Экономикалық категория ретінде мемлекеттік бюджет мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын жасау және оны ұдайы өндіріс пен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу процесінде мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа қатысушылары арасында пайда болатын ақша қатынастарын білдіреді.
Мемлекеттік бюджет экономикалық категория ретінде жалпы қаржы категориясына сай келетін бөлу және бақылау функцияларын орындайды. Бұл функциялардың іс-қимылы, мазмұны, мәні мен маңызы бюджет қатынастарының қаралған айрықшалығымен айқындалады. Сонымен бірге мемлекет қаржысының негізгі буыны ретінде мемлекеттік бюджет бөлгіштік функция шеңберінде қосалқы функцияларды, атап айтқанда: ұлттық табыс пен жалпы ішкі өнімді қайта бөлу; экономиканы мемлекеттік реттеу және ынталандыру; әлеуметтік саясатты қаржымен қамтамасыз ету; ақша қаражаттарының орталықтандырылған қорын жасау және пайдалануға бақылау жасау сияқты функцияларды орындайды.
Мемлекеттік бюджетте қоғамдағы барлық экономикалық процестер бейнеленетіндіктен, сондай-ақ барлық негізгі қаржы институттары – салықтар, мемлекеттің шығыстары, мемлекеттік кредит, мемлекеттік қарыздар және т.б. өзінің шоғырланған көрінісін табатындықтан бюджет мемлекеттің негізгі қаржы жоспары ретінде сипатталады. Ол нақты кзеңге, әдетте, бір жылға жасалынады, бюджеттің кірістерін, шығыстарын орталықтандырылған қаржы ресурстарының шешуші бөлігінің қозғалысын анықтайды. Бюджетті негізгі қаржы жоспары деп мойындау оның ұлттық табысты қайта бөлудегі маңызды орнын, қаржы жоспарларының жүйесіндегі басымдық жағдайын, сондай-ақ қоғамдық ұдайы өндірістегі айрықша рөлін анықтайды.
Негізгі қаржы жоспары мемлекеттің қаржылық қызметінің жемісі болып табылады. Елдің негізгі қаржы жоспарының көрсеткіштері республика Парламентінің жыл сайын қабылдайтын Республикалық бюджет туралы заңына сәйкес сөзсіз орындауға жатады.
Еліміздің Конституциясының 4-ші бөлімінің 53 бабында Палаталардың бірлескен отырысында Парламент: «Ресупбликалық бюджетті және Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді, бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізеді»
Ақырында, мемлекеттік бюджет мемлекеттік заңдарының бірі болып табылады (мысалы, келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң). Сөйтіп, бюджеттің сан қырлы маңызын ескере отырып, оны осы жоғарыда айтылғандардың жиынтығы ретінде қараған жөн және оны келесі сызбадан көре аламыз.
Мемлекеттік бюджет – ұлттық табыс пен жалпы ішкі өнімді қайта бөлудің негізгі құралы. Мемлекетік бюджеттің (шығыс бөлігінің) көмегімен ұлттық табыстың 30%, жалпы ішкі өнімнің 20%, жалпы қоғамдық өнімнің 10% бөлінеді және қайта бөлінеді. Бюджет Қазақстанның бүкіл аумағында өндірістік күштерді неғұрлым ұтымды орналастырудың, экономика және мәдениетті көтерудің талаптарын ескере отырып салааралық және аумақтық қайта бөлу үшін пайдаланылады.
Нарықтық механизмге көшу жағдайында мемлекеттік бюджеттің қаражаттары ең алдымен экономиканың құрылымын қайта құруды, кешенді мақсатты бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруға, ғылыми-техникалық әлуетті арттыруға, әлеуметтік дамуды тездетуге және халықтың ең аз қамтылған жігін әлеуметтік қорғауға бағытталуы тиіс.
Шығыстар мен салықтар арқылы бюджет экономика мен инвестицияларды реттеудің және ынталандырудың, өндіріс тиімділігін арттырудың маңызды құралы болып табылады.
Бюджет қаражаттарының әлеуметтік бағыттылығының зор маңызы бар. әлеуметтік саясаттағы басымдықтар – халықтың табысы аз жіктерін (зейнеткерлерді, мүгедектерді, аз қамтылған отбасыларын) қолдау, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелерінің жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді.
Қаржылық жоспарлау процесінде бюджет ұлттық шаруашылықтың салаларына және өндірістік емес сфераның мекемелеріне айтарлықтай ықпал етеді. Мемлекеттің ақша қорын жасау және пайдалаудың негізгі қаржы жоспары бола отырып, бюджет барлық шаруашылық қызмет етуші кәсіпорындармен және басқа коммерциялық емес ұйымдармен тығыз байланыста болып отырады.
Бюджеттік жоспарлау мен бюджеттің атқарылу процесінде ұлттық шаруашылықтың қаржы шаруашылық қызметіне бақылау жасалынады. Нарықтық қатынастарға көшу жағдайында ресурстарды жұмылдыру және оларды пайдалану процесінде бюджеттік бақылаудың маңызы күшейе түседі.
Бюджеттi жоспарлау принциптерiне келесілерді жатқызамыз:
1) сабақтастық принципi — бюджеттi алдыңғы кезеңде негiзге алынған орта мерзiмдi фискалдық саясат бағыттарын сақтап, өткен және ағымдағы қаржы жылдары бюджетiнiң атқарылу нәтижелерiн ескере отырып жоспарлау;
2) басымдық принципi — бюджеттi алдағы орта мерзiмдi кезеңге арналған әлеуметтiк-экономикалық дамудың басым бағыттарын сақтай отырып жоспарлау;
3) негiздiлiк принципi — бюджеттi нормативтiк құқықтық актiлер және бюджет жобасына белгiлi бiр түсiмдердi немесе шығыстарды енгiзу қажеттiгiн айқындайтын басқа да құжаттар негiзiнде жоспарлау және олардың көлемдерiнiң негiздiлiгi бюджеттi жоспарлаудың негiзгi принциптерi болып табылады.
Алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзiмдi фискалдық саясатты айқындау процесі келесідей сипатта болады:
1. Орта мерзiмдi фискалдық саясат алдағы үш жылдық кезеңге арналған салық-бюджет саясатын, соның iшiнде:
- мемлекеттiк, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң болжамдық көрсеткiштерiн;
- бюджеттiк бағдарламалардың өткен кезеңнiң iшiнде iске асырылу тиiмдiлiгiн бағалау нәтижелерiн;
- бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттарын;
- республиканың немесе аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi бағыттарын iске асырудың тәсiлдерiн;
- бюджетаралық қатынастардың даму бағыттарын;
- мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясатты;
- ықтимал фискалдық тәуекелдердi айқындайтын құжат болып табылады.
2. Орта мерзiмдi фискалдық саясат республиканың немесе аймақтың орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму жоспары негiзiнде, өткен қаржы жылы бекiтiлген орта мерзiмдi фискалдық саясат, мемлекеттiк, салалық (секторлық), аймақтық бағдарламалар, өткен қаржы жылы iшiнде бюджеттiң атқарылуын талдау мен бағалау ескерiле отырып, оның негiзгi бағыттары жыл сайын түзетiлiп үш жылдық кезеңге әзiрленедi.
Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлеу бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Республикалық бюджеттiк комиссия қабылдаған шешiмдердiң негiзiнде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкiлiктi нұсқасын жасап, оны Республикалық бюджеттiк комиссияның қарауына енгiзедi. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың 1 тамызынан кешiктiрiлмей аяқталады.
Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының мәтiнiнде:
1) алдағы қаржы жылындағы республикалық бюджет кiрiстерiнiң, шығындарының, операциялық сальдосының, таза бюджеттiк кредит беруiнiң, қаржы активтерiмен жүргiзiлетiн операциялар бойынша сальдосының, тапшылығының (профицитiнiң), тапшылығын қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) көлемдерi;
2) жалақының, зейнетақының, айлық есептiк көрсеткiштiң ең төменгi мөлшерi;
3) жергiлiктi бюджеттерден республикалық бюджетке бюджеттiк алып қоюлар көлемi;
4) республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн бюджеттiк субвенциялар көлемi;
5) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң резервi мөлшерi;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерi бойынша мiндеттемелердi орындау сомасы;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктер беру лимитi;
8) үкiметтiк борыш лимитi;
9) басқа да ережелер болуға тиiс.
Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi жалпы iшкi өнiмге ақшалай түрде және процентпен көрсетiледi. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Үкiметiне қарауға табыс етедi.