Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдердің зерттелу мәселесі

Сан ғасыр орыстың боданында бұғауланған ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін объективті де, субъективті де жағынан зерттеу нысанасына айналды. Мәселен, Кеңес Үкіметінің пәрменшіл саясаты рухани құндылықтарды танып білуге түрлі қаулы-қарарларымен тасқындай тосқауыл жасап келді. Халқымыздың өлең-жыр, дастандары мұрағаттарда көмкеріліп, жарыққа шыға алмай, тек қана халық аузында жалғасын тауып жатты.  Сол мәдениетіміздің айқын айғағы, әдебиетіміздің қайнар бұлағының бірі болған тарихи өлеңдерімізді де келер ұрпаққа зерделеп жеткізу өзекті болып отыр.

Тарихи өлеңдер тамырын халықтың қалыптасу, даму тарихымен тығыз байланысты екенін аңғарамыз. Сондай-ақ, қазақ халқының басынан кешкен «Ақтабан шұбырынды…» заманы мен «азаттық жолындағы күрес» оқиғалары талай тақырыпқа арқау болғанымен, солақай саясат ауыз әдебиеті шығармаларын ұрпақ санасынан өшіруді мақсат етті.

Қазақ поэзиясының бір саласы болып танылатын тарихи өлеңдер туралы алғаш пайымдаулар өткен ғасырдың бас кездерінде айтыла бастаған болатын. Олардың арасында А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегінде, М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбектері бар. Бұл еңбектерде ауыз әдебиетінің тектері мен түрлеріне қатысты пікірлер айтылады. Бұл тарихи өлеңдер жалпы тарихи кезеңдер шындығын берудегі халық поэзиясының рухани күш-қуаты тұрғысында бағаланады. Осы еңбектердің көпшілігінде қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың арасына шек қойылмай бірлікте алынып, ой-пікірлер айтылды.

Сондай-ақ, сол ғасырдың орта шектерінде тарихи өлеңдерге деген ерекше көзқарастар пайда болып, зерттеушілердің назарына ілінді. Мәселен, Ә.Х.Марғұланның эпосқа қатысты еңбегі (1946), Н.С.Смирнованың XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық және тарихилық мәселелеріне (1948; 1949; 1951) байланысты зерттеулері мен қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдықтың алғашқы томында (1948) сөз бола бастады. Бұл еңбектерде де тарихи өлеңдер мен тарихи жырлар арасы толық анықталмай, зерттеушілер «тарихи жырлардың ең кішігірім үлгілері» деген атау қалыптастырды. Бұл  аталып  отырған  еңбектердегі  талданғандар  шын  мәнінде тарихи өлеңдер болатын. Тарихи өлеңдердің бертіндегі туғандарына байланысты Б.Кенжебаевтың еңбегі 1916 жылғы көтеріліс жырларына арналды (1956). Осы тақырыпта Х.Ищановтың «1916 жыл және халық поэзиясы» (1958) еңбегі жарық көрді. Сөйтіп, тарихи өлеңдер туралы тарихи жырлармен қоса ғылыми тексерулер ісі басталды. Тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде туғандары туралы бұл кезеңдерде жинақтау ісі болса да, ғылыми тұрғыдан талдаулар шолу түрінде айтылған ой-пікірлермен шектеледі. 1960 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының 1томы ауыз әдебиетіне арналып, мұнда XVIII ғасырдан бастап, тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың өткендегі тарихи оқиғаларды шын мәнінде жеткізе алатындығы айтылды. Кітапта XIX ғасырдағы және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты туған өлеңдер жөнінде түсініктер беріліп, біршама ғылыми салмақты пікірлер айтылды.

Ал енді, ХХ ғасырдың 60-80 жылдары арасында тарихи өлеңдерді зерттеу көзқарасы жаңаша бағытқа бет алды. Атап айтар болсақ, 1962 жылы М.Жармұхамедовтің «1916 жылғы көтеріліске қатысты қазақ халық поэзиясы» атты кандидаттық диссертациясы қорғалса, 1968 жылы орыс тілінде «Қазақ әдебиет тарихының» көп томдығының бірінші томы жарық көріп, онда қазақ фольклорының XVIII-XIX ғғ. тарихи шығармаларға арналған бөлімді С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов, XX ғасырға арналған бөлімді Е.Ысмайылов жазады. Қазақтың тарихи жырлары мен аталған ғасырларға қатысты мұнда да бағалы пікірлер айтылған еді. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968) атты монографиясының жарық көруі, диссертациялық еңбегінің қорғалуы да көне мұраны жаңғыртып, жаңаша көзқарас қалыптастыруға ықпал етті деуге болады. Себебі бұл еңбектерде тарихи өлеңдер туған дәуірлерге байланысты байыпты байлам, ғылыми жаңаша тұжырымдама қалыптасқаны аян.

Белгілі ғалым Б.Уахатов «Қазақ халық өлеңдері» (1974) атты монографиялық еңбегінің бір тарауын тарихи өлеңдерге арнады. Бұдан бұрынғы тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді бірге қарап, арасына шек қойылмай келген мәселелерге автордың бұлайша концепция ұсынуы тарихи өлеңдерге байланысты жаңаша бір бағыт әкелді деуге болады [1.15].

Осындай зерделі зерттеулердің жалғасы ретінде 1979 жылы Қазақ ССР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымдық «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» монографиялық еңбегі жарық көрді. Жалпы, қазақ халық поэзиясының осынша уақыт аралығында зерттеулер арқылы жанрлық жіктелулерін, сонымен қатар тарихи өлеңдердің тақырыптарына сай ерекшеліктері мен поэтикалық мәселелерін кеңінен, нақты таныту мақсатында көптеген еңбектер жазылды. Олардың қатарында С.А.Қасқабасовтың «Тарихи жырлардың зерттелуі мен жанрлық сипаты» атты мақаласы бар. Бұл мақалада тарихи  жырлардың  қалыптасуына  тарихи өлеңдердің циклденуі ықпал еткені аталып, екі жанрдың айырмашылықтарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты түсіндірсе, Е.Тұрсыновтың «Тарихи жыр, өлеңдердің тегі мен дамуы» атты мақаласында тарихи жырлардың қалыптасу эволюциясы сөз болып, автор екі жанрды бірлікте қарайды. 1982 жылы жарық көрген Р.Бердібаевтың «Қазақ эпосы» атты еңбегінде тарихи жырларға арнайы тарау беріліп, осы тарауда «тарихи өлеңдердің іздеушісі керектігі» түбегейлі зерттелуі туралы мәселе қозғалған еді. Бұл пікірлер дамытылып, әсіресе, «ақтабан шұбырынды» дәуіріне қатысты «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңі туралы пікір талас туындап, тәуелсіздік алғаннан кейін де осы мәселе турасында көптеген мақалалар дүниеге келді. 1993 жылы «Қазақтың XVIII ғасырындағы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар» жөнінде кандидаттық диссертация қорғаған Б.С.Рахымов еңбегінде тарихи жырлардың өз бастауы тарихи өлеңдерден тамыр тартатыны, тарихи өлеңдердің тақырыптық топтасулары туралы мәселелер көтерілді [1.54].

Қазақ фолклорындағы тарихи өлеңдердің шығу тегі мен дамуын саралап, өзге халықтардың тарихи өлеңімен салыстыра сипаттау, олардың поэтикалық ерекшеліктерін анықтау фольклортанушы ғалымдардың жетістіктері болып саналды. Осы жолда табанды еңбекпен  ғылыми бағдарда жұмыс жүргізген ғалымдар қатарында Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Х.Марғұлан, Н.С.Смирнова, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Н.Төреқұлов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Б.Уахатов, О.Нұрмағамбетова, М.Жармұхамедұлы, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев, М.Мағауин, С.Садырбаев, З.Сейітжанов, Б.Әзібаева, Б.С.Рахымов және т.б. ғалымдарды атап көрсетуге болады.

Сонымен бірге осы тақырыпқа қатысты орыс ғалымдарының теориялық пікірлері де назар аударарлықтай. Көптеген ғалымдар солардың пайымдауларына назар аударып, еңбектерінде В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, И.Березин, Б.Н.Путилов, И.В.Стеблева, В.Я.Пропп, А.М.Астаховалардың ғылыми ұстанымдарын тиісті дәрежеде кәдеге асырды.

Түбі бір түркі халықтарының бір тамырдан нәр алған құндылықтарын таныту мақсатында нысанаға алынған өзекті мәселердің бірі ретінде бүгінгі таңда тарихи өлеңдерді зерттеудің бірнеше мәселелері айқын көрінеді. Яғни, қазақ тарихи  өлеңдерін түрік, қырғыз, қарақалпақ, татар, өзбек сынды түркі халықтарының рухани мұраларымен салыстыра отырып зерттеу, тарихы тереңде жатқан қазақ тарихи өлеңдерінің рухани мұрасын жаңаша пайымдау және қазақ тарихи жырларының қазақ әдебиетінің басқа да жанрларымен байланысын толықтай ашу сияқты әлі де көп мәселелер жас ғалымдарды толғандырады.

Бұл мақсатта зерттеушілер өз еңбектерінде түркі халық әдебиетінің тарихы туралы зерттеулерді, тарихи құжаттар мен тарихшы ғалымдар еңбектерін кеңінен пайдалануы тиіс.

Ал шынында тарихи өлеңдерді зерттеу нәтижелері қазақ ауыз әдебиетінің көп томдық еңбектерінің халық поэзиясына арналған бөлімін толықтыруда. Тарихи өлеңдер жеке ел болып қалыптасқан дәуірлердегі ел басына туған түрлі қиыншылықтарды, оқиғаларды бейнелеуімен, ел мен жер тағдырын тақырып етумен, белгілі бір дәуір тұсындағы ел күйзелісін толық ашуымен, ел қамын жеген халықтың көсемдері мен батырларын мадақтауымен, сонымен қатар тәуелсіздік жолындағы күрестің бастауы болуымен ерекшелене отырып, ел мен жердің азаттығы, халықтың арманы мен мұраты болып саналады.

Негізінде тарихи өлеңдердің пайда болу мәселелері тым ерте дәуірлерге байланысты екен. Бұл тұрғыда академик М.О.Әуезов: «Ел ескілігінің бір алуаны тарихи өлеңдер», — дей отырып, «Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады» [2.140], — деуінің қисынды айтылғанын көреміз. Қазақтың тарихи жырларының қалыптасуына тарихи өлеңдердің әсер-ықпалы бар екенін айтып, арнайы көңіл бөлген академик С.А.Қасқабасовтың төмендегі пікірі де соның дәлелі болып табылады. «Тарихи өлеңдер қоғам дамуының әр кезеңінде туып отырады, яғни бұл – оперативтік жанр. Сондықтан тарихи өлең өте ескі жанрлардың бірі. Мәселен, бүкіл түркі халықтарының тарихи кезеңдерінің ең көне үлгісі Білге Қаған, Күлтегін, Тоныкөк т.б. туралы Орхон-Енисей маңынан табылған шығармалар деуге болады» [1.28]. Ал бізде тарихи өлеңдер XVIII ғасырдан басталады деген пікір қалыптасқан. Кейінгі көне түркі дәуірлеріне байланысты еңбектерден шын мәнінде тарихи өлеңдердің ерте дәуірлерде қалыптасқанын аңғаруға болады. Бұл істе белгілі ғалым, академик Р.Бердібайдың: «Әзірше зерттеушілеріміз тарихи өлеңді арнайы жүйелеп, толық қамтып тексеруге жеткілікті көңіл бөле қойған жоқ. Түбінде тарихи өлеңнің өз іздеушісі туса, оның хронологиялық кезеңін де, аумағы да анағұрлым айқындала түсетіндігі кәміл. Кейбір фольклортанушылардың тарихи өлеңді белгілі оқиғалар негізінде құрылған көлемді жырлармен бір топта қарап келгендігі де, бұлардың жанрлық жігіне жете мән беріле қоймағандықтан» [3.185], — деуінің дәлелді айтылғаны талассыз. Мәселен, Көне түркі жазба ескерткіштері туралы терең ізденіп, лингвистикалық жағынан үздіксіз зерттеп келе жатқан ғалым Ә.Құрышжанұлының еңбегінде «Таңғұттармен соғысу», «Мыңлақ елімен соғысу», «Ябақулармен соғысу», «Жорық жырлары», «Алып ер Тонаны жоқтау», «Белгісіз батырды жоқтау», сынды дүниелерді көне түркі тілінен аударып, оларды «Халық өлеңдерінен үзінділер» деген атаумен берген [4.297]. Анықтай қарар болсақ, осы өлеңдердің болмыс-бітімі тарихи өлең табиғатына толық сәйкес келеді.

Түркі-моңғол халықтарының тарихы туралы қыруар еңбек жазған В.Бартольд еңбегінде де тарихи өлең қалыс қалмаған [5]. Оның қисынсыз еместігі «Моңғолдың құпия шежіресімен» салыстырғанда  байқалды

Осылайша, жиналуы мен зерттелуіне қатысты пайымдардан тарихи өлеңдерді дәуірлік жағынан ендігі уақытта былайша тақырыптарға бөліп қарастырған жөн:

1. Тарихи өлеңдердің көне дәуірдегі хатқа түскен үлгілері.

2. Қазақ хандығы кезеңіне байланысты тарихи өлеңдер.

3. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты туған тарихи өлеңдер.

4. ХІХ ғасырдағы туған тарихи өлеңдер

5. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өлеңдері.

Бүгінгі таңда жас ғалым Ж.Ахметжанова өз еңбегінде тарихи өлеңдерді аталып өткен тақырыптар бойынша зерделей келе, сол тарихи өлеңдердің жанрлық ерекшеліктерін дамуы мен қалыптасуын, топтасуы мен тұтастануын, халық поэзиясының өзге жанрларымен арақатынасын, көркем бейнелеу құралдарының тарихи өлеңдегі қызметін және тарихи өлеңдердегі тіл өрнегін жан-жақты сипаттап жазған. Осының нәтижесінде қазіргі таңда тарихи өлеңдерге қатысты қорытынды мәселелерге тоқталғанда төмендегідей тұжырымдар ұсынылады.

1) Тарихи өлеңдер қоғам өмірінің әр кезеңінде туып, халықтың мақсат-мүддесіне сай қызмет еткен. Оның нақ бастаулары Көне түркі дәуірі, Алтын Орда, Ноғайлы дәуірлерінен танылса, айрықша дамуы мен қалыптасуы Қазақ хандығы және одан кейінгі ел тарихындағы оқиғалармен байланысты туындаған.

2) Қазақ тарихи өлеңдерінің жинақталуы XIX ғасырдан бастап, XX ғасырдың алғашқы жартысында жүзеге асқан. Бұл іске қазақтың ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері және фольклортанушы ғалымдары айтарлықтай ат салысқан.

3) Қазақтың тарихи өлеңдерінің көне үлгілері бізбен туыстас көптеген халықтардың өлеңдерімен тақырыбы ұқсас, идеясы бір болып келеді.

4) Халық поэзиясындағы жоқтау, қоштасу, лирикалық өлеңдермен тарихи өлеңдердің өзара қарым-қатынасы бар. Бірақ тарихи өлеңдерді отбасы әдет-ғұрып поэзиясына жататын азалау фольклорымен шатастыруға болмайды. Онда жеке адамның өмірден өтуі, тіршіліктегі тағдыр-талайы айтылса, тарихи өлеңде жалпы халықтың елі мен жеріне деген шынайы махаббаты, қимастық сезім сырлары сипатталады. Лирикалық өлеңдермен сабақтастығы да осы тұста көрініп, тарихи өлеңдердің әнге айналуынан байланыс-бірлігі танылады.

5) Тарихи өлең мен тарихи жырлардың жанрлық айырмашылығы бар. Тарихи жыр өзінің поэтикалық жағынан толық эпостың белгілерін танытса, тарихи өлеңде эпикалық ерекшелік жалпы оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын баяндауға құрылады. Жеке адамның образын жасау тарихи өлеңге тән емес.

6) Поэтикалық жағынан тарихи өлеңдерге тән бейнелеу құралдарынан айшықтаулар  айрықша  орын алады. Әсіресе, арнаулар:  сұрай  арнау,  зарлай арнау, жарлай арнаулар тарихи өлеңге тән ерекшелікті аңғартады. Басты дәлел халықтың өлеңдегі ашу-ызасы, өкпе-назы, реніш пен қайғысының дәстүр негізінде шын болған оқиғаға сай жасалуынан көрінеді.

7) Тарихи өлеңдерде шендестіру және параллелизмнің халық психологиясын беруде шеберлікпен айтылып, тамаша сипатталғанына толық көз жеткіземіз. Сондай-ақ, дәстүрлі дыбыс қайталаулар ассонанс пен аллитерация және жай қайталаулар өлеңге ажар-көрік беріп, өткен мен бүгінді салыстырып, ел тағдыры мен жер тағдырын таразыға тартады.

8) Тарихи өлеңде әр дәуірдің дерегін танытарлық дәлелдің көрсеткіші ондағы көнерген сөздер мен жаңадан қалыптасқан сөздерден аңғарылады.

9) Қоғам дамуындағы белгілі бір ұлттың халық, ел болып қалыптасқан кезінде басына қиын-қыстау күн туғандағы тарихи-әлеуметтік жағдайына қатысты жедел туып, сол ұлттың оқиғаға деген көзқарасын, көңіл-күйін, арман-тілегін дәлме-дәл жалпыхалықтық психологиямен өрелестіретін мұраларымызды тарихи өлеңдер дейміз [7].

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. Қазақ тарихи жырларының мәселелері. –Алматы: Ғылым, 1979. -312 б.
  2. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы: Ана тілі, 1991. -240 б.
  3. Бердібаев Р. Қазақ эпосы. –Алматы: Ғылым, 1982. -232 б.
  4. Құрышжанұлы Ә. Ескі түркі жазба ескерткіштері. –Алматы: Қайнар, 2001. -420 б.
  5. Бартольд В. История турецко-монгольских народов. –Ленинград, 1928. -24-29 с.
  6. Моңголдың құпия шежіресі. -Өлгий, 1979. -151 б.
  7. Ахметжанова Ж.Б. Қазақ фольклорындағы тарихи өлеңдер (10.01.09-Фольклортану). Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2007. -10 б