Құқықтың түрлі түсінігінің болуы — оның әлеуметтік мәнінің де түрлі болуының негізі. Егер құқықты тұлғалармен байланыстырса, тұлғалардың мемлекетте, қоғамда құқықтық мәртебесі қандай екенін анықтау, түсіну қажеттігі туады. Азаматтарға сан қилы құқықтар мен бостандықтар беріліп, оларды жүзеге асыру мүмкіндігі жасалса, онда қоғамда шынайы теңдік орнатылған болып есептеледі. Ал, объективтік құқық туралы сөз болғанда, мемлекетте қалыптасқан заңдар жүйесі әлеуметтік тұрғыдан сипатталады.
Әрине, құқық туралы зерттеушілердің көзқарасы бір жерден шығып, бір текті болады деп айтуға болмайды. Негізінен, құқықты таптық және жалпы әлеуметтік тұрғыдан түсіндіру жолында кең орын алып келді. Маркстік ілім құқықты, оған байланысты құбылыстарды тек таптық тұрғыдан ғана зерттейді. Бұл ілім бойынша құқық — үстем таптың саяси құралы, тек соның жоғын жоқтап, мүддесін қорғайды. Ал өркениеттік тұрғыдағы ілім бойынша құқық қоғамдағы барлық адамдардың еркін білдіріп, мүдделерін қорғайтын құрал болып саналады. Қандай ілім болса да құқықтың әлеуметтік мәні бар екенін айтады. Бірақ маркстік ілім құқықтың әлеуметтік мәнін өте тар тұрғыдан түсіндіруге тырысады. Әрине, құл иеленушілік дәуірде құқық ашықтан-ашық тек құл иеленушілердің мүдделерін қорғап, құлдарды сөйлейтін мүлікке теңегені белгілі. Бірақ бұл көзқарасты барлық қоғамдарға, түрлі сатыдағы мемлекеттерге төлуге болмайды. Құқық тек үстем таптың еркін білдіретін болса, ондай қоғамда үздіксіз тап тартысы орын алып, ақырында ол құлдырап, жойылады. Қазіргі замандағы өркениетті мемлекеттерде құқық барлық азаматтардың еркін білдіретін саяси құралға айнала бастағанын мойындау керек. Қазақстан мемлекетінде қалыптасып келе жатқан құқыққа да осындай жалпы әлеуметтік тұрғыдан қарау шындыққа сай келеді десек, қателеспейміз. Қазақстан Республикасында қабылданған заңдарды талдайтын болсақ, олардың қандай да болсын әлеуметтік топтарды кемсітетінін немесе белгілі бір топка артықшылық жасайтынын таба алмаймыз. Демек, Қазақстан заңдары барлық әлеуметтік топтардың еркін білдіріп, олардың заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған.
Құқық (объективтік тұрғыдан қарағанда) — жалпыға бірдей міндетті, мемлекет күшімен қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, заңда және басқа да ресми құжаттарда анықталған құқықтық норма, ережелердің жиынтығы. Енді, құқықтың негізгі белгілерін қарастырайық, мысалы жүйелілігі. Құқық — бірнеше бөлшектен тұратын жүйелі құрылыс. Оның бір бөлігі — табиғи құқықтың мазмұны адам мен қоғамның табиғатына байланысты әлеуметтік-құқықтық талаптармен анықталады. Мысалы, адамның өмірі, денсаулығы табиғи құбылыстар. Оларды сақтауға, қорғауға, қамтамасыз етуғе бағытталған құқықтық нормалар табиғи құқыққа жатады. Қазақстан Республикасының Конституциясында былай деп жазылған: «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» (15-бап). Құқықтық жүйенің екінші бөлігі — мемлекеттегі қолданылатын барлық заңдардың жиынтығы. Құқықтық жүйенің үшінші бөлігі — субъективтік (тұлғалар) құқықтар. Осы айтылған бөліктер бірімен-бірі табиғи түрде байланысты, бірінсіз басқаларын түсінуге, жүзеге асыруға болмайды. Мысалы, тек әр адамның өмір сүруге құқығы бар деп жарияланса, оның жүзеге асырылуы қамтамасыз етілмесе, адамның өз өмірін сақтауға, қорғауға мүмкіндігі болмаса, аталған құқық қағаз бетінде ғана жазылып қалған болар еді. Адам өзіне қажетті рухани және мүліктік игілікті пайдалану үшін өзі белсенді әрекет жасауы керек. Адамның әлеуметтік-құқықтық талаптарының мағынасы —оны мемлекеттің тануы, қорғауы, қажет болған жағдайда қамтамасыз етуі