«Ел аузынан бір үзік» ерте замандағы беташар туралы түсінік.
Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Соның бірі – келін келгенде “Беташар” айту. Беташар бұл ізгілік пен ибалық, имандылық белгісі десек, салт-дәстүр бойынша беташарды сал-серілердің бірі айтып, келінге ең жақын немесе сол елдің сыйлы адамдарын ғана таныстырып, иіліп сәлем бергізеді.
Беташар — қазақтың келін түсіргенде жасайтын салтының бірі.
Бұрынғы заманда келіншек түскен күні ауылға олардың тойын тойлауға, келіншекті және оның жасауын көруге жұрт жиналады. Келіншектің отауы атасының үйінің оң жағынан тігіліп, отау ішіне жасаулар ілінеді. Келген жұрт оны көріп біреулері мақтайды, біреулер сараң екен деп келіншектің әкесін сөгіп кетеді. Кешке келінді атасының үйіне әкеліп кіргізеді. Келіншек келерден бұрын ол үйге қонақтар, күйеуінің барлық туысқандары, жыршылар жиналады. Келіншектің ең алғаш атасының үйіне келуі мынадай түрде болады:
Екі әйел оны екі жағынан қолтықтап (абысындар) бір топ әйел оған ере келіп, үйге кіреді. Келіншек табалдырықтан аттаған бойдан, ошаққа жеткенше тізесін бүгіп үш рет сәлем етеді, содан соң үй ортасында жанып тұрған отқа май құяды (бұл майды әйелдердің бірі дайындап тұрып, сол жерде келінге бере қояды). Лапылдап жанған майдың жалынына кемпірлер қолдарын тосып: «от –әулие, май-әулие» деп беттерін сипайды. Осыдан кейін келінді үйдің сол жағына, есікке таман жағына апарып отырғызады. Сол кезде жыршы беташар өлең айтады. Онда: «Атаңды сыйла- ол сенің әкең, анаңды сыйла-ол сенің шешең, күйеуіңді сыйла-ол сенің қожаң, өсек айтпа» деген сияқты өсиет сөздер айтады. Жыршы оқтын-оқтын «қайын атаңа бір сәлем» не басқаларын айтып «бір сәлем» деген кезде, — келіншектің қасында отырған әйел келіншектің бетіндегі бүркенішін бір көтеріп, қайта жабады, келіншек тұрып сәлем салады. Әрбір осындай сәлемнен кейін, сәлем арналған адам, осы сәлем үшін беретін кәдесін жариялайды. Қайын атасы үйір жылқы, туысқандары шапан атаулары мүмкін. Беташардан кейін әйелдер келіншекті өз отауына апарады. Тек содан соң ұзақ күнге шаршаған келіншек шамалы дем алуға мүмкіндік алады. Беташардан кейінгі орамалын келіншек бір ай, екі ай не одан да көп уақыттан кейін шеше алады. [3]
Ерте заманда дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Мысалы, сол шаңыраққа жақын ауқатты туыстары құлынды бие, енді біреулері отауға тігетін киіз үй, т.б. берген. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. Келіннің бетін ашушы жас келінді ауылдың ардақты адамдарына, күйеуінің ағайын-туыстарына таныстыру шумақтарын өзінше суырып салып айтуы шарт. Ол үшін жырау не ақын екі-үш күн (кейде 10 — 15) бұрын сол оттың басына келіп, дайындық жасаған. Үй иесі оның бет ашқан еңбегіне беретін сыйлығын (ат, түйе, бірнеше уақ мал, т.б.) алдын-ала атап қоятын болған. Егер оның айтқандары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. “Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық” деген мәтел де осыдан туған. [1]
Беташар айтылып болған соң сол үйге туыс жасы үлкендер, көрші-қолаңдар жас келіннің қолынан “шәй ішу” рәсімін өткізген. Бұл кезде жас келінге өзіне тетелес сол үйдегі не жақын абысыны көмекке келген. Абысын-ажын арасындағы болашақ татулық осы арадан басталған. Осы бірінші дастарқан үстінде келіннің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, т.б. назар аударылып, ол алғашқы сыннан өткен. Соңынан жасы үлкен, халыққа қадірлі қария келінге бата берген.[10]
Беташар жыры — келін түсіру тойында айтылатын ғұрыптық жырлардың бір түрі. “Беташар” ғұрпын, негізінен, жыршы-жыраулар мен ақындар, өлеңшілер атқарады. Өйткені ол өзіндік сазды әуені бар өлеңмен орындалады. Беташар екі түрлі мақсатты көздейді, оның бірі — келіннің бетін ашып елге таныстыру болса, екіншісі — түскен елін келінге таныстыру. Осыған орай, беташушы әрбір өлең шумағы аяқталған сайын қолындағы қамшының немесе домбыраның ұшымен ақ желекті көтеріп келіннің бетін жұртқа ашып көрсетіп отырады, келін де өз тарапынан ілтипат танытып, оң тізесін бүге сәлем етіп тұрады. Дәстүрлі “Беташарлар”:
Айт, келін-ау, айт, келін,
Атыңның басын тарт келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Атаң менен анаңның,
Айтқызбай көңілін тап келін — сияқты дәстүрлі жолдармен басталып, инабатты, ибалы жақсы келін болуға үндейтін өсиеттермен, дәстүрлі қоғамның отбасылық қарым-қатынас тән әдеп негіздерін тәптіштеумен жалғасады. Одан әрі келінге жаңа жұрты ата-енесінен басталып рет-ретімен таныстырылады:
Келін, келін, көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз.
Жылқы берсең, көктен бер,
Өзі жорға беріктен бер.
Қайын атаға бір сәлем, — деп әрқайсысына сәлем еткізіп, көрімдік сұралады. Мұндайда жеңіл әзіл, шымшыма мысқыл да араласып отырады.[11] “Беташар” соңы келінге тату-тәтті, балалы-шағалы бақытты ғұмыр тілеумен аяқталады. Ақын-жыршылар “Беташар” мәтінін өздерінше түрлендіріп, жаңа әуенмен құлпырта айтады. Мұндай кезде келін түсірген ауыл адамдарының аттары аталып, жөндері түгелденіп, тыңдаушыларды ерекше әсерге бөлейді. Кейде “Беташарды” ақындарға арнайы жаздырып алып айту үрдісі де бар. Бұл дәстүр кейінгі жазба әдебиеттен де жарасымды жалғасын тауып келеді. Кеңес дәуірі кезінде көне салт ретінде ұмытыла бастаған “Беташар” ғұрпы соңғы кезеңде жаңаша жанданып, үйлену салтының қатарына берік орныға бастады.[6]
Тақырып таңдалып алынғаннан соң біз бұл тақырып қаншалықты өзекті екендігін анықтауға тырыстық. Ол үшін мектептегі балаларды бақылай жүріп сауалнама өткіздік. Ол сауалнамаға 13-16 жастағы балалар қатысты. Балалар саны 173 болды. Сауалнама келесі сұрақтардан тұрды:
1. Беташар деген не?
2. Беташар салты не үшін өткізілетінін білесіз бе?
3. Беташарда болып көрдіңіз бе?
Сұрақтардың барлығына балалар жауап берді. Бірінші сұраққа балалардың 100% жауап бере алды. Ал екінші сұраққа балалардың 67% жауап берді. Яғни барлығы не үшін өткізілетінін біле бермейді екен. Үшінші сұраққа балалардың 53% жауап бере алды. Яғни жарты бөлігі беташарға барып, өз көздерімен көргендігі анықталды.
Содан соң мектептегі ұстаздар қауымымен тілдестік. Біздің мектебімізде 63 ұстаздың барлығы сауалнамаға өз үлестерін қосты. Оларға келесі сұрақтар қойылды:
1. Беташар салты Қостанай өңірінде ұмытылып бара жатқанына келісесіз бе?
2. Беташар салтының күннен күнге өзгеріске ұшырап бара жатқанына келісесіз бе?
3. Егер де сіз беташар өткізетін болсаңыз, оны қазіргі заманға сай қылып өткізер ма едіңіз?
Бұл сауалнаманың беірінші сұрағына ұстаздар қауымының 47% келісеміз деп жауап берсе, қалған 53% келіспейміз деп жауап берді. Ал сауалнаманың екінші сұрағына ұстаздардың 37% келіспейміз деп жауап берсе, қалған 63% келісетіндігін айтты. Ал соңғы сұраққа ұстаздардың 63% «жоқ» деп жауап берсе, қалған 37% «ия» деп жауап берді.
Соған қосымша біз мектеп ішіндегі және қалалық кітапханаға барып, кітапханашылармен тілдестік. Тілдесу кезінде бұрынғы заманға сай беташардың көп ашылмаған қырлары бар екендігін жеткізді. Олардың айтуы бойынша және қазіргі деректерге сүйенсек, осы кездегі беташар мен бұрынғы замандағы беташардың біршама айырмашылықтар бар екендін байқадық. Қосымша тағы көшелердегі адамдардан сұхбат алу арқылы қосымша түсінік алдық. Адамдардың беташар туралы ойларын және көзқарастарының қандай екенін білдік.