Балабақшадағы балалардың тілін дамытудағы озат тәрбиешілердің іс-тәжірибелері

Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту барысында көптеген озат тәжірибелі тәрбиешілердің біліктілігі мен тәжірибесіне назар салып, олардан тұжырымды ой қорытып, жақсы жақтарын практикада қолдану өте тиімді.

Осы жұмысты жазу барысында озат тәрбиешілердің тәжірбиесіне   талдау жасадық. Алматы қаласының №64 балабақшаның тәрбиешісі Ж. Мырзахметованың «Қысқы табиғат белгілері» атты  жүргізген сабағына тоқтала кетейік

Бұл сабақта қысқа тән негізгі белгілерді, қыстағы табиғат көріністерін, бұл мезгілдегі ойын түрлерін атау, сурет бойынша әңгіме құрап, өз ойын толық жеткізе білуге, жүйелі әңгімелеуге үйрету, бұған дейін алған білімдерін тиянақтау, адамгершілікке, бір-біріне жанашырлық сезіммен қарауға баулу мақсаты көзделеді.

Көрнекілікке қыс көріністерінің суреттері, фланеграф, үн таспа, ойын түрлеріне сәйкес құралдардың суреті пайдаланылады.

Әңгімелеу, түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап  әдіс-тәсілдері қолданылады.

Сабақта балалар үшін жаңа (шана, шаңғы, із, аяз, үскірік) сөздердің мәні түсіндіріледі.

Сабақ ұйымдастыру кезеңінен басталады.

Шеңбер жасап тұрған балалардың назары сабаққа аударылады.

Тәрбиеші: Ал, балалар, қысқы ауа-райының белгілерін білеміз бе?

Балалар: Үскірік аяз болады, гуілдеп боран соғады.

—          Ендеше, боран соққанын қимылмен қалай көрсетеміз?

—          Балалар қолдарын жоғары көтеріп, әрі-бері шайқалып, ауыздарымен

гуілдеп дыбыс шығарып көрсетеді.

—          Үскірік аяз болып, тоңғанда не істейді?

—          Балалар қолдарын қуыстырып, аяқтарын тыпырлатады.

—          Ал күн шыққанда не істейсіңдер?

—          Алақай! – деп қуанып, қолымызды жоғары көтереміз.

Олай болса, сендер де қуанып, қолдарыңды жоғары көтеріңдер.

Енді бәріміз орнымызға жайғасып отырып, мына суретке мұқият қарайық.

—          Балалар бұл суретке қарап және айналадағы табиғат құбылыстарын

бақылай отырып, қыс мезгілін бейнелеп айтып беріңдерші.

—          Қар жауып тұр. Күн суық. Аспанды бұлт басқан. Аяз болып тұр.

Адамдар жылы киінген. Су қатып, мұзға айналған. Ағаштардың бәрі ақ тон киген. Торғай, сауысқан, қарға, суық торғай қыстап қалыпты. Балалар шанамен, шаңғымен ойнап жүр. Қардан аққала тұрғызып жатыр, тағы сол сияқты.

—          Өте жақсы балалар. Енді осы қысқы көріністерді фланелеграфқа өз

бетімізше бейнелеп көрсетейік. Алдарыңда қыс көрінісін бейнелейтін суреттер бар. (Шырша, қар, үйлер, шанамен ойнаған балалар тағы басқа.) Соны фланелеграфқа түсіріп орналастырамыз.

—          Өте жақсы. Сендер бәрін дұрыс орындадыңдар. Қыс мезгілі сендерге

ұнай ма?

—          Ұнайды.

Балалар құстармен қатар қыста аңдарда өзгеше тіршілік болады.

Мысалы, аю қыста ұйқыға кетеді, қояндардың түсі ақ болып өзгереді, қасқырлардың да түсі сұр болады. Сендермен бірге аңдардың қардағы ізін көреміз. Енді оны тамашаламас бұрын бойымызды сергітіп алайық.

Қыр үстінде қар-қар,

Шырша үстінде қар-қар.

Қыр астында ақ аю,

Ұйықтайды екен ай-ай.

Тыныш-тыныш балақай,

Шулаймыз біз бұлай.

(Теледидарды қосып, ормандағы аңдар тіршілігінен көрініс көрсетемін. Ондағы аңдардың атын, түсін, ізін жеке-жеке айтып түсіндіремін).

Балалар, сендерге ойын ойнау ұнайды ғой. Олай болса, «Кімнің жүрісі» деген ойын ойналық.

Ойын шарты: Мен қазір бір аңның немесе құстың қимылын жасаймын сендер ненің жүрісі екенін айтып, қимылмен жасап көрсетіңдер.

(Үнтаспадан әдемі әуен ойналып тұрады. Тәрбиеші өзі ортаға шығып, қимылдарды көрсетеді. Аюға ұқсап қорбаңдайды, қоянға ұқсап секірді, борсыққа ұқсап бүрісіп ұйықтайды тағы сол сияқты. Балалар оны тауып, қайталап көрсетеді).

—    Қалай, балалар, ойын сендерге ұнады ма? (Балалар жауабы).

—          Балалар, қардың түсі қандай?

—          Ақ.

—          Неге ұқсайды?

—          Ақ мақтаға, қантқа ұқсайды.

—          Қардан аққала жасағанды ұнатасыңдар ма?

—          Иә.

Ендеше біз аққаланы топта жасап жаттығып алайық. Содан соң серуенге

шығып нағыз қардан жасаймыз. Сендердің алдарыңда дайындалып кесілген суреттер тұр. Аққала үш дөңгелектен тұрады. Басында қалпағы, екі көзі, мұрны, қолы, қолында сыпырғышы болады. Осының бәрін біз ақ қағазға ауыстырмай орналастырып шығамыз. Үнтаспадан әсем ән ойналып, балалар жұмысқа кіріседі.

(Тәрбиеші балалардың жұмыстарын қарап, орындай алмағандарға көмектесіп, жақсы қатысқан балаларға мадақтау сөз айтады).

—          Балалар, сендердің бұл жұмыстарыңды суретшілер көрмесіне қоямыз.

Балабақшаның барлық балалары тамашаласын. Қане, бәріміз, таза аулаға шығып, қардан аққала тұрғызайық.

—          Қоштасып, балалар серуенге шығып кетеді.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы №239 «Березка» балабақшасының тәрбиешісі М.И. Бұқарованың «Әлемде талай қызық бар» атты сабақ жоспарын ұсынамыз [8; 16-17].

Балалардың тілін дамыту, сөздік қорын байыту, есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамытып, ой-қиялын шарықтатуға арналған сабақта жүйелі сөйлеуге, берілген сұраққа толық, нақты жауап бере білуге тәрбиелеу, Отанын, елін, жерін, сүюге баулу мақсаты қойылған.

Балалармен әңгімелесу, өздеріне әңгімелету, сұрақ-жауап, ойын, өз бетімен жұмыс істеуге баулу әдіс-тәсілдері қолданылады.

Қағаз, қарындаш, үнтаспа, магнитті тақта, суреттер көрнекілікке пайдаланылады.

Таңғажайып, ғарыш самғаған, планета, ғалам деген жаңа сөздермен сөздік жұмыс жүргізіледі.

Сабақтың ұйымдастыру кезеңі амандасудан басталады.

Тәрбиеші: Балалар, біз бүгін «Әлемде талай қызық бар» деп аталатын қызықты сабақ өтеміз. Неліктен бұл сабақ «Әлемде талай қызық бар» деп аталады? Бұл сұраққа жауапты сабақ барысында анықтаймыз.

(Есік қағылып, хат тасушы хат әкеліп береді).

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы бізге хат жіберіпті, кәне, оқып көрейін ішінде не жазылған екен? Міне, қызық қапшықтың ішінде хат және ойын бар екен. Алдымен хатпен танысып, сосын ойын ойнайық. Келісесіңдер ме?

(Балалардың жауабы).

—          Хатта жұмбақ жазылыпты мен оқимын, ал сендер мұқият тыңдап,

шешуін айтасыңдар.

1        Таңмен көзін ашады,

Әлемге нұрын шашады.    (Күн)

2        Күндіз бәрі қашады,

Түнде аспанды басады.     (Жұлдыз)

Ұшады қанатсыз

Зырлайды аяқсыз.            (Зымыран)

Тәрбиеші: Балалар, жұмбақты дұрыс шештіңдер. Енді ойын ойнайық. Ойын «Нүктелерді қос» деп аталады. (Балалар нүктелерді қосып шығады).

—          Нүктелерді қосып едік не шықты?

—          Зымыран.

—          Кім айтады, зымыран қандай геометриялық пішіндерден тұрады?

(Балалардың пішіндерге қарап айтқан жауаптары)

Бұдан кейін балалардың ойы «Неге ұқсайды?» деген ойынмен жалғастырылады.

Ұшбұрыш — үйдің шатырына, сәукелеге, шыршаға ұқсайды.

Төртбұрыш — орамалға, орындыққа, теледидарға ұқсайды.

Тіктөртбұрыш — кітапқа, есікке, терезеге ұқсайды.

Дөңгелек — күнге, допқа, қарбызға ұқсайды.

Сопақ — жұмыртқаға, қауынға, т.б. ұқсайды.

Ойыннан кейін сергіту сәті:

Қане, қане тұрайық, үлкен шеңбер құрайық,

Алақанды ұрайық, отырып бір тұрайық.

Оң жаққа бұрылып, сол жаққа бұрылып,

Бір–бір шапалақ ұрайық.

Тәрбиеші: – Балалар зымыран қай дыбыстан басталады?

—                     «З» дыбысынан.

—                     Енді «Зымыран» сөзін буынға бөлейікші. (Зы–мы–ран)

—                     Қанша буыннан тұрады екен?

—                     Онда қанша дауысты дыбыс бар екен?

—                     «Зымыран» сөзі жуан естіледі ме, жоқ жіңішке естіледі ме?

(Балалардың жауабы).

Тәрбиеші: Балалар «З» дыбысына байланысты тақпақ жаттаймыз. Ол тақпақты біз кесте бойынша жаттаймыз.

«З» әрпі қандай сөзде бар,

Десек ауыз, көзде бар.

Терезеге қарашы

Онда да «З» кез болар.

– Енді мына құрылыс материалдарын пайдаланып, зымыранды құрастырайық. (Балалар зымыран құрастырады).

Тәрбиеші: Сендер ғарышқа сапар шеккелі дайын тұрсыңдар. Көздерінді жұмып, денелеріңді бос ұстаңдар. Міне ұштық.

—          Ұшып келеміз, міне бір планетаға жақындап та қалдық.

—          Біз «Сиқырлы ағаш» планетасына келдік.

—          Ағаштағы алма, алмұрт қанша екен санайық.

—          Қанша алма? Қанша алмұрт?

(Балалар санайды, 5 алма, 5 алмұрт).

Осылайша барлық алма мен алмұрттың сырын ашады. Ұшуды одан әрі жалғастырып, «Таңғажайып табиғат» планетасына келеді.

Тәрбиеші: Бұл планетаның табиғаты біздің жердің табиғатынан өзгеше екен.

—          Кәне кім, өз жеріміздегі сияқты орналастырып береді.

(Балалар жылжымалы суреттерді дұрыстап орналастырады. Балықты суға, көбелекті гүлге, бақаны суға, тасбақаны жерге).

—          Ұшуды одан әрі жалғастырамыз. Қараңдар, алдымызда жарқыраған,

үлкен планета көрінеді. Балалар қонуға дайындалыңдар! Біз қандай планетаға тап болдық? Бұлар кім болды екен?

—          Робот.

Робот: – Қай елден келдіңдер?

—          Сендердің ел басшыларың кім?

—          Сендер өз елдерің, Отандарың, туған жерлерің туралы мақал-мәтел

білесіңдер ме?

—          Отансыз адам, ормансыз бұлбұл.

—          Отан оттан да ыстық.

—          Отан – елдің анасы.

—          Туған елдей – ел болмас

Туған жердей – жер болмас.

—          Туған жер – алтын бесік.

Робот: Жарайсыңдар, балалар! Сендер өз туған жерлеріңді, Отандарыңды қорғайтын азамат болады екенсіңдер. Сау болыңдар, балалар!

Тәрбиеші: — Балалар, бұл планетаны қалай атауға болады?

—          «Роботтар планетасы».

—          Дұрыс. Балалар біз саяхат кезінде 3 планетаға сапар шегіп, 3 планетаға

кездестік, енді зымыранға отырып, елімізге ұшып барып, көрген-білгенімізді жердегі достарымызға, апайларға айтып берейік.

—          Міне, «Жер планетасынада» келіп жеттік. Сонымен, қандай

планеталарда болдық? Не көрдік? (Балалар көргенін әңгімелейді).

Тәрбиеші: — Балалар, біз бүгін ғарыш әлеміне саяхат жасап, көптеген қызықтарға тап болдық. Міне , бұл қызықты сабағымыз «Әлемде талай қызық бар» деп аталыпты.

Алматы қаласындағы «Самал» балабақшасының тәрбиешісі  С. Сайболатованың балалардың сөздік қорын, тіл байлықтарын дамытуға арналған сабақ жоспарын қарастырсақ.

Аталған сабақтың тақырыбына орай сәбилердің ана тілін, сөздік қорын байыту үшін сөздерді бір-бірімен байланыстырып сөйлеуге үйрету, дыбыстарды анық айтуға баулу, ой-өрістерін кеңейту мақсаты көзделеді. Сонымен қатар өз ана тілін құрметтеу арқылы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бағалай білуге тәрбиелеу, күз мезгілі туралы білімдерін тиянақтауға да көңіл бөлінеді.

Сабақ әңгімелесу, көркем сөз, мақал-мәтел, жұмбақ шешу, ойын, айтыс сияқты әдіс-тәсілдерді қолдана жүргізіледі.

Билердің суреті, күміс қақпа, алтын қақпа, алтын сандық, күзгі бақ, геометриялық пішіндер, әдептер таңбасы, планеграф, мольберт, ақ қағаз көрнекілікке пайдаланылады.

Тәрбие барысы: Топта күй әуені күмбірлеп тұрады. Ортаға Ханзада мен Хан келеді. Хан амандасып, төрдегі орнына отырады. Ал Ханзада баққа серуендеуге кетеді. Бақтан жинаған жапырақтарды ала келеді де.

—          Әке, қараңызшы мен әдемі жапырақтар әкелдім – дейді.

—          Қане, қызым әкелген жапырағың қандай ағаштың жапырағы, түсі пішіні қандай екен? – деп сұрайды.

—          Әке үлкен және кіші жапырақтар.

—          Ханзада, сен алты жасқа келдің, жапырақтың түсі мен пішінін білуің керек. Қызым, сен сияқты балаларға балабақшада бәрін үйретеді, балабақшаға барсаң онда көп достарың болады. Ондай достарыңды үйге қонаққа шақыруыңа да болады.

«Сарыарқа» күй әуенінің жетегімен балалар келіп, ханмен және тәрбиешілермен амандасады, жарты шеңбер жасап отырады.

Тәрбиеші: Балалар, бүгін Ханзада бізді қонаққа шақырып отыр, сендерден көп нәрсе үйренсем дейді. Барамыз ба?

—          Әрине барамыз.

Тәрбиеші: Күз айлары – қыркүйек, қазан, қараша.

—          Кім айтады, мынау қандай ағаштың жапырағы, түсі мен пішіні қандай?

—          Бұл аққайың ағашы мен теректің жапырағы, түсі қызғылт сары және сап-сары.

—          Ағаштардың пайдасы бар ма?

—          Ағаштардың пайдасы өте зор, (бұл жауапты тәрбиеші толықтыра түседі). Ағаштың жапырағы күн ыстықта көлеңке болады және ағашты отқа жағады, жиһаз жасайды, үй, көпір салады.

—          Күз мезгілі туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

1-бала:

Сипап өткен самалға,

Тербеледі сары алма.

Көз салып едім бақшаға

Қауын біткен сары-ала.

2-бала:

Көрінеді шалғайдан,

Бел – белестер сарғайған.

Сары жапырақтар төгілген,

Тоғайды да көрдім мен.

3-бала:

Таза жездей жайнаған,

Сары бояу айналам.

Енді сары бояумен,

Күз суретін салам мен.

—          Қазір күз мезгілінің нешінші айы?

—          Үшінші айы – қараша.

—          Ал, балалар күз мезгілінде қандай мерекелер бар?

—          Күздің қараша айында бүкіл мұсылмандардың «Ораза» мерекесі болады және Республика күні тойланады.

—          Балалар, бүкіл мұсылман елінің оразасы құтты болсын деп «Айтыңыз қабыл болсын» әнін айтайық. (Ән орындалады.)

Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар! Енді білімізді «Білім сарайында» жалғастырайық.

«Балбырауын» күй әуенімен балалар жарты шеңбер жасап отырады.

—          Балалар, қараңдаршы «Білім сарайында»  да құпия бар екен. Бірінші тұрған күміс қақпа, екінші алтын қақпа, ал үшінші алтын сандық. Әрқайсысының тапсырмаларын мұқият орындасақ, қақпалар да, алтын сандық та ашылады. Ендеше, күміс қақпаның тапсырмасынан бастайық:

Жұмбақ.

Дүниеде бір дария бар беті қатқан,

Бетінде бетегесі шығып жатқан.

Қараса сол құдыққа көз жетпейді.

Құр қалмас сол құдықтың дәмін татқан.

—          Балалар, жұмбақтың шешуін дұрыс «шешіп едік» күміс қақпа ашылды. Енді келесі тапсырманы орындайық.

—          Балалар, біз күнде қайда келеміз?

—          Балабақшаға келеміз.

—          Балабақшада не үйретеді?

—          Бәрін үйретеді.

—          «Балабақша» қанша сөзден, неше буыннан құралған.

(Балалардың жауабы.)

Бұдан әрі тәрбиеші: Дауысты, дауыссыз дыбыс нешеу, балабақшада

қандай тілде сөйлеміз, Ана тіліміз қандай тіл, Ана тілі туралы қандай тақпақтар білесіңдер? — деген сұрақтар қойып, оған балалардың жауабы тыңдалады.

Балалар бірінен соң бірі «Ана тілім» деген тақпақ айтады.

1)     Ана тілім – ұраным,

Ана тілім – құраным.

Ана тілім – болмаса,

Болмас еді – жыр әнім.

2)     Ана тілім – елдігім,

Ана тілім – ерлігім.

Ана тілім – болмаса,

Бүтінделмес – кемдігім.

3)     Ана тілім – ырысым,

Ана тілім – қылышым.

Ана тілсіз тарылар,

Кең дүниеде тынысым.

4)     Өсірген ой білімді

Сүйем туған тілімді

Мақсат етем әр сөздің

Мәнін терең білуді.

5)     Ақыл-ойын даланың,

Ана тілден аламын.

Ана тілім ардақты,

Ақ сүтіндей анамның.

6)     Ана сүтін ақтаңдар,

Ана тілін сақтаңдар.

Ана тілмен безеніп,

Ата берсін ақ таңдар?

7)     Тілім барда – мақтанам,

Тілім менің – аппақ ән.

Бірлігімді бүгінгі,

Ана тілім сақтаған.

Тәрбиеші: Тіл туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?

1)     Өнер алды – қызыл тіл.

2)     Тіл буынсыз, ой түпсіз.

3)     Шешеннің тілі,

Шебердің бізі.

4)     Тіл тиексіз.

5)     Піл көтермегенді,

Тіл көтереді.

6)     Өзге тілдің – бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

7)     Шебердің қолы ортақ,

Шешеннің тілі ортақ.

Сергіту сәті: Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі әуенімен дене қимылы жасалады.

Жұмбақ есеп.

Тал басында тізіліп,

Оң жапырақ тұр еді,

Жел соқты да үзіліп,

Ұшып кетті біреуі.

Ізінше оның жұлынып,

Түсті тағы бесеуі.

Тұр әлі де ілініп,

Жапырақтың нешеуі?

(4 жапырақ тұр)

Көлден ұшты жеті қаз,

Қайтып қонды екі қаз.

Қонды оның нешеуі,

Қане, кім тез шешеді.

(екеуі)

Келесі тапсырма Геометриялық пішіндерден шаршы және бейне құрастыру орындалады. Одан соң: — Қандай санамақ білесіңдер? – деген сауалға жауап ретінде Санамақ айтылады.

Бір дегенім – бесік,

Шықтың сонда өсіп.

Екі дегенім – елім,

Далам, тауым, көлім.

Үш дегенім – үміт,

Үміт артар жігіт.

Төрт дегенім – төзім,

Төзе білем өзім.

Бес дегенім – білім,

Білімді бол бәрің.

Алты дегенім – ақыл,

Тыңдағаның мақұл.

Жеті дегенім – жолау,

Жүректегі алау.

Сегіз дегенім – сенім,

Серт беретін кезің.

Тоғыз дегенім – тоқтау.

Елдің жоғын жоқтау.

Он дегенім – Отан,

Қорға соны ботам.

Бұдан кейін «Тақия тастамақ» ойыны ойналады.

Тәрбиеші: Балалар, сендер күміс және алтын қақпаның тапсырмасын өте жақсы орындадыңдар. Күміс және алтын қақпа да ашылды. Енді соңғы «Алтын сандықтың» тапсырмасын орындаймыз.

1)     Жұмбақ шешу.

Кіруге адам батпайды,

Төрт бұрышты тақтайлы.

Төрде оны жұрт мақтайды,

Затыңды аман сақтайды.

(сандық).

— Дана, данышпан бабаларымыз кімдер?

— Қазбек би, Төле би, Әйтеке би.

— Олардың қандай дана сөздерін білесіңдер?

Қазбек би:

Атадан жақсы ұл туса,

Елінің туы болады.

Атадан жаман ұл туса,

Елінің соры болады.

Төле би:

Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт береке – атан қымбат,

Асқар тауың — әкең қымбат.

Мейірімді – анаң қымбат.

Туып-өскен елің қымбат.

Әйтеке би:

Туған жердей жер болмас,

Туған елдей ел болмас.

Ақ жүрек ана – бұлақ,

Ақ жүрек әке – күншуақ.

Тәрбиеші: Балалар, сендер бүгінгі тәрбие жұмысына қандай киім киіп келдіңдер?

— Ұлттық киімді немен безендірген? Ұлттық киімді қандай мерекеде киеміз? – деген сұрақтарға балалардың жауаптары тыңдалады.

— Жарайсыңдар, балалар, біздің ортамызда өнерлі балалар көп екен.

Енді «Айтыс» өнерімен тәрбие жұмысын жалғастырайық.

Айтыс

Қыз бала:

Айналайын халқым-ай

Құтты болсын салтың-ай

Шықтық біздер жырлауға

Қазағымның салтын-ай.

Ұл бала:

Айналайын халқым-ай

Болсын жүзің жарқын-ай

Ата салтын сақта деп.

Ұран етем жалықпай.

Қыз бала:

Айтсам егер жаңылтпаш

Жаңыласын қалқам-ай,

Жұмбағымды шеше алмай,

Қиналасың қалқам-ай.

Ұл бала:

Қына тасқа бітеді,

Ақыл басқа бітеді.

Жұмбағыңды шешуге

Білім бізде жетеді.

Қыз бала:

Төбедегі көзінен,

Күн сәулесі түседі,

Бұрышы жоқ төрінде.

Самал еркін еседі.

Біліміңді көрейін,

Жауабын кім біледі.

Ұл бала:

Үйлеріндей қаланың

Бөлек-бөлек бөлме жоқ.

Макетіндей даланың

Болады ол дөңгелек

Қазағымның үйі ғой.

Тәрбиеші: Міне, балалар сендер «Білім сарайының» берген тапсырмаларын орындап, өз білімдеріңді көрсеттіңдер.

— Ал өз «Ана тілімізді» құрметтейміз бе? «Ана тілі» туралы қандай ән білесіңдер?

(«Ана тілін сүйеміз» деген ән орындалады.)

—          Балалар, Абай атамыздың мына нақыл сөзін жадымызда сақтайық.

«Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз».

—          Балалар, білімімізді одан әрі тобымызда жалғастырайық.

(Хан сыйлығын тапсырып, күй әуенімен залдан шығу.)

 

Балаларының тілін дамытуға бағытталған эксперимент жұмыстарының

нәтижелері

 

Ересектер тобында тіл дамыту сабағын оқыту барысында эксперимент жұмысын жүргізбес бұрын біз оның негізгі кезеңдерін бөліп, зерттеу жұмысымыздың міндеттерін, қай мектепте эксперимент жұмысын жүргізуді анықтадық.

Біріншіден, эксперимент жүргізу барысында біз өз алдымызға міндеттер қойдық:

1        Жоспарға сай өтілуін;

2        Тәрбиешінің тәрбиеленушілермен жұмыс жүргізу іс-әрекетін бағалау;

3        Өздігінен тапсырмаларды орындауды ұйымдастыру;

4        Ересек тобындағы тіл дамыту сабағының белгілі мерзіміне толығымен меңгеру жүйесін құру, оның нәтижесін және тиімділігін эксперимент арқылы тексеру.

Осы берілген міндеттерге байланысты біз мынадай педагогикалық әдістерді қолдандық:

—          оқу;

—          байқау;

—          бақылау;

—          әңгімелесу;

—          балалардың жауаптарын талдау;

—          педагогикалық эксперимент әдісі;

—          балалардың құжаттарын тексеру.

Эксперимент жұмысымыз үш кезеңдерге бөлінеді. Олар:

1        Анықтау кезеңі;

2        Эксперимент кезеңі;

3        Қорытынды кезең.

Анықтау кезеңі. Бұл кезеңде эксперимент жұмысына қатысатын топтарды анықтадық.

Анықтау кезеңнің негізгі мақсаты – баланың тілінің даму деңгейін анықтап, олардың сөз қорын молайту, сабақтарда баланың сөз ішіндегі дыбыстарды дұрыс айта білу қабілеттерін, байланыстырып сөйлеу машығын байқау.

Балалардың дыбыстарды дұрыс айту дағдыларының деңгейін анықтау үшін төмендегідей жұмыс түрлері ұйымдастырылды.

—          дыбыстарға байланысты тапсырмалар орындай алу;

—          өздігінен берілген тапсырмаларды түсіну;

—          өз бетінше ой қорытындысын шығара білу;

—          басқа балалармен қарым-қатынасқа түсе алу;

—          өзін-өзі басқара білу;

—          тапсырмаларды тиянақты әрі нақты орындай алу;

—          тыныш отырып, өзгелерге кедергі жасамау.

Экспериментіміздің анықтау кезеңінде Ересек «а» және «б» топтарында күн аралығында тіл дамытуға байланысты жұмыстар алынды (Тіркеме Ә).

Бұл жұмыстардың мазмұнына тіл дамыту сабағынан өтілетін тақырыптарға байланысты түрлері енді:

—          жаңылтпаштар;

—          санамақтар;

—          жұмбақтар.

Ересек топ балаларының тілін дамытудың жоғары, орта, төменгі деңгейлері анықталды.

Жоғары деңгей. тіліндегі барлық дыбыстарды дұрыс ажыратып айта алады, оқылған тексті әңгімелеп, мазмұндай алады. Өткен істерді естеріне сақтайды және бейнелейді. Өзіндік қорытынды жасай біледі және оларды жақсы ажыратады. Берілген тапсырмаларды орындауда байланыстырып сөйлеуге қиналмайды, сөздік қоры жоғары деңгейде.

Орта деңгей. тіліндегі барлық дыбыстарды үстірт ажырата біледі, әңгімелеп мазмұндауда қиналады. Өзіндік қорытындысын шығаруда өз ойларын жүйелі баяндай алмайды. Берілген тапсырманы орындауы баяу. Күнделікті сөйлеуде сөздік қоры нашар дамыған.

Төменгі деңгей.тіліндегі дыбыстарды дұрыс айта алмайды, оқылған тексті әңгімелеп, мазмұндай алмайды. Берілген тапсырмаларды орындауға дағдыланбаған, байланыстырып сөйлеу дағдылары жеткіліксіз. Тапсырмаға жауапкершілікпен қарамайды, оны тәрбиешінің көмегінсіз орындай алмайды.

Зерттеу нәтижесінде балалардың тілін дамытудың қайшылықтары анықталды:

балаларға тіл дамытуда берілетін білім мазмұнының жүйесінің қалыптаспағаны;

балалардың шығармашылықпен әңгіме құрап айта білуі, өз ойын жүйелі жеткізуі төмен;

балалардың тілін дамытуға бағытталған арнайы зерттеу жұмысы жоқ.

Экспериментіміздің алғашқы тексеруінің нәтижесі төмендегі 2.1 кестеде (% есебімен) көрсетілген:

Кесте 2

Баланың тілінің даму деңгейінің алғашқы көрсеткіші

          Деңгейі

 

Топ

Жоғары Орта Төмен
«Ботақан»тобы

(27 бала)

22 48 30
«Қошақан» тобы

(25 бала)

20 52 28

Алғашқы тексерудің нәтижесі балалардың дыбыстарды қаншалықты меңгеретіндіктерін және оны практика жүзінде дыбысқа байланысты тапсырмалардың орындау жолдары мен қолдану ретін көрсетіп тұр. Екі топтың да пайыздық қатынастары бір-біріне жақындау келеді. Бұны гистограммада айқын көруге болады.

Эксперименттік кезеңінде балалардың тілін дамытудың жолдары қарастырылды. Тіл дамытуда қолданылатын негізгі әдістер белгіленді:

—          берілген шығармалар туралы әңгімелеу;

—          балаларға түсінікті, мәнерлі дауыс ырғағына келтіріп оқып беру;

—          берілген шығарма бойынша рөлдерге бөліп орындау;

—          әңгіменің, ертегінің, өлеңнің мазмұнын талдау әдістері.

Сонымен қатар тіл дамыту жұмыстарына арналған бірқатар тақырыптардың сабақтың тақырыптық  жоспарлары жасалынды.

«Тіл халық қазынасы», «Алтын күз», «Мектепке саяхат», «Мектеп», «Біздің отбасымыз», «Шегіртке мен құмырсқа», «Қайдан келдің бауырсақ?», «Ойыншықтар көрмесі», «Біздің ойыншығымыз» және тағы басқа.

Аталған тақырыптарда балалардың тілін дамыту мен байланыстырып сөйлеуге үйретудің тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдері кеңінен қамтылды. Бұл баланың сана-сезімін, ой-қиялын, байланыстырып сөйлеуін, тіл байлығын, сөз қорын дамытуға ықпал ететіндей жағдайға құрылды (Тіркеме Б).

Кесте 3

Тіл дамыту сабақтарының тақырыптық жоспары

Сабақтың тақырыбы Сабақтың мақсаты Ұйымдастырылатын жұмыстардың мазмұны
1 Тіл – халық қазынасы Баланың санасына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіру, туған тілді құрметтеуге баулу. Тіл баланың таза, инабатты, сыпайы болып өсуіне және ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіруіне ықпал ететінін ұғындыру. Әр түрлі гүлге жазылған баспа

әріптер, ойынға

арналған сандар,

түрлі ленталар және мақал-мәтелдер, өлең-тақпақтар дайындау.

2 Алтын күз Күздің негізгі белгілерімен, күзгі табиғатпен, күзгі еңбек түрлерімен таныстырып, алған білімдерін тиянақтау. Әңгіме құрап айтуға үйрету. Сөздік қорын молайту. Дыбыстарды дұрыс айту дағдыларын байқау. Берілген сөздер арқылы сөйлем құрату, сабақ мазмұнына сәйкес шығарма оқу. Күз мезгілінің ерекшелігін бақылауға үйрету. Не себепті «Ерте күз», «Алтын күз», «Қара күз» деп аталатыны туралы балаларға түсінік беріп, күздің осы үш мезгіліне байланысты табиғатқа саяхат ұйымдастыру.

 

 

3 Қ. Шаңғытбаев «Күзгі жапырақтар» өлеңі Балалардың күз мезгілі туралы білімдерін тиянақтау. Өлеңдегі бейнелі сөздерді табиғат ерекшелігімен сәйкестендіріп, талдай білуге үйрету. Үйренген сөздерін сөйлеу барысында қолдана білуге жаттықтыру. Жаңа сөздермен сөздік қорын молайту. Күзгі табиғат сұлулығына деген

сүйіспеншілігін тәрбиелеу.

Күз туралы кіріспе әңгіме ұйымдастыру. Күзгі жапырақтар-дың, күз мезгілінің суреттерін дайындау.

 

4 Мектепке саяхат Мектептің сыртқы және ішкі көріністерімен таныстыру. Директордың, оқу ісі жөніндегі орынбасарының, хатшының қызметтері туралы түсінік беру. Үлкендердің еңбегін сыйлауға, олармен сыпайы сөйлесе білуге тәрбиелеу. Балалармен мектепке саяхат ұйымдастыру.
5 Н. Айтов «Мектеп»

 

 

 

 

Мектеп туралы білімдерін тиянақтау. Өлең арқылы үйренген сөздерін дұрыс қолдана білуге жаттықтыру. Балалардың сөздік қорын, дұрыс сөйлеуін қалыптастыру. Өз мектебіне деген сүйіспеншілік сезімін

тәрбиелеу.

Мектеп, сынап туралы суреттер, әр түрлі мақал-мәтелдер.

 

 

6

Біздің отбасымыз

Балаларды отбасы және оның мүшелері туралы ұғыммен таныстыру. Олардың ой-өрісін дамыту, сөздік қорын байыту. Инабаттылық пен адамгер-шілікке тәрбиелеу. Отбасы туралы суреттер дайындау.

 

 

 

 

7 И.А. Крылов «Шегіртке мен құмырсқа» (аударған А.Құнанбаев) Мысалдың мазмұнымен және кейіпкерлерімен танысыру. Балаларды өздері таңдап алған рөлдеріне кіріп ойнауға жаттықтыру. Шығарма кейіп-керлерінің мінез-құлқына сипаттама бере білуге үйрету.

 

 

Балаларға «Шегіртке мен құмырсқа» туралы дайындалған суреттерді көрсету. «Шегіртке мен құмырсқа» туралы көріп-білгендерін әңгімелету.

Эксперимент жұмысын қорытындылау мақсатында сауалнамалар, дидактикалық ойындар, тіл дамыту жұмыстары жүргізілді. Тексерулер қорытындысы эксперимент нәтижесінде байланыстырып сөйлеуі жетіліп, сөздік қоры молайып, дыбыстарды дұрыстап айту дағдылары, ой-өрістерінің дамығандығы байқалды. 5-6 жас балаларының тілін дамыту мақсатында жүргізілген бақылау экспериментінің қорытындысын  төмендегі кестесінен көруге болады.

Эксперимент кезеңінде екі топты жекелей бақыладық және толығымен қорытындысын шығардық.

Кесте 2

Баланың тілінің даму деңгейінің соңғы көрсеткіші (% есебімен)

            Деңгейі

 

Топ

Жоғары Орта Төмен
Ересек «а» тобы

(27 бала)

30 51 19
Ересек «б» тобы

(25 бала)

34 50 16

Тіл дамыту сабақтарында балалардың дыбыстық мәдениетін дамыту мен тәрбиелеу үшін мектепке дейінгі мекеменің әдіскер-тәрбиешілерінің теориялық білімі мен әдістемелік тәжірибесінің де керек екендігіне көз жеткізілді. Мектепке дейінгі мекеменің педагог-тәрбиешілеріне берілетін ұсыныстар:

балаға меңгерген білік-дағдыларды күнделікті өмірде пайдалануын қадағалап, бағыт беріп отыру;

балалардың дыбыстық мәдениетін дамыту мен тәрбиелеуді жүйелі, бірізді, күн барысында өткізілетін ойындар мен жаттығуларға кіргізе отырып жүргізу;

Біз зерттеуімізге нысана етіп алған тіл дамыту сабақтарында екінші кіші топ балаларының дыбыстық мәдениетін тәрбиелеу мәселесін зерделей келе, төмендегідей қорытынды жасаймыз:

  1. Зерттеліп отырған мәселеге қатысты философиялық,  педагогикалық, психологиялық, ғылыми-әдістемелік зерттеу еңбектерді зерделей келіп, балаларды тіл дамытуда ғылыми-теориялық негіздері айқындалды.
  2. Тіл дамытудың педагогикалық мүмкіндіктері анықталды.
  3. Оқу бағдарламаларына, әдістемелік кұралдарға жан-жақты   ғылыми талдау жасалды.
  4. Балардың тілін дамытудың көрсеткіштері мен өлшемдері белгіленіп, тәжірибе жүзінде зерттеудің жолдары мен әдістері айқындалды.