Азаматты өлді деп жариялау және оның құқықтық салдары

Азаматты өлді деп жариялау және оның құқықтық салдары туралы қазақша реферат

     АК-тің З1-бабына сәйкес, егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделі адамдардың арызы бойынша сот оны өлді деп жариялауы мүмкін. Азаматты өлді деп жариялауға оның хабар-ошарсыз кетуі, ұзақ уақыт бойы өзінің өлі-тірі екендігінен хабар бермеуі, тірі болса ендігі бір жерден шығатындығы назарға алынады. Адамды өлді деп жариялауға берілетін уақыт хабар-ошарсыз кеткенге қарағанда неғұрлым ұзақ болады.

Азаматты өлді деп жариялауға байланысты сотқа жүгінбестен бұрын сотқа оның хабар-ошарсыз кеткені туралы тануы талап етілмейді.

Сонымен, үш жыл бойы ұшты-күйлі жоғалған адамды сот арқылы өлді деп жария етуге болады. Ал, өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болған жағдайда өлді деп жариялау алты ай мерзімнен кешіктірілмей шығарылады. Егер азамат жер сілкінісінен, дауылдан, бораннан және т.б. кездейсоқ апат кезінде жоғалып кетсе, оны өлді деп жариялауды үш жыл күтудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда ол туралы хабарды алты ай күтіп, сосын өлді деп жариялай береді. Заңда әскери қызметкерлердің, сондай-ақ соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткендер туралы арнайы ереже бар. Аталған тұлғалардын басқа мемлекеттің аумағында тұтқында болуы тәрізді мәселелер де ескеріледі. Соған орай азаматтық кодекстің 31-бабы 2-тармағында соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшіні немесе өзге адамды соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемінде екі жыл өткеннен кейін өлді деп жариялау мүмкіндігі айтылған.

Өлді деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні өлді деп жарияланған адамның өлген күні болып есептеледі. Өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлді деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнін оның өлген күні деп тану мүмкін. Мысалы, азамат су тасқыны кезінде өлді деп жарияланса, онда оның өлген күні болып сел болған күн танылады.

Адамды өлді деп жариялау туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде Азаматтық хал актілерін жазу кітаптарына оның өлгені туралы жазба жасалады. Азаматтық кодекстің 31-бабына сәйкес бұл жазбаның нәтижелері де нақты өлім туралы жазбаның нәтижелері сияқты болады.

Осы айтылғандарға қарап, азаматты өлді деп жариялаған соттың шешімі күшіне енген соң, азаматтық хал актілеріне, жазу кітаптарына оның өлгені туралы жазба түсірілгеннен кейін өлді деп жарияланған адамның мүлкіне мүрагерлік ашылады, некесі бұзылып, асыраушысыз қалған адамға зейнетақы төленеді.

Азаматты өлді деп жариялау өлгені туралы нақты факті негізінде емес, жорамалға сәйкес жүзеге асады. Сондықтан да Азаматтық кодекстің 32-бабы өлді деп жарияланған адамның тірі оралуынан туындайтын жағдайларды қарастырады. Өлді деп жарияланған адам тірі оралған немесе оның тұрған жері белгілі болған жағдайда, сот тиісті шешімінің күшін жояды.

Азамат өзінің қай уакытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлді деп жарияланғаннан кейін сол адамға тегін көшіп, сақталып қалған мүлкін қайтарып беруді талап ете алады. Өлді деп жарияланған адамның мүлкін қайтаруға оның тек мұрагері ғана емес, мұрагердің мүлік сыйлаған адамы да міндетті болады. Егер өлді деп жарияланған адамның мүлкін оның заңды мұрагері үшінші бір адамдарға беріп, олар мүліктің сатып алу бағасын адам тірі оралған кезге дейін толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тірі оралған адамға көшеді.

Өлді деп жарияланған азаматтың мүлкі ақысы төленетін мәміле бойынша өзіне көшкен адамдар оған бұл мүлікті қайтаруға, ал оларда мүлік жоқ болған жағдайда, егер мүлікті алған кезде олар өлді деп жарияланған азаматгың тірі екендігін білгені дәлелденсе, мүліктін құнын өтеуге міндетті.

Мүлікті иеліктен шығарушы адам өлді деп жарияланған адамның мүлікті иеліктен шығару кезінде тірі екендігін білген болса, мүлікті қайтарып беру немесе оның құнын өтеу міндетін мүлікті алушымен бірге мойнына алады.

Егер өлді деп жарияланған адамның мүлкі мұрагерлік құқық бойынша мемлекетке өтіп, сатылып кететін болса, адамды өлді деп жариялау туралы шешімнің күші жойылғаннан кейін оған мүліктіғ құны төленетін күнгі нарықтық бағасы ескеріле отырып оны сатудан түскен сома қайтарылады.