Қазақ халқы балаларға табиғат туралы өз білгенін үйретуді мақсат етіп, оны ретті жерде жүзеге асырған. Табиғат адамның ақыл-ойы мен тәрбиесінің сарқылмас қайнар көзі екендігін көре білген. Бар өмір тіршілігі табиғатқа тәуелді болып, оның аясында төл баласы болып өскен ата-бабаларымыздың туған жерге, табиғатына деген қарым-қатынасы халық педагогикасынан айқын көрініс тапқан. Табиғат таным процесі ұрпақтан ұрпаққа жарасымды жалғасын тауып, жетіліп дамыған. Осы көзқарас негізінде халық педагогикасы сияқты халық философиясы да болғанын, ауыз әдебиетінің үздік үлгілерінен көрініс тапқанын атап айту керек. Бала сәби шақтан бастап-ақ халықтың бай мұрасын бойына сіңіріп өссе, табиғаттың сан сырын, қоршаған ортаны қадірлеуге, қорғауға, сақтауға, ынтасы зор болатыны белгілі. Ол халық педагогикасындағы, халық ауыз әдебиетіндегі ертегілер, мақал-мәтелдер, табиғат жайындағы жырлар мен жұмбақтар, жаңылтпаштардың мән-мағынасын түсіндіріп, жаттатқызу барысында жүзеге асатыны белгілі.
Табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, олардың эстетикалық талғамын дамытыды. Туған жерге деген ыстық шексіз сүіспеншілігін күшейтеді. Ата-бабамыз мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, тыйым сөздер арқылы ұл-қыздарын жаман әдеттен тыйып, ең жақсы нышандарға үндеген.
Халық ұғымында табиғат деген сөз Жер-ана, туған жер, атамекен сөздері түрінде көп айтылады. Осыған орай халық арасында нақыл, даналық сөздер жиі кездеседі. «Жолға ағаш еккен-сауап, шөлге құдық қазған-сауап, өзенге көпір салған сауап» деп ата-бабамыз табиғаттың жанашыры болып, келер ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеген. «Жері-байдың елі бай», «Күте білсең, жер жомарт», «Жер-байлықтың көзі», «Жер-ырыстың кіндігі», «Жерін қорлаған еліне сыймайды», «Жер-ана, ел-бала», «Қара жер қарыз арқаламйды» сияқты нақыл сөздердің түп-төркінінде қаншама тәрбиелік мән жатыр. Табиғаттың бар байлығы жермен тікелей байланысты, содан ғана нәр алады. Бұл табиғаттың құбылыстары, заңдылықтары мен байлықтары бір-бірімен өзара байланысты, әрі олар бір-біріне тәуелді деген ұғымды білдіреді.
Халқымыздың ерекше қастерлеп, талй ғасырлар бойы аялы қамқорлық жасап келген табиғат байлығының бір тобы-өсімдіктер әлемі. Өсімдік өссе-тамақ, ссаялы баспана, күнделікті малыңа өріс, өзіңе қоныс болған. Ата-бабамыз өз ұрпағына «Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал ексең еңбегіңнің жанғаны, абзал адам өсірсең басыңа бақ қонғаны», «Бір тал кессең он тал ек», «Шөпті жұлма, көктей соласың», «Ағаш ексең аялап, басыңа болар саябақ», «Мың шыбық шаншып өсірсең, халқына олжа салғаның, өзіңе қорған салғаның», «Орман көп болса, олжаң көр», деп табиғаттың көз тоймас әсемдігін, ну орман барда жер сұлу болатын, ағаштың тигізер пайдасын түсіндіріп, әсемдіктің белгісі, таза ауаның кепілі екенін, табиғаттың сұлулығына мән беріп, күтіп баптау қажеттілігін міндеттеп отырған. Осындай нақыл сөздерді балалардың табиғат жайындағы білімін кеңейту мақсатында орынды пайдалану әрбір тәрбиешінің басты міндетіне айналуы тиіс.
Қазақ халқы тіршілік үшін құстардың тигізер пайдасын ерте кезден-ақ түсінген. Оларды қорғауға ерекше мән беріп, қамқорлық жасап отырған. Жақсы жігіттерін қыранға, қыздарын аққуға, әншілерін бұдбұлға теңеген. Аққудың айдын көлде жүзген сабырлы да, кербез қимылы, оның кез-келген шалшық суда кездесе бермейтін тазалағы, аса талғампаздығы халыққа ұнап, тәкаппар құс екенін түсініп, қастерлеген. Оны «Құс падишасы» деп атаған. Оларды махаббат пен татулықтың жыршысы ретінде дәріптерген. Сондықтан ата-бабамыз «Аққуды атпа» «Құсқа тас атпа», «Құстың ұясын бұзба», «Құстың жұмыртқасын жарма», «Балапанды жәбірлеме» деп құстарды қорғап, қадірлеп өткен. Мұндай тыйым сөздер табиғат байлықтарын дұрыс пайдаланып, оны қорғау үшін еңбек етуге жетелейді. Бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюымызға көмектеседі.
Сондай-ақ «Бастау суалса – бақыт суалады», «Бастау тапталса – батпаққа айналады», «Құлазыған шөл – жетім, құс қонбаған көл – жетім, сортаңға құйған сел – жетім», «Ағын су – өмір бар», «Бұлақ көрсең көзін аш, құдық көрсең шегенде – басына тал ек», деген мақал-мәтелдерде философиялық терең ой, тәлім тәрбиелік бастау жатыр.
Халық тәрбиесінде баланың ақыл-ойын дамытып, ой-өрісін кеңейту , тілін ширату үшін жұмбақтар кеңінен қолданылған. Жұмбақтың қай түрі кездессе де, көбіне оның бүккен сыры мен ішкі шешімі табиғаттың көрінісімен сипатталады.
«Бір нәрсе көруге бар, ұстауға жоқ, Жаз көркі көк шәлідей шымылдық боп», — деген жұмбақтарда табиғаттың сағымды көрінісін, ауаны әр түрлі ойнақы оймен жеткізіп, оны ой елегінен өткізе отырып, шешімін табуды ұсынады. Жұмбақтардың ересек адамдарға арналған түрі мен қатар балаларға олардың жас ерекшеліктеріне лайықты түрлері бар, оны таңдап алу тәрбиешінің шеберлігіне байланысты және табиғат обьектілерін көрсетіп оларға арналған жұмбақтар жасыру, баланың ойлануына , ой қорытуына, қиялына көмектеседі. Мәселен, жануарларға арналған жұмбақтарда жасыратын жануарлардың ең басты қасиеті, не ерекше бір қимылы сипатталады,
«Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар».
(түйе).
«Екі айнасы бар, екі найзасы бар,
Төрт жылтырмағы бар,
Бір шыбырқысы бар».
(сиыр).
Халқымыз ертенгіні тәрбие құралы ретінде пайдалаған. Өмірдегі кездесетін жаман әдеттерден, ең жағымсыз мінез-құлқына сіңісті етіп табиғатқа терең сүйіспеншілікпен қарауға, оның сырын түсіне білуге тәрбиелейтіндігін байқаймыз. Ауыз әдебиеті ғасырлар бойы шыңдалып, сұрыпталып келеді. Табиғатты аялау, қорғау мәселелеріне арналаған мақал-мәтелдер, тыйым сөздер, жұмбақтар, ертегілер мен жаңылтпаштарды баланың жасына лайықтап таңдап алу балабақша тәтбиешілеріне байланысты. Өйткені бала ес білгеннен бастап үлкендерден естіген өнеге өсиеттерінен сусындап өседі.