Баланың сөз әдебін қалыптастыру жолдары

Баланың сөз әдебін қалыптастыру жолдары туралы қазақша реферат

Баланың сөз әдебін қалыптастыру жолдары Бала тәрбиесі — баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да,   мектептің де мақсат — мүддесі біреу, ол — болашақ ұрпақ тәрбиесі.Болашақ ұрпақ тәрбиеленетін алғашқы ұя — отбасы, ата — ана құшағы.Жас сәбидің өмір табалдырығын аттағандағы алғашқы еститіні шешесінің мейірбан сөзі, көретіні анасының аялы алақаны. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» немесе «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген де осының айғағы.Яғни, ата — әженің, әке  — шешенің өнегесі, өнері балаға үлгі болатыны, бала үйде қандай игі істерге тәрбиеленсе, ұядан ұшқанда да сол өнеге — өсиет оған сарқылмас қазына болары сөзсіз.

Халқымыз  «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» деген сөзінде де тәрбиенің терең мәні дәл осы кезеңде іске асатынын меңзесе керек.
Қазірде дүниеге дені сау бала әкеліп, ол нәрестенің өсуіне, жан — жақты жетілуіне, жеті жасқа дейінгі дамуының педагогикалық мүмкіндіктерін айқындап, ата — аналармен бірлескен ынтымақты тәрбие жүйесін қалыптастыру көзделуде.Көрнекті ақын, ойшыл философ Ғұмар Қараштың «Су басынан тұнады, өрт алдынан сөнеді» деген тұжырымы тәрбие мен оның келешегі жайында айтылған.Сол тұнық судай мөлдір, пәк те таза,  адал сәбилеріміздің тәрбиесіне дұрыс көңіл аударып, олардың сөз әдебін қалыптастырып, салауатты өмір сүруге дағдыландыру әрбір ата — ананың міндеті деуге болады.

Тіл — ұлт мәдениетінің қайнар көзі.Әр халықтың ұлттық дәстүрінің, сана — сезімінің, сөйлеу, ойлау тәсілінің, мінез — құлқының, мәдениеті мен әдебиетінің айрықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді.Тіл — адамның өмірлік қажетін өтейтін қатынас құралы. Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады. Сондықтан баланың өз ойын дұрыс жеткізіп, басқа адамдармен дұрыс қарым — қатынас жасай білуі үшін оған ең алдымен сөз әдебін үйрету керек. Қазіргі заманда әр отбасында дүниеге келген сәбиді, өсіп жатқан буынды өзінің ана тілімен сөйлету — ұлттық қасиеттеріміздің дамуының бірден — бір жолы. Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі — халқымыздың ежелден келе жатқан салт — дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту. Әрбір бөбектің өз ана тілінде тілі шығып, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы ұлттық мінез — құлқының қалыптасу жолы. Ана тілінің қадір — қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы, сыпайы болып өсетініне өмір тәжірбиесі куә. Міне, біздің кішкентай ботақандарымыз тіл шұрайының шырын — балын татып өссе екен дейміз.
Сөз — тілдің негізі. Сондықтан бүлдіршіндерге үйрететін сөздер де  қылыштай кесіп түсетін өткір де дәл, сезімге әсер етіп, сөйлеуде жандандырытын, ойлаудың икемділігі мен тездігін дамытатын, балалардың сөздік қорын жетілдіре түсу қызметін атқаратындай болуы шарт.Сөйлеу қатынасы баланың білімді меңгеруіне, қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Баланың өз ойын түсінікті, ұғымды жеткізе білуі отбасынан бастап қалыптасады. Оның алғашқы ұстазы ата — анасы, тетелес ағалары мен әпкелері. Олармен күнбе — күн араласу, сөйлесу арқылы баланың тілі күн санап жетіле береді. Баланың тілі неғұрлым бай болса, ойы да соғырлым кең болады. Сондықтан бала тілін кішкентай күнінен байытып, ойын кеңейте түсу отбасының, балабақшаның қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асады. Сөз этикеті деген ұғым тек сыпайы сөйлеу немесе мәдениетті сөйлеу деген мағынада ғана емес, адамдар арасындағы қарым — қатынасқа ұйтқы болып реттеп отырудың құралы ретінде тұрақты түрде қолданылатын сөздер, сөз тіркестері, тұрақты сөз орамдары, өзге де тілдік амал тәсілдер деген мазмұнды аңғартады. Сөз әдебі бүлдіршіндердің адамдармен қарым — қатынас жасауы үшін, оның сыпайы түрде жүзеге асуы үшін, сондай — ақ көңіл — күйге жағымды әсер етуі үшін жұмсалады. Белгілі бір әлеуметтік ортада, ұжымда, мәдени — көпшілік орындарда және т.б. Жерлерде бүлдіршіндердің өзге адамдармен өзара қарым — қатынас жасауы алуан қырлы, сан түрлі болып келеді. Оларды санамалап айтып тауысу мүмкін емес.Әйтсе де мұндай сан алуан қарым — қатынастың типтік түрлері болады. Оларды, негізінен, мынадай басты — басты топтарға бөлуге болады: сәлемдесу, қоштасу, танысу, кешірім сұрау, жұбату, құттықтау, тілек айту, ризалық білдіру, өтішіш жасау т.б. Бұл тізбек, әдетте, тұйықталған тізбек емес, сондықтан басқа да тақырыптық топтардың болуы мүмкін.