«Айт-айт келін, айт келін» қазақ ақындарының беташар туралы бірер ойы. (өзіндік түсініктері, жырлары, өлеңдері)
Қазақтың беташар салты жаңа заманға да бейімделіп, жалғасын табуда. Қазіргі кезде беташар салты той асының алдында өткізіліп жүр. Бұл туралы мақала Әуезовтің «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген зерттеуінің ішіне кірген тараулардың бірі. Зерттеуші салт өлеңдерінің құрамында беташардың алатын орнын, мазмұндық ерекшелігін анықтаған. Беташардың қандай жағдайда, қашан, қалай айтылатынын сөз ете келіп, Әуезов бұл өлеңнің танытқыштық, тәрбиелік және керкемдік мәнін ашқан; мұның тұрақты мәтіні (тексі) болатыны, онда қазақ отбасында жаңа түскен келінге арналатын өсиет пен міндет іріктеліп керсетілетіні; жас келіннің жаңа келген елінде әдепті, еңбекшіл, өнегелі, үлкен мен кішіге ізетті болуға тиістілігі ғибрат, ескертпелерінде берілетіні айтылған («ел-жұртына жақ, келін, ата-енеңді бақ келін, кісі келсе үйіңе, киізіңді қақ келін… өзіңнен үлкен адамның, бетіне тіке қарама… сәлекет боп отырма, еркектей боп жүгініп, бір тізелеп жөн отыр, төмен қарап бүгіліп, қатты қылып сөйлеме, ақырын сөйлеңдіріп…»). Беташар өлеңінде отбасындағы үлгілі әйел қандай болуы керектігі туралы халықтың ғасырлар бойында қалыптасқан әдеп нормалары, өнеге тізбегі, адамгершілік дүниетанымы, әйелдерің адам тәрбиесіндегі айрықша орны көрініс тапқан. Қазірге дейін айтылып, қажетке жарап келе жатқандығы бұл өлеңдер өмір теңдігін көрсетеді.[17]
Сейіт Кенжеахметұлы “Жеті қазына” атты кітабында беташарға мынадай анықтама береді: “Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Мұнда “Беташар” жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді жыр төгуі керек. Келін келді, көріңіз, Көрімдігін беріңіз, Анау, мынау демеңіз. Түсін айтып қойыңыз, – деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра көрімдік сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарық қылады. Беташар тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі”. Беташардың орындалу рәсімі, мазмұны беташар айтушыныға аса үлкен жауапкершілік жүктейді.[15]
Бұл дәстүрді қадір-қасиеті көп болғандығы соншама, ол туралы қазақтың ұлы ғұламалары да жырлаған болатын. Мысалыға М.Әуезов беташарға мынадай пікір берген: «Әдет-ғұрып заңдарын бас-басына санап көрсету жағынан «беташар» орыстың «домострой» атты көне өлеңіне ұқсас. Бірақ қазақ өлеңінде бәрә де келінге арналады.» — десе қалыңдықтын бетін бүркеп бүркеп келетін орыс ғалымы В.И.Еремина орыс халқындағы мысалдар арқылы, яғни орыс қызының да басына жартылай жібек желең жамылытатынын ежелгі мифтік санамен байланыстырады.
Сол секілді Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Ілияс Жансүгіров, Фариза Онғарсынова сынды қазақтың біртуар ақындары беташар салтына арнап өз жыр-шумақтарын жазған.[2]
Мұқағали Мақатаев:
Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін тастады.
Боз жаулық жауып қыздарға,
Шаңырақ құра бастады.
Жиылып жекжат ой-қырдан,
Ауылда күнде той-думан.
Жалғыз ұлы әкенің
Жалғыз атын да сойдырған.
Үйленді біздің, ағайда.
Үйленбе деуге қарайма.
Бәсіре жалғыз көк тайын,
Сойғызып жатыр сарайда,
Той жасап бермек қалайда.
Ағайдың тойы жасалды.
Арманым еді қашанғы.
Қуанған көңлі босанды,
Әжем де көзге жас алды
Келіннің бетін ашқан-ды.
Иіліп байғүс жасқанды.
Жасқанды-дағы… жас қалды…
Ертесі соғыс басталды,
Алды да кетті жастарды….
Фариза Оңғарсынова
Ау, ағайын, ағайын!
Домбырамды алайын.
Күмбірлетіп қағайын.
Бүгін біздің ауылға,
Қызығыңдар талайың.
Таудай нұрлы көзі бар,
Қылығына қарасаң,
Өзі шекер, өзі бал.
Жаздай жайлы жаналы,
Қиылған қос қабағы,
Келін елге бақ болар,
Құтты болсын қадамы,
Ал жақындап келіңдер,
Бет ашамын – көріңдер.
Айдай келін баланы!
Ел ардақты сыйлыны,
Көңіліңе түй мұны.
Басқа ауылдың бір гүлін,
Бұл ауылдың сүйді ұлы.
Қызға келін болу хақ,
Бұл да алланың бұйрығы!
Осы ауылдың ағасы,
Асқар таудай панасы,
Елдің алтын жағасы,
Үй болды деп немерем
Жайрандауын қарашы –
Жарасты бол теңіне!
Келін алтын босаға,
Келін сырлас, дос, ана,
Береке бол, бақыт бол,
Мынау келген жеріңе,
Құшақ ашқан еліңе!
Қадамыңа гүл біткей,
Құттықтаймын сені де!…
Сағи Жиенбаев
Келін келді – көріңдер,
Көрімдігін беріңдер.
Келін көрем дегендер,
Кәне, маған еріңдер.
Шампанды да құйыңдар,
Шашуын да төгіңдер,
Босағаға иірілмей
Берменірек келіңдер.
Қалықтасын жыр ғана,
Қызықтасын гүл-дала,
Жеті қырдан әрі асып,
Жетсін алыс шыңға да,
Алдарыңа келіп тұр,
Ақмаралдай бір бала.
Келінжаннан асатын,
Көкте жүрген күн ғана.
Сыр алдырма, көмейім,
Сұңқылдап бір көрейін.
Көктемдегі өзендей
Күңіренте жыр төгейін.
Домбыраны қағайын,
Дауысым әлсін демейін,
Бүгін түскен келіннің
Бетін ашып берейін…
Ал, Ілияс Жансүгіров «Беташар» өлеңі арқылы екі жастың тіккен отауының маңызын ашып, өнегелі жанұяның көрсеткіштерін көркем тілмен жеткізген.[5]
Айт-айт келін, айт келін,
Аттың басын тарт келін,
Сауысқаннан сақ келін
Жұмыртқадан ақ келін
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз,
Ала-құла демеңіз,
Атын айтып беріңіз.
Желп-желп еткен немесе,
Желегің ба, туың ба?
Қырау қырға нұр шашар,
Желегің сенің қызыл ма?
Көгіңде күнің нұр қосар,
Бетіңдегі қызылға.
Қызылды-жасыл бөленген,
Мынау қырдың қызы ма?
Қылымсыма қыр қызы,
Аттаған соң босаға,
Бетіңді бермен икемде,
Ашайын, айнам сызылма!
Тағы қоса кететініміз беташар туралы халық ауызынан түспейтін мақал-мәтелдер мен аталы сөздерде аз емес. Мысалыға:
- Он бесте-отау иесі.
- Үйленудің қуанышы мәңгілік.
- Тегіне қарап қызын ал,
Соғуына қарап қару ас.
- Шешесін көріп қызын ал,
Аяғын көріп асын іш.
- Қызыңды құтты орынға қондырғанша күт,
Ұлыңды отау иесі болғанша күт.
- Күйеу — жолдасымен,
Қыз – жасауымен.
- Жақсы қыздың жасауын,
Жақын – жаран жасайды.
Жаман қыздың жасауын,
Сұран – тілен жасайды
- Келіннің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық.
- Құданы құдайдай күт.
- Құданы құдай қосады,
Үйірі басқаны ноқта қосады.
- Құдалық белгісі – сый, сайыт, қоныс белгісі-бейіт.
- Алыс жерге құда болсаң,
Түйе-түйе ас келер.
Жақын жерге құда болсаң,
Түйе-түйе сөз келер.
- Күйеу- жүз жылдық, құда – мың жылдық.
- Бастапқы қызыңды жасауымен ұзат,
Соңғы қызыңның өтеуіне жақсы.
- Екі бай құда болса, арасында жорға жүреді.
Екі жарлы құда болса, арасында дорба жүреді.
Бай мен жарлы құда болса, айырылса алмай зорға жүреді.