Қоғамдық ұдайы өндіріс процесіндегі сан алуан өзара байланыстар ақша арқылы қауышып, жүзеге асып жатады. Сонымен бірге ақша тауарлар айналысынан бөлектеніп, біршама өз алдына қозғалыс жасайды. Осы қозғалыстың нәтижесінде, біріншіден, мемлекеттің, кәсіпорындардың, фирмалардың және халықтың ақша қорлары құрылады, екіншіден, ақша айналысының өзі түзіледі. Экономикалық қатынастардың айрықша нысаны ретіндегі қаржы ұғымы осы ақша қорларының қозғалысымен тікелей байланысты және ақша нысанындағы қоғамдық өнімді бөлу процесінде пайда болатын экономикалық қатынастардың кең көлемін қамтиды. Қаржы қоғамда нақты өмір сүретін, объективті сипаты мен айрықша қоғамдық арналымы бар өндірістік қатынастарды білдіре отырып, экономикалық категория ретінде көрінеді. Құн категориясының жүйесінде (ақша, баға, несие, пайда, жалақы т.б.) тарихи қалыптасқан экономикалық категория ретінде қаржы белгілі орын алады және өзінің ішкі ерекшеліктерімен ұдайы өндірістегі өзгешелік рөлімен сипатталады.
Қаржы ұғымы мемлекетпен бірге бір уақытта қоғамның таптарға жіктелу кезінде, мемлекеттің дамуы мен оның ресурстарға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты жүйелі тауар- ақша айырбасы жағдайында пайда болып, дамыды.
Қаржы аталымы тұңғыш рет «ақшалай төлем» мағынасымен ХІІ-XV ғасырларда Италияда кең қолданылды. Кейін ол халықаралық дәрежеде таралып кетті және ақша қатынастары жүйесімен, мемлекет өзінің әлеуметтік-экономикалық функцияларын орындауға жұмылдырылатын ақша ресурстарын жасаумен байланысты ұғым ретінде қолданыла бастады. Тауар-ақша қатынастарының жалпы қамтуындағы сипатқа ие болып отырған нарықтық экономика жағдайындағы қаржы нақтылы және үздіксіз болып жататын ақша айналымын ақша тасқынын бейнелеп көрсетеді.
Қаржының мәні, оның даму заңдылықтары, тауар-ақша қатынастарының қамту сферасы мен қоғамдық ұдайы өндіріс процесіндегі рөлі қоғамның экономикалық құрылысымен, мемлекеттің табиғатымен және функцияларымен айқындалады.
Экономикалық өмірде қоғамның сыртқы көрінісі қоғамдық өндірістегі әр түрлі қатысушының қаражаттарының қозғалысы түрінде бейнеленеді. Құбылыстарда бұл құбылыстар нақты ақшамен немесе нақты ақшасыз есеп айырысу түрінде көрінеді. Алайда ақшаның кез-келген қозғалысы қаржы операциясына жата бермейді, өйткені ақша түрлі экономикалық категориялардың-бағаның, еңбекке ақы төлеудің, қаржының, несиенің көмегімен болатын қоғамдық өнімнің барлық құнының қозғалысын қауыштырады. Тікелей қаржы операцияларына мыналарды жатқызуға болады: кәсіпорынның, фирманың бір-бірімен нақты ақшасыз жасасатын есеп айырулары; негізгі капиталға жұмсалатын амартизациялық соманы есептеу; пайданы бөлу және кәсіпорындарда, фирмаларда ішкі шаруашылық арналымының қорларын қалыптастыру; мемлекеттік бюджеттің, кірістеріне салық төлемдерін аудару; қайырымдылық қорларына қаражаттар төлеу; экспортталатын тауарлар үшін кеден баждарын төлеу және тағы басқа операциялар.
Қаржының қажеттігі тауар-ақша қатынастарының болуымен байланысты. Тауар өндірісі иен дамыған нарықтық айырбас кезінде өндіріп, оны бөлу екі нысанда натуралды-заттық және құндық нысанда жүргізіледі. Қозғалыстың құндық нысаны натуралды-заттық нысандағы өнім қозғалысын жүзеге асыратын белгілі ақша қорларын жасау, бөлу және пайдалану арқылы болады. Ақша қорлары қозғалысының процесінде пайда болатын ақша қатынастары, экономикалық қатынастар қаржының мәнін құрайды. Бұдан қаржыны өндірістің объективті түрдегі қажеттілігі категориясы деп айтуға болады.
Алайда, қаржы ақша қатынастарының бүкіл жиынтығын қамтиды деп санау дұрыс болмас еді. Ақша қатынастары жалпы алғанда қаржыдан кең қаржы тек, ақша қорларының қозғалысымен байланысты болатын ақша қатынастарын ғана қамтиды. Басқа ақша қатынастары қаржы шеңберінен шығып кетеді. Қаржы қатынастарының жиынтығына, мысалы, шығындардың барлық түрлерін ақшалай есепке алу мен оларға бақылау жасау, өндірілген өнімді ақша нысанында өлшеу, өзіндік құнды калькуляциялау және өнімнің бағасын анықтау, ақшалай түсімді есепке алу мен сақтау, ақша айналасын реттеу және басқалары кірмейді. Сауда жүйесі арқылы тауарларды сатып алу және сату ( тіпті мемлекет бөлшек сауда бағаларын реттеп отырған жағдайда да ) кезінде пайда болатын ақша қатынастарында да қаржыға жатқызуға болмайды. Себебі мемлекет бұл жерде ақша қатынастарын азаматтық-құқықтық әдіспен реттеп отырады. Ақша қатынастарымен бірігіп кеткен субъектілердің теңдігі ( олардың құқықтары мен міндеттеріндегі теп — теңдік ) бұл әдіске тең өзгеше нышан болып табылады. Сонымен бірге қалыптасқан ақша қатынасының қаржылық емес, өзіндік өзгешелігі болады.
Қаржы— бұл ең алдымен бөлгіштік категория. Қаржының пайда болып, іс-әрекет етуінің айтарлықтай дәрежеде қоғамдық өнімді бөлу стадиясында көрінетіндігі көпшілікке мәлім. Мұнда қоғамдық өнімнің құны мақсаты арналым мен шаруашылық жүргізуші субъектілер бойынша бөлінеді, олардың әрқайсысы өзінің үлесін алуға тиіс қаржының қатысуынсыз қоғамдық өнімнің жеке бөліктерге бөлінуі мүмкін емес. Қаржы қоғамдық өнімді жасау мен пайдалану арасындағы ажырағысыз байланыстырушы буын.
Жалпы қоғамдық өнім мен ұлттық табысты жасау, бөлу және қайта бөлу процесінде қалыптаса отырып, қаржы қоғамның түпкілікті пайдалануға жіберетін метериалдық ресурстар бөлігінің ақшалай көрінісі болып табылады.
Қаржының қажеттігі қоғамдық дамудың қажеттіліктерін қанағаттандырып отыруға байланысты оның басты арналымы- табыстар мен ақшалай қорларды жасау арқылы мемлекет пен шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражаттарға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету және қаржы ресурстарын жұмсауға бақылау жасау.
Қаржының ақшадан мазмұны жағынан да, функциялары жағынан да айырмашылығы бар.
Ақша— бұл ең алдымен ассоцияцияландырылған өндірушілердің еңбек шығындары өлшенетін жалпы эквивалент, ал қаржы- жалпы ішкі өнім мен ұлттық табысты бөлудің экономикалық тетігі, ақша қорларын жасау мен пайдалануға бақылау жасаудың құралы. Ол өндіруге, бөлуге және тұтынуға ықпал жасайды және объективті сипатта болады. Қаржы өндірістік қатынастың белгілі бір сферасын білдіреді және базистік категорияға жатады.
Қоғамдық қатынастың иерархиясында ақша қатынастары экономикалық қатынастарға жатады, ал экономикалық қатынастар өз кезегінде қоғамдық қатынастар жүйесінің айқындаушы бөлігі-өндірістік қатынастарға кіреді. Бұдан қаржы қатынастарын өндірістік қатынастардың бір бөлігі деуге болады, яғни олар базистік әрі негізгі қатынастар болып саналады.
Қоғамдық өнімді бөлу процесі өте күрделі, мұның барысында өндірісте жасалған құн шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында, ал олардың әрқайсысында мақсатты арналым бойынша бөлінеді. Осыған байланысты ол түрлі экономикалық категориялардың көмегінен жүзеге асады, бұлардың әрқайсысы ерекше, тек өзіне тән рөлдерді орындайды. Қаржы құндық бөлу процесіне қатыса отырып, баға, жалақы, несие сияқты категорияларымен өзара тығыз байланыста болады және өзара іс-қимыл жасайды. Алайда олардың қатысу өлшемі мен нысандары бірдей емес.
Баға— жұртқа мәлім, тауар құнының ақшалай көрінісі. Ұлттық табыс бөлінгенге дейін тауар сатылуы тиіс. Баға өнімнің иегеруіне оны өткізуден түсетін ақшаның мөлшерін алдын-ала анықтайды және одан әрі бөлінетін процестің бастапқы негізі болып саналады. Гиперинфляция жағдайында Қазақстанда баға қатты өсті және бағаның бөлгіштік функциясы күшейе түсті. Баға сонымен қатар тауарларға деген сұраным мен ұсынымды да реттейді, сөйтіп ұдайы өндіріске, шығынның орнын толтыру(төлеу) қорының мөлшері мен құрылымына, демек табысқа да ықпал жасайды.
Қоғамдық өнім құнын бөлуге несие де қатысады. Әрі қайта бөлгіштік процестер несиелік қатынастар сферасында ағылып жатады.
Қаржы және несие-өзара байланысты категориялар және күрделі жұмсалым мен айналым қаражаттарын қалыптастырудың көздері болып табылады. Бірге үйлесе отрып олар кәсіпорындардың ақша қорларының айналым ұлғаймалы негізде қамтамасыз етеді. Қаржылық әдіспен әдетте шаруашылық органдарының ақшаға деген тұрақты қажеттіліктер несиелік әдіспен уақытша мұқтаждары қанағаттандырылып отырады.
Өзінің материалдық мазмұны жағынан қаржы-бұл мақсатты ақша қорлары, ол жиынтық түрінде елдің қаржы ресурстарын құрайды. Қаржы ресурстары- мемлекеттің, фирманың және мекеменің қарамағындағы ақшалай қаражаттар. Қоғамдық жалпы өнім мен ұлттық табысты арттыру қаржы ресурстары өсуінің басты шарттары болып табылады.
Қаржы мен қаржы ресурстары-бара-бар ұғымдар емес. Қаржы ресурстары өзінше қаржының мәнін анықтамайды, оның ішкі мазмұны мен қоғамдық арналымын ашпайды. Қаржы ғылымды тап мұндай ресурстарды жасау, бөлу және пайдалану негізінде туатын қоғамдық қатынастарды зерделейді; ол қаржы қатынастары дамуының заңдылықтарын зерттейді.
Қаржы ресурстарының құрамындағы оның маңызды екі бөлігін атап айтуға болады:
Мемлекеттік кірістер. Олар республикалық және жергілікті бюджеттерде шоғырланады. Мемлекеттік кірістер заңды тәртіппен бекітіледі және мемлекеттің функцияларына сәйкес жұмсалады. Салықтар, займдар және ақша эмиссиясы мемлекеттік кірістерді жұмылдырудың негізгі әдістері болып табылады.
Кәсіпорынның, фирманың, ұйымның қаржы ресурстары.Бұл шаруашылық жүргізуші субъектінің қарашығында болатын және қаржылық міндеттемелерді орындауға, ұдайы өндіріс жөніндегі шығындарды жүзеге асыруға және қызметкерлерді экономикалық ынталандыруға арналған ақшалай табыстар мен түсімдер. Қаржы ресурстарының қаллыптасуы меншікті және оған теңестірілген қаражаттар есебінен, қаржы рыногінде ресурстарды жұмылдыру және қаржы-банкі жүйесінен қайта бөлу жолымен түсетін түсімдер есебінен жүзеге асырылады. Қаржы ресурстарының алғашқы қалыптасуы кәсіпорынды құрған кезде, жарғылық капитал жасалғанда болады. Шаруашылықты жүргізудің ұйымдық-құқықтық нысандарына қарай оның көздері мыналар болып табылады: акционерлік капитал, кооператив мүшелерінің пай жарналары, салалық қаржы ресурстары(салалық құрылымдар), ұзақ мерзімді несие, бюджетқаражаттары және басқалары. Жарғылық капиталдың мөлшері өндіріс процесіне инвестицияланған ақшалай қаражаттардың-негізгі және айналым қаражаттарының көлемін көрсетеді.