Жоспары:
1. Диалектика ұғымының тарихи қалыптасуы.
2. Неміс классикалық философиядағы диалектика мәселесі.
3. Даму ұғымы.
Диалектика – болмыстың әмпебап байланыстары, оның өзгеруі мен дамуы жөніндегі ілім. « Диалектика» ұғымының пайда болуының мәселесі дербес, өз алдына бір философиялық мәселе болып табылады. Диалектиканың ғылыми тұрғыда ұғыну ұзақ уақытты қажет етті және бұл ұғымның өзі терминінің әуелгі мағынасын өңдеу тіпті одан бас тарту барысында пайда болды. Ежелгі философияда дүниедегі нәрсенің бәрі де құбылмалы екендігі атап айтылған шындықты процесс деп есептеп, бұл процеске кез келген қасиеттің қарама-қарсы айналуының қандай роль атқаратыны тұжырымдалған. Бұл сияқты зерттеулерде диалектика термині әлі қолданылмады. Диалектиканың алғашқы мәні сұхбаттасу, әңгімелесу / грек тілінен dialegu mai/ деген ұғымды білдіреді. Аристотель диалектиканы ойлап тапқан Зенон Элейский деп есептейді, ол көптік және қозғалыс ұғымдарын ой елегінен өткізгенде келіп шығатын қайшылықтарға талдау жасаған болатын Аристотельдің өзі дәлелдеу туралы ғылым – аналитикадан диалектиканы ықтимал пікірлер туралы ғылым ретінде ажыратады.
Элеаттардың ізінше Платон шынайы болмысты бір қалыпты әрі өз өзімен барабар болады деп анықтайды. Әрі қарай диалектика қарама-қайшылықтар приципінен негізделеген шындықты меңгерудегі тәсілдер мен әдістер жүйесі деген мәнге ие болып, дамудың жалпы заңдары жөніндегі ілім деп анықталды. “Софист” және “Парминид” сұхбаттарында жаратылыстағы жоғарғы буындағылардың кез келгенін бар әрі жоқ, өз-өзіне барабар әрі барабар емес, өзіне тепе-тең және өзінің “басқа ” түріне өтіп отырады деп қана ойда көрсетуге болады деген диалектикалық тұжырымға келеді. Сол себепті болмыстың өзінде қайшылықтар болады: болмыс бірегей әрі көпше, мәңгі әрі өткінші, бірқалыпты әрі құбылмалы, тыныштық күйінде әрі қозғалыс үстінде болады. Қайшылық – рухты ойландырып – толғандыруға түрткі болатын қажетті шарт. Және бұл өнер, Платонның пікірінше, диалектикалық өнер болып табылады.
Неоплатоншылдар диалектиканы дамыту ісін жалғастырды. Феодалдық қоғамның философиясы – схоластикада – диалектика деп риторикаға қарсы қойылған формалдық логиканы атай бастады.
Қайта өрлеу дәуірінде қарама-қарсылықтардың үйлесімі туралы диалектикалық ойларды Н.Кузанский мен Бруно ұсынды. Жаңа тарих кезеңінде метафизиканың үстемдігіне қарамастан Декарт пен Спиноза диалектикғалық ой үлгілерін жасады.
18 ғасырда Францияда диалектикалық идеяларының сонылығымен Руссо мен Дидро ерекшеленді. Диалектикалық дамудың аса маңызды кезеңі неміс классикалық идеализмі болды, оның метафизикалық материализмнен айырмашылығы – шындықты танылу объектісі деп қана емес, іс-әрекет объектісі ретінде де қарастырғандығы еді. Сонымен қатар субъектінің танымы мен іс-әрекетінің шынайы материалдық негізін білместігі неміс идеалистерінің диалектикалық идеяларының өресіздігіне, жаңсақтығын көрсетті. Лейбниц монадаларының өздігінен дамуы туралы және таным принциптерінің қайшылықты бірлігі туралы ілімінде Кант физикалық және космогониялық процестердегі қарама-қарсы күштердің маңызын көрсетіп, алғаш рет метафизиканың шебін бұзды әрі Декарттан соң бірінші болып – табиғатты танудағы даму идеясын енгізді.
Классикалық неміс философиясы диалектиканы жеке мен жалпының, құбылыс пен мәннің, бөлік пен бүтіннің, элемент пен құрылымның, ұғым мен жүйенің, кездейсоқ пен қажеттіліктің, мүмкіндік пен шындықтың контекстінде, яғни детерминизм және диалектикалық заңдар концепциясында қарастырады.
Таным теориясында Кант диалектикалық идеяларды «антиномиялар» туралы ілімінде дамытты. Бірақ ақыл парасат диалектикасы Канттың пікірінше, алдамшы нәрсе және ойдың өзі құбылыстарды ғана танумен шектелген қолдану аясына оралысымен ақ диалектика жойылады. Бұдан кейін таным теориясында Фихте маңызды диалектикалық идеялары бар категориялар жасаудың «антитетикалық» әдісін жетілдіреді. Шеллинг Канттың ізінше табиғат процестерін диалектикалық тұрғыда ұғынуды ұсынды.
Диалектиканың асқар шыңы Гегельдің идеалистік диалектикасы болды. Гегель «тұңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани дүниені процесс түріндегі нәрсе деп: яғни үнемі қозғалуда, өзгеруде, қайта құрылуда және дамуа деп таныды, сөйтіп осы қозғалу мен дамудың ішкі байданысын ашуға тырысты». Гегельдің ойынша диалектика бір анықтаманың басқа анықтамаға айналуы, онда бұл анықтамалардың сыңаржақты әрі өресіз екендігі, яғни олардың бойында өздерін өздері терістеу бар екендігін көрінеді, пайымдаудың дерексіздік анықтамаларынан диалектиканың ерекшелігі осында Гегель ілімі бойынша, сол себепті диалектика ойдың ғылыми тұрғыда өрістеуінің қандайының да болсын қозғаушы күші және ол ғылымның мазмұнына ішкі байланыс пен қажеттілік енгізетін бірден бір принцип болып табылады. Дүниедегінің бәрінің өзін өзі терістеуге келуінің қажеттігі туралы Гегель ілімінде, өмірді де ойды да революцияландыратын негіз болады, сол себепті алдыңғы қатарлы ойшылдар Гегель диалектикасын «революция алгебрасын» көрді.
Гегельдің диалектикалық жүйесі сандық және сапалық өзгерістердің табиғатын көрсетеді:қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, терістеуді терістеудің қайшылығы кез-келген жүйенің немесе құбылыстың даму процесі «прогресс», «регресс», «даму» ұғымы мен тығыз байланысты.
Сонымен бірге оның сыни – рефлексивтік фунциясын да айта кету керек. Диалектикадан басқа ойлаудың басқа да тәсілдері бар, олар: метафизика, софистика, эклектика. Болмыстың универсалды байланыстары диалектиканың заңдары мен катергорияларында көрініс береді. Диалектиканың негізгі заңдары бар, олар: сандық және сапалық өзгерістердің бір-біріне өту заңы; қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңы , терістеуді терістеу заңы.
Қайшылық диалектиканың басты категориясы болып табылады. Диалектиканы қайшылықтар туралы ілімде дамудың қандай түрінің болса да қозғаушы күші мен қайнар көзін ашып көрсетеді: диалектикалық дамудың басқа да категориялары мен принциптерінің кілті осы ілімде, сандық өзгерістерінің сапалық өзгерістерге айналуы арқылы даму, біртіндеушіліктің үзілуі, секірістер, дамуың бастапқы сәтіне қатысты терістеудің өзін терістеу, бастапқы күйге тән белгілердің, қасиеттердің кейбірінің жоғары негізде қайталануы. Дамуды нақ осылайша түсіну диалектиканы реформистік теорияларға тән неше түрлі анайы — эволюционистік көзқарастардан ажыратады.
Даму – мәңгі, қажетті қозғалыс, уақыттағы өзгеріс. Кеңістіктегі орын ауыстырудың даму болатын себебі, онда уақыттағы өзгерістің түсірілген түрде сақталатындығында. Материяның өмір сүру тәсілі түріндегі қозғалыс еш нәрседен пайда болмайды және жоғалып та кетпейді,мәңгі өмір сүреді, басы да, аяғы да жоқ.
Жоғары өрлейтін және төмен түсетін даму болады. Сырттан ішке қарай, іштен сыртқа қарай, ескіден жаңаға және жаңадан ескіге, қарапайымнан күрделіге және күрделіден қарапайымға, төменгіден жоғарғыға және жоғарғыдан төменгіге, кездейсоқтықтан қажеттілікке және қажеттіліктен кездейсоқтыққа дамулар болады. Даму спираль тәрізді, қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресінде, санның сапаға ауысуы түрінде және керісінше өрбиді.
Дамудың әрбір жеке процесінің баспалдақтары: оның пайда болуының алғышарттарын әзірлеу, яғни, негізінен сыртқы қозғалыс; туу, яғни, ішкі қозғалысқа көшу; қалыптасу, Яғни дамудың жаңа процесі мен ол туған жағдайды өзгерту; өзіндік даму; немесе даму процесінің пісіп-жетілуі, яғни, оның өз бетінше өмір сүруі; процестің өшуі, күйреуі. Дамудың түпкі процесс ретінде әуел бастан ақ төмендегіден жоғарыға және жоғарыдан төменгіге жеткізетін тенденциялары жасырын күйде болады.
Диалектика табиғатты, қоғамды және танымды зерттеудің философиялық әдісі болып табылады. Тек диалектика тұрғысынан ғана объективтік ақиқаттың күрделі, қайшылықтарға толы қалыптасу жолын, ғылыми дамудың барлық сатыларында абсолюттік пен шарттылық, тұрақтылық пен құбылмалылық элементтерінің байланысын, тұжырымдаудың бір түрінен басқа, неғұрлым мазмұнды түріне өтуін түсінуге болады. Диалектиканың тоқырау мен сылбырлықтың қандайымен болса да ымыраласпайтын революция табиғаты оны қоғамдық дамудың тарихи мұқтаждарын, жаңа мазмұнға ескі формалардың үйлеспейтіндігін, адамзат прогресіне жағдай жасайтын жетілген формаларға өту қажеттігін объективті тұрыда ескеріп отыруға көмектесетін, қоғамды практика жүзінде қайта құрудың қаруы етеді.