Қаратау күйшілік мектебі туралы қазақша реферат
Қарата күйшілік мектебі дегенде домбырашылық пен қобызшылық өнер қатар қанат жайған Созақ жері бірден ауызға оралады. Күйшілік дәстүрге келсек — Қаратау күйлері Арқа орындаушылық үлгісінің өзінше дамыған бір арнасы болып табылады. Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық. Осы күні Қаратау мектебін зерттеушілер Сүгірдің Тоқадан бата алғанын айтқанмен, тарту үлгісін бөлекше деп санап жүр. Шындығында, Сүгірдің ұстазы – Ықылас пен Тоқа бір елдің адамдары болған, олардың күй шалу мәдениеттері Тәттімбеттен тарағаны даусыз ақиқат. Қаратау мектебін талдағанда Ықылас пен Сүгірден арғы күйшілерден ешқандай дерек келтіре алмай жүргеніміздің бір шеті осында жатыр, яғни ежелден қоныстас болған Арқа мен Бетпақдаланың әлеуметтік-мәдени шежіресін білмеуіміз қате пайымдар жасауға түрткі болып-ақ жүр.
Қаратау шертпелерінің біз білетін Арқа мектебінен бөлектенетін басты айырмашылығы Тоқаның үлгісімен дамуында. Арқада Тәттімбеттен кейін аты аталатын Сайдалы сары Тоқа күйшілігінің шын ізі Қаратаулық үрдісте ғана сақталған. Кезінде сазгерлігі орта жүзге бедел болған Тоқаның мұрасы Кеңестік дәуірде салтанат құра алмады, қазіргі Тоқа күйлері деп міселеп жүргендеріміз — елдің есінде қалған ұлы сарындардың жұрнағы ғана. Оны орындаушылардың қай-қайсы болса да сол сарындарды тақырып ретінде алғанымен түпнұсқасын түйіндей алмай, өз жандарынан жаңаша тәсілдеп тартуға ұрынды, соның салдарынан Тоқаның күйлері осы мектептің топырағы жағынан ең жақыны — Әбікеннің тартысынан ауылы алыстап-ақ кетті. Тоқаға қоңыржай үнді Әбікен жақын ба, әлде қисыны күмәнді, бірақ оны жедеғабыл төкпелеткен техниканың көмегімен өтемдеген қазіргі тартыс жақын ба? Әрине, Әбікеннің жақындығы даусыз. Қазақ радиосының қорында ескі күйшілердің (Бегімсал Орымбеков) орындауындағы таспалар сақталған, бұл жазбаларда Тоқаның «Сарыжайлауы» бос бұрауда әсем шертіледі. Алайда, мұны үлгіетуге ынталанып жүргендер жоқ. Мұндай жағдайдың Тоқа мұрасына пайдасынан гөрі зияны көп. Солай бола тұра, күй астарындағы Тоқаның өзіндік дара қолтаңбасы шідері шешілмеген аттай екпіндеп-ақ көрінеді. Ал, Сүгір болса Ықыластың қобыздағы күйлерін түгел тартып, Тоқаның тарту мәнерін мейлінше шегіне жеткізе игерген жалғыз дарын. Тоқа күйлері мен Сүгір шығармаларының бір қолдан шыққандай ұқсастығының мәні осында. Ықыластың «Жезкиігін» Тоқа күйлерінің шебері — Мағауия Хамзиннің домбырада тартуы кезінде ешкімді таң қалдырған оқиға болған жоқ, халық оны аспаптың ауыс-түйісі бұрыннан қалыптасқан — Қаратаулық дәстүрдің жалғасы деп қабылдады.
Қаратау қобыз өнері қонған жер. Қобызшы Ықыластан Сүгірге, Сүгірден Жаппасқа жұққан қобыз бен домбыраны бөлмейтін телқоңыр күйшілік тек Созақта салтанат құрған. Сүгір Ықыластың төл шәкірті ретінде осы екі аспапты тең меңгерген. Мұндай феномен Сүгірдің шәкірті — Жаппас Қаламбаевта да болды. Осы күні күйшілікті кәсіп қылған жас дарындар — Саян Ақмолда мен Сәрсенғали Жүзбаевтардың да бұл жолды Созақтық салт ретінде ұстанып жүргені баршаға белгілі. Қаратау күйшілік мектебінің «Арқа мектебінен ерекшелігі мынау» дейтін бірден-бір айырмасы осы болса керек.
Қаратау шертпелерінің басында Сүгір Әліұлының (1882-1961) тұруы заңды құбылыс, өзіне дейінгі күйшілердің мұрасын барынша меңгерген дарын өз сазгерлігімен жаңа белеске көтерілді. Сүгір ескі күйшіліктің салтын сақтаған ең соңғы домбырашы; ол күйді екі тартқызбай қайталау, жанынан суырып-салып күй шығару, бір тартқанын қайталамай таңнан-таңға күй толғау сияқты бұрынғы өнерпаздардың жолын ұстанған дарын иесі болды. Сүгір күйлерін шертпелетіп те, төкпелетіп те шығара білген, оның «Ыңғай төкпе», Шалқыма», «Бесжорғалары» таза Дайрабайдан (кейбіреулер айтқандай Әлшекейден емес) ауысқан төкпелік дәстүрде туған күйлер. Сүгірдің күйлерін алғаш жарыққа шығарған – Ж.Қаламбаев еді, ол Сүгір күйлерін алғаш нотаға түсіріп (Қазақ халқының аспап музыкасы. ҚазССР ғылым академиясы. Алматы – 1964), күйтабаққа жазып қалдырды. Көзін көріп, күйлерін белсенді түрде насихаттағандар–Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров және Файзолла Үрмізовтер. Бұлардан басқа оның күйлерін тартушылардан Атабек Асылбеков, ағайынды Сейітхан және Әлімхан Әлімбековтер, Ергентай Борсабаев, Дабыл Ажақаев, Бексейіт Тұрсынбеков сынды күйшілердің аттарын құрметпен атауға болады.
Қаратаудың тағы да бір дарынды күйшісі – Бапыш Қожамжарұлы (1860-1928), ол Сүгірмен замандас болған адам, оның күйлері даңқты шөбересі -Төлеген Момбеков арқылы жетті. Төлеген оның «Қарқара», «Қаражорға», «Ыңғайтөкпе» деген күйлерін күйтабаққа жазып қалдырды. Мұнан өзге, «Қаратау», «Қарлығаш» деген күйлері белгісіз себептермен жазылмай қалыпты, бірақ ел ішінде оны тартатындар әлі кездеседі. Бапыш — кезінде Алтын Орданы тітіренткен ер Едіге шыққан Маңғыт тайпасының Саңғыл ата руынан. Қаратаудың теріскейін мекендеген Маңғытай, Саңғыл, Қоңыр Жиенбет руларының ежелгі қонысы — Ұлытау, Едіге заманында жорық құрып Ресей, Кавказ асып кеткен ноғайлылардың атақоныста қалғаны осылар ғана. Бұл атадан Бапыштан басқа да көптеген өнерлі адамдар шыққан. Созақ елінде күйшілігімен елді елеңдеткен – Сейітхан Әлімбеков, Әліп Тәшенов, Жақсыберген Саңғылбаевтар Бапышпен аталас, Төлегенмен ағайын. Бапыш Сүгірмен ауылдас болып, оның күйшілігін құрметтеп өткен адам, күй тарту мәнерінде де ұқсастықтар баршылық. Бапыштың «Ыңғайтөкпесі» Дайрабай күйлерінің екпінімен шыққаны анық білініп тұрады, Тоқаның үстіңгі ішекті саумалап жалқы тартуы «Қарқара» күйінде тәсіл ретінде көшіріліп алынғаны рас. Күй шежіресін таратушы ғалым –А.Сейдімбековтың «Бапыш жас кезінде Тоқа Шоңманұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты дәулескер күйшілердің алдын көріп, жанына еріп күйшілік –домбырашылық өнерін шыңдаған» деген зерттеу дерегі (Қазақтың күй өнері. Монография. Астана-2002. 786-бет) осы сөзіміздің дәлелді екенін айқындайды.
Сүгірдің бас шәкірті – Төлеген Момбеков (1918-1997). Төлеген Момбеков өзінің табиғи дарынымен ұстазына барабар құрметке ие болған домбырашы. Өйткені, Сүгірдің көптеген күйлері кейінгіге Төлеген ағамыздың орындауында жетті. Сонымен қатар өз күйшілігі де ерен болды, ол ұстазы –Сүгірдің орындаушылық мәнерін жеріне жеткізген шеберлігімен қатар өзі де бір мектепке үлгі боларлық орындаушылықтың шыңына шықты. Төлеген мұрасын зерттеп күйлерін жеке кітап етіп бастырған Алматы консерваториясының профессоры — Біләл Ысқақов. Төлегеннің айшықты күйлерін өз қолынан алғандардың ішінде – Секен Тұрысбеков, Рымхан Әбілханов, Рүстем Күлшебаевтар, Бекболат Тілеухан, Сәрсенғали Жүзбаевтарды атауға болады. Бұлардан басқа ел ішінде елеусіз жүрген өнерпаздан — тікелей шәкірті болған Жақсыберген Саңғылбаев пен Назбек Байтуаровты айта аламыз. Бүгінгі күнде Төлеген Момбеков күйлері мәдени мұрамыз ретінде оқыту бағдарламасынан берік орын алған.
Сүгір мен Жаппастың күйшілігі ата мұрасы болып қонған, асқан дарын иесі – Генерал Асқаров. Ол Сүгір мен Төлеген күйлерін жеріне жеткізе орындаушылығымен қатар өзінің де күй шығаратын сазгерлігі болған адам, Қазақ радиосында күйшінің шығарған әндері ғана сақталған, ал, өз күйлері белгісіз себептермен жазылмай қалды. Сүгірдің «Аққу», «Назқоңыр», «Шалқыма» күйлерін Генералдың алдына шығып ешкім тартқан емес, Жаппастың «Жұманын» ондай көркем шерткен адам мұқым Созақта бұрын — соңды болмағанын жұрт біледі. Генералдың күйшілігі туралы жазушы Тәкен Әлімқұлов «Кертолғау» дейтін хикаясында баяндаған. Төлегеннің орындауында қоңыр лиризм басым болса, Генералдың тартысында шабытты жігер есіліп тұрады, сырттай тыңдаған адамға тартылған күйдің тынысы көтеріңкі боп көрінгенмен ішкі күйзелісі запырандай ащы болатын. Бұл күнде Генералдың орындау мәнеріне ден қойған жастар көп болмағанмен баршылық, солардың бірегейі Жезқазғандық күйші — Жалғас Садуақасов. Оның орындауындағы Сүгірдің «Шалқымасынан» Генералдың екпіні айна-қатесіз қайталанады, мәтіні қоспасыз таза тартылады.
Сүгірмен қатарлас ғұмыр кешкен Арқадағы Сейфолла (Сәкеннің әкесі) мен Мәлік төре сияқты күйшілердің мұрасын халыққа жеткізіп, «Қаратаудың күй шежіресі» атанған – Файзолла Үрмізовтің тартысы да екінің біріне біте бермейтін өнер. Ол Сүгірдің «Кертолғау», «Телқоңыр» сияқты көптеген күйлерін соңына еріп жүріп үйренген. Файзолла Үрмізовтің орындауындағы Сүгір күйлері әлі зерттелген жоқ, насихатының кемдігінен шығар, дарынды домбырашының саусағындағы созақы күйлердің көпшілікке белгісіз қырлары ашылған жоқ. Оның өз сазгерлігі де мықты, Қаратаулық шертпенің кейінгі ұрпаққа бұзылмай жетуіне талмай еңбек етіп жүрген зиялы, ақсүйек адам. Төлеген, Генералдармен бірге жүріп, бауырлық қарым-қатынаста болған, күйлері бірнеше кітаптарға кірген арқалы күйші.
Домбыра мен қобызда қатар тартылатын «Кертолғау» күйлер циклі Каратау мектебінде айрықша дамыған. Күйдің арғы жанрлық анықтамасы – толғау. «Кертолғау» жыраулық өнерден ауысқан күй атауы, толғау сөзі аспаптық орындауға түскенде «Кертолғау» болып өзгерген сықылды. Күйде кездесіп отыратын штрихтар мен обертонға ұқсас қарлығыңқы дыбыстар қобыз қияғына еліктеудің әсерінен туған. Осымен парапар келетін «Қоңыр» күй тараулары да қобыздан ауысқан («Жолаушының жолды қоңыры») сарын. Бұл күйлердің жанрлық тегі аспаптық десек те, қазақы қара өлеңдердің әуені қайырма ретінде қосамжарлана шертілетінін аңғару қиын емес. Кәдімгі Арқа әндерінің ізімен құрылған әуендік форма «Қаратау шертпелері» тарауларының туылуына салдар болды. Сірә, Қазақта кең тараған «Жыр күйлері» жанрының шертпедегі көрінісі осы болар.
Қаратау күйлерінің ішінде тармақты күйлер топтамасы ерекше көзге түседі. Бұларға «Бесжорға», «Тоғыз тарау» күйлері жатады. Тармақты күйлердің шығу кезеңі Байжігіт, Тәттімбеттер заманына тұстас келеді десек, бұл Алтайдан Арқаға дейін өркендеген күйшілік үрдіс Қаратау аймағына дейін әсерлі болғанын аңғартады.
Қаратау мектебінің күйлерін нотаға түсіру саласында Мұхит Айтқалиев, Жаулыбай Иманәлиев, Уәли Бекенов, Біләл Ысқақов, Абдулхамит Райымбергенов, Рүстем Күлшебаев, Мұрат Әбуғазин сияқты зерттеушілер аянбай тер төкті. Созақ күйшілерінің өмірі жайлы құнды деректер жазған жазушыларымыз – Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Ақселеу Сейдімбеков, Сүлеймен Тәбризұлы, Өтеш Қырғызбаев, Төреғали Тәшеновтер.
Қаратау мектебінің ізін дәстүрлеп ұстаған күйшілерден – Рымхан Әбілханов, Ерғали Әлімханұлы, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаевтардың атын атауға болады. Қаратау күйшілік мектебі бұл күнде өз биігіне шығып, бір күй отауы болып отырған игі мұрамыз, оны жалғастырушы ұрпақтың үзілмеуі — Қаратау күйшілігінің бекзаттығын, сазының шалқарлығын көрсетеді.