Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2009 жылдың 3 маусымында балабақшалардағы әдіскерлер мен тіл мамандарына арналған «Балабақшадағы естиярлар тобы балаларына «Тілашар» жұмыс дәптері бойынша қазақ тілін үйрету» атты әдістемелік семинар өткізді.
Әдістемелік семинардың мақсаты — мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту бағытында атқарылған шараны ортаға салу, орыс тілінде тәрбие беретін балабақшалардың естиярлар тобының оқытушыларына қазақ тілін үйретудің әдістемесін тарату, тәжірибелік сабақтар көрсету, балалардың мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік тудыру мақсатында әзірленген
«Балабақшадағы естиярлар тобы балаларына «Тілашар» жұмыс дәптері бойынша қазақ тілін үйрету» атты жұмыс дәптерінің нұсқасымен таныстыру және аталған еңбектің мазмұны бойынша ой бөлісу болды.
Семинарға Қарағанды қаласының және аудан, қалалардың мемлекеттік және мемлекеттік емес балабақшаларының қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдері, МББҚБАҚДИ, Қарағанды облысының білім басқармасының, Қарағанды қаласының білім бөлімінің өкілдері шақырылды.
Семинарға Қарағанды қаласының және аудан, қалалардың мемлекеттік және мемлекеттік емес 24 балабақшасы қатысты. Балғын балаларды мемлекеттік тілде тәрбиелеуге мәселелеріне арналған маңызды шараны Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Б.М.Мұсабеков құттықтау сөзімен ашты.
Семинарда «Мөлдір» және «Батыр» балабақшаларының қазақ тілі мұғалімдері Ә.Жақұлова мен А.Ілиясова «Біздің ойыншық», «Жемістер» тақырыбында ашық сабақтар өткізді. «Алмагүл» балабақшасының директоры Б.С.Омар «Тілашар» жұмыс дәптері бойынша естиярлар тобы балаларына қазақ тілін үйретудің ерекшеліктері», Қарағанды облыстық оқыту орталығының аға әдіскері Ж.Р.Жақанова «Тәрбие басы – тал бесік», ал оқыту орталығының бағдарламашысы Г.С.Омарбаева «Тіл үйрету үдерісіндегі кітапты безендірудің маңызы» тақырыптары бойынша баяндамалар оқыды.
Балабақшадағы орыс топтарын мемлекеттік тілге үйрету және оларды ұлттық тәрбиемен сусындатуға қатысты қызықты пікірталастар туындап, семинар соңында қатысушы мұғалімдер мен тәрбиелеушілер алғыстарын білдіріп, ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді.