Философия тарихында болмыс ұғымын тұңғыш пайдаланып, оны мәселе ретінде қарастырған көне грек ойшылы Парменид (б.э. дейінгі V-VII ғасырлар) еді. Оның пікірі бойынша, болмыс дегеніміз – бар болу, өмір сүру, одан басқа ештеңе жоқ, ал жоқ болу – болмыссыздық. Парменид әлемнің болмыс есебінде тұтастығына, тұрақтылығына, мәңгілігіне, ең бастысы, ең бастысы бар болуына, өмір сүретіндігіне көңіл бөледі. Сонымен Парменидтің болмысы ой арқылы жететін идеалды, ешбір мінсіз, кемеліне келген, мәңгі, дөңгелек, өз-өзіне тепе-тең, бөлінбейтін болмыс болып шықты.
Парменидтің бейболмысты теріске шығаруы, сонымен қатар идеалды, еш мінсіз, жетілген, мәңгілік болмыстың бар екенін мойындауы – бүкіл Батыс өркениетінің қалыптасып, бүгінгі күнге дейін дамуының астарында жатқан іргетасты көзқарас екеніне оқырманның ерекше назарын аударғым келеді. Соңынан пайда болған христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі – адамды Құдай өз бейнесіне ұқсатып жаратты да, осы жаратылған Дүниенің әміршісі қылды деген қағиданың өзі да Парменидтің болмыс ілімімен ұштасып жатқан жоқ па? Ал енді марксизмнің өзін, осы тұрғыдан алып қарағанда, Батыс Еуропа ой-өрісінің қисындық шегі деп бағалауға болатын сияқты, өйткені коммунизм – кемеліне келген, адамдардың барлық қажеттіктері толығынан өтелген, соның негізінде әлеуметтік біркелкілік орнаған қоғам. Яғни ол – жер бетінде адамның шығармашылық іс-әрекеті арқылы орнатылған идеалдық қоғам.
Парменидтің замандасы атақты көне грек философы Гераклит үшін ең маңызды нәрсе – дүниенің мәңгі қозғалыста екендігі. Ол дүниені алаулап, лапылдап жанатын, енді бірде өшуге бет алып, бақсып барып қайта тұтанып, жанатын мәңгілік от есебінде қарастырады. Оның пікірінше, болмысқа қарама-қайшылықтар мен олардың өзара әрекеттесуі тән. Сондықтан болмыс өзгермелі. Болмыс пен болмыссыздық ажырамас бірлікте. Екеуі де тең өмір сүреді. Бірі екіншісін тудырады, бірі екіншісіне өтіп, өзгеріп, құбылып отырады. «Бәрі өткінші бәрі өзгермелі» деп үйретті ол.
Ендігі бір көне грек философы Левкипп пен оның ілімін жалғастырушы шәкірті Демокрит (біздің эрамызға дейін 460-370 жылдар шамасы) болса, бүкіл дүниенің, әлемдегі барлық заттардың түп негізі – ең ұсақ бөлінбейтін бөлшек-атом деп көрсетті. Барлық заттар мен құбылыстар атомдардан құралады. Олар бір-бірінен бостық (ешнәрсе жоқтық – пустота) арқылы ажыратылады. Бостық – бір жағынан, заттардың және құбылыстардың саналуандығының өмір сүруіне, екінші жағынан, олардың қозғалысқа түсуіне жағдай жасайды. Сөйтіп, бұл дүниеде атом (болмыс) және бостық, еш нәрсе жоқтық (болмыссыздық) қана бар деген тұжырымға келді.
Антикалық дәуірдің ұлы философтарының бірі Платонның (біздің эрамызға дейін 427-347 жылдар) ойынша, болмыс дегеніміз – мәңгілік өмір сүретін, өзгермейтін сана тектес рухани идеялар дүниесі. Идеялар – заттар мен құбылыстардың түп-негізі, оларды анықтап өмірге келтіруші. Заттар дүниесі өткінші, пайда болады, тозады, өледі, яғни шынайы болмыс емес, бар болғаны идеялар дүниесінің күңгірт бейнесі ғана.
Діни дүниетаным үстемдік еткен ортағасырлық философияның өзегі – Құдай болмысы. Құдай мәңгі, уақыттан да, кеңістіктен де тысқары тұр. Ол бүкіл әлемді, табиғатты, дамды жаратушы. Қайта өрлеу дәуірінде, әсіресе, Жаңа заман дәуірінде ғылым мен техниканың өрістеп дамуына байланысты философияда адамға, ғылым мен ақыл-ой жемістерін адам игілігіне пайдалануға бетбұрыс болғаны белгілі. Осыған орай болмыс ұғымын табиғатпен ұштастыруға, адамның жаратушылық құдіретімен, ақыл-ой пәрменділігімен байланыстыруға ұмтылыс пайда болды (Ф. Бэкон, Р. Декарт). Неміс классикалық философияның аса ірі өкілі Г. Гегель шынайы болмыс – «абсолютты идея» деп тұжырымдады. Ол Платон арнасын жалғастыра отырып, болмыс мәселесіне бъективті идеализм тұрғысымен келгенімен, ең бастысы, болмыс ұғымына диалектикалық сипат беріп, даму процесінде қарастырды. Л. Фейербах болса шынайы болмыс – табиғат, ол табиғаттың ғажап туындысы әрі жетістігі – адам деп есептеді. К. Маркс пен Ф. Энгельс материалистік дүниетаным мен диалектиканы ұштастыра отырып, қоғам мен оның тарихын танып-білудің жаңа сипаттағы ғылыми методологиясын ұсынды. Олар философияға «қоғамдық болмыс» деп аталатын жаңа түсінік енгізді. Қоғамның қызмет атқаруы, өзгерісі мен дамуы объективті заңдылықтарға бағынады және оның материалдық негізі бар, деп тұжырымдады олар.
XX ғасырда пайда болып, өріс алған алуан түрлі философиялық ағымдардың арасында (олар туралы алдыңғы тарауларда толық айтылған болатын) болмыс мәселесіне ерекше көңіл бөліп, жан-жақты қарастырған экзистенциализм — өмір сүру философиясы болды. Оның түп қазығы, басты мәселесі – адам, оның осы заманғы шиеленіскен қайшылықтар мен тарихи-әлеуметтік апаттарға толы жағдайда өмір сүру мүмкіндігі.
Қысқаша тарихи шолу барысында байқанымыздай, болмыс ұғымы өте күрделі әрі сан қилы. Философиялық ой-өрістің тарихи қалыптасып дамуының әр дәуірінде бұл түсініктің мазмұны тереңдеп, жаңа қырлары ашылып отырған. Енді болмыс ұғымының философиялық мән-мағынасын қарастырып көрелік.
Сонымен, болмыс мәселесінің бірінші қыры мен сыры мынадай сұрақтар мен жауаптар тізбегімен топшыланады: не бар, не өмір сүреді? Дүние деген не? Ол қайда? Осында және басқа жердің бәрінде. Ол қашаннан және қалай бар? Қазір де бар, бұрын да болған және бола береді, ол түпкілікті. Жеке заттар, организмдер, адамдар, олардың тіршілік қызметі қаншалықты ұзақ жасайды? Олар шектеулі, ауыспалы, өткінші. Халқымыз ежелден-ақ:
«Қарап тұрсам дүние шолақ екен.
Бір-біріне адамдар қонақ екен.
Тіршілктің барында сыйласа біл.
Бұл дүниенің қызығы сол-ақ екен», —
деп пайымдаған ғой. Бабаларымыз әр адам өмірін «Қамшының сабындай қысқы» екенін, «қас-қағым» екенін де ескертіп, мәнді мағыналы өмір сүруге шақырған ғой. Өйткені уақыт бір орында тұрмайды. Заман озады. Халқымыз:
«Былтыр құлын, биыл тай
Біреу кедей, біреу бай,
Диірменнің тасындай
Шыр айналған дүние-ай!» — деп түйіндейді.
Осыдан келіп тұтастық ретіндегі табиғат болмысының түпкілікті, тұрақтылық сипаты мен заттар, адамдар, табиғат құбылыстары болмысының өткінші, көшпелі сипаты арасындағы қайшылықтардың өзара байланысы мен бірлігі шығады. Болмыс мәселесінің түбірі, оның күрделілігі, міне, осымен сипатталады. Басқаша айтқанда, дүние өмір сүру үрдісінде, болмысында біртекті емес: жалпы алғанда ол тұрақты, ал оның жекелеген жақтары, құрамдас бөліктері, заттары мен құбылыстары көшпелі, өткінші, халықтың қарапайым сөзімен айтқанда «алдамшы, жалған дүние». Тұтастық ретіндегі дүниенін болмысын бүкіл дүниедегі бардың болмысынан ажыратып қарауға болмайды. Алайда дүниенің болмысы мен дүниенің құрайтын заттар, құбылыстар мен тіршілік иелері болмысының арасында айырмашылық бар. Сөйте тұра дүниенің өмір сүруіне ажырамас бірлік, әмбебап тұтастылық тән.
Дүние тұрақты, тұтас нәрсе ретінде адамның санасынан тыс және оның еркінен тәуелсіз өмір сүреді. Әрине, бұл тұтастықтық өзі алуан түрлі көрініс тауып отырады. Әр адам күнделікті тіршілігінде табиғатпен, қоғаммен, басқа адамдармен өзінің ортық бірлігін іздеуге тырысады. Сонымен бірге оған заттар мен рухани құбылыстар, табиғат пен қоғам арасында, өзі мен басқа адамдар арасында айтарлықтай айырмашылықтар мен өзгешеліктердің бар екендігі өзінең-өзі белілі болады. Сөйтіп, заттар мен құбылыстардың арасында ортақтық бар ма, оларды не біріктіреді деген сұрақ алға тартылғанда, философтардың жасаған қорытындысы мынау: табиғат заттары, рухани құбылыстар (ой, пікір, тағы басқалары), қоғам және табиғат, түрлі жеке адамдар – бәріне ортақ нәрсе – олардың «бар» екендігі, өмір сүріп отырғандығы және де олардың жеке-жеке, өз бетінше емес, өзара байланыста, белгілі бір бірлік, тұтастық дүние құрамында екендігі.
Болмыстың философиялық проблема есебіндегі екінші қыры мыныған саяды: табиғат, қоғам, адам, ойлар, идеялар – бәрі тең өмір сүреді, бірақ өмір сүру түрлері де қилы, сөйте тұра олар бар болуы арқылы шексіз де тұрақты дүниенің тұтас бірлігін құрайды.
Табиғат дүниесі болған, бар және бола береді: адам, қоғам пайда болғаннан бері бар, бола де бермек дейміз. Олардың бәрі өзіндік айырмашылығын, ерекшелігін, шектілігі мен өтпелілігін сақтай отырып, дүниенің біртұтастығын, тұрақтылығы мен түпкіліктігін қамтамасыз етеді.
Болмыс мәселесінің үшінші қыры – дүниеде бардың, өмір сүретінің бәрі – нақты ақиқат; бұл ақиқаттың өмір сүруінің, дамуының іштей логикасы бар, ол адам санасынан нақты бейнесін таба алады дегенге келіп саяды.