Экологияның «Бас сақинасы» — Байқоныр туралы қазақша реферат
Ағылшынның әйгілі қиялгер-жазушысы осы пікірі бекер айта салмаса керек. Өз шығармашылығында тек қана Жер планетасы емес, ыңғайлы деген ғарыштағы табиғат атаулыға жаны ашитын қаламгер мұны ашу үстінде ашына айтқаны бесенеден белгілі болып тұр ғой. Қазіргі «цивилизация», «өркениет», «прогресс» жаратылысқа жасап жатқан қиянаттарына түңілгендіктен жазғаны деп қабылдауға тиістіміз… Барлық қолымызда бар қиянат жасалып біткеннен кейін соның келеңсіз, тек қана залалды салдарына куә болып отырған адамның қалауы деп білуге тиіпсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан жұртшылығы да сол ұлы қиялгердің халін кешіп отырған жоқ па? Барлық қолдағы құндылығымыз құрып-жойылып біркеннен кейін ғана, сан соғып қалатынымыз қалай? Мысалы: семей ядролық полигоны, 18,5 мың шаршы километр аймақта 1949-1989 жылдар арасында ашық аспанда, жер бетінде, келе-келе жер қойнауында жарты мыңға жуық жарылыс жасаған. Сондай қорқынышты мәлімет жарты ғасырдан кейін тиіп-қашып қана жария болатыны несі?
Ал, қазақтың жарым-жартылай маңдайына жазған Арал теңізі ше? Оған Әмі мен Сырдан бұрындары сарқырап жататын су доғарылып, оның есесіне теңізден кері, дарияға құйыла бастаған сұмдықты да, баяғы шалқар теңіздің о шеті мен бұ шетіне енді адам жаяу кешіп өтетін заманың келгенін де ел қазір ғана көріп отыр.
Бұл не «сиқыр»?! Табиғат жарықтық өз төсін мың-миллион сан құбылтып, сұраптан, ақыр соңында бүгінгі заманға дейін кенересінен шығып жатқан , ішем десең де, мал суғарсаң да, егін, бау-бақша салсаң да аузы-мұрныңнан келетің, ағыл-тегіл қос-егіз дарияны сыйлағанды. Жаратылыс қазақ жеріне бойы қос құлаш келердей қаязы мен жайынынан бастап, ақ бауыр, семіздігі тығыршықтай сазаны «қолпаштап», ең аяғы тортасына дейін қойнауы «жыртылып-айырылатын» Аралды сыйға тартқан-ды. Міне, асып-тасқан табиғи байлық қазір не күйде?
Жазушы Энгельс Ғаббасов Батыс Қазақстаннның Азғыр, Қапы ар маңындағы өздерін оқымысты-зерттеушілер етіп жарыиялап, әртүрлі тірі жанды қырып-жоятын қару-амалдарды сынап жатқан жасырын әскерилер жөнінде депутат кезінде Парламент мінберінен «шыр-пыр» боп, сөз сөйлеген болады. «Сөз сөйлеген болады» деп отырғанымыз, еліне деген жаны адал қаламгердің жанайқайын билік басындағылардың құлағына іліп жатқаны байқалған жоқ.
Жазушының осы Батыстағы «былықтар» хақында айтқандары, өзінің баспасөзде жазғандары, яғни билік адамдарын да, қарапайым халықты да сақтандырғандары күні ертең бұлтартпас дерек есебінде алдымыздан шығатыны анық. Сонда ғана тағы да сол баяғы Семей полигоны, Арал ақыреті түрінде, «болары болып, бояуы тозғаннан кейін» өкінгеннен не пайда?
Ал, әзірше «Арзамас-16» арнайы эскпедициясының 1966 жылы 300 бас жанұясы тіршілік ететін Азғыр ауылынан бір жарым-ақ, қол созым қашықтықта, 165 метр шұнқырда тұңғыш жарылыс жасағанын біреу біліп, біреу біле қоймас. Содан бері Азғыр аймағының он нүктесінде 17 жарылыс жасалған. Солардың біреуінің орнында қазірде диаметрі 600 метр «көл» пайда болған. Әрине, «радий активті» көл. Ол кімнің кәдісіне асар дейсің! Қайта, керісінше, сол «көлдің» ыстықтан буланған улы ауасын жұтып жүрген жоқ па тұрғын қазақтар! Сондықтан да, күллі Қазақстан бойынша балалар өлісі ең көп ұшырасатыны да – осы өңір! Міне, еліміздің «келешегі» — осы Азғыр, Капустин Яр ғой. Оны да кейін білеміз!.
Ендігі бір «келешек» — БАЙҚОНЫР. Сонау бағзы заманда Қорқыт ата көңілінен шыққан өңірді ресейлік мамандар қойнауын үңгіл, қарапайым кісі ойына келіп болмайтын қыруар күрделі құрылыстардың тұңғышын 1955 жылғы 5 мамырда салып үлгірген-ді. Бұл қасіреттің басы еді. Тіпті, керек десеңіз, қазіргі қасірет одан да бұрынырақта, 1955 жылғы 12 қаңтарда Жосалы темір жол бекетіне инженер Н.Дежкин бастаған құрылысшылардың Мәскеуден екі жарым мың кезінде құба далаға келіп жетуімен басталғанды. Оны да өөз кезінде біліп жатқан қазақ жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, Байқоныр өз республикасының билігіне 1991 жылы көкенде, ондағы дүние-мүлік, объетілердің жалпы құны 23 миллиард долларға бағаланған-ды!
Ғарыш айлағының қанщалықты зор екендігін осындай-ақ байқай аларсыз!
Алайда, егеменді алғанның аз уақытқа созылған «қуаныш буы» бірте-бірте тарай бастағанына бүгінде жұртшылықтың да көзі жетіп келеді. Соның күні Байқоңыр ғарыш айлағында да түсті. Соншама күрделі шаруашылықты ойдағыдай сақтап қалу проблемасы туды.
Сол тұстағы жағдай тұрғысында Ұлттық әуе-ғарыш агенттігі бас директорының орынбасары, «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы, ҚР ҒА-ның корреспондент-мүшесі М.Молдабеков: «Қаржы мен мамандардың жоқтығы ғарыш айлағын Ресейге халықаралық нарықтан 4-5 есеге арзанға жалға беруге мәжбүр етті», — деп ақталды.
Ал, Кеңес өкіметі дәуірінде лазерлік қаруды зерттеу саласындағы еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген, техника ғылымының докторы Ғалым Әбілсейітов:»
1993 жылы Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарып жүргенімде Президентке, басқа да басшыларға Байқоңырды сақтап қалу мақсатымен оны жалға беруді ұсыныс жасадым», — деп мақтанғандай емеурін білдірді-дағы – «не себептен екенін білмеймін, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров бұл пікіріме қарсылық білдірді», — деп мойындаған-ды. Осы ұсынысқа Т.Әубәкіровтің тегіннен-тегін қарсы болмағанына қазір көзіміз жетіп отыр.
4 бөлек немесе орталықтан құралатын «Байқоныр» ғарыш айлағында Ресей мамандары қайтадан еркіндік алып, сайран сала бастады. «Жыл сайын 115 миллион долларды шытырлатып санап салам», — деген жалдап алушы ресейліктер күні кешеге дейін, қазақ жері бетін күйдіріп-жандырып, бірінен соң бірін тоғытып ұшыратын жатса да, қарызын толық қайтару ресейліктердің кәперлеріне де келмейді.
Оның есесіне ғарыш айлағының сол қанатындағы орталықтан «Протон» мен «Циклон» зымыран жеткізгіштер ұшып жатты. Және де бірі болмаса, бірінің жолы болмай, асып кетсе, Алтайға дейін ғана жетіп үлгіріп, жарылып құлап жатты. Олар турасында біздің мемлекет тарапынан не жалға алушыларды жұбану, не өз аспанымызға төніп тұрған қауіптен сақтандырып, реніш білдіру сияқты нақты әрекеттер атымен байқалмады.
Соның ақыр-соңы, мінекей, 1999 жылғы 5 шілденің 20 сағат 32-ші минутіне әкеп тіреді. Тап осы жұртшылық қауіптене тосқан болуы тиісті жаманат болды да тынды. Жүк тасымалдайтын «Радуга» жер серігінің бөлшектері өзін тиіс орбитаға шығарып салуға тиіс «Протон» зымыран-жеткізгішінің жарылу салдарынан қиқым-сиқым, темір-терсек түрінде Қарағанды облысының Шет ауданы аспанына «жаңбырдай жауды». Хруничев атындағы орталық жасаған жаңа 11 С824М «Бриз» жылдамдық үдеткіш блок салынған тұңғыш экспериментті «Протон» зымыран-жеткізгіштің екінші сатысы 112 километр биіктікте «сыр берген». Ал, «шатақтың бәрі» үшінші двигателінде болған. Соның кесірінен газ жүретін түтіктің тетігі бұзылып, оның ішіндегі оталғыш сұйық тұтанып кетеді.
Ақырында ғарыш аппараты тұтастай жарылып, бөлшек-бөлшекке айналып, балықты көл аймағына шашыла бастайды. «Байқоңырдан» көтерілген 1050 километр ғана аспандан үлгірген зымыран-жеткізгіш «Протон-М» мен жүк тасушы «Радуга» ғарыш кемесі осылай опат болған-ды. Оларға құйылған 165,79 тонна тотықтырғыш пен 180,69 тонна ұшармай да осылай ысырап болған-ды.