Қолданыстағы еңбек заңдарына сәйкес еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметі және еңбек өтілі туралы негізгі құжат болып табылады.
Жұмысқа қабылданған адам кадр қызметімен айналысатын адамға еңбек кітапшасын тапсырады, ал жұмысқа алғаш кірісіп отырған және еңбек кітапшасы жоқ адам осы жерде еңбек кітапшасын ашады.
Еңбек кітапшасында қызметкердің бүкіл қызмет істеген орындары, атқарған лауазымы мен марапаттаулары толтырылып отырады.
Еңбек кітапшаларымен жұмыс жүргізу және оған тиісті жазбаларды енгізу тәртібі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2005 жылғы 24 наурыздағы № 75-п бұйрығымен бекітілген «Еңбек кітапшаларын жүргізу мен сақтау ережесіне» негізделуі тиіс.
Жеке еңбек шартын жасау үшін жұмыс беруші жұмыскердің еңбек жолын куәландыратын құжаттарды талап етуге құқылы. Еңбек жолын куәландыратын негізгі құжат еңбек кітапшасы болып табылады.
Еңбек кітапшасына мынадай мәліметтер енеді:
— қызметкердің өзі туралы мәліметтер: фамилиясы, аты, әкесінің аты, туған жылы мен датасы, білімі, кәсібі, мамандығы;
— атқарған жұмыстары туралы мәліметтер: жұмысқа қабылданған уақыты, жеке еңбек шартының мерзімі, жеке еңбек шартының тоқтатылуы немесе бұзылуы;
— еңбектегі табыстары үшін ордендермен, медальдармен және ұйымның, кәсіпорынның ішкі еңбек тәртібі ережелерінде қарастырылған ынталандыру сыйлықтарымен, ақшалай сыйлықтармен, жеке еңбек, ұжымдық келісім-шарттарға, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан жасалған нормативтік актілерге сәйкес өзге де ынталандырулармен марапатталуы.
Жеке еңбек шартын жасау немесе оны тоқтату, бұзу, өзге жұмысқа ауыстыру, марапаттау, ынталандыру жөніндегі жазбалардың бәрінде сандық көрсеткіштер араб цифрымен (күні, айы екі цифрлы көрсеткішпен, жылы толық көрсетіліп) беріледі. Аталмыш жазбалар жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау, жеке еңбек шартын тоқтату және бұзу т.б. туралы бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Қызметкердің еңбек жолын куәландыратын құжаттар еңбек кітапшасы немесе жеке еңбек шарты, еңбегі туралы анықтамалық, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың көшірмелері болып табылады. Бұл құжаттар жұмыскердің еңбек стажын неғұрлым нақты да айқын көрсетуі тиіс. Жалпы еңбек стажы жұмыскерді келешек зейнеткерлік қамтамасыз ету үшін қажет.
Қызметкердің еңбек кітапшасына өзге жұмыс беруші шығарған бұйрықтар көшірмелері негізінде оның атқарған қосымша жұмыстары, лауазымдық қызметтері туралы жазбалар ендіріледі.
Қызметкерге қатысты тәртіптік жазалар (сөгіс, ескерту) қолдану туралы жазбалар еңбек кітапшасына жазылмайды.
Еңбек кітапшасына жұмысқа қабылдау, жеке еңбек шартының мерзімі, марапаттаулар мен ынталандырулар туралы жазбалар жұмыс беруші тарапынан бұйрық шыққаннан кейін бір аптадан артық кешіктірілмей жазылады. Ал жеке еңбек шартын тоқтату немесе бұзу туралы жазбалар еңбек кітапшасына бұйрық шыққан күні түсіріледі. Жазбалар бұйрық мәтіндерімен дәлме-дәл сәйкес болуы тиіс.
Еңбек кітапшасын толтыруға байланысты мынадай ережелер белгіленген:
— қызметкер жөніндегі мәліметтерді ендіру;
— жұмыс жөніндегі мәліметтерді ендіру;
— марапаттаулар мен ынталандырулар жөніндегі мәліметтерді ендіру;
— еңбек кітапшасын жұмыстан босатылған кезде толтыру;
— еңбек кітапшасының жапсырмасын толтыру;
-еңбек кітапшасының төлнұсқасын (дубликатын) беру (төлнұсқа еңбек кітапшасы жоғалған жағдайда, табиғи апат кездерінде және басқа да қызметкерге қатыссыз болатын жәйттерге байланысты беріледі).