Жер бетінің түпкір-түпкірінде экологиялық жағдайдың нашарлауы барлық мемлекеттерді одан шығу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, 100-ден астам мемлекеттерде қоршаған ортаны қорғауды басқаратын министрліктер, департаменттер мен агенттіктер құрылды. 1970 жж. бастап экологиялық дағдарыстан шығу жолдарын бірге іздестіріп, қажетті шараларды бірге жүргізу туралы келісімге қол жетті.
Табиғат қорғау проблемаларына арналған І халықаралық жиналыс 1971 ж. көкек айында Чехияда өтті. Бұл БҰҰ Еуропаның эконмикалық комиссиясының симпозиумы болатын.
1972 ж. 5-маусымда Стокгольм қаласында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі конференциясы ашылды. Осы күн Халықаралық ынтымақтастықтың басталу күні болып есептелетін конференция «Жер біреу» деген ұранмен өтті.
Халықаралық табиғат қорғау ұйымына, одаққа, кеңеске мыналар кіреді:
• Халықаралық ғалымдар одағы (МСНС) барлық елдердің дерлік академиялары мен ғылым одақтарын біріктіреді. Ғарыштық кеңістік, Антарктида, мұхиттар проблемаларымен айналысып зерттейді;
• Қоршаған орта жөніндегі ғылыми комитет биологиялық циклдарды, қоршаған ортаның улануын зерттейді, табиғи ортаны бақылау (мониторинг) мәселесімен айналысады;
• ЮНЕСКО-ның «Адам және табиғат» бағдарламасы адамдардың іс-әрекетінің тропиктік және субтропиктік орман және жайылым экологиялық жүйелеріне әсерінің күшеюін зерттейді;
• БҰҰ-ның Қоршаған орта туралы бағдарламасы (ЮНЕП) топырақты және су қорларын қорғау проблемаларын, мұхиттарды ластанудан сақтау мәселелерін зерттейді;
• Қоршаған орта мониторингісінің глобалды жүйесі (ГСМОС) қоршаған ортаның жағдайын арнаулы бақылау жүйелері, бақылау станциялары, мониторинг, бақылау күзеттері, т.б. арқылы біліп отыру үшін құрылған;
• Халықаралық табиғат қорғау одағы (МСОП) табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелерін зерттейді;
• Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ) қоршаған ортаны санитарлық тазалық жөнінен бағалайды және бақылайды;
• Дүниежүзілік метереологиялық ұйым (ВМО) жер шары ауасындағы құбылыстар мен өзгерістерді бақылайды;
• Халықаралық океанографиялық комитет (МОК) жер шары мұхиттарының жағдайын бақылайды;
• Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылық жөніндегі ұйым (ФАО) топырақтың құнарлылығын, су қорларын үнемді пайдалану және қорғау, жануарлар дүниесін сақтау мәселелерін зерттейді,
• Дүниежүзілік білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйым (ЮНЕСКО) табиғат қорғау жөніндегі маман кадрлар оқыту, даярлау мәселелерімен айналысады.
1975 ж. шілде айында Хельсинки қаласында еуропалық 35 мемлекет және АҚШ пен Канада елдері басшылары қорытынды актіге қол қойып, ауаның ластауына қарсы күресті, тұщы су мен теңіз суларын, топырақ бетін, тірі ағзаларды қорғауды, қорықтар құру, елді мекендерді қоршаған ортаны жақсарту мәселелерін, қоршаған ортаны зерттеу жұмыстарын халықаралық ынтымақтастықтың негізінде және халықаралық бағдарламаларға сәйкес жүргізуге келісті.