Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақтар ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін, бұл мұра өте қарқынмен дами отырып, әр қилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық ойлау элементтерінен бастап, қазіргі замандағы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алады. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, моралдық мәселелермен адам туралы ілімдерді, күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттауы, т.б мәселелер болды.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек етіп, әртүрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Олар шынайы реализм, білімнің негізгі жақтары, мемлекет, қоғам, жеке адам мәні.
Осы аталған көзқарастар сыңаржақтыққа, консерватизмге, тоқыраушылыққа, қазақ халқының прогрессивті дамуына кедергі болатын басқа да кемшіліктерге қарсы бағытталады. Бұл да қазақ дүниетанымының қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшелігі.
Қазақ дүниетанымдық ойының тағы да бір ерекшелігі деп оның шынайы патриотизмін, халқына сүйіспеншілігін, оның бақыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадірінше анық, жан-жақты көрсете білуі дер едік.
Бұл айтқандардан қазақ философиясы басынан-ақ аяғынан тік тұрған, бірден қалыптасып кеткен жүйе деген пікір тумаса керек. Біртұтас көзқарас, дүниені жан-жақты танып білу, оның заңдылықтарын, таным процесін, әлеуметік мәселелерді дұрыс түсіну, ойлау түрлерінің жүйесін анықтау – ол соңғы ғасырлардың үлесіне тиеді. Дегенмен, халықтың жыраулық, ақындық шығармашылығында қоршап тұрған табиғат пен әлеуметтік орта туралы ойлаудың біршама жиынтығы болды. Негізінен, кездейсоқтық, жүйесіздік сипатына қарамастан, онда адамдардың бай практикалық өмірін, халық даналығын көрсететін философиялық мән бар еді. Ойлау тәсілі ерекше, шығармашылық жолы мен шығармалардың сақталуы ауыз мәдениетіне сай, тез жаттап алу, жоғалтпай, «ұрламай» жеткізу – бұл философия тарихындағы ғажап құбылыс.
Халқымыздың өмірін бейнелеген, адамдардың түйсігін, ойларын, өскелең талабын көрсете білген фольклорда объективті шындықтың элементтері бар. Халық эпостары, ертегілер, аңыздар, лирикалық-тұрмыстық поэмалар, мақалдар мен мәтелдер – адамдардың табиғи және әлеуметтік құбылыстарды, саяси-экономикалық жағдайларды, ізгілік мақсаттарды өз уақытында сәйкес танып-білуінің куәгерлері. Ауызша халық мәдени ескерткіштерімізді зерттеу халқымыздың танымдық, әлеуметтік-саяси, адамгершілік-тәрбие және дүниеге көзқарас ерекшеліктерін білуге көмектеседі.
Табиғи және әлеуметтік өмірді тікелей бейнелеу, дүниенің құрылымы, оның жасырын күштері туралы тұрпайы түсінік – бұл қазақ дүниетанымының бастапқы кездегі деңгейі еді. Ол кезде жүйелі және негізделген көзқарас болған жоқ, сондықтан да философияның басты бағыттары да айқындалмаған еді.
Қазіргі кезде тарихи-философиялық ғылымның көптеген халықтардың философиялық мұраларын зерттеген тәжірибесі ұлттық дүниетанымның қалыптасуы, дамуы және қазіргі кездегі бағыттары туралы, оларды зерттеудің теориялық және әдістемелік мәселелері жөнінде жинақталған жалпы ойларды тұжырымдауға кең мүмкіндіктер береді.
Қазақ дүниетанымының тарихы – халық тарихының ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Онда ғылыми таным процесі мен халықтың идеялық ізденістері, бай тарихы мен ұлттық ойлау айшықтары көрініс тапқан. Қазақ дүниетанымы – халқымыздың тарихын жан-жақты түсіну үшін үлкен негізгі және әдістемелік құрал. Ол қоғамдық сананың басқа түрлерімен тығыз байланысты. Сондықтан оны зерттеп, үйренбейінше, қазақ ғылымының тарихын, саяси идеологиясын, өнерін, әдебиетін, адамгершілік қағидаларын, діндарлығын пайымдау мүмкін емес. Халықтың ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз қоян-қолтықтасқан қазақ философиясы ғылыми құндылығымен қатар, жоғары азаматтық қасиетімен, әлеуметтік әділеттілікке жету жолдарын тікелей іздеуге атсалысқандығымен, өзінің жемісті жетістіктерімен ерекшеленеді.
Дүниетанымның пайда болуының тарихи алғышарты – миф. Мифологиялық көзқарас пен табиғат және қоғам туралы жаңа дамып келе жатқан ғылым элеметтерінің арсындағы қайшылықтарды шешу философияның пайда болуының жолы деген де қалыптасқан тұжырымдар бар. Философия мифке тән, дүниеге тұтас көзқарастың бағытын қарауға тырысады. Соның негізінде не мифологиялық, не аллегориялық-көркем, не символикалық-діни, не нақты-ғылыми ойлау, бірақ олардың әрқайсысынан қабылданған түрлеріне сыймайтын, жаңа түсініктегі ойлау нысандарын құрайды. Қазақтың ұлттық дүниетанымының пайда болуы туралы тек ойшылдардың дүниеге көзқарасы жалпылықты, көзқарастың әмбебап принциптерін немесе «бастауларды» анықтаудағы заңды бағыттары болған кезде ғана айтуға болады. Діни-мифологиялық тұжырымдар әдет-ғұрып пен беделге бой ұрса, философия заттар мен құбылыстардың, оқиғалардың мәнін ашуға, пікірсайыс ретінде қолданылатын рационалды ойлауға, дүниені танып-білудегі қайшылықтарды аңғару мен шешуге тырысады. Бұл әрекет адамның жан-жақты ойлау және оның интеллектуалдыинтуициясымен бірегей қабысуы нәтижесінде туады.
Ислам дүниетаным ғана емес, адамгершілік туралы ілім де болып табылады. Ислам Қазақстанның, Орта Азияның көптеген халықтарының, шетелдік Шығыстың бүтіндей бірқатар елдерінің ізгілікті дамуына ықпал етті және ықпал етіп келеді. Жалпы исламның этикалық ойы исламның өмір сүру тәртібін анықтайтын идея ретінде осы дін пайда болғаннан бері өмір сүріп келеді. Бірақ теологиялық-этикалық жүйе түріндегі бұл ойдың қалыптасуына мұсылманшылықтың негізгі деректері – Құран мен Сунна көрініс табатын мұсылмандардың моральдық қалыптары жинағы өтті. Исламдық этикалық ой сүрелер мен хадистерге идеялық бағдар ретінде сүйене отырып, мұсылман қоғамының тәрбие принциптеріндегі қажеттіліктерін өтей алды.
Қазақ мақалдарында қайырымдылықтың зұлымдықпен күрес мәселесі үлкен орын алады. Халықтың қолдайтын барлық жүріс-тұрыс нормалары мен принциптері, жағымды бағаланатын адамгершілік әрекеттердің барлығы қайырымдылық болып табылады. Ал халықтың кінәлайтын әрекеттері мен қылықтарының барлығы, адамның өоғамдық және жеке өміріне нұқсан келтіретін нәрсенің бәрі зұлымдық тболып табылады. Сонымен қатар қайырымдылық ақылмен және біліммен байланыстырылады, адамгершәләк өмірде үлкен мәнге ие болып, зұлымдыққа қарсы күресте маңызды құрал ретінде бағаланады.
Қазақтың халық даналығы адам абыройын түсіретін моралдық принциптерді қатал айыптайды. Және керісінше , батырлық, патриотизм, төзімділік сияқты жағымды адамгершілік қасиеттер бағаланады. «Ер» түсінігі туралы мақал-мәтелдер өте көп. Мысалы, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді». Мыңжылдық тәжірибеден туындаған «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген даналықты айту үшін қазақ халқы небір қиын-қыстау күндерді бастан өткізді. Көшпенділердің кең пейілділігі мен қонақжайлылығы мына мақалдан көрініс табады: «кездескен адамығды сыйла, мүмкін оны соңғы реткездестірген шығарсың».