Қазақ тілі сабағында жазба сөйлеу тілін дамытудың жолдары

Қазақ тілі сабағында жазба сөйлеу тілін дамытудың жолдары туралы қазақша реферат

Адам өзі өмір сүретін өлкенің халқымен жұмыс істеп, олармен қарым-қатынас жасайтыны мәлім. Халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, рухани байлығын білу адамның сол халыққа деген құрмет сезімін оятып, шынайы достық қарым-қатынас тіл арқылы ғана жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан Қазақстанда өмір сүретін халықтардың достық қарым-қатынасының, бір-біріне сый-құрметінің құралы қызметін қазақ тілі атқаруы тиіс. Қазақ тілін осындай құралға айналдыру үшін қазіргі білім берудің парадигмасына сай, орыс тілді мектептерде қазақ тілі сабағын оқытуды жақсартып, тілді оқыту әдістемесін дамытып, өмір талабына оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануымыз керек.

Елбасы Н.Назарбаевтың « … қазақ ұлты өзінің мемлекеттік тілі және оны дамыту туралы айтуға қақылы» деген сөзі тіл проблемаларын шешудің,  еліміздің алдында тұрған маңызды мақсаттарының бірі екендігін көрсетеді. Қазір мемлекеттік тіліміздің дамып, өркендеп, қанат жаюына қатысты іс-шаралар жан-жақты жүргізілуде.

Қазіргі қоғам талабы, мемлекеттік тілге қажеттіліктің артуы, яғни оның қоғамдық қызмет аясының кеңеюі, тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жақсарту, тілдерді оқытудың жаңа технологиясының озық практикасын пайдалану қазақ тілі мұғалімдерінің бүгінгі таңдағы мақсаты мен міндеті болып отыр.

Қазақ тілі – өз ішінде салаларға бөлінетін, өзіндік сыры мен қыры көп, күрделі және бай тіл. Оның барлық сыр-сипатын, салаларын бірден тану, білдіру мүмкін емес, сол себепті тілдік материалдар өз жүйесі бойынша жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге деген ұстанымдарды есепке ала отырып үйретіледі.

Қазіргі таңда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алып отырғанда, басқа ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету екі бағытта жүргізілуі тиіс, біріншісі – олардың ауызекі байланыстырып сөйлеу тілін дамыту бағытында, екіншісі – осы ауызекі сөйлеу тілін сауатты жаза білу бағытында. Оқушылардың сауаттылығын дамыту мақсатында көптеген жұмыс түрлерін өзімнің іс-тәжірибемде кеңінен қолданылып келемін. Ондағы мақсатым – оқушыларды сауатты жаза білуге үйрету.

Қазақ тілінде сауатты, жақсы жетік сөйлеу үшін сөздерді бір-бірімен байланыстырып қана қоймай, сауатты жаза білу де міндет. Сауатты жаза білуге үйрету арқылы мұғалім оқушыға  жазу, жазбаша тіл мәдениетін қалыптастырумен қатар, жазылым арқылы ауызекі сөйлеу тілін де дамытады.

Оқушыларды сауатты, көркем жазу мәдениетіне үйрету үшін оқулықта берілген жаттығу, тапсырмаларды орындап қана қоймай, оқушының жас ерекшелігіне сәйкес түрлі жазылым жұмыстарын түрлендіре жүргізіп отыру қажет. Ол үшін мұғалім ең алдымен сөздікпен жұмыс түрлерін жүйелі және қызықтыра меңгерте білу шарт. Күнделікті сабақта қолданып, үйретілетін жаңа сөздерді ауызша қайталатып, түсіндіріп, аудармасын айтқан соң, сөздік дәптерлеріне жазғызып, келесі сабақта сол сөздерді сұрау керек. Жаңа сөздерге байланысты мәтінді оқытып, сол сөздердің жанына синонимін, омонимін, антонимін көрсетіп жаздыру қажет. Бұндай әдісті қолдану кезінде әрбір оқушының мәтінді оқуға қызығушылығы артып, орындауға деген ынта-жігері байқалады және танымдық белсенділіктері артады. Өйткені сөздік жұмысын жүргізу арқылы оқушы жаңа сөздерді естерінде сақтайды, ұтымды жерінде пайдаланады осы арқылы олардың сөздік қорларын молайтады.

Оқушылардың тілді үйрететін негізгі құралдарының біріне – жаттығулар жатады. Тәжірибелі мұғалімдер жаттығуларды  күрделендіріп, кейде керісінше жеңілдендіріп, оқушының белгілі дәрежесіне сай, қажетіне қарай түрлендіріп, өзгертіп пайдалануларына болады. Жоғарыдағы қарастырып отырған жаттығуларды екі топқа бөлуге болады: тілдік жаттығулар және сөйлеу жаттығулары. Тілдік жаттығулар тілдік нұсқалар туралы алғашқы білімді оқушыда бекітуге арналады. Қазіргі оқулықтардағы жаттығулардың көбі – осы тұрғыдағы жаттығулар. Ал бұл жаттығулар оқушыны ауызекі сөйлеу нормаларына сай сөйлеу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, олардың жазбаша сауатты сөйлеу дағдысына да жақсы әсер берері сөзсіз. Тілді үйретудің алғашқы қадамы тілдік жаттығулар арқылы тілдік нұсқалардың мағынасын, қолданылуын үйретуден басталады. Негізінен тілдік жаттығуларға қойылатын талаптар тілдік нұсқаларға, материалдарға арналуы керек. Осыған орай сөйлемнің барлық мүшелерін сөйлемде қолдануға жаттықтыру, соңында сөйлемдерді біртіндеп қысқарту, біртіндеп толықтыру арқылы жазба тілді дамытудың маңызы зор. Айталық, « Ағам келді» деген қысқа сөйлемді бірте-бірте, кеңейту үлгісін беріп, оны кеңейтуге мұғалім оқушыға тапсырма береді. Үлгі: Ағам келді. Менің ағам келді. Менің ең үлкен ағам келді. Менің ең үлкен ағам біздің үйге келді.Менің ең үлкен ағам біздің жаңа үйге келді. Менің ең үлкен ағам біздің жаңа үйге сағат бесте келді. Сонымен бірге оқушыларға керсінше, осы соңғы сөйлемді беріп, оны бірте-бірте жоғарыдағыдай сөз қосудың орнына бір сөзден қысқарттырып үйретуге болады. Тапсырмалардың осылайша кең көлемде, ауқымды берілуі оқушылардың білім деңгейіне қарай міндетті деңгейде де, мүмкіндік деңгейде де жазу жұмыстарын жүргізуге тиімді екендігін көрсетеді.

Оқушылардың жазба сөйлеу тілін дамытуда жазба жұмыстарының тағы бір түрі суретпен жұмыстың маңызы өте зор.

Қазақ тілі сабақтарында пайдаланатын суреттер оқушылардың ойлары мен сезімдерін қамтыған, оларды толқытқан және осының салдарынан өзінің алған әсерін айту ықыласын тудырған жағдайда ғана, эстетикалық тәрбиенің міндеттеріне және тілді дамыту үшін қызмет атқарады. Сондықтан суреттерді таңдауға әсіресе мұқият қарау керек.

Оқушыларды қандай суреттер қызықтырады? Мұғалім тілді дамыту бойынша жұмыс істеу үшін суреттерді іріктей отырып, қандай жалпы принциптерді басшылыққа алу керек?

Мұғалім оқушыларды эмоциялы қабылдаудан бейненің құрылымын ашуға жетелейді. Суреттің тақырыбы мен идеясы, сюжеті, оқушының  өз ойын білдіру үшін пайдаланған, бейнелеу құралдарының ролі ретінде айқындалады. Құрылымдық талдау қабылдаудың эмоциялылығын жоғарлатады, сезім мен сананы жаңа сатыға көтереді.

Сурет арқылы оқушылардың тілін дамыту үшін олардың ойлап тапқан атауларын талдау және салыстыру, аса лайықтысын таңдау; суретшінің берген атауымен салыстыру сияқты жаттығулар да өте пайдалы.

Суреттерді іріктеу ең алдымен суретпен жұмыста оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты 1-сыныптан, 11-сыныпқа дейін күрделендіріп, үйренген сөздік қорларына қарай дамып отырады.

Суретпен жұмысты үлестірме қағаз ( карточка) түрінде немесе, үлкен сюжетті тақырыпты көрсетіп, іліп қойып орындауға болады. Әсіресе бастауыш сыныптарда заттық суреттер таратып, атын айтқызып, оны әр қырынан суреттету де тіл дамытудың нәтижелі түрінің бірі болып табылады. Мысалы: Мынау нелер? Мынау гүлдер. Гүлдер қандай? Гүлдер әдемі. Ыдыста қандай гүлдер бар? Ыдыста қызыл, сары, ақ, көк, гүлдер бар. Жоғары сыныптарда бұл жұмыс сюжеттік суреттермен жұмыс жасауға ұластырылады. Оқушыларға суретпен сөз, сөз тіркесі, сөйлем, әңгіме, шығарма жаздыру өте тиімді. Өйткені,  суретке қарап бала өз ойын, көргендерін тиянақты көркем тілмен жеткізе білуге үйренеді.Суретпен жұмыс жүргізгенде оқушыларға суретті ребус, сөзжұмбақтар шешкізуге де өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жазған зат атауларын, сөйлемдерді келесі кезекте қатесіз жазуға және естерінде берік сақтауға әдеттенеді.

Сурет бойынша жұмысты ұйымдастыра отырып, мұғалім сабақтың мақсатына, оқушылардың білім деңгейіне, нақты шарттарға байланысты салыстыру тәсілін әр түрлі пайдаланады.

Жоғарыдағы баяндалған жазба жұмыстары өткеннен соң, қатемен жұмысқа көп уақыт бөлемін. Сабақтың қызықты өтуі – мұғалім жұмысының нәтижелі болуының алғы шарты. Сөз соңында айтарым, оқушының ауызекі сөйлеу тілін болсын, жазбаша сөйлеу тілін дамыту болсын мұғаліммен ұйымдастырылатын жұмыс түрлерін жан-жақты ойластырып, оларды түрлендіріп жүргізу қажет.

Әдебиеттер:

1.     Қазақстанның болашағы қазақ тілінде // Ғылыми-тәжірбиелік конференция материалдары. – Қарағанды, 2006.

2.     Д.Әлімжанов., Ы. Маманов. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы, 1998.

3.     А.Оралбаева. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 1992