Географиядағы жаңа ғылыми бағыттар туралы қазақша реферат
Мектеп – келешек ел басқарар, жер-суына иелік етер, ел-халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін бірегей орта, киелі ұя. Жас ұрпақтың иман жүзді, білімдар азамат болып өсуі, ең алдымен, ата-анасы, одан соң білім алар алтын ұясы және қоршаған ортасына байланысты. ХХІ ғасырда өмір сүретін егеменді ел иелері бұл күндері балабақшалар мен мектептерде тәрбиеленіп жатыр. Біздер ата-аналар, ұстаздар қауымы өз ұрпағымызға қандай тәрбие береміз, немен сусындатамыз, мөлдір шықтай тап-таза жан дүниесіне, зердесіне қандай қадір-қасиетімізді дарытамыз? Біздің ертеңгі жарқын болашағымыз да, келешегіміздің көкжиегіде, міне, осыған байланысты болмақ. Әдетте, білім беру жүйесі тірлік-тауқыметі мол қиын да, күрделі сала. Өйткені оның діттеген түпкі мақсаты өмір сүріп отырған дәуіріміздің ең нәзік те, сезімтал буыны – ұрпақ тәрбиесіне арналған. Ал ұрпақ тәрбиесі – білімдарлық пен ізденімпаздықты, темірдей төзімділік пен үлкен бейнетқорлықты талап ететін аса жауапты буын.
Қазіргі кезде география территориялық, табиғи және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару жөніндегі ғылым ретінде көзге түсіп жүр. География халық шаруашылығын интенсивтендіру кезеңінде барлық салаларға тамыр жайған стратегиялық ғылым болып келеді. Ол халықтың тиімді қоныстануын, шаруашылықты экономикалық, экологиялық, әлеуметтік жақтарын ескеріп, территориялар бойынша ұйымдастыру мәселелерімен айналысады.
Экономикалық география мектепте оқытылатын пән ретінде өмірге аяқ басқан жастарға өндірістің ғылыми-техникалық және экономикалық негіздері жөнінде осы заманғы терең білім, экономикалық дағды беру, физикалық және экономикалық географиялық құбылыстар мен үрдістерге кешенді қарау жөнінде әлеуметтік тапсырма береді. Пән жаппай экономикалық сауат беріп, экономикалық ойлау стилін қалыптастырады, сонымен бірге экологиялық ұғымды терең білуге үйретеді.
Жаңа ғасыр табалдырығын аттап тұрып ел президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «… Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олардың өз ішінде жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері бар. Олар бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі бүкіл әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады,» — деген болатын.
Елбасының ұрпақ болашағы жайлы айтқан осы ой түйіні ғасыр мектебіне жаңа заман талабына сай жаңаша оқыту технологиясын игеру міндетін жүктеп отыр. Білім Заңының 8-бабы мактепке «Оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, ғаламдық коммуникациялық желелерге шығу қажеттігін жүктейді». Ендеше ақпарат ғасырында, ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда ұстаздардың ортақ мақсаты – заман талабына сай білімді, Жан-жақты ойлай білетін, өз елінің, халқының қамын жейтін, қоғамды алға қарай дамытатын ұрпақ тәрбиелеу.
Жаратылыстану ғылымдарының ішінен география сабағының да оқушының танымдық қабілетін дамытудағы көтерер жүгі аз емес. Жер туралы ғылымды жетілдіретін, жаңалықтар тізбесін кеңейтетін, неліктен?, қалай? Деген сұрақтарға нақты жауап табатын болашақ географтар үшін қандай білім көзінен нәр алуы керек? Ол үшін мектептің материалдық-техникалық базасы, географиялық алаңы, жоғары білікті географ мұғалімі және географиялық оқулықтарға бай кітапханасы болуы керек. Сонымен бірге дәріс беруші мұғалім сабақта оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, дидактикалық құралдарды жеткілікті түрде даярлап, күнделікті ақпараттарды аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып пайдалануы қажет.
ХХІ ғасырдағы география сабағына мынандай мақсаттар қоямыз.
1. Оқушының географиялық білімін үнемі жетілдіріп отыру ( дәріс беру, сарамандық, семинар).
География сабағын сыныптар бойынша жүйелі жүргізуге қол жеткізу керек. Бастауыш сыныптағы «Дүниетану», орта буындағы «Физикалық география» жоғары сыныптағы «Экономикалық география» арасындағы байланыс сақталып, талап бірдей жүйелі болғанда ғана өзара сабақтастық орнайды, географиялық білім жетіледі. Оқушының географиялық білімін жетілдірудің негізі — оқушының өз бетінеше ізденуі, мұғалімнің әдістемелік көмек көрсетуі. Оқушы кітап көлемімен шектеліп қалмай, қосымша білім көздеріне сүйенуі керек. Географиялық жаңа басылымдарды жинақтау, теледидар арқылы берілетін хабарлпрды бейне таспаға түсіріп отыру, аудандық білім сайыстарына қатысу, басқа мектептің оқушыларымен байланыста болу, т.с.с.
2.Оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарына араластыру, дарынды оқушылармен жұмыс.
Жалпы білім беретін мектептегі барлық оқушы бірден өзіндік ізденіс жұмысымен айналыса алмайды. Шығармашылық жұмыспен айналысатын баланың өз бойында туа біткен дарыны болуы шарт немесе пәнге деген қызығушылығы басым болуы керек. Оқушының шығармашылық қабілетін іскер де білікті мұғалім ғана ұштай алады. Шығармашылық арқылы ойлауы, қиялдауы, сана-сезімі өседі, нақты біліммен қаруланады. Осы сатыға жету үшін басты назарда оқушының белсенді әрекеті шешуші рөл атқарады.
3. Жаңа ақпараттық технологиялардың көмегімен интернет арқылы қашықтықтан өздігінен білім алуға үйрету.
ХХІ ғасыр – ақпараттық технология ғасырында география сабағы да ақпарттануы керек. География пәнінің мұғалімі информатикадан хабары болуы шарт. Компьютер, интернет жүйесімен байланысқа түсу керек. Бұл жүйе әлемді ғылыми орталықтандыруға, кітапхана ақпараттарына кіруге, өздігінен білім алуға, ой-өрісінің өсуіне, квалификацияның жоғарлауына жағдай туғызады.
4. Оқу үрдісін ізгілендіре отырап оқытудың дамыту функциясына басты назар аудару, жаңа технологияны пайдалану.
Оқытудың жаңа технологиясы оқушының іс-әрекетінің жоспарланған нәтижесіне жетуді қарастыратын жаңа әдістердің жиынтығынан туады. Оның бұрынғы белгілі дәстүрлі оқыту технологиясынан айрықша ерекшелігі мынандай: оқушының интеллектуальды дамуы аз уақыт ішінде қабылдау дәрежесінің жоғары мөлшеріне жетуіне бағытталғандығы; оқушы мен оқытушының белсенділігі сайма-сай болуы;
мұғалім мен шәкірттің өзара қарым-қатынасында жауапкершіліктің міндеттілігі; алдыңғы қатарлы ойшылдардың зерттеу жұмыстарын сабақта тиімді пайдалана білу, дамыта оқыту арқылы оқушының ғылымды игеруінде дербестік қасиетін қалыптастыру. Оқушының өз жауапкершілігін өзі түсініп, өзіне қойылған міндетті шешеіп, өз бетінше ізденіп, талдап, өз пікірін, көзқарасын қалыптастыру деңгейіне жету үшін үнемі даму үстінде болуын қадағалау керек. Мұғалімге жаңа міндет жүктеліп, озық педагогикалық бағыт – дамыта оқыту идеясы басшылыққа алынады.
Сабақта дәстүрлі емес сабақ түрлерін тиімді пайдалана білу оқушы белесенділігін арттырады. Дәстүрлі емес сабақ түрлері география сабақтарында әсіресе сарамандық сабақтарда көбірек пайдаланған тиімді.
5. Оқушыларды өлкетану жұмысына тарту, оқу-тәжірибелік, сарамандық жұмысты жетілдіру.
Сабақта алған теориялық білімін жергілікті жерде табиғат пен қоғамның арақатынасын күнделікті зерттегенде өмірде қолдана білу. Психолог ғалымдардың зерттеуі бойынша ауызша тыңдаған сабақтың 30%-ы, көзбен көрген сабақтың 50%-ы, тәжірибе жасаған сабақтың 80%-ы есінде қалады. Осы мақсатта негізгі ескерілетін жайттар, бұл оқу-тәжірибелік, сарамандық жұмыстарды көбінесе сабақта жүргізу қажет. Оқушы білімін бекітуде, өмірде пайдалануда маңызы зор. Оларды бірнеше түрге бөлуге болады: математикалық, экономикалық есептер, шеңберлі, бағанды диаграммалар; графиктер сызу, статистикалық кесте; сурет, карта, глобуспен жұмыс.
6. Сабақты гуманизациялау мен демократияландыру.
Қазақстан Республикасының Білім Заңында мектеп жұмысын кеңінен демократияландыру, гуманизациялау, жариялылық принциптерін жүзеге асыру жолдары көрсетіле келіп, ұстаздың жеке басының адамгершілік қасиеттерінің үлкен орын алатынын атап көрсетті. Ұстаз – білімдарлығы, адамгершілік пен әділдігін, адалдығы мен шыдамдылығы, тапқырлығы мен қамқорлығын оқушы бойына дарытып отырса, білім алуда жақсы жетістікке жетуге болады. «Ұстазына қарай — ұстамы» деген сөз бекер айтылмаса керек. В.А.Сухомлинский: «Оқытушы жұмысының жемісті болуы – балаға жүрек жылуын ұсына отырып, оқыту мәселесін бірінші орынға қойғаны»- деген болатын.
7. Экологиялық-экономикалық білім беру, танымды кеңейту.
Арнайы экологиялық білім мен тәрбие беру ғаламдағы тіршілік құбылыстарының заңдылықтарын түсіндіріп қана қоймай табиғатты қорғауға шақырады.
Экономикалық білім мен танымды қалыптастыру өте күрделі мәселе. Ол үшін статистикалық мәліметтерді; нормативті актілерді; жаңа шыққан заңдарды; қоғамдағы экономикалық өзгерістерді сабақта жүйелі пайдалана білу шарт. Экономикалық түсініктерді жаттап алу немесе бір сәтте игеріп кету мүмкін емес. Экономиканы тікелей өмірдегі мазмұнымен ұштастыра отырып түсіндіру мұғалімнің біліктілігін, дүниетанымының кеңдігін қажет етеді.