Қазақстанның кеңестiк мектептерiнде коммунистiк идеологияның нұсқауымен дiннiң адамзат тарихындағы рөлi терiс терiс түсiндiрiлдi. Дiн–адам санасын улайтын, жаңалыққа, ғылымға қарсы, барлық өзгерiстердiң,табыстардың бәрiн құдай жасап отыр деп түсiндiретiн, нағыз керiтартпа,үстем таптың жоғын жоқтаушы, соның сойылын соғушы деген сипатта оқытылып, дiннiң қызметiне терiс баға берiлдi.Осының салдарынан Кеңес елi халықтарының, соның iшiнде Қазақстан халықтарының да бiрнеше ұрпағы атеистiк (дiнге қарсы) рухта тәрбиеленедi. Қазiргi кездегi елiмiз халықтары арасында адамгершiлiкке кереғар өрескел тәртiпсiздiктердiң: түрлi бұзақылықтардың, әсiресе, ұрлықтың, зорлықтың, нашақорлықтың, араққұмарлықтың, жезөкшелiктiң көбеюiне сол дiнсiздiк тәрбиесiнiң әсер еткенi сөзсiз.
Ал, шындығына келсек, дiн алғаш пайда болғаннан бастап, халықпен бiрге өмiр сүрдi, оған көптеген пайдалы қызметтер атқарды.Қай дiн болсын халықты адалдыққа, адамгершiлiкке, имандылыққа, татулыққа, шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа, достыққа шақырды, халықтың сауатын ашуға, мәдениетiн көтеруге елеулi үлес қосты.
Бұл айтылғандарға ислам дiнi мысал бола алады. Ислам қазақ тарихында үнемi өркендетушi рөл атқарған. Ислам–жеке адам мен қоғамды түзететiн, әлеуметтiк бақытқа, шынайы бостандыққа және бiрлiк-татулыққа жеткiзетiн құрал, iзгi жол, даналық. Осыны түсiнiп бағалай бiлген Жүсiп Баласағұн ХI ғасырдың өзiнде ислам руханиятын «Құтты бiлiк» деп атап, оның мемлекетке зор пайдасы бар екендiгiн дәлелдеген.
Қазақстан тарихын оқытқанда дiн туралы тарихи материал жиi-жиi кездесiп отырады. Сондықтан да мұғалiм жоғарыдағыдай дiннiң пайдалы жақтарын, маңызын ашып көрсетуге үнемi назар аударып отыруы керек.
Мұғалiмнiң тағы бiр ескеретiн жағдайы: тарихта барлық дiн пайда болғаннан бастап, оны шын мәнiнде уағыздаушылармен қатар жалған дiндi (эрзац-дiн) таратушылар да болған. Бұған өткен уақыттардан да, қазiргi уақыттардан да мысал келтiре аламыз, ондайларды екi топқа бөлуге болады. Бiрiншiсi, әдейi бұрмалаушылар, ал екiншiлерi бiлiмi таяздықтан, надандықтан бұрмалаушылар. ХIХ ғасырдағы қазақтың ғалым ойшылдары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсаринның қазақ арасындағы дүмше молдаларды, дiн бұзарларды қатты сынап-мiнегенi белгiлi. Бұған да тереңiрек мән берген дұрыс. Демек, олар ислам дiнiн сынаған жоқ, дiн бұзарларды сынады. Ал, қазiр Қазақстанда дiн бұзудың екi түрi де бар. Ислам дiнiнiң ғылыми негiздерiнен хабары аз дүмше дiншiлдер де, сондай-ақ, басқа дiндердiң артықшылығын мадақтап, ислам дiнiн ұстаушылардың қатарын сиретуге әрекет жасаушылар да жетерлiк. Мұғалiм бұл жағдайларды үнемi назарында ұстап, Қазақстан тарихының дiн мәселесi әңгiме болатын сабақтардың бәрiнде жоғарыда айтылған фактiлердi оқушыларға ескертiп, олардың тиiстi, дұрыс қорытынды жасауына бағыт бергенi орынды.
Кейбiр зерттеушi-ғалымдардың пiкiрiнше, ежелден көшпендiлер басқа халықтардан рухани-психологиялық жағынан артығырақ болды. Себебi олар, негiзiнен, батыр, ер мiнездi, жiгерлi, сол сияқты, еркiн ойлап-сөйлейтiн, ар-намысын ақшаға сатпайтын асыл тектi адамдардан құралды. Осындай табиғи қасиеттерге ислам руханияты келiп қосылғанда нұр үстiне нұр болып, тамаша нәтиже туды. Қазақ халқы соқыр сенiммен емес, ақыл-ой елегiнен өткiзiп, жан-жүрегiмен қабылдап, оны даналық, софылық үлгiсiнде ұстанған. Бiз дiни көзқарасы терең, дiни мәдениетi өте жоғары ұлттардың қатарына жатамыз. Тек осы дәстүрдi қалыпқа келтiру керек (Н.Нұртазина. Ислам және ұлт тәуелсiздiгi. //«Егемен Қазақстан», 24-тамыз, 2001 ж.).
Тәуелсiз, жас мемлекетiмiздi нығайту үшiн ұлт және жалпы адамзат прогресi жолында классикалық исламның белгiлi бiр тәсiлдерiн, ұстанымдарын, құнды тәжiрибесiн нақты тарихи жағдайға байланысты ұтымды пайдалануға болады. Олар қазiргi халықаралық нормаларға да, өркениеттiк үрдiстерге де сәйкес келедi. Осыны ескерген Қазақстан Республикасы мен оның үкiметi тәуелсiздiк алғаннан берi бiздiң елiмiзде ислам дiнiнiң дамып, халық арасында қанат жаюына мүмкiндiк жасады. Бұған Қазақстан қалалары мен елдi мекендерiнде бес мыңнан астам мұсылман мешiттерiнiң қызмет етiп отырғанын айтсақ та жеткiлiктi. Оқу орындарында, соның iшiнде, жалпы бiлiм беретiн мектептерде де дiн тарихын оқытуға көңiл бөлiне бастады. Дiннiң, соның бiрi исламның адамды адамгершiлiкке, имандылыққа тәрбиелеудегi пайдасын ескере келiп, Қазақстан Республикасы үкiметiнiң ұсынысымен 2001-2002 оқу жылынан бастап жалпы бiлiм беретiн мектептердiң 10-сыныбында дiнтану пәнi оқытыла бастады.
Жаңа пәннiң бағдарламасы мен оқулығын жазуға Республикамыздағы осы саланың белгiлi ғалымдары қатысты. Пәннiң бағдарламасы мен оқулығы негiзгi төрт тараудан тұрады. Оқулықтың III тарауы «Әлемдiк дiндер» деп аталады, ол негiзгi үш дiннiң, Будда христиан және ислам дiндерi тарихына арналған. Келешекте басқа пәндер бойынша шығып жатқан оқу-әдiстемелiк кешендер сияқты бұл пән бойынша да қосымша құралдар шығады. Мiне, осының бәрi мектепте тарихтан сабақ беретiн мұғалiмдерге күнделiктi сабақтарында дiнге қатысты мәселелердi дұрыс оқытып-үйретуге нақты көмек болып табылады.
Қазақстан тарихы курсында дiнге қатысты мәселе ең алғаш 5-сыныптағы Ежелгi Қазақстан тарихының бiрiншi «Тарихқа саяхат» бөлiмiнде кездеседi. Осындағы « Дүние жүзi дiндерi тарихынан » тақырыпшасы дiннiң болуы, дүние жүзiндегi басты-басты дiндер туралы оқушылардың бұрын алған бiлiмiне сүйене отырып, оқулықтағы дiнге қатысты атауларды талдап түсiндiре келiп, суреттердi тиiмдi пайдаланып, оқушыларда дiн туралы толық түсiнiк қалыптастыра алады.
Курстың мұнан кейiнгi алғашқы адамдардың тұрмыс-тiршiлiгi, қола дәуiрi адамдарының дiни түсiнiктерi, ал 6-сыныпта жеке тайпалар тарихын өткенде де сол кездегi халықтардың дiни наным-сенiмдерiнiң қалай пайда болғанын және оның бiрте-бiрте дамып, тереңдей түскенiн ашып көрсетуге мүмкiдiк бередi. Бұларда оқушылардың сонау кiрiспе бөлiмдегi «Дүние жүзi дiндерi тарихынан» сабағында дiн туралы алған бiлiмдерi, өздерi жасаған қорытындылары туралы пiкiрлерiн тыңдаған пайдалы.
Салыстырмалы түрде қарасақ,дiнге қатысты оқу материалдары басқа сыныптарға қарағанда 7-сыныпта жиi кездеседi. Әсiресе, Қазақстан территориясындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер тақырыбындағы Қазақстанға ислам дiнiнiң тарауы және оның маңызы, осы дәуiрдегi мәдениет тарихын баяндайтын тақырыптағы дiни ғимараттар, араб жазуы деген тақырыпшалар мен мәселелер ислам дiнiнiң тарихтағы орнын, маңызын ашып көрсетуге мүмкiндiк бередi. Мәселен, алғашқы тақырыпшаны түсiндiргенде арабтар Оңтүстiк Қазақстанды жаулап алып, исламды күштеп енгiзгенiне қарамастан, кейiнiрек бұл дiннiң көптеген пайдалы жақтары болғаны нақты айғақтардың көмегiмен ашып көрсетiледi. Араб жазуының тарихына тоқталғанда, оның Орта Азия, Қазақстан халықтары үшiн үлкен маңызы болғанын, мың жыл бойы осы әлiпбиiмен (алфавитпен) қазақ тiлiндегi мектептер мен медреселер оқығанын, барлық дерлiк кiтаптар, ғылыми еңбектер, газет-журналдар осы әрiппен жазылғанын ашып көрсетедi. Бұл мәселелердi оқыту кезiнде түрлi әдiс, тәсiлдермен қатар, қосымша құралдарды да пайдаланып отырған дұрыс. Мысалы үшiн, араб жазуымен оқытқан медреселерге тоқталғанда оқулықтың 84-85-беттерiндегi «Медресе» деген мәтiндi пайдалануға болады. Онда медреселер тек араб тiлi мен араб жазуы, немесе ислам дiнiн ғана оқытып қойған жоқ, философия, тарих, заң, география, математика сияқты ғылымдар негiзiнен де бiлiм бергенi баяндалады. Осы сыныптағы мәдениеттiң дамыуы туралы тақырыптардың бәрiнде де ислам дiнiнiң оқу-ағарту iсi мен ғылымның дамуына тигiзген пайдасы баяндалады. 7-сыныптағы соңғы тақырып–ХI-ХII ғасырлардағы Қазақстан мәдениетiн өткенде ислам дiнiнiң Қазақстанның көп жерiне тарап, халықтың мәдениетiн көтеруге қосқан үлесiне шолу-қорытынды жасалуы тиiс.
8-9-сыныптарда оқытылатын тарихи дәуiрде ислам дiнiнiң ықпалы әлсiрей бастайды. Бұған Қазақстанның Ресейге қосыла бастауы, отарлау саясатының күшеюi себеп болады.Патша үкметi ислам дiнiн отарлық мақсатқа пайдаланды, ал мақсаттары жүзеге аспаса, исламияттың ықпалын әлсiрету үшiн арабша, ескiше оқытады деген сылтау- мен қазақ тiлiнде мектеп ашуға қарсы болды. 9-сыныпта дiн мәселесi революциялар қарсаңын өткенде және сол кездегi түрлi партиялардың бағдарламаларында («Алаш»т.б.) кездеседi. Қазақстан Республикасы тәуелсiздiк алғаннан кейiн дiн ботандығы берiлдi, мұның өзi бiздiң елiмiзде ислам дiнiнiң тарауына кең жол ашты:
Ислам дiнi туралы мәселелердi оқытқанда, оның халық алдындағы қызметiн нақ-ты, дәлелдi фактiлерге сүйене отырып, ашып көрсеткен, қоршаған ортадан, күнделiктi өмiрден сенiмдi фактiлер келтiрген дұрыс. Дiннiң ғылыммен келiспейтiн бiр ғана мәселесi–барлық жаңалықтарды, әсiресе, ғылым ашқан жаңалықтарды құдайдың iсi деп қарауы. Бұл мәселе бойынша мұғалiм оқушыларды дұрыс қорытындыға әкелуi тиiс.