Каспий теңізінің солтүстік жағасы, Еділ мен Жайық өзендері аралығының көп жері Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайды. Теңіз жағасының шекарасын Еділ өзенінің теңізге құятын Қиғаш саласы анықтайды. Осы Қиғаш өзенінен Исатай ауданының Забурын елді мекеніне дейінгі жағалық аймақ түгелдей Құрманғазы ауданының жері. Бұл жердің экологиялық жағдайынан сөз қозғау үшін оның бұрынғы жағдайы қандай екеніне көз жеткізу керек.
Бұрын бұл жердің кеңестік кезеңге дейін, онан кейін де теңіз суының және оның құрлыққа суғына кіріп жатқан шалқыған саналуан сулы шығанақтары мен теңізден бөлініп қалған көлдері көп болды. Қай кездерде де осы көлдерден, шығанақтардан жергілікті халық балық аулап, олардың түрлі өнімдерін шығаратын шағын да ірі кәсіпорындарына тапсыратын. Оларды балықшылардың тілімен айтсақ «Балық батағалары» дейтін.
1925 жылдан бастап Каспий теңізінің суы тартылып, барған сайын азайды. 1930 жылы бұл су арналары, шығанақтар сусыз қалды. Біртіндеп тартылған теңіз суы 100 километрге қашықтаса, кейіннен ол одан екі есеге жуық қашықтап кетті. Балық батағалары жабылды. Аудандағы кеңестік кезеңде құрылған балық колхоздарының балықшылары теңізге балық аулауға шығатын кеме-қайықтарын Астрахань облысы аумағына қарасты теңіз жағасындағы «Тұмақ» аралына күзде тастап, көктемде сол жерден жарақтанып теңізге шығатын болды.
Бұрынғы теңіз ротасындағы Белужий, Трешкин, Дементьев, Қарабөлек, Ленкоса, Комсомольск, Бесшифер, Жаркөсе, Әбу аралдары қара жерге жалғасты. Бұл аралдар соңғы 30-40 жылдар бойы Атырау облысы мал шаруашылықты колхоздарының мал азығын дайындайтын учаскелерге, малшылардың қыстақтарына айналды.
Қиғаш өзенінен Забурын елді мекеніне дейігі 200 километрге жуық жердегі халықтың байырғы қонысы сусыз қалды. Оншақты колхоздар тұрақты тұра алмағандықтан Қиғаш, Шарон өзендерінің бойына қоныс аударды. Бірақ бұл сусыз қалған мыңдаған гектар жерді малшылардың қонысына, жайылымға айналдырар бағдарламасы ел алдына қойылды. 1946 жылы Шортанбай балық зауытының қасынан Қиғаш өзенінен басын алатын Қиғаш-Кобяков каналы, одан басын алатын Көкарна-Белужий-Трешкин, кейін Кобяков-Жанбай каналдары, мал су ішетін Кобяков-Мальцев каналы, сонан кйін Ганюшкиннен Забурынға жететін жоғары жақпен Сурхан каналының желісі іске қосылды. Бұл каналдардың тұщы ағынды суы түгелдей каналдың төменгі желісімен бұрынғы арналар ізімен теңізге құятын болды және осы арналар ізімен суды теңізге жеткізетін Ленкоса, Мальцев, Жанбай-Дементьев каналдары да қазылды. Мысылы «Белужий» арнасы атына сай Белуга (қортпа балығы) балығының ішкі суға кіретін, уылдырық шашатын бұрынғы терең арна болатын. Бұл каналдар бойындағы жайылымдық жерлерге, малшыларға Еділдің тұшы суын жеткізіп қана қоймай, бұрынғы теңіз суы жайылатын көлдерге құйып, теңіз балықтарының көктемде уылдырық шашып, көбеюіне мыңдаған суды мекендейтін құстардың көбеюіне мыңдаған жол ашты. Мұның бәрі кешегі өткен кеңістік кезеңдегі теңіз жағасын мекендеген Құрманғазы ауданы жерінің келбеті еді. Теңіз жағасының қазіргі жағдайы мүлде өзгерді. Аудандағы өнеркәсіптік, ауыл шаруашылықты өндіріс орындарының көбі жабылды. Аудан экономикасы төмендеді. Табиғаты қорғалмай, экологиясы бұзылды.Өткен 30 жыл ішінде каналдар бір де бір рет аршылмағасын, арналары бітелді. Қамыс, қоға, су балдырлары қаптап кетті, көпшілігін су жүрмейтін болып, құм басты. Теңізбен байланыс үзілді. Көлдерде тұрып қалған су бұзылып, мыс купросының ерітіндісіне айналды, зәрленді. Ауру таратудың көзіне айналды. Мыңдаған гектар шабындық, жайылымдық жер шөпшықпай, пайдаланудан қалды. Ауданға қарайтын батыстан-шығысқа ұзындығы 200км, терістіктен-түстікке150 километрге созылатын теңіз жағалауын нар қамыс, қоға басты, су арналары жойылды. Өзен суы теңізге жетпейді. Бірнеше жылғы ну орман болып шыққан қамыс, қоға, жыңғылдар 1974 жылдан бері өртелмегендіктен қурап, үйінді-шөгіндіге айналды, су балдырларымен қопаға айналып шіріді. Қопа үстінен қайталап шыққан биік қамыс-қоғалар жыртқыш қасқыр, қарсақ, түлкі, қамыс мысықтарының, борсықтын, күзен, жанат, қабандардың және кемірушілер-егеуқұйрық, тышқан, атжалмандардың тұрақты мекеніне айналды. Жылма-жыл олардың санының ұлғаюына сай жұқпалы да, қатерлі аурулар туу қаупі өсті. Әсіресе қасқыр, түлкілер құтырып ауырып, адамға, малға шабатын болды. Тышқандар осы оңірде 1920 жылдарда болған оба ауруының қайталануына мүмкіндік туғызып отырТеңіз суын жағалай және су астындағы жеке аралдарға мұнай компаниялары қожа болып, мұнай ұңғымаларын қаптата бастады. Жағадағы «Белужий», «Ленкоса», «Трешкин» аралдарында жиырмашақты мұнай ұңғымылары жұмыс үстінде. Мемлекеттер арасындағы Каспийді бөлісу келісіміне сай Ресей үкіметінің мұнай-шылары біздің аудан жері болып саналатын теңіз суындағы «Новинск» аралына мұнай ұңғымасын орнатып жатыр. Мұнай ұңғымалары қамыс, қоға, қопа, балдыр үйіндішірінділердің ортасына орналасуда. Бұлар теңіз жағасының бұзылған ауасын одан сайын ластаса, екінші жағынан қураған қамыс мұнай көздерінің өртену қаупін туғызады.
Аудан халқы үшін кәсіптік және күнкөрістік балық көзі-Каспий теңізінің балығы мен жер астының мұнайы. Оларды бұрынғы қалпына келтіріп, халық игілігіне айналдыру үшін төмендегідей шараларды шұғыл іске асыру қажет деп санаймыз:
1. Аудан жеріндегі каналдары қалпына келтіру, бітелген жерін аршып, қазып, Қиғаштын мол тұшы суын Каспий теңізіне құюын қамтамасыз ету керек. Ол үшін Сурхан каналының Қиғаш –Кобяков каналынан бастау алатын жеріндегі 15км жерін тереңдетіп қазған жөн. Онан кейін Кобяков-Жанбай-Забурын каналының бойындағы бұрын теңізге құятын Ленкоса каналын, Жанбай арнасын, Деменьтев каналдарының бітелген жерлерін қазып, кейбіреулерін теңізге қарай ұзартып, Шаронка суының осылар арқылы теңізге құюына мүмкіндік беруміз керек. Бұларды аршып, қазғаннан қандай пайда бар? Біріншіден, теңіз балықтарының үлкен-кішісі болмасын көктемде уылдырық шашу үшін үйірімен теңізді жағалап келіп, дағды бойынша өзен суы ағысына қарсы каналдармен жоғары өрлейді, көлдерге жайылған суға шығады, тұшы суда балық жақсы өседі. Мұның өзі аудандағы балық аулайтын колхоздар мен балық зауытының, кәсіпшіліктердің өркендеуіне, аудан экономикасын котеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Екіншіден, қазіргі кезде Жайық өзенінің теңізге құяр тамағы тайыздалған. Жылдар бойы қазылмағандықтан балықтар Жайық бойына толық шыға алмайды. Біздің ауданның тұсындағы теңізге құятын негізгі арналар бітелген, балықтар кіре алмайды. Соның салдарынан балықтар көктемде үйірімен жоғырылайды. Кейде онан да асып Мақашқалаға қарай асады. Сондықтан да Каспий балығының өз жерімізде көбеюіне жағдай жасауымыз керек. Үшіншіден, Еділ-Қиғаш суы өте көп. Көктемде олардан келетін мол суды бұрынғы қазылған Каспий теңізіне жібермесек ең адымен аудан орталығы Ганюшкинді су басады. Селоны бірнеше жылдар бойы богет салып қана аман алып қалып отырмыз, ал биыл жағдай өте қауіпті. Су басса мыңдаған саман үйлер құлап, ел баспанасыз қалады. Төртіншіден, су келсе каналдар бойындағы көлдер жағасы мен жайылымдарға шөп шығады, егін егіледі, халықтың күнкөрісі, ауа райы жақсарады, табиғат түзіледі.
2. Теңіз жағасына жағалай шыққан, адам жүре алмайтын, ит тұмсығы өтпейтін, жүздеген гектар жерді алып жатқан қураған қамыс, қоғалар, қопаларды көктемде және күзде өртеу керек. Өйткені олар қопаланып шіріп, бұларды паналап жүрген сансыз көп жабайы аңдар мен тышқандардың сүйегінен улы заттар, газдар көбейіп, экология бұзылады, аурулар тарайды. Оның елге келтіріп отырған зияны көп. Сондықтан да қамыс, қоғаларды жылма-жыл өртесе жер тазарады, қажетті аралдар мен су өз арналарын табатын болады.Оны осы жерді игеріп, өнімін алып жатқан мұнай компаниялары жүзеге асыра алар еді. Ал бұған бақылауды облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы, одан жоғары министрлік жургізуге тиісті.