Азаматтық хал актілері

Азаматтық хал актілері туралы қазақша реферат

   Азаматтық хал актілерін жазу бөлімдері жеті түрлі акт жазбасын жүргізеді. Соның ішінде тууды және қайтыс болған адамдарды тіркеу тәртібі де бар. Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы Заңына сәйкес балалардың тууын тіркеуді азаматтық актілерін жазу бөлімі баланың туған жері бойынша немесе ата-анасының, не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша жүргізеді. Егер баланың тууы оның нақты туған жерінде емес, ата-анасының немесе олардың біреуінің тұратын жері бойынша тіркелетін болса, туу туралы акті жазбасында баланың тууын тіркеген жер көрсетіледі.

Азаматтық хал актілерін жазатын органдары жоқ шалғай жерлерде, сондай-ақ, анасы теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе поезда босанған жағдайда туған балалардың тууын тіркеу ата-анасының бірінің тұрғылықты жеріндегі азаматтық хал актілерін жазу бөлімінде жүргізіледі. Туған баланы тіркеу туралы азаматтық хал актілерін жазу бөліміне берілетін арызға емдеу мекемесінің дәрігерлік куәлігі, ал бала үйде туған жағдайда дәрігердің, басқа бір емхана қызметкерлерінің немесе олар болмаған жағдайда екі куәнің арызы қоса беріледі.

Медицина мекемелерінің тууы туралы дәрігерлік куәлігінде баланың анасы туралы барлық қажетті мәліметтер көрсетілуге тиіс, тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, мекенжайы т.б. Сондай-ақ, баланың туған күні, жынысы, салмағы және куәліктің берілген күні жазылады. Осы куәлік лауазымды адамның қолымен және емдеу мекемесінің мөрімен куәландырылады. Баланың тууы туралы арыз азаматтық хал актілерін жазу бөлімдерінде бала туған күннен бастап екі айдан, ал, бала өлі туған жағдайда босанған кезден бастап бес тәуліктен кешіктірмей тіркелуі тиіс. Екі айлық мерзім өткеннен кейін баланың тууын тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша, аумақтық әділет органдарының азаматтық хал актілерін жазу бөлімі жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі.

Сонымен бірге, перзентханада дүниеге келген балалар мен бірге, даладан тауып алынған балалар да кездеседі. Бұл жағдайда да баланың тууын міндетті түрде тіркеуден өткізу қажет. Тауып алынған баланың туылған, егер ол бұрын тіркелмеген болса, оны тауып алған адамның, балалар мекемесі әкімшілігінің немесе ішкі істер органдарының мәлімдемесі бойынша тауып алынған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей тіркелуге тиіс. Өзара некеде тұратын әкесі мен шешесі олардың біреуінің өтініші бойынша тууды тіркеу кітабында баланың ата-анасы болып жазылады. Неке қию туралы куәлік туу туралы куәлік жазуға негіз болып табылады. Егер ата-анасы өзара некеде тұрмаса, тіркеу өзін баланың әкесімін деп танитын адамның тұратын жерінде тіркелуі мүмкін, онда тууды тіркеу туралы өтінішпен қоса әке болуды анықтау туралы өтініш беріледі.

Бала некеде тұрмайтын анадан туған болса, ата-ананың бірлесіп берген арызы және соттың әке болуды анықтау туралы шешімі болмаған жағдайда баланың тууы туралы куәлігінде баланың әкесі туралы жазба анасының айтуы бойынша әкесінің тегі, аты мен оның әкесінің аты жазылады.

Қайтыс болуды тіркеу оның тұрақты мекенжайы бойынша немесе қайтыс болған жері бойынша Азаматтық хал актілерін жазу бөлімінде қайтыс болғаны туралы дәрігерлік куәлік негізінде, ал ол жоқ болған жағдайда екі куәнің куәландыруымен жүргізіледі. Қайтыс болғандығы туралы мәлімдеме жеті тәуліктен кешіктірмей, ал адам зорлықпен өлтірілген болса, өзін-өзі өлтірсе, жазатайым жағдайда өлсе, сондай-ақ өлік табылған жағдайда өлген немесе өлік табылған кезден бес күннен кешіктірмей тіркелуі қажет. Адамның қайтыс болғандығы туралы мәлімдемені өлген адаммен бірге тұратын, ал ондай адамдар болмаған жағдайда көршілері, тұрғын үй-пайдалану ұйымдарының қызметкерлері немесе адам қайтыс болған жердегі мекеменің әкімшілігі немесе өлікті тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлері жазбаша немесе ауызша түрде жасайды. Қайтыс болғандығы туралы мәлімдемеде мәлімдеуші қайтыс болған адам туралы мына мәліметтерді көрсетеді: қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, соңғы мекенжайы және оның отбасылық жағдайы, қайтыс болған жылы, айы, күні, қайтыс болу себебі, сондай-ақ қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған адамның тегі, аты, әкесінің аты және тұрғылықты мекенжайы. Сот тәртібімен адамды өлді деп жариялау туралы және өлу фактісін анықтау туралы сот шешімін тіркеу шешім шығарылған жердегі Азаматтық хал актілерін жазу бөлімінде жүргізіледі.