Гренландия және Канадалық арктика архипелагы туралы қазақша реферат
Гренландия — Жер шарындағы мейлінше үлкен арал, 2 миллион шаршы километрден астам жерді алып жатқан орасан зор физикалық-географиялық аймақ.
Гренландия европалықтардың батыс жарты шардағы ең алғаш рет ашқан құрлығы болатын. IX ғасырдың аяқ кезінде Исландиядан жүзіп келген нормандар оған тұңғыш рет аяқ басты. Гренландияны зерттеу ісін даниялық отаршылдар ХVІII ғасырда қолға алған болатын. Ал, XIX ғасырдың бас кезінде бұл жұмысты ағылшындар жүргізді, одан кейін негізінен Скандинавия елдерінің ғалымдары жалғастырды.
Гренландияның оңтүстік бөлігін 1888 жылы бірінші рет Нансен кесіп өтті, одан кейін XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Гренландияны түрлі елдердің ғалымдары бірлесіп ұйымдастырған экспедиция кесіп өтті. XX ғасырдың 30-жылдарында неміс ғалымы А.Вегенер Гренландияның ішкі бөлігінде (Айсмитте станциясы) қыстап қалды, сөйтіп Гренландияның метеорологиясы мен гляциологиясы жөнінде бағалы деректер жинады.
Гренландияны зерттеу жөніндегі көлемді жұмыстар қазір де жүргізілуде. Оны негізінен американдықтар қолға алған. Бірақ бұл зерттеу жұмыстары ашықтан-ашық стратегиялық сипат алуда және соғыс базаларын салумен, әскери жаттығулар өткізумен ұштастырылуда. Гренландия солтүстіктен оңтүстікке қарай 24° дерлік созылып жатыр. Оның оңтүстіктегі ең шеткі нүктесі — Фарвель мүйісі—солтүстік ендіктің 59° 46′-ында, немесе Оңтүстік Скандинавия ендігінде жатыр, ал қиыр солтүстіктегі нүктесі (Моррис-Джесеп мүйісі 83° 39′ с. е.) солтүстік полюске таяу жерде. Бір жағынан, полюске жақын жатуы, екінші жағынан, суық ағыстың әсері Гренландияның табиғи жағдайын өте қатал ете түседі.
Гренландия жерінің төрттен үш бөлігінен астамын материктік қалың мұз қабаты басып жатыр. Мұздықтар аралдың орталық бөлігін біржола басып қалған, ол кей жерлерде жағалаудың өзіне дейін созылады. Мұздықтардың үстіңгі бетінің жартысына жуығы 2000 м-ден астам биіктікте жатыр. Мәңгі мұз басқынының орташа қалыңдығы 1600 м (кейбір деректер бойынша—2300 м) деп есептеледі. Ал, оның ең жоғары қалыңдығы 3400 м-ге жетеді.
Материктік мұздық шет жағы биіктігі 100 метрге дейін жететін жар-құз жасап, күрт үзіледі немесе жағалауға дейін бірте-бірте жайпақтана төмен түседі де алқапта жатқан алып мұздарға ұласады. Гренландиядағы ед үлкен мұздық—Петерман мұздығы —қиыр солтүстікте жатыр. Гренландиядағы мұндай мәңгі мұздардан оңтүстікке қарай жүзетін мұз таулары (айсбергтер) пайда болады (Атлант мұхитында мұз таулары солтүстік ендіктің 40о –ына дейін кездеседі. Жалпы құрылымы жағынан алғанда Гренландияның басым көпшілігі платформа болып табылады. Гренландияның мұз құрсауынан бос жатқан учаскелеріндегі өсімдіктердің басым түрі – тундралық өсімдіктер. Солтүстік бөліктерде ол өсімдіктердің түр – түрі тіпті аз. Онда қына мен мүктің алуан түрі кездеседі. Ол жақта биіктігі 2-3 метр болатын қайың, қандыағаш, арша, қара жидек өседі. Көк жасыл шалғындарды жиі кездестіруге болады.
Архипелагтың құрамына кіретін өте ірі аралдар – Баффин жері (512 мың км2), Элсмир аралы (200,5 мың км2) және Виктория аралы (212 мың км2). Бутия мен мелвилл түбектерін қоса есептегенде бұл аймақтың территориясы 1500 мың км2 жетеді. Баффин жерінің оңтүстік және Шығыс бөлігі, Девон аралының шығысы және Элсмир аралының оңтүстік – шығысы ертедегі кристалл тау жотасы ) Канада қалқанының жалғасы) болып табылады. Оның биік жерлері 1500-2000 м-ге дейін жетеді.
Элсмир аралының солтүстігі мен Аксель – Хейберг аралы да түгелдей таулы келеді. Бірақ ол таулар төменгі палеозой дәуіріндегі қатпарлы тау құрылымына жатады және Шығыс Гренландия тауларының (Иннуит жүйесі) жалғасы болып табылады. Баффин Жері мен Девон аралынан бастап архипелагтың бүкіл батыс бөлігі Солтүстік Америка үстіртіне жатады және оның жер бедері жазық келеді, салыстырмалы түрде алғанда шағын – шағын биіктіктер де кездеседі. Жаздыгүні орташа температура + 10о С – ден аспайды, бірақ күндізгі температура + 21о С, + 24о С – ге дейін жетеді. Ең суық деген айдың орташа температурасы — 35о С, ал төменгі температурсы — 50оС – ден төмен болады. Жауын – шашын мөлшері 200-250 мм –ден аспайды