есептік көзқарастың белең алатыны байқалады. Туындайтын сұрақ: жұмыстың интеллектуалды мазмұны қайда? Салық комитетінің қазіргі әдістері бүтін бір салалардың салықтан жалтаруына жағдай туғызуда. Бұрын мұндай міндеттер мемлекеттік жоспар арқылы шешіліп, салааралық баланстар қаралып, соның негізінде сараптама жүргізіледі. Қазір сәйкессіздіктерді анықтауға көмектесетін осы әдістерді Қаржы министрлігі де, Үкіметтің бүкіл экономикалық блогы да қолданбайды. Мысалы, бір саладағы кәсіпорындар қосымша құн салығын төлейді делік. Сол сомаға қарап, кәсіпорынның қосқан құнын анықтауға болады, әрі оны кәсіпорын экономикасының өзге көрсеткіштерімен де салыстырып көруге болар еді. Өз кезегінде, кәсіпорынның негізгі экономикалық көрсеткіштеріне сүйене отырып, корпоративтік табыс салығының сомасын анықтап, оны ұсынылған көрсеткішпен салыстыруға болады. Әлеуметтік салықтарды да тура солай анықтауға болады. Тіпті кәсіпорындардың көрсеткіштерін бүкіл саладағы орташа статистикалық (базалық) көрсеткіштермен салыстыруға болады.

Алайда мұндай салыстыру қазір жүргізілмейді. Мұның бір себебі — салық қызметкерлерінің кәсіби аясының тар болуына да байланысты болуы мүмкін. Қазір салық қызметкерлерінің бір бөлігі корпоративтік табыс салығымен ғана айналысса, екіншілері тек қосымша құн салығымен ғана айналысады. Екеуінің арасындағы өзара әрекеттесуі мүлдем аз.

Осындай технологияларды қолдану үмітсіз берешектер базасын азайтудың тиімді тетігін құруға мүмкіндік берер еді. Елбасы өз сөзінде дәл осы мәселені көтерген болатын. Бұл проблема әсіресе, Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында үлкен маңызға ие. Қазақстан Ресеймен салыстырғанда біршама жайлы инвестициялық ахуалға ие. Мұны Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» рейтингі де растайды. Мұндай жағдай Ресей мен біздің көршілес елдеріміздегі бизнестің бір бөлігінің Қазақстанға көшіп келуіне мүмкіндік туғызады. Заңды бизнеспен бірге көлеңкелі бизнес те келеді. Осылайша тиімді салықтық басқарудың жоқтығынан Қазақстанда экономиканың көлеңкелі секторының айтарлықтай өсуімен байланысты қатерлер туындауда. Сол себепті әсіресе, Қазақстан экономикасындағы қазіргідей тепе-теңдіктің жоқтығын есепке алсақ, Мемлекет басшысының осы мәселеге қатысты айтқан сөзі өте маңызды [21].

Жалпы, экономикасы «ашық, мөлдір болсын» деген кез келген мемлекет салыққа қатысты нақты жүйе ойлап табары анық. Осыған орай біздің де мемлекетіміз жаңа Салық кодексін қолданысқа енгізді. Жаңа кодексте кейбір салықтардың төлемдерін біршама жеңілдету, салықтық әкімшілік жүйені жетілдіру, экономиканың шикізаттық емес секторына салынған жалпы жүктемені төмендету, сондай-ақ өндіруші сектордан түсетін кірісті көтеру мәселелері қарастырылған-ды. Біздің елдеқабылданған  жаңа Салық кодексіне ресейлік сарапшылар оң баға берді. Ресейліктер Қазақстандағы салық реформасын жоғары бағалап және оны талқылау барысын да мұқият қадағалады. Бұл жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген сәтте біраз қауым енді көптеген «әкімшілік кедергілер жойылады, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді, көлеңкелі экономика ауыздықталады» дескен-ді. Әйтсе де бізге нақ осы мәселеге қатысты «майлы жіліктің басынан дәмету» әлі ертерек тәрізді. Себебі елде көлеңкелі экономика әлі жалғасуда. Осыған орай біз «көлеңкелі экономикамен тиімді күресу үшін Салық кодексін одан әрі жетілдіру керек пе? Мүмкін, басқа тетіктерді де қарастыру қажет шығар» деген сауалды мамандардың талқысына салып көрді.

Экономиканың әртүрлі сатыда дамуына байланысты Салық кодексінің өзгеріп, жетіліп отыруы – табиғи нәрсе. Салықтың бірінші мақсаты мемлекет қазынасын толтыру болатын болса, екінші бір мақсаты – салық салу механизмдері арқылы салық төлеушілердің ынтасын арттыру, мәдениетін қалыптастыру. Егер салық төлеушіге салмақ көп салынса, оны жеңілдету де осы Салық кодексінде қарастырылған. Жалпы, заман талабына сай салық төлеу түрі өзгеріп, жетіліп отыруы керек.

Салық жүйесін жетілдіру салық төлеуден жалтарушылар легін азайтуы тиіс. Біздің мемлекетіміз осыған орай жаңа Салық кодексін қолданысқа енгізді. Бұл жаңа кодексті сарапшылар көршілес ТМД елдерімен салыстырғанда, «жоғары деңгейде» деп бағалауда. Меніңше, біз көлеңкелі экономиканың жолына салық жүйесін жетілдіріп қана қоймай басқада заңдарды жетілдірумен тосқауыл қоя аламыз. Мысалы, біздің елімізде салықтан жалтарынып, кәсібін жалғастырып жүргендер саны бүгінде жетіп-артылады. Меніңше, көлеңкелі экономикамен күресті жеңудің басты тетігі Салық кодексін жетілдіруде жатқан жоқ. Біз жыл сайын салық жүйесіне өзгеріс енгізіп, оны жетілдіріп келеміз. Ал бұдан елде көлеңкелі экономика ауыздықталды ма? Жоқ! Осыған орай айтарым, біз, керісінше, «салық төлеушілердің ынтасын арттырамыз, мойнындағы жүкті жеңілдетеміз» деп мәселені одан әрі өршіттік. Мысалы, жаңа Салық кодексінде шағын және орта бизнеске салынатын белгілі бір салық түрлеріне жеңілдіктер қарастырылған.

Бұл ақпаратты ести сала, біздің елдегі көптеген алпауыт компаниялар бірден ірі компания деген атауларын шағын кәсіпорындар мен ТОО-лар етіп өзгертіп тастады. Сөйтіп, біршама ірі компаниялар ірі салықтарды төлеуден жалтарып, жаңағыдай қулыққа басты. Салық төлеуге қатысты алпауыт компаниялар нақ осылай «қолынан келсе, қонышынан басып» отырса, онда Салық кодексін өзгертіп, оны жиі жетілдірудің де пайдасы бар. Мен бұл орайда, бізге тек Салық кодексін емес, сонымен қатар Азаматтық кодексті де жетілдіру қажет дер едім. Бұл жерде ар-ұждан мәселесі ескерілуі тиіс. Бұған қоса, көлеңкелі экономикамен күресте жеңудің айқын жолы ол мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ атқарушы биліктегі басқару жүйесін жетілдіру қажет. Бір сөзбен айтқанда, елдегі көлеңкелі экономикаға, көлеңкелі бизнеске қатысты кешенді, жүйелі өзгеріс керек. Мәселені тек салыққа қатысты еткен дұрыс емес. «Бір ғана салық жүйесін жетілдіру арқылы экономикамыздың көлеңкелі тұсын жеңеміз» дегенге келіспеуге де болады. Бұл – жан-жақты талқыланып, жүйелі бағытпен, арнайы бағдарламамен кешенді түрде іске асатын жайт.

Ал біздің қолданысқа енгізген Салық кодексінде салық төлеушінің ынтасын арттыру жайы ашық-айқын көрсетілген. Сондай-ақ салық төлеушілерге әртүрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Мұндай қадамдар жаңағыдай салық төлеуге құлықсыз кәсіп иелерінің ынтасын ашуға мұрындық болады. Негізінен, мемлекет қазынасын салық төлеу жүйесі толықтыратынын ескерсек, біздің заманға сай Салық кодексін жетілдіріп отырудан бас тартпауымыз керек. Бұл – нарықтың заңы.

Салық жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне айрықша маңыз беріледі. Өйткені еліміз үшін жемқорлықты жою – мемлекеттік сая­саттың негізгі бағыттарының бірі. Президент Қа­зақстан халқына  Жолдауында  мем­лекеттің,  сондай-ақ  салық қызметі орган­дарының  жеті  басымдылығының  бірі ретінде сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  аяусыз және батыл күрес екендігін атап көрсетті.

Министрліктің барлық қызметі, барлық рәсімдер сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар мүмкіндіктерін барынша азайтатындай болуы тиіс. Электрондық Үкімет, электрондық Қаржы министрлігінің шеңберінде  бұл мәселені шешті әрі шешіп келеді. Заңнаманың, рәсімдердің сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін азайту көбіне мемлекеттік органдарды ақпараттандырудың деңгейіне байланысты. Бүгінгі таңда министрліктің комитеттері біршама жұмыстар жүргізді.

Атап айтқанда, Салық комитетінде салықтық бақылауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) енгізілді. Ол салықтық тексерулерді жүргізу және асып кеткен қосымша құн салығы сомасын қайтарудың жеңілдетілген тәртібіне құқықты анықтау үшін салық төлеушілерді (салық агенттерін) автоматтандырылған іріктеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алу жөнінде салық төлеушілердің банктік шоттарына инкассалық өкімдерді шығару, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерден салық төлеушілердің барлық екінші деңгейдегі банктермен банктік шоттарды ашуы және жабуы туралы хабарламалар алу жөніндегі электрондық іс-қимылы іске асырылды. Нәтижесінде: құжаттар бір жұмыс күнінен кешіктірілмей электрондық тәсілмен жіберіледі. Ол салық органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен байланысын болдырмайды. Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға көмектеседі. Нәтижесінде салық органдары салық төлеушілердің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатып қою туралы тиісті өкімдерді электрондық тәсілмен жібереді, ол да адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтардың алдын алу және Салық кодексінің асып кеткен ҚҚС қайтару мәселелері жөніндегі ережелерін іске асыру мақсатында асып кеткен ҚҚС қайтарудың барлық рәсімі регламенттелген. Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша, 2009 жылы алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда «0» ставка бойынша ҚҚС-ты бюджеттен қайтарудың өсу қарқыны баяулады (2009 ж. — 104,9 пайыз, 2008 жылы 136,8 пайыз болса, 2007 жылы 112,3 пайызбен шектелген. Бюджеттен «0» ставка бойынша қосымша құн салығын қайтаруды жалпы сомасы 266 357 млн теңгеге 479 экспорттаушы кәсіпорын жүргізді. Оның ішінде мониторингке жататын 24 ірі салық төлеушіге Салық кодексінің 274-бабына сәйкес 58 983,1 млн теңге сомаға жеңілдетілген қайтару рәсімі қолданылды.

Жемқорлықтың қазіргі заманда қоғамның барлық бұрышын жайлап, әлемдік деңгейдегі қатерге айналғанын халық жақсы түсінеді. Жемқорлық салық органдары қызметінің имиджіне кір келтіріп, салық төлеушілердің сенімін жо­ғалтады. Нарықтық экономикаға қауіп төндіреді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына нұқсан келтіріп, елдің болашақ дамуына кері әсерін тигізеді. Бір сөзбен түйіндесек, сыбайлас жемқорлық – экономикалық, заңи, әлеуметтік, тіпті этикалық мәселе.

Алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, жаңа Салық кодексін тиімді пайдалана отырып салық жүйесінде сыбайлас жемқорлық түрлерін азайтуға, бизнеске қолдау көрсетуге, салық төлеушілердің құқығын арттыруға, салық органдары жұмысына бақылауды күшейтуге (соның ішінде: қызметтердің аражігін ажыратып, салық бақылауы рәсімдерін өткізу тәртібін анықтау) бағыт­талған жаңа категориялар енгізілген. Тұрғындардың және кәсіпкерлердің төмен дәрежедегі салық мәдениеті жем­қорлыққа жағдай туғызатын фак­торлардың бірінен саналады. Салық заңнамасының ережелерін білмеудің салдарынан салық төлеушілер еркінен тыс тәртіп бұзушылықтарға жол береді. Соның салдарынан әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сөйтіп, салық төлеушілер бұл жауапкершіліктен құ­ты­лу үшін әртүрлі сыбайластық әрекет­терге барып, жең ұшынан жалғасу жолын іздейді.

Қоғамдық пікірлерді зерттеу орта­лығының Әлеуметтік және маркетингтік агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша, жалпы алғанда, республика халқы салық қызметі органдары қызметкерлерінің жұмысын сапалы бағалайды: барлық сипаттама бойынша теріс бағадан гөрі, қанағаттанарлық баға көп берілді.

Алайда салық қызметі органдарында сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуға бағытталған оң нәтижелермен бірге, төмендегідей шешілмеген мәселелер орын алуда:

Біріншіден, құқықтық кемшілік­тердің болуы және Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) нормаларын көрсету санының көптігі салық төлеушілердің сұрауларына қате жауап беруді немесе олардың салық салудан жалтаруын туғызады. Күрделі салық саясаты сыбайлас жемқорлық үшін ыңғайлы негіз туғызады, сондықтан салық салу мәселелері бойынша нормативті құқықтық актілерде әкім­шілендіру және салықтық тәртіптерді оңтайландыру қажет. Жемқорлықты азайту үшін олар қарапайым, түсінікті және жалпыға белгілі болуы керек.

Екіншіден, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын енгізу, электронды салықтық қызмет көрсету санын көбейту, салық төлеушілерге қызмет көрсету бойынша ақпараттарды қабылдау мен өңдеудің заманауи Орталықтарын құру және оны дамыту жолдарымен салық қызметі органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен байланысын азайту қажет.

Үшіншіден, адам ресурстарын бас­қаруда тиімділіктің жетіспеушілігі орын алуда. Салықтық қатынастар саласында жем­қорлықтың туындау себебінің мони­торингі, оның деңгейі мен құры­лы­мына баға беру мынаны көрсетеді, кінәлілердің көпшілігі салық төлеушілерге салықтық тексеру жүргізу, тіркеу құжат­тарын беру, салық есептілігін қабылдау және тағы басқа да тікелей қызмет көрсететін әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің төменгі буыны болып табылады. Қазіргі уақытта олардың жала­қысы функцио­налдық міндеттер жүктелген ауқымға сәйкес келмейді, осындай төмен әлеуметтік қорғау жемқорлық үшін экономикалық алғышартты құрайды. Қызметін жүзеге асыру халықпен тікелей байланыста болуы қарас­тырыл­маған басқа мемлекеттік органдарға қарағанда, салық қызметі органдары үшін жоғары мөлшердегі еңбекақыны енгізу қажеттігі пісіп-жетілді. Жалақыны көтеру және басқа да жағдайларды жетілдіру шараларын қабылдау салық қызметі органдарының қызметкерлеріне кәсіби талап қоюға мүмкіндік береді, ол жемқорлық деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді.

Төртіншіден, сыбайлас жем­қорлықпен күрес саласында пара берушімен алдын ала күрес шараларын қолдану бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесіп ынтымақтасу деңгейі жеткіліксіз.

Бесіншіден, салық төлеушілердің салықтық мәдениетінің төмендігі және салықты төлеу өзінің мемлекет алдындағы парызы деп ұғынбаушылық, пара беруге итермелейтін факторлардың бірі болып табылады. Бүгінде еліміздің салық жүйесiнде оңды төңкерiс орын алуда. Салық жүйесiндегi кемшiн тұстар, нақтырақ айтсақ, бұрқыраған артық қағаздардан тұратын салықтық құжаттар ендi келмеске кеттi. Нәтижесiнде бақылаусыз кеткен бюрократизм мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қойылады. Бұдан былай құжаттардың барлығы автомат арқылы қабылданып, салық та автоматты жүйеде төленетiн болады. Бұл әсiресе салықтан бас алмайтын кәсiпкерлер үшiн таптырмайтын жүйе болып отыр. Сондықтан елiмiзге енгiзiлiп отырған жаңа жүйе әлемдiк тәжiрибеде сыналған, көп жылдар бойында нәтижесiн көрсеткен әкiмшiлiк жоба. Жаңа әкiмшiлiк реформа бойынша салық жүйесiндегi кешендi өзгерiстер 2014 жылға жоспарлануда. Автоматтандыру арқылы жемқорлықтың мөлшерi де азаяды. Кәсiпкерлер үшiн салықтық есептi өткiзуге қажет уақыт екi есеге, ал құжаттардың мөлшерi 56 пайызға кемімек.

Міне осыған байланысты, Астана қаласы, Алматы аудандық салық бас­қар­масының ақпараттарды қабылдау және зерттеу орталығында барлық са­лық төлеушілер санаттары үшін ақпа­раттық тақта ілінген. Онда құжаттар­дың атқарылуы салық есептерінің, са­лық төлеу уақытының мерзімдері нақ­ты көрсетілген. Жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы сақтандыру жұмыс­тарын жүргізу үшін бірқатар шара­ларды жүзеге асыруға тура келеді. Атап айтқанда:

1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасын насихаттау;

2) Бюджетке салық төлеу және басқа да міндетті төлемдерді өтеу жө­ніндегі өтем құжаттарын электрондық нұсқада жасау және электрондық есеп беру үшін арнайы бағдарлама қамта­масыз етіледі;

3) Салық төлеушілер (салық агенттері) қажетті құжаттарының жағдайын тексеру үшін арнайы терминалдар жү­йесін құру және дамыту;

4) Салық міндеттемелерінің орын­да­луы жөніндегі бюджетпен есеп айы­рысу тәртібі туралы хабарлама беріледі;

5) Салық қызметі органдарының хабарламалары мен жұмыс істеу үшін арнайы орталықтар жүйесін құру және дамыту;

6) Салық қызметі органдарының арнайы сайттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

7) Міндетті зейнетақы жарналарын аудару, әлеуметтік төлемдерді, басқа да міндетті бюджет төлемдерін және са­лықтарды төлеу үшін банкоматтар жү­йе­сін және басқа электрондық қондыр­ғы­ларды дамытуға (материалдық кө­мек­тен басқа) жан-жақты жағдай жасау.

Мәселен, сыбайлас жемқорлық әре­кеттерін жою мақсатында жаңа Салық кодексінде «Салық төлеушілерге жәрдем» бөлімі қарастырылған. Онда салық заңнамасын насихаттаудың негізгі сәттері белгіленген. Мақсаты – салық төлеушінің (салық агенттері) салық мәселесіндегі сауатын  көтеру, соның ішінде  Қазақстан  Республикасының  салық  заңнамасының  баптарын,  оған енгізілген өзгерістер мен қосымшаларды, сонымен қатар салық мін­деттемесін орындауға байланысты мәлі­меттер мен мәселелерді түсіндіру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар салық меке­мелерінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасын семинарлар, мәжіліс­тер, салық төлеушілермен  кездесулер  өткізу, бұқаралық ақпарат  құралдарында  мәлі­меттер жариялау, ақпарат қабыр­ғалары, буклеттер және өзге де баспа өнімдері  ар­қылы  түсіндіруі  салық төлеушілердің салық мәдениетін көтеруге  септігін  тигізеді. Бұл  өз  кезегінде жем­қорлықтан туындайтын құқық бұзушылық деңгейін төмендетеді [22].

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында болашақтағы мемлекетіміздің негізгі байлық көзі шикізатты, соның ішінде ең біріншіден мұнайды экспорттау болып табылады. Осыған сәйкес, салық жүйесінің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі шикізатты экспорттаушыларға салынатын салықтардың тиімділігін арттыру болып табылады.

Аталған кемшіліктерді жою үшін, ең алдымен салық заңына жаңадан өзгертулер енгізу аса қажет. Атап өткеніндей, жаңадан қабылданған салық кодексінде айтарлықтай өзгерістер енгізілген, демек, жіберілген кемшіліктерді алдағы уақытта  жібермеуіміз қажет. Әрине енгізілген өзгерістер әбден саралануы және салық жылының басынан бастап іске асуы қажет. Аталған кемшіліктерді жою үшін шикізатты өндірушілерге салынатын табыс салығының базасын кәсіпорынның ішкі пайда нормасынан шикізаттың сатылу уақытындағы қалыптасқан әлемдік бағасы мен шикізатты өндіру мен тасымалдауға кеткен шығындардың айырмасына ауыстыру керек. Бұл арада неліктен шикізаттың сатылу бағасы емес, сатылған уақыттағы қалыптасқан әлемдік баға алынып отыр? Оған себеп, кез келген шикізатты болсын, дайын өнімдерді болсын экспорттаушы кәсіпорындар сатылу бағасын жасалған келісім шарттарда төмендетіп жазып, сөйтіп табыс мөлшерін азайтып көрсетуі әбден мүмкін, ал белгілі бір уақытта қалыптасқан шикізат бағасын кемітіп көрсету мүмкін емес және оның дұрыстығын тексеру онша қиынға соқпайды. Сонымен қатар шикізаттың өзіндік құны мен тасымал шығынын анықтау көп жағдайда тұрақты болып қалады. Бұл арада экспорттаушы кәсіпорындардың келіспейтін жақтары орын алуы мүмкін, мәселен, Қазақстан шикізаты сапасының төмендігі. Шын мәнінде туындайтын қайшылықтарды реттестіру қиын емес.

Егер экспортталатын шикізаттың әлемдік бағасы күрт төмендепкетсе, онда мәселе қалай шешілмек деген сұрақтың қойылуы сөзсіз. Оған жауап беру үшін, мұндай экспорттың еліміз үшін маңыздылығын сарапқа салуымыз қажет. Егер әлемдік бағаның төмендеуіне қарамастан шикізатты еліміз үшін маңызды болып қала берсе, онда өндіруші кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көмек көрсету аса қажет. Салық салу жағынан шмкізатты экспорттаушылар үшін көмекті табыс салығы ставкасын да азайту қажет. Мұндай әрекет шикізатты өндірушілер мен экспорттаушылар үшін едәуір көмек болар еді.

Сонымен, шикізатты экспорттаушыларға қолданылып келген үстеме пайдаға салынатын салықты алып тастап, бір ғана прогрессивті табыс салығын қолданған дұрыс болар еді.

Аса бір ойландырып жүрген мәселенің бірі – жеке тұлғалардың табысына салынатын салықтардың мөлшері. Қазіргі таңда кәсіпорындарда қызмет атқаратын жеке тұлғалардың жалақыларына табыс салығы салынады. Сонымен қатар жалақының он пайызы зейнетақы қорына аударылады. Мәселенің жайын жалақыны төлейтін заңды тұлғалар жағынан қарайтын болсақ, онда жалақы үлестіру барысында кәсіпорындардың қосымша қаржыға шығындалуын байқаймыз. Бұл қызметкерлердің еңбек ақысын көтеруге кәсіпорындар мүдделі емес деген сөз. Жалақы мөлшерін көбейткен күннің өзінде кәсіпорындар әр түрлі жолдармен нақты жалақы мөлшерін азайтып көрсетуде. Осыған байланысты Қазақстан салық жүйесінің алдында қалайша еліміздің азаматтарының орташа жалақы мөлшерін көтеруге болады және кәсіпорындарды қандай жолдармен жалақыны көтеруге ынталандыруға болады деген мәселелер тұр [23].

Республикамызда өмір сүріп отырған жалақылары төмен азаматтар үшін салық заңымызда жеңілдіктер қарастырылмаған деуге болады. Мысалы, салық заңында жеке тұлғалардың табыстарына қолданылатын шегерімдердің мөлшері барлық жеке тұлғалар үшін бірдей – бірайлық есептеу көрсеткіші деңгейінде және әрбір бір айлық есептеу көрсеткішінен төмен табыс табатын немесе мүлдем табысы жоқ әрбір жанұя мүшесі үшін бір айлық есепеу көрсеткіші мөлшерінде шегерім жасауға рұқсат етіледі. Яғни жалақы мөлшері 450000 тенге болатын және жалақысы 45000 тенгені құрайтын жеке тұлғалардың табыстарына қолданылатын шегерімдердің шамасы бірдей. Бұл әрине әділдікке жатпайды, алсалықтардың классикалық үлгісі бойынша әділдік принципі алдыңғы орынға ие болуы қажет.

  1. Салық салу базасын өндiрiстiң өсуi мен салық əкiмшiлiгiн жүргiзудi жақсарту есебiнен кеңейту.
  2. Кейбiр салықтардың ставкасын төмендету.
  3. Салық салу жүйесiн жеңiлдету.
  4. Тұрақты кiрiс көздерiн iс барысында айқын анықтау кезiнде бюджетаралық қатынастардың орнықты жүйесiн қалыптастыру.
  5. Халықаралық ұйымдар тарапынан жəрдемдесудiң болуы, шетелдiк тəжiрибенi зерделеу жəне енгiзу.

Салық заңнамасын жетілдіру кезінде салық салу жүйесін жасаудың жалпыға танымал мынадай принциптеріне негізделген алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені пайдаланған дұрыс:

—     салықтар мүмкіндігінше аз болуы тиіс;

—     оларды алуға жұмсалған шығындар да неғұрлым аз болуы тиіс;

—     салық бәсекелестікке кедергі болмауы тиіс;

—     салық мемлекеттің экономикалық саладағы құрылымдық саясатына сәйкес болуы тиіс;

—     салық кірістерді әділ бөлуге бағытталуы тиіс;

—     салық жүйесі қосарланған салық салуға жол бермеуі тиіс.

«Бас» компания өзара байланысты бір топ кәсіпорындар атынан бір немесе бірнеше салықты төлейтін және осындай өзара байланысты кәсіпорындар тобы осы салық бойынша бірыңғай салық төлеуші ретінде қаралатын шоғырландырылған салық сату институтын енгізу мүмкіндігі туралы мәселені ойластырған жөн.

Салық есептілігін оңайлату жекелеген салық түрлерін реформалау салық төлеушілердің жекелеген санаттарын салық жағынан ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.