Бәсекелестіктің мазмұны және түрлері туралы қазақша реферат
Нарықтық экономиканың басты принципі – тауар өндірушілердің еркін бәсекелестігі. Бәсекелестік – бұл өндірушілер арасындағы күрес немесе жабдықтаушылар, кәсіпорындар, фирмалар арасындағы өнім өндіру және өнімді тиімді өткізу үшін күрес.
Нарық жүйесінде бәсекелестік тұтынушылар үшін сайыс. Бұл нарықтағы өзіне лайықты орын алу үшін күрес, ол тауардың сапасы мен арзандығына байланысты.
ХІХ ғасырдың орта кезінде нарықта еркін бәсекелестік кең өріс алды. Мұндай нарық сұраныс пен ұсыныс негізінде бағаның ауытқуымен байланысты болды. Ол тұтынушылардың талабымен есептесіп, тауардың сапасын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға, өндірісті ұлғайтуға, өнім бірлігіне шығынды азайтуға ынталандырды. Бәсекелестің негізгі екі түрі бар.
1). Бір сала ішіндегі бәсекелестік – бұл бір саланың тауар өндірушілері арасында болады. Онда ең жоғары еңбек өнімділігі бар, ғылыми-техниканы қолданатын кәсіпорын жоғары табысқа жетеді, ал артта қалған кәсіпорындардың табыстары төмен болады, тіпті күйреуі мүмкін.
2). Салааралық бәсекелестік – бұл халық шаруашылығы салалары аралық күрес. Мұнда төмен деңгейдегі пайда табатын саладан капитал пайда деңгейі жоғары салаға құйылады. Оның қортындысында жаңа сапалы тауарлар көптеп шығарылып, халықтың әл-аухаты жоғарылайды. Ол саладағы пайда деңгейі төмендегенде ғылыми-техникалық жетістіктер негізінен жаңа тауарлар пайда болады, сапасы жоғарылайды, халықтың табысы көбейген сайын сұраныс өседі, осылай жаңа сатыға өсе береді.
Еркін бәсекелестіктің негізгі белгілері – бұл шексіз нарыққа қатынасушылардың әр қайсысы кәсіпкерліктің қай түрімен болмасын айналысуы және кәсіпкерлікті қоюға еркі бар. Кәсіпкерліктің алуан түрі бар: біреу, өзі араласып кәсіп жасайды, екіншісі – жұмысшылар жалдайды, үшіншісі – акция, облигация сатып алады, төртіншісі, ақшасын банкке салады, кейбіреу өндірісті қаржыландырады т.б. Әрбір кәсіпкер немесе бәсекелестікке қатынасушылар өз ақшаларына қосымша пайда тауып, байлығын арттыруға тырысады, кем дегенде сол пайда арқылы күнін көруге тырысады. Еркін бәсекелестік жағдайда ұсыныс пен сұраныстың ауытқуы бір салада өнімді көп шығарып дағдарысқа ұшыраса, екінші салада тауар жетіспейді. Бір фирманың табысы өссе, екіншісі күйрейді, сондықтан өндіріс пен капитал шоғырланып орталықтанады, ол монополия құрылуына әкеледі. Яғни нарықты басып алады, әлсізді шығарады. Монополия деген сөздің мағынасы: моно – жалғыз, полия – сату.
Жетілмеген бәсекелестік нарығы – бұл таза монополия, монополиялық бәсеке, олигополия.
- Таза монополия — өнім шығаратын бір фирма бәсекелестігі жоқ. Оның төрт ерекшелігі бар: 1) сатушы тек қана бір фирма; 2) сатылатын тауардың орнын басатын тауар жоқ; 3) монополист нарықты билейді, бағаны бақылайды; 4) нарыққа кірер жерге өте алмайтын кедергі қояды. Бұларға: электр, газ компаниялары, сумен қамту, байланыс, жылу жүйесі, транспорт, кәсіпорындары, метрополитен т.б. жатады. Көпшілік жағдайда бұл салалар мемлекет меншігінде болады, немесе мемлекеттің қатаң бақылауында болады.
- Монополиялық бәсеке – нарық жағдайында көп өндірушілер ұқсас тауарлар ұсынады. Бұл жағдайда өнім және қызмет сапасы үлкен роль атқарады, оған қосымша сатып алғаннан кейін сервис жұмысын атқарады.
- Олигополия – мұның ерекшелігі бәсекелестіктер көп болмайды. Олар өзара баға жөнінде, нарықты бөліп алу жөнінде келісім жасайды. Мұнда бәсекелестік шектелген. Олигополия сөзінің мәні: Олиго – көп емес, азғантай; полия – сату.