Экономикалық өсудің кедейліктің деңгейіне ықпалы

Экономикалық өсудің кедейліктің деңгейіне ықпалы туралы қазақша реферат

Динамикалық және орнықты экономикалық даму елдегі халықтың әл-ауқатының арту мен кедейшілік деңгейін азайтудың аса маңызды шарты болып табылады. Кедейшілікті азайтудағы Қазақстандағы оң үдерістер соңғы жылдар аралығында 1999 жылы басталған экономикалық өрлеумен байланысты, осы жылдардағы әрекет халықтың жұмыспен қамтылуы мен табыстарының артуына жағдай жасап, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қолайлы орта қалыптастырды. Осыған орай кедейшілік себептерін талдау экономикалық өсу мен кедейшілік арасындағы өзара байланысты талдаудан басталады.

Өтпелі кезеңнің басындағы экономикалық терең дағдарыс бес жылға созылды. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,5%-ға өсуі алғаш рет тек 1996 жылы ғана тіркелді. Ал 1999 жылдан бері республикада елеулі экономикалық өрлеу байқалады, осы өрлеу инфляцияның өсу қарқындарын бәсеңдетті (2.2.1. кесте). Былайғы тең жағдайлар кезінде осы ахуал халықтың жұмыспен қамтылуы (әсіресе ең жоғары деңгейде өрлеген салаларда) мен табыстарының өсуі, табыстардың сатып алу қабілетінің артуы және елдегі кедейшілік деңгейінің төмендеуі үшін қолайлы макроэкономикалық орта жасады. Расында да, 1998 жылдан 2002 жылдарға дейінгі аралықта Қазақстандағы кедейшілік деңгейі 39-дан 24%-ға дейін кеміді. Діттелген үрдістің орнықты болуы үшін, ЖІӨ одан әрі нақты дамуы және оның құрылымында, мекен-тұрағына, жынысы мен жасына қатыссыз елдегі бүкіл халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін өзгерістер жасау қажет.

Еңбек нарығының ахуалы мен кедейшілік. Жаңа жұмыс орындарын ашу және бұрынғыларын жаңғырту ел экономикасының жалпы ахуалын жақсартумен тікелей байланысты. Мемлекет жүргізіп жатқан макроэкономикалық саясат бәсеке қабілеті төмендеу салаларда, нашарлау дамыған аймақтар мен халықтың ең осал топтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмыс берушілерді ынталандыру арқылы халықты жұмыспен қамтуды өсіруге ықпал жасайды. Ол сондай-ақ жұмыс орындарының сапалық сипаттамаларын нашарлататын келеңсіз үрдістерді де қолға алады. Жалпы экономикалық шаралар тоқтап тұрған кәсіпорындарды қалпына келтіруге, өндірістерді қайта жарақтау мен осы заманғы технологияларды ендіруге ынталандырып, ресми емес жұмыспен қамтылу көлемдерінің қысқаруына сеп болады.

Бұрын айтылғандай, Қазақстандағы кедейшіліктің басты себептерінің бірі жұмыспен тиімді қамтылу проблемасының шешімін таппауы болып табылады. Республика халқы осы проблеманы өткір сезініп отыр және оны кедейшіліктің басты себебі ретінде атайды. Соңғы жылдардағы экономикалық өсуге байланысты, Қазақстанда еңбек рыногының дамуындағы оң үрдістер байқалды, ол еңбекке деген сұраныстың ұлғаюына және адамдардың экономикалық белсенділіктерінің өсуіне түрткі болды, бұл туралы 36 кестенің деректері айғақтайды. 1999 жылдан бері жұмыспен қамтылғандардың саны тұрақты көбейіп отырды.